Сүт деген сұйықтық бар. Алла тағаланың шапағаты ретінде арнайы Наһл сүресі түсірілген балдан бір жері кем емес. Ол экономикада алып индустрия, аспаздықта алуан ассортимент болғанымен қоймай, ана сүті деп адамзаттық құндылық дәрежесіне көтерілген бірден-бір сұйықтық.
Өзі мына жалғанға жыртиып келе қалғаннан бастап тапырақтап жүре бастағанға дейін біз үшін ең аяулы ас сол анамыздың сүті болды. Сүтқоректілерміз, қысқасы… Ана сүтінің әр тамшысынан дені сау, тобық майы толық, зейіні күшті, зердесі мықты ұрпақтың негізі қалыптасады. Және оны ештеңемен алмастыра алмайсың. Теңдессіз. Неге?
Ана сүті баланың ас қорыту жүйесіне ең ыңғайлы, ең жеңіл болғандығы бір басқа, оны мейірленіп, тойып ішкен сәби мешел, қаназдық, дисбактериоз, аллергия, іш өту секілді дерттерді айналып өтеді. Өзі қызық, әуелі анадан шығатын сүт ақуыздар мен минералға бай, біраз уақыттан соң онда майлар мен көмірсулар көбейе бастайды. Осының бәрін әрбір ана өзі күніге реттеп отырған жоқ.
Тура гүлден тозаң жинап, ызыңдауды ғана білетін бал арасы секілді аналарымыз да ас ішіп, аяқ босатқанымен, сүттің жасалуы мен құрамы – 100% Құдайдың құдыреті! Шедевр!
www.balana.kz сайты мәлімет еткендей, сүттің шамамен 87 пайызы су десек, осы су баланың алғашқы айларындағы сұранысын түгел қанағаттандырады. Содан да, алғашқы 6 ай ішінде сәбиге қосымша су берудің қажеті жоқ дейді. Болмаса, ана сүтіндегі көмірсуларды сіңіруге арналған лактоза ферменті. Бұл фермент сүттің майға қаныққан кейінгі кезеңінде көп бөлінеді екен. Өзі баланы емізудің соңына қарай сүттегі майлар мөлшері көбейеді.
Сүттің қоюлығы қаймақтай болғанда бала тойынып, емуден өзі-ақ тыйылады. Сондықтан, бала өздігінен емуден бас тартқанға дейін емізгеннің пайдасы шаш етектен дейді Сағын Үсенұлының аударған материалдарында. Себебі, сүттің құнары – соңында! Уызы дейікші… Шақалақ кезінде сүт ембей, денесіне шыр бітпей қалса, қазекем оны «уызына жарымаған» деп бір ауыз сөзбен диагноздай салады. Желкеден асырып шаш жіберген шағында шешесіне қарсы келіп, қайғыға салса, қазекем оны «ана сүтін ақтамады» деп қоя салады.
Демек, ананың алпыс екі тамырын идіріп сауған сүті Лондон Университеті колледжінің зерттеуі анықтағандай, қанып ішкен сәбилердің кейін отбасы мен карьера қалауда жолы тезірек болады. Ғалымдар 1958 жылы туған 17 400 адамның және 1970 жылы туған 16 700-ден астам адамның өміріне сарап жасап, солардың әлеуметтік мәртебесін салыстырған екен.
