Би алаңының билеушісі


_DSC0788Тұла бойдың тыншысын бастыруға таптырмайтын жер. Жастар үшін. Дискотека. Кәтте музыканың арасынан аяқ-қолды еріксіз қозғап жіберетін музыканы таңдап, талғап беру дидижейлердің қолындағы дүние. Өзі диджей сөзі ең алғаш 1934 жылы американ комментаторы Уолтер Винчелдің аузынан шыққан. Бұл терминді ол алғашқы диджейге айналған радио жүргізушісі Мартин Блокқа қатысты айтқан көрінеді.

Бұл тақырыпты неге қозғап жатыр дейсіз сол, Астанаға Тараздан қаңғалақтап келіп қалған баяғы досым Асхат Рустемовпен тойда кездейсоқ жолығып қалып, бір-екі сауалымды жолдап үлгерген едік. Ол – Тараздағы «Навигатор» түнгі клубының диджейі. Лақап аты – DJ Rata

–         Карьераң қалай басталды?

–         Ес білгеннен электронды музыкаға қызығушылығым бар-тұғын. Содан да, мен жиырмаға толғанда жеке бөлмемнің жартысына дейін компакт-дискімен лықа толды. Содан бір күні жақын достарым музыкалық өнерімді тамашалау үшін клубқа шақырды. Бардым, ойнадым – сол күні биге адам көп жиналды. Әдетте диджейдің жұмыс орны би алаңынан биік жерде орналасады. Сондықтан, өзгеше ырғақты естіген жастар менің тұсыма мойнын созып, шапалағын аямай жатты.  

–         Одан әрі…

–         Алғашында шағын барларда өнерімді көрсетіп жүрдім. Кейіннен атағы аймаңдай диджейлермен таныстығым арқылы «Навигатор» клубына келіп қалдым. Кейде жергілікті промоутерлердің шақыртуымен Алматы, Астана қалаларына гастрольге шығамыз, түрлі фестивальдардан қалмауға тырысамыз.

–         Диджейліктің қызығы неде?

–         Біріншіден, бұл өзін тартымды деп санайтын музыканы басқалармен бөлісу. Қазір қайсыбір адамның қолы бос дейсіз, күн суытпай шығып жатқан жаңа әндерді тыңдап жатуға уақыттары да жоқ. Бір күннің өзінде 50 сингл жарыққа шығады екен. Сондықтан, біз іріктеген жаңа музыканы есіту үшін жастар клубқа ағылады. Әрі көпшіліктің қалауын, тілегін, былайша психологиясын аңдып отыру да – бір қызық. Оның үстіне сені мыңдаған адам атыңды атап, қолдап-қолпаштағанда бар шаршағаңынды ұмытасың.

–         Шаршағаннан басқа, диджейліктен қол сілтеп кетіп қалатындай жағдайлар бола ма?

–         Өз басым бұл кәсіпті жан-тәніммен жақсы көремін. Сондықтан, басқалар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ, клубқа келген кейбір жастардың өз дискісін тықпалауы, не болмаса жай ғана әңгімелесуді қалайтыны – сәл қиындық туғызады. Неге десеңіз, пультта тұрған адам бір-екі батырманы басып қана қарап отырмайды, ол музыканы сан құбылтудың жолдарын ойластырады.

–         Жұмыс күнің қалай өтеді?

–         Дұрысырақ айтқанда, жұмыс түніміз бе? Сырттай қараған адамға барлығы да оңай секілді көрінуі мүмкін – клубқа келдің де қалаған музыкаңды қоя салдың. Алайда, жұмыстың басым бөлігін үйде істеуге тура келеді. Жаңа релиздерді тыңдау, жаһантордан жаңалықтарды білу, қаптаған музыкадан әдемі комбинациялар шығару – былайша құлақбауды шешетін кезім аз. Ал, клубта таңғы беске дейін жұмыс, азаңда әбден сілең қатып, құлағың шуылдаған күйде үйге қайтасың. Бірақ, адам мұндай өмір қалпына да үйренеді екен

–         Күні-түні музыканың ортасында жүрген қалай?

