Сіз кімсіз, Амантай көке?


Алматының дуалы мен ауласына «графитти» салатын «граф», кешіріңіз қажы ағайдың атына бәрі қанық шығар. Ақордаңнан Атырауға дейінгі атырапта оның есімін құлағы шалған адамның езу тартпайтыны жоқ. Сірә, суреттегеніме қарап, бұл Пикассоны

сый тұтқан пірәдар деп қаларсыз. Олай болса, оңбай қателесесіз. Бұл, әрине Бағысты алып берген «қасиетті» асатаяғын бір қолына, полиэтилен пакетін екінші қолына ұстап, «Аттан да Аттан» деуден аузы талмайтын атақты Амантай қажы Асылбек. Бұл материалымызбен сайлауға жеңін түріп, жеңемін деген Амантайдың пиар кампаниясына ат салысқалы отырған жоқпыз. Бар-жоғы Амантайдың арғы-бергі тарихына шам жарығымен шолу жасағымыз келген.

(Ескерту: Материал газеттік нұсқа болғандықтан, ұзақ болды деп ұрыспассыз, қысқартуға көзім қимады, іштен шыққан шұбар жылан ғо :-))

Амантай Қантемірұлы АСЫЛБЕКОВ 1941 жылдың 16 наурызында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм жерінде дүниеге келген. Өзіне сенсек, осыдан төрт ғасыр бұрын хандық еткен Тұрсын ханның тегінен шыққан. Ру-тайпалық жіктеме бойынша, Ұлы жүздің ішіндегі қаңлыдан тарайды. Жас бала соғыстан қайтпаған әкесін сол күйі көрмепті. Жанұядағы жетінші ұлдың мектептегі үлгерімі, тәртібі, т.б. әлеуметтік қасиеттері турасында қағыс әңгімені құлағымыз шалмапты. Соған қарап, мектебіне бір ізбен барып, бір ізбен қайтқан көп шәкірттің бірі болған-ау деп топшылармыз. Одан әрі студенттік сайраң, коммунистік карьера… Өкінішке қарай, көкеміздің өмірбаянында қай институтты оқып-тауысқаны туралы дерек таба алмадық. Мамандығы бойынша инженер болса керек. 24 жасынан партия қатарында болған азамат Алматы қаласындағы Ленин аудандық (қайбір деректе Совет ауданы) комсомол ұйымы хатшысының көмекшісіне дейін көтерілген деседі. Ең алғашқы «есерлігін» Амантай мырза 1966 жылы Асанбай Асқаровтың алдында жасайды. Қалай десеңіз, 102 адамның қолын жинап, «Неге бізде қазақ мектептері жоқ?» деген талап хатты барып тапсырып қайтыпты. Ол кездері Асанбай Асқаров Коммунистік партияның Алматы обкомының бірінші хатшылығына енді кірісіп жатқан болатын. Бірақ, осы тақылеттес сұрақты талап етіп қана қоймай, қазақ мектептерін қайта ашқызған Шона Смаханұлының қасында Амантай жүріп пе екен, бұл жағы тағы белгісіз. Осыдан кейін момақан өмір салтын ұстанып келеді де, 1986-ның желтоқсанында жастарға дем беріп шыға келеді. «Кольбин, көзіңді жоғалт» деп айқайға басқанымен, ол кезде ақ шапаны мен асатаяғы болмағандықтан, қалың жұрттың арасында байқалмай қалыпты.

1991 жылдың қыркүйегінде Оралда казак көсемдерінің жиналысын таратып жіберген ерлігінен бастап, біз бүгінгі Амантайдың имиджін жатқа білеміз. 1992 жылы «Аттан, Қазақстан» бейбіт шеруінің жалпыхалықтық штабын құрды. Бірақ, бұл ұйымның құрамында қанша мүше барын ешкім білмейді (Амантай қажының өзі де бұл статистикаға қызығып көрмесе керек). Амантайға сенсек, Иманғали Тасмағамбетовтың өзін «Аттан» қозғалысының белсенді мүшесі деп санауға болатын сияқты. Себебі, әккі саясаткер кезінде «Мен Аттанмын. Және Аттан боламын» деп ризашылықпен айтқан екен. Қызық болғанда, Амантай қажы Олжас пен Мұхтар ақындарды бірдей құрметтейді, теңдей көреді, өзара таласқандарын жаратпайды. Білсеңіздер, Шаханов турасында «.. Саясатқа араласпасын. Ол өзін-өзі қазіргі апатқа әкелді. Мұхтар бауырым көп адасты. Енді қайтуы керек. Әйтпесе, бәле келеді» деп пікір айтқаны бар еді. Ал Олжас Сүлейменов турасында сөйле десеңіз, «Ой, ондай адам жоқ!!» деп, тамаша теңеулермен тау соға бастайды. Сол жақсы сыйластықтың арқасы шығар, Амантай ағамыз Алматыдан жалыққан мезгілде Парижге барып, арқасын жазады дейді білгіш ағайын. Бүгінгі бас мүфтиіміз Әбсаттар Дербісәлі сайланғанда, «аман болсын, бірақ өмірінде имам боп көрмеген адам мүфти сайланып отыр» дегені де жұрттың жадында қалыпты.

