Ох, не деген жұқсыз едім….


1339853399_human-dnaМенің әкем маған тартқан. Дұрысы, мен оған… Қатпа қара. Қанша жесе де, ішсе де бетіне көрінбейді, бөксесі шықпайды. Сондықтан, сылтауым дайын – «денсаулығың мол емес екен» десе, «генетика» деп саусақтарымды ДНК-ның спиралындай айқастыра саламын. Оншақты жыл бойы киімшең тұрсам да, белдемшемен тұрсам да таразы маған 59 келіден артық бермейтін. Тепсініп қойсаң, тағы 500 грамды жалқаулана қосады. Сондықтан, саған артар титтей де кінәм жоқ. Құдай сені маған киім қылды… Ал арықсың, «ну и что?»
Сен мені сәл «подводить» еткен соң, қу тірлік қулануға мәжбүрледі. Соқсам, сұлата алатын күшім, қашсам, жеткізбей кететін жылдамдығым жоқ. Қайтемін енді, Құдай берген ақылмен талай араннан аман өттім, ей. Білесің, политех колледждің сыртқа шығар екі қақпасы болатын. Оның алдынан өт не, артынан өт не, Тараздың кәсіби гопниктері күтіп тұрады. Алғашқы курстамыз. Бір-екі рет оңбай ұрынған соң, компьютер сыныптың егесі Ерболға өтініп, сабақтан соң соның сыныбында өз еркімізбен «қамалатынбыз». Ұстаз сыртымыздан құлыптап кетеді. Асықпай үйден асын ішіп келгенше, біз «Дендидегі» Танкінің талай турын өтіп тастаймыз. Кешті батырып шыққанда, торуылдаушылар да тарап бітеді…
Студенттіктің кейінгі жылдары қулығым батылдыққа ауысты. Онда күн сайын көстемдемін. Қолда папка. Қалтама «Жас Отанның» мүшесі деген ламинатталған қызыл билет салып алғам. Алдымнан біреу шықса – сытылу оңай, ал 3-4 адамдық «толпа» шақырса, онда жағдай қиын. Не істедім? «Братаның кім, ақшаң бар ма?» деп сәл сұрақтың шетін шығарса, қатуланып, төсқалтамнан әлгі «Жас отанның» билетін алып, маңдайларына тақай, «Сендерге не керек? Проблема керек пе? Тауып берем! Проблема шешкілерің келіп жүр ме? Шешіп берем. Ия, не, ал?» деп өздеріне дікеңдеймін.
Сонда саған сенбей тұрмын ғой, қу тәнім! Қызыл билетті жалақтатып, аузымнан көк-жасыл зәһар шашып тұрған соң, олар момақансимай не істейді? Cонда сені бассейнге апарып, өз қиялымша сомдауға болар еді.. Қу жалқаулық, менен де емес кінә…
Өзі әкем жастайынан «әшки» таққан. Құрығыр ДНК сені де діңкелетіп, 8-шы сыныптың бел ортасында 80-шы жылдары үйімізге бір түнеген қонақтан қалған сарымүйіз оправаны таққызды. Әлі есімде, сен 1-шы сыныпта-ау, сыр бердің. Мен мән бермеппім. Көркем жазу деген сабақта ең алғы партада отырып, тақтадан көшірген әріптеріме 3 деген баға алатынмын. Қалған сабағым – 5. Аң-таңмын. Дәл осы сабақта тақтаға жазған мен тақтадан көшіргенімнің арасында төмен баға қоярлық корреляция боп тұр. Оны түсінген мен бар ма, әй, сабаз.. Жылдар жылжи екі метр жерден адам, бір метр жерден сағат тани алмайтын жағдайға жеткіздім. Солай болуы керек сияқты селқостық менде.
Қашан көз байланғанда өрістен келетін қашаған қара сиырды қара басып танымағанда барып, нағашы әжем сандықтан әлгі сары оправаны шығарды… Содан бастап саған серік ол. Көзілдірік.
Иә, айтам ар жағын. Ұялтпашы. Көзілдірікті тек қуалаған тұқымнан емес, өзімнің білместігімнен тақтың. Әріп таныған соң, әжемнің құлағалы тұрған тамындағы «Капиталдан» бастап қолыма түскеннің бәрін – ескі кеңестік күнтізбелерді, «Мәдениет және тұрмыс» журналы, кибернетика негіздері, С.Маршактың өлеңдері, Дао ілімі, «Энциклопедический словарь юного техника», «Металловедение», ғарыштағы дәнекерлеу туралы оқи бердім, оқи бердім. Талғамсыз. Ұятсыз. Ох, сені әбден зорладым-ау, кешірші…
