Дөңгелекті деградация


Онда күш десе күш (547 төрт аяқты тарпаңның күші), жылдамдық десе жылдамдық (сағатына 300 шақырымды аузыңызға сабан тістеп отырып бағындырасыз), көненің стилі, БМВ-ның моторы. Әрі сұмдық қымбат та емес – кәшәлогыңызда 50 мың еуро болса, жарар еді. Бірақ, осы айда тарихтың қатаң кубалдасы Wiesmann деген немістің суперкарын былш еткізіп соғып, бассүйегін шашты да тастады. Банкрот! Бітті! Енді оңбайды…

the_spectral_automobile

Сонда не қылған дейсіз бе? Өзі бертінде, мен 3-ке толғанда құрылған компания басшылары 2009 жылы қарап-қарап тұрып, өндірістің көлемін кеңейтіп жіберіпті. 125-ақ жұмысшы бір жылда 40 шақты көлік құрастыратын. Бәрі тамаша, бірақ осы шешім Еуропадағы қайнаған дағдарыстың буы кәстрөлдің қақпағын лақтырар кезінде жасалып еді.

Яки, қателік жасады, қарыз қайтарылмады, сатылым бәрібір құлдырады. Қорықпаңыз, бұл постты әсте сіз атын қазір естіп отырған қайдағы бір қалдырақ көлік, кешеден бастап өлік үшін арнамаймын.

Fotor051705236
Тезисім – Wiesmann секілді өз ата-әже дәстүріне берік, автоға индустрия емес, өнер қиындысы деп қарайтын өлермендік романтизмнің дәурені өтіпті. Менің мойындағым келмегенімнен адамзатқа келіп-кетер не пайда, бірақ қазір нағыз шежірелі брендтердің құр сүлдесі ғана қалды.
«Атасының жақсы аты баласына қырық жыл азық болады». Автоиндустриядағы аты аңызға, заты тарихқа айналған талай марка бүгінде трансұлттық корпорациялардың бизнес-жоспарындағы ақша сауудың агрегаты ғана. Қысқасы, баяғы рухтың буы сейілді, жан тебірентерлік, шабыт құярлық құдыретін бизнес жеңіп барады.
Fotor051710317Не езім кеттім? Былай түсіндіріп көрсем, қалай? Мысалы, Rolls-Royce. 1904 жылдан шежіресін тарқатып отырған, баппен ағылшындық аристократияның жүрмелі бабасы атанып отырған көлік. Аяққа төсенішінің өзі бірнеше айлық жас қозының терісінен тігіледі дегендей, көлікті жеке инженер 60 күнде қолмен құрастырады дегендей аңыздары айтса таусылмайды. Бірақ, сол Роллс-Ройстың кейінгі модельдеріндегі (Phantom, Ghost, Drophead) 12 цилиндрлі, көлемі 6,75 литрлік мотор… BMW-ныкы.

Мюнхенде құрастырылады. Ал Дингольфингте кузовының детальдарын құяды, тағы бір қаласында борт компьютерін, климат-контролын жасайды. Платформасы да кәдімгі БМВ-ның 7-ші сериясынан. Германияда негізгі бөліктерін жасайды да, «Британияда қолмен құрастырылады» деген аты үшін сол Британияға аттандырады. Бұл процесстің аты – унификация. Ортақ шығынды азайту үшін. Былайша айтқанда, рухы ағылшын, тәні неміс метис шығады, қайтесіз маркетинг…

Fotor051711224Сіздер қызықсаңыздар, бұл әпсана 1998 жылдан басталады. Rolls-Royce иелері компанияны сатамыз дегенде, немістің БМВ-сы мен Фольксвагені таласқа түсіп қалды. Бірақ, Роллс-Ройс £430 миллион ұсынса да, Фольксвагенге емес, £340 миллион ұсынам деген БМВ-ға ұзатылып кете барды. Содан бері көліктің сауда маркасы мен логотипі БМВ-ға тиесілі де, ал капотқа орнатылатын әйгілі «Экстаз рухы» мүсіншесі мен радиатордың төртбұрышты қақпашасы Фольксвагенде қалды.

Fotor051712254Жалтырап тұрғанда сұқтандыратын әрі сұсыңды басатын, бағасы кемі 400 000 доллардан кем тұрмайтын Роллс-Ройстың талайлы тағдыры осы. Не текежәуміт мүсіншесіне, не логотипіне ие емес. Аянышты халі. Бірақ, бизнестің қатал заңы ақсақалдың өзінің сақалынан алуды еш сөкет көрмейді.

Ал Бентли ше? 1919 жылдан бері бар ағылшынның ақсүйек маркасы, марқасы дейінші. Қазіргі беткеұстары – Bentley Continental GT деп келісейік алдымен. Енді соның капотын ашып, қозғалтқышын қараңыз. W12-Bi-Turbo. Бентли деп жазылып тұрғанмен, сенбеңіз – кәдімгі Фольксвагеннің моторы… Сырты лимонмен сүртіліп қойған қытайдың алмасы сияқты, қырш еткізесіз – ал онда дәм жоқ, иіс жоқ, әкең. Ал Bentley Flying Spur лимузинінің кузовын тіптен, Германиядағы Цвиккауда жинайды.

Fotor051713333Дәл осы модель біз маңа ғана сөз еткен Роллс-Ройс Фантомның тікелей қарсыласы. Енді былтырдан бастап 300 000 доллардың лимузины Дрездендегі әйгілі шыны мануфактурада құрастырылады екен. Түгел. Тұтас. Ағылшын деген аты ғана. Дәл осы шыны мануфактурада, асыл текті Бентлидің тура қасындағы конвейерде Фольксвагеннің құны 100 000 долларға да жетпейтін жай седаны – Фаэтон құрастырылады. Ең өкініштісі де сол, Bentley Flying Spur-дың платформасы осы арзан Фольксвагендікі.