–         Қызығы сол, ешбір өлең не аят жаттай алмаймын. Миыма кірмейді. Жаттаған боламын, таңертең жоқ болады. Бұрын білетін Шаханов, Мақатаевтың өлеңдерінен де бірі есте қалмапты. Соған қарағанда, дүңкілдеген музыка мидан, жүректен басқа ақпараттың бәрін шығарып тастайды-ау

–         Бес жылдық тәжірибеңнен есіңде қалған қызық оқиғаң бар ма?

–         Бір күні Қарағанды қаласындағы клуб мені диджейлікке шақырды. Пультті қолға алып, бір-екі трэкті айналдырған соң жұмыс орныма басында бандана, үстінде күртесі бар біреу кимелеп кірді. Келісім-шарт бойынша мен-ақ өнер көрсетуім керек, ал мұның не қылмағы маған белгісіз? Алдымен оған сыпайы түрде пульттан алыс тұруды өтіндім, болмаған соң жағаласуға дейін бардық. Ақырында күзетшілер оны клубтан күштеп шығарып жіберді. Ал, ол осы мезетте маған дискісін ұсынып, бірде пультты шұқылап, көмектескісі келіп жүрді. Кейіннен білдім, қуып шыққан жігіт – біраздан бері мен танысуды арман қылып жүрген атақты диджей екен. Сол кісіні өзім іздеп тауып, кешірім сұрадым, кейіннен достасып кеттік.

–         Бұл кәсіптегі табысың қалай?

–         Әр кезде әр қалай. Мысалы, бір түнге кейде 10 000, кейде 15 000 теңге алып кетеміз.

–         Клубқа өзі қандай адамдар келеді?

–         Өзім таңқалатын бір жайт бар. Қашанда, қай күні де клубқа міндетті түрде қыздар көп келеді. Бір-екі, үш-төрт құрбысын алады да, өздерімен-өздері билеп, сырасын ішіп, кейде мас болып қалып, клубтың сыртында шаштарын жұлып төбелесіп кететіндері көп. Клубқа келетіндерді мен 3 категорияға бөлемін. Біріншісі – Тараздың көрнекі орындарын аралау деген сияқты, жастық, бозбалалық өмірге аяқ басқан жігіттер клубқа әбден жалыққанша келеді. Қызбен танысады, билеп үйренеді. Екіншісі – есіңде ме, баяғыда ауылдағы мектептің балалары үзіліс сайын дәретханаға барып әңгімелесуші еді емес пе? Ол жер сасық, нәжіс. Бірақ қажетімізді өтесек те, өтемесек те сол жерге барып «по-мужски» әңгімелесу әдет болатын. Сол сияқты кейбір қала жастарының билегісі келсін-келмесін, осындай клубтарға келіп кешін өткізетін әдеті бар.

Үшіншісі – қыздарды сындырушы жігіттер, немесе керісінше қыздар. Бірін-бірін аңдып отырғаны сол. Кім бірінші сыра алып береді деп…

–         Бұл кәсіптен кету ойыңда бар ма?

–         Ойымда әрине бар. Себебі, былтыр ғана үйленгенмін. Жақында бала сүйемін. Бұйырса. Бірақ әр кештен соң жұмыста әйтеуір бір қыз мойнымнан асылып, телефонын қалдырып жатады. Күміс сақинам тұр міне қолымда (қолын көрсетеді), бірақ оған қарамайды. Кеттік дейді. Кетейін десең, ертең әйеліңнің бетіне қалай қарайсың…Сосын барменде сұраныс көп (күледі). Бірақ күлетін жағдай емес. Балалы болсам кәсіпті тастаймын. Себебі, жасымыз келді. Бес жыл оңай емес. Құлақтан құлақ қалмады. Миың бір демалмайды. Музыка сорып алады. Барыңды, нәріңді. Музыка сені аямайды. Біз көбіне клубта транс музыка қоямыз ғой, әр трек кемі 7-8 минуттан. Өткенде оқып қалдым, транс музыканың ырғағы жүректің ырғағын бұзады екен, содан кейін жүрегің ауырғанын білмей қаласың. Қырыққа жетпей қаусап қалғым келмейді.

–         Тілегіңе жет!

Advertisements

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s