Орысша «Зловещая красота» бола ма екен, Ернар Бекеновтың сайтында тұрар триллердің тақырыбына сұранып тұр (патентін тегін берем). Постері шамамен былай – артқы фонда – гүл жайнап тұрған көктем, алдыңғы фонда – бір қанаты жоқ көбелек. Ақыры, көктем деген астро-фенологиялық абстракция тақырып беріп отырсыздар, осыдан басқа не күттіңіздер, ә)
Орыс дегеннен шығады, Пушкин деген арабшатыс ақынға әйтеуір көктем еш жақпапты. Себебі, Пушкин – бұйрабас, ал бұйрабас – ақын, ақын деген сезімтал, ал сезімтал жандардың көңіл-күйіне табиғи циклдардың алмасуы да қатты әсер етеді екен) Пушкиннің жеке психопатологы болмаған, сондықтан неге дәл осы көктемге келгенде
«Теперь моя пора: я не люблю весны;
Скучна мне оттепель; вонь, грязь – весной я болен;
Кровь бродит; чувства, ум тоскою стеснены.
Суровою зимой я более доволен», – деп өлең шығарғанын мен білмедім. Шамасы, жылдың мезгілдеріне тәуелділік жүйке жүйесінде ақауы бар пенделерде кездесе береді. Ал Пушкиндей сөздің ғұлама ұстасы болу да белгілі бір деңгейде жындылық шығар. Ендеше, бәрі дұрыс. Ал маған көктем де, күз де әсер етпейді – себебі ғұлама, сәйкесінше жынды емеспін) Негізі бәрі соншалық жаман емес. Пушкин көктемді «Евгений Онегин» романында «Жылдың таңы» (утро года) деп керемет теңейді. Бірақ, бәрі соншалықты жақсы да емес. Неге?
Көктемнің күн сәулесі жетпейтін көлеңке тұстары, тәәк депрессия, агрессияның ұшқындары, суицидке талпыну, байызсызданып ұшқалақтану, осылай да осылай кете береді. Мұның аты психиатрияның дәстүрлі түсінігінде көктемгі қозу деп аталады. Күзде тағы бар. Себеп – медициналық. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» тұсында адам ағзасындағы дәрумендері азайып, авитаминозға аздап шалдыға бастайды. Бойы дел-сал тартып, ұйқысы келіп дегендей…қыс бойы күн көрмей, D дәрумені тек шашында қалған. Осыдан да, ашушаң, әлжуаз, тынышсыз. Адамдар. Көктем – тұрақсыз. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз».
Әрі суық пен жылының арпалысқан, көктемнің қысты еңсерген шағында адамның ұстамы азайып, өзін бақылауы әлсірейді. Бірақ, осының пайдасын біраз адам сезеді-ей. Осылай есептелген. Жоғары жақтан. Ол қалай? Сезімі ақылы мен есебінен басым түсіп, адам бұрын бойында жоқ батылдықты сезінеді. Көбіміз біреуге көңіліміз түсіп, жүрегі жырым-жырым махаббат болуымыз өте жиілейді. «Көктем әсер етіп жүр» дегеніміз осы шамасы. Бірақ, оны «Март мышықтарымен» салыстыруға болмайды)
Көктемде өзі адамның бойындағы бүкіл созылмалы аурулары қайта қозады, суығы шығады. likar.info-ның дерегіне тіренсек, әлем халқының 35 пайызында дәл осы көктемде дерттері қозады. Көктем мен күзде жындыханалардың күзеті күшейіп, тағы да сол қояншық, паранойя секілді жүйке аурулары қозады. Еліміз бойынша өзі есепте тұрған жүйке ауруына шалдыққандар саны 300 мыңнан астам. Қазақстан әскерінің саны 74 мың… Бұл осыдан 6 жыл бұрынғы статистика. Жүйкесі тозғандарды айтам. Демек, Қазақстанның 3,5 әскеріне тең жұрт үшін көктем сарқыраған бұлақ, бусанған жер емес, шытынаған жүйке мен шырқыраған жұлын…
Жындыхана дегеннен шықпайды, діни әдебиеттерде жазылғандай, жын-жыбырдың шамадан тыс көбейетін кезі осы – көктем. Дін мұнда аргумент болуға жарамаса да, негізгі дәйегі осы-ау.
КӨКТЕМ – қопаратын мезгіл
2010 жылдың 17 желтоқсанында