Шетел аралап, шырғалаңға түсіп қалатыны тағы бар. Айталық, қайбір жылы Римдегі Колизейдің төбесіне шығып, қазақ туын олай да былай бұлғағаны үшін итальян карабиндері (Амантай қажы «коробинилер» деп қате жазып жүр) қамауға алыпты. Бүгінгі оппозицияны бар деп көзіне ілмейді, «қара өлік» деп қаралайды. Неге десеңіз, Амантайдың айтуынша, «оның бәрі Назарбаевтың шекпенінен шығып, үкіметтің нанын жеп жүріп, жұмысынан айрылған соң ғана сасық ашуға басып жүр» екен. «Қара өліктің» қатарында ол Әкежан Қажыгелдинмен бірге Нұрлан Балғымбаевты да қосамжарланып қоса кетеді. Айып етпеңіз, бірақ біз білетін Балғымбаев – өмірінде оғаш ой білдірмеген, оппозицияның сапынан он метр алыста жүрген адам… Премьерліктен түскен соң петросаясат (мұнай-газ) айналасындағы маңызды маэстроға айналды. Олай десек, Амантай қажының да ағаттық жіберетін жері болады екен, ағайын. Ұран тастап жүретін «ұлтжанды» Амантай қазаққа жақын шенеуніктерден шертіп-шертіп, Иманғали Тасмағамбетов, Бердібек Сапарбаев, Оралбай Әбдікәрімовтардың атын атайды.

Қызметі: «Мемлекет тарапынан бір тиын көмек көрсетілмесе де» (Амантай қажының сөзі), 28 мемлекетке барып, қазақ елінің туын қадапты. 10 рет қажылыққа мұсылмандар апарып, 1992 жылдан бері тігулі тұрған қараша үйінен 5 мыңдай адамға зәмзәм суынан дәм татқызған. 2 млн адамның қолын жинап, Семей полигонының жабылуына мұрындық болған. Кереку жеріндегі Ермак ескерткішін күреп тастауға да көмек беріпті. Осы кезге дейін 200 мыңдай адамға ас беріп, бес мың Құранды тегін таратыпты. «Аттан» дегенде, Амантайдың артынан еріп жүретін бес-алты апайдың қалтасына ақша салып отырады деген де дәлелсіз дерек бар. Сол қаржы-қаражаттың басым бөлігін балалары тауып береді дегенмен, «Аттанның» артында қазақстандық құпия ұйымның құлағы қылтияды деген қауесет бар. Қысқасы, Амантайға қатысты өсек-аянның бәрін тексеру үшін Жулиан Ассанждің жігері керек шығар.. Алматының Наурызбай батыр мен Шевченко көшелерінің қиылысын жалаулы-ұранды «панноға» айналдырғанымен қоймай, тал-дараққа өрмелеп, дуал көрсе «Аттан» деп ақ бояумен жазуды әдетке айналдырған. 99 данамен тарайтын үнқағазы бар.

Қасиеті: Амантай қажының айтқанына нансақ, көріпкелдік қасиеті бар екен бойында. Шамасы, бұл қасиет Келес өңіріне белгілі әулие болған анасы Қызтумастан дарыған. Мысалы, Амантай қажы Асанбай Асқаровтың түрмеден шығар, өмірден қайтар күндерін дәл болжаса, ал Семей полигонының жабылатынын 100 күн бұрын болжапты. Экс-мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлына қастандық жасалып, қолы сынатынын бір ай бұрын, оның орнынан түсетініне 3 ай бұрын болжам айтқан екен. Барак Обаманың президент болғаны менің жорамалым дегеніне де жұрт кезінде рахаттанып күліп еді.

Мақтанышы: «Елбасы Н.Назарбаевтың өзі жеті рет арнайы келіп сәлем берген». Міне, Амантай ағаның жұрттың есіне жиі салып отыратын ең басты «марапаты» осы болса, керек. Бұдан кейін «мақтанып отыр демеңіз» деп қойып, марқұм Заманбек Нұрқаділовтың «Бірінші Құдай, екінші пайғамбар, үшінші – қажы Амантай», Асанбай Асқаровтың «Амантай қажы – Алланың сенімді өкілі» деп айтқан едімен» біраз жерге дейін барып қалады. Тағы басқа тұлғалардың Амантай турасында не айтқанын оқығыңыз келсе, үнқағазын тауып аларсыз. Ең өрескел «қылығы», Амантай өзіне «Қазақтың Омар Халифі» деген атақ тауып алып, реті келген жерде қыстырып жүр. «Неге олай?» деп бүлік шығаратындай бүгінде Омар Халифтің де көзі жоқ. Сондықтан, өзіне «қазақтың Жириновскийі» деген ат алса, жарасымды болар ма еді деп қоямыз ғой баяғы. Құдай-ау, «Аттан Қазақстан» бейбіт шеруінің қолбасшысы деген қызметі бар екен ғой…

Мәселесі: Мафиямен күресу. Бәйбішесі Клара ұлықсат берсе, тоқал алу. Жемқорлықты жою.