Колледждің 2-ші курсында көшпелі медкеруен келгенде, стоматолог сендегі маржан тістерді мақтап еді. «Тісің жақсы екен, енді газдалған су ішпе, тісіңді күт» деген-ді. Ол кеңесті тоқыған мен бар ма? Одан кейін қаншама жыл Кола мен Фантаның уытына төтеп берем деп тыз-тыз еттің. Көліктің қағын, адамның қанын асфальттан кетіріп жүрген дүние сені алмай тынбады.. біреуін жұлып, төртеуіне пломба ұрғызды.
Талай қыздың менімен танысу сылтауы – «Шашың осы қап-қара, бояйсың ба?» еді. «И жоқ, өзі сондай» деп пәлсінемін әлгі жерде. 28 жыл барынша төзіп едің, сәл жұқара, сәл ағара да бастапсың. «Шаштағы ақты жұлуға болмайды» деген хадиске сап, оған да тиісуге болмайды енді. Жасында майлау керек пе еді, кастор, репей майымен….
Әзірге сенен тапқан мінім осы. Маған тағар мінің көп.
Құрметті тәнім, мен саған қаншама жыл озбырлық жасап келемін. 28 жыл менің жаныма жабынды болып тұрсаң да, жазғыруымды қоймай келемін. Әлі де сол баяғы ретсіз тамақ, жүйесіз ұйқы. Таңертең үйді айнала жүгіруге болар еді, тәтті ұйқыны қимайсың. Кешке ше, кирелеңдеп жұмыстан келесің. Ал түнде жалғыз бөлмеде аяғы орындығыма тиіп жататын әйелім тыныш ұйықтасын деп компьютердің жарығымен жұмыс істеймін. Иә, бұл саған екі есе зиян. Бірақ, сәл шыдашы. Тағы бір-екі жыл. Екі бөлмелі жалдамаға ауысып, жарықты жағып әлі талай перне басармыз, ә. Қалай?
Анау-мынау деп жүріп отызға тақап қалыппыз, ең сапалы Мерседестің өзі отыз жылда матасы іріп, темірі шіріп кетеді. Сондықтан, сені енді күтпесем болмас. «Адамның тәні – Алланның аманаты» деген.
Таң азанмен тұра сала, аш қарынға бір стақан суды сіміремін (осылай істеп жүргеніме 1 ай).
Ерінбей-жалықпай 15 минут таңертеңгілік жаттығу жасаймын саған. Кешке қайталаймыз. Аптасына 2 рет бассейнге апарамын. Ұйқымды реттеймін. Сөзім сөз. Құптан намазынан соң жата қалып, таңда атып тұруға дағдыланамын.
Компьютердің алдында гипподинамия болмас үшін орындықта отырған әр сағат сайын 10 рет отырып-тұрамын. Не «Қазмедианың» 6-шы қабатынан төмен түсіп қайтамын.
Миымды жаттықтыру үшін мнемотехниканы үйреніп, омега-3 қышқылдарына бай тунец секілді майлы балықты 2 күнде бір жеп тұруға тырысамын. Осы қышқыл мидың құрылымын түзеді-мыс.
Жылына бір рет гемоглобинімді тексертіп тұрамын. Әйтпесе, қазір қанымның қай топта екенін де білмейтін нағыз селқоспын. Құр нан мен сорпа іше бермей, арпа, сұлы ботқасын жеуді әуеске айналдырамын. Екі-үш айда адаптогендердің (алтын тамыр, женьшень, аралия) 10 күндік курсын аламын. Күнде айран мен бал жеп, жалбыз (мята), жебіршөп (тимьян), зығыр дәндері, содана (чернушка) сияқты өсімдіктерді ас мәзіріме қосамын.
Мұсылман медицинасынан айына бір рет хижама жасатып, арам қанымды алдыртамын. Айына бір рет сол атқа шауып дегендей…қысқасы, сені күтем десем, ойй мына жалған небір мүмкіндікті жайнатып тұр емес пе? Сен де соны білесің. Тек ерік пен жігер керек. Сәл-пәл ақша да артық болмас еді)
Бірақ, сен сау болмасаң, менде қайдан ақша болсын, ә?! Менде қайдан бақыт, күлкі, шаттық болсын? Ендеше, келістік! Ертеңнен бастап… Бірақ, бүгін түнде жұмысым бар еді, ал тісімді жөндетуден гөрі оған кетер ақшаға «ақылды» сағат сатып алғым келеді. Ох, не деген опасыз едім…. Кешірші, тәнім. Тағы бір сенші маған

One comment on “Ох, не деген жұқсыз едім….

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s