Fotor05171439Екеуіне бір арба. Сол үшін де екеуін бір жерде жинайтыны. Әйтпесе, Фаэтон орта деңгейлі адамға, ал Бентли сол қанатты марка үшін бар ақшасын бәске тіккен эстетке арналған емес пе еді? Сондағысы бір мотор, бір платформа, тіпті сол Фольксвагеннің рөлі мен басқару тетіктері – екіжүзділік емес пе? Міне, осындай бизнеси қитұрқылықтар ұнамайды маған…

Мүмкін, бұл фобия менің Фольксвагенді ұнатпайтындығымнан шығар. Оның модельдік қатарындағы бірде-бір модель не дизайнымен, не күшімен қызықтыра алмай қойды – Гольф та, Пассат та, Скирокко да, Туарег те, Фаэтон да, түпәқ, қысқасы. Бірақ, сол Фольксваген Шыңғыс хан секілді француздың Бугаттиін де, немістің Поршесін де, итальяндық Ламборджиниді де жаулап алды.

Fotor051715542Мысалы, Porsche Cayenne бар иә, ол дегенің Фольксваген Туарег. Соның платформасы, рамасы және есіктері… Порше қымбат, Фольксваген арзан. Оны қойшы, ойбай, Фердинанд Порше секілді XX ғасырдың ең көрнекі инженердің атынан ұят емес пе? Туарегтің платформасынан спорттық баптауларын алып тастап, жұмсартып еді, не шықты? Әрине, Audi Q7.

Fotor051721645Ал Audi Q5 деген кроссовердің сәл жылдам, сәл қымбат нұсқасы Porsche Macan-ға айналып шыға келді.

Fotor051722253Lamborghini Gallorda бар емес пе, ол дегенің кәдімгі Audi R8-дің сәл басқа түрі. Басыңыз айналып кетті ме? Менің де… Бірақ, автоиндустрияда айтып отырған баяғы романтизм, эстетизм рухының жоғалып, бизнес-мафияның орнағаны қашан. Көнесің. Әңгімемді соза бермейін.

Fotor05172343А-а, айтпақшы, Майбах ше, ол да сол Мерседес S600-дің ар жақ, бер жағы. Соның моторы, Mercedes-Benz SLR McLaren-нан алынған артқы жарық диодындағы шамдары, электр-гидравликалық тежегіші, көп енді көшпе детальдары… Содан ба екен, бұл бай байғұстың тегі жолына жарық түспей кетті. Ақыры әр сатқан көліктен 300 000 доллар шығын келген соң, былтыр банкрот болып тынды. Обал! Өзі қызық болғанда қазір жекелеген маркалар жылдам сахнадан жоғалып кетіп жатыр да, ал классішілік, деңгейаралық шайқас барысында будан модельдер қаптап шықты.

Fotor051724211Оған мысалды былай келтірсем болады: Хаммер, Понтиак, Олдсмобил, Сааб секілді оригинал көліктер біржола капут болғанда, бір марканың ішіндегі модельдер быжынап шыға келді. Айталық, бұрындары БМВ десе, оның 3-ші, 5-ші, 7-ші сериясы барын білетінбіз, қазір оның 1-ші, 2-ші, 4-ші, 6-шы сериясы бар, сонымен бірге бір X5 кроссовердің өзінің X1 және X3 деген кіші інілері бар, енді оның X7 деген 7 орындық дәу джипі шықпақ. Мерседестен қалыспай, минивэн шығаратын болады. Осының бәрі не үшін? Нарықтағы бос орындарды жабу үшін. Бәсекелестерден бұрын үлгеру үшін. Бірақ….

Fotor05172565БМВ-ның құйтақандай 1-ші сериясындағы ішкі дизайнын қараңыз да, 200 000 долларға дейін құнын бағалайтын BMW 760-тің интерьерін қараңыз. Екеуі бір. Тек масштаб пен комплектация басқа. BMW 335 не, BMW 550 не, бәрінде бір интерьер. Дым қызық емес. Бұрынғы көліктерде әр модельге тән атмосфера байқалатын. Әр деталына дейін тек сол модельге тән, соған лайықталатын. Оны басқа көліктен көре алмайтыныңызға 200 пайыз сеніп тұратынсыз. Ал қазір – Copy and Paste.

Fotor051730241Айта берейін бе? Маған сол БМВ-ның Калининградтан, Аудидың Қытайдан, Реноның Түркиядан шыққаны да ұнамайды. Фольксвагенді аса ұнатпасам да, оның Вольфсбургтегі зауыттын шыққанын қалар едім, Бразилиядағы капуэйро билейтін жігіттердің қолынан емес. Не деген қатал консерватор едім десеңші) Ниссан Патролдың дөрекі күшке ие брутальды образын Лексустың коммерциялық табысына қызығып, жұмсақтатып, былбыратып жібергені ұнамайды. Chevrolet Camaro-ның енді тек автоматты беріліс қорабымен шығатыны ұнамайды. Jaguar-ды үндістер, Aston Martin-ды арабтар сатып алғаны да ұнамайды. Ұнамайды, ұнамайды, ұнамайды….

Ал егер мен бүгін ұнайтынын тізер болсам, онда уақыт та, бет те жетпейтін еді. Сондықтан, ең азын осылай жазуды жөн көріп едім, айып етпеңіздер. Көлік деген жақсы ғой, әттең айдай алмаймын. Себебі, жақсы көлік мен үшін әдемі картина секілді. Көруге болады, бірақ ұстауға, жоға, болмайды. Не деген қатал консерватор едім десеңші)

Басты сурет – Сальвадо Далидың «Киімшең автомобилі»

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s