Сөйтсе, 1958 жылы аналардың 68 пайызы баласын емізсе, 1970 жылы 36 пайызы ғана емізген. Енді қызығы сол, ана сүтімен нәрленген сәбидің мансапқа жетуі жиі кездескен. Әрі емшек емізу карьерамен көтерілу мүмкіндігін 24 пайызға арттырса, рухани құлау мүмкіндігін 20 пайызға төмендетіпті. Сөздің түйіні, қызметте көтерілеміз, кейін құлазымай, жарқын жақта жүреміз десең, ананың сүтін алақанға сыйып тұрғанда ішіп-ішіп алу керек дейді. Бір жасқа дейін мұны білетін ми жоқ, сол үшін оны ана, ана білмесе, үйдегі әке білуі тиіс екен дә…
Лондонды не қыласыз, мынау Құран-Кәрімнің «Бақара» сүресінде: «Аналар емшекпен емізуді аяғына дейін жеткізгісі келсе, өз балаларын толық екі жыл емізу керек. Ал балалы болған адам ана мен баланың тамағы мен киімін дұрыс қалыпта қамтамасыз етуге міндетті» деп Алла тағала уақытына дейін нұсқап кеткен. Құдайдан бұйрық, Лондоннан сараптама бар, ендеше, екі жылдан кем ему кем екен…
Сол қазекем бір байшыкештің дастарханын сипаттаса, «ой, не дейсің, құстың сүтінен басқаның бәрі бар» деп мақтауын асырады. «Құстың сүті» деген жылқының өті деген секілді бұл әлемде жоқ, болмаса табылуы мүмкін емес дүниеге теңеу ретінде қалыптасып кетті. Бірақ, біздің қазекем қайдан білсін, жоқ деп жүрген құстың сүті негізі бар екен. Ол қалай? Мысалы, көгершіндер мен пингвиндерде. Пингвиннің аналығы алысқа ұзап кетсе немесе үйіріне кешіксе, балапаны тамақ қажет етіп қалды делік. Сонда әке пингвиннің бойындағы ерекше бездер іске қосыла бастайды екен. Бұл бездер аталықтың май қабатын қорекке айналдырып, аштықтан бұратылып тұрса да аузын ашып тұрған балапанға дәлдеп құсады. Осылайша, құстың да сүті бар болып шықты.
Қазекем осы тұста сәл жаңылысқанымен, басқа сүттердің сипатын дәл сипаттап жібереді. Мысалы, «Қойдың сүті – қорғасын», «Сүтсіз қой – маңырауық», «Қой көбейсе, Қойшы таяғының құтты болғаны. Қозы көбейсе, Қойының сүтті болғаны». Не болмаса «Сүт – сүйек өсіртеді» дегенде баяғы заманда-ақ оның құрамындағы кальцийдің байлығын біліп тұр ғой бабаларымыз.
Бірақ, сүтті бар жағдайға қолдану да пайдасын бере береді деген сөз емес. Мысалы, Кеңестік заманда білесіздер, зиянды орындарда жұмыс істейтін адамдарға әр ауысымда жарты литрден «молоко за вредность» берілетін. Алайда, өткен ғасырдың 30-шы жылдары ғалымдар сүттің ауыр жұмыс жағдайында еңбек етушілердің денсаулығын күтуге я аурудың алдын алуға пайдасы аса жоғын дәлелдеп тастаған еді. Бірақ, осы зерттеулерді тек 1970-шы жылдары ғана ескере бастады. Неге? Себебі, 1918 жылы Ленинградтағы Путилов зауытының ашығып жатқан жұмысшыларына Ленин сүт беріп бастап еді. Содан да, бұл денсаулыққа аса пайдасы болмаса да дәстүрдей қалыптасып кетті… Болмаса, адамның жасы ұлғайған сайын казейн деген сүт ақуызын ыдырататын ферменттің бөлінуі азаяды дегенде теория бар. Яғни, сүт сіңбейді…
Солай дегенмен, аңыз болса да, Ромул мен Ремнің қаншық қасқырдың сүтін ішкені бар, ибн Сина мен Гиппократтың ешкі сүтімен өкпе қабынуын емдегені бар, сүттен қазақтың қымыз бен шұбат ішіп, малта сорып, ірімшік жегені бар, сүт ол қашанда сүт. Эвенкілерден бұғының сүтін бүгін тартып алсаң, ертең ол ұлт бар ма, белгісіз.
Reblogged this on Асқардың түрткендері.