Арманы: АҚШ президенті Барак Обаманың арқасына қазақтың шапанын жабу. Өзбекстанның қол астына кіріп кеткен қазақтың Арнасайын кері қайтару, т.б.

Хит әні: «Менің Қазақстаным»

Ермегі: таяқ жинайды. «Алла тағалам таяқ ұстауды маған тапсырыпты» деп өзі айтқандай, полигонды жапқан, Меккеге он рет барған, «Ермакты құлатқан», Бағысты қайтарған таяқтарын да әр жолы, шараның сипатына қарай ауыстырып отырады.

«Саясаттан кеткеніме жиырма жылдан астам болды». Бұл Амантайдың сөзі. Сөйте тұра, өз сөзіне өзі қарсы шығып, ең үлкен саяси додаға 1998 және 2005 жылдары қатысамын деп белін буған еді. Болмады. Ең болмаса, ел танитын мәжілісмен боламын деген. Төрт рет талпынғанымен, ол да асу бермеді, ала алмады. Ақырында… биыл тағы да президент сайлауына қатысып, кәрі қыздардың сауабын аламын деп құлшынып отыр. Енді мемтілден емтихан тапсырмаймын деп қырсығып отыр. Соған қарағанда, биылғы сайлаудан да Амантай көкеміз қағылайын деп тұр. Біреу одан лидер көреді, біреу сайқымазақ деп сынайды. Бірақ.. ешкім де оның сөзіне езу тартпай тұра алмайды. Біртүрлі ұнатады. «Жүре берсін» дейді.. ОЛ – біздің сұрқай саяси массовкадағы ең айшықты кейіпкер. Олай болса, жүре берсін.

Advertisements

26 comments on “Сіз кімсіз, Амантай көке?

  1. қазақтан хан сайланбаған еді ғой. не бұл ағамыз төре, не бұл ағамыз «врет и не краснеет».
    Қазақпын десе, хан ұрпағы болуы мүмкін емес қой)))

    • біз оқыған тарихта расында қарадан хан сайланбаған деп жазылып еді, мұны байқағаның қандай жақсы болды, ханның тұқымынан, сондай қалай қаңлы болдыңыз деген сұрақ дайын тұр! Біреу-міреу ұрлап кетпесін, авторлық құқық Кот-д-Ивуар елінің заңымен қорғалған)))))))))

  2. Мдааа, «Аңыз адам» жорналының постҚалыбайлық кезеңіндегі бір кезекті нөміріне татыр персона болып қалар тарихта)))))))))))))

  3. негізі бұл ағашканы ешкім серьезно қабылдамайды. Оның көзі көргенді біз көрмей, біз көргенді ол көрмей жүрген болар.

    • Не үшін болғанда , сол мафиямен күресуге, жемқорлықпен жауласуға, иманды болуға аттанайық дейді де, басқа не айтсын атамыз

  4. Амантай қажының «духы» таудай, ешкімнен сескенбейді, «Аттан» әніне салып жүре береді. Айтпақшы, қолындағы полиэтилен пакетінің ішінде не бар екен?

  5. Мына аға сымағың таза арандатушы! Дінді жамылып дүмшелікке жол тартқан! Дінді діңгексіз етіп көрсетеді мынау! жазалау керек бұл адамды!

  6. Амантай кажыны мазак кылып ангиме кылып отырып озымыздын сол мазак когамда мазак болып жургенмызды сезбеймыз.жыгылып жатып кисайганга кулу сыякты быздыкы.негызы ол кысынын журегы дурыс адам.калай болмасын оз кыялы арманы казакка жаксы когам усну гой!
    мафиялар жогалсын!!!
    жемкорлык жогалсын!!!
    жаман ба осы урандар???хе хе

    • Ха ха деп өз өзімізге күлу дейсің ғой, өзімізге күлмегеннен басқа не қалды өзі))))) Сыртқа күлсек, өзіңе қарап ал дейді, Өзіміздің мықтылар мынау… Күлкі өмір ұзартады дейді ғой, жапондар қайтеді екен осы

  7. Мысқылдап тартымды жазылған екен! Ол кісі істеп жүргені «Атың шықпаса дер өрте» дегеннің кері

  8. Амантай қажының қажылық қадірі де жоқ,қасиеті де жоқ секілді. Мазақ болғаннан басқа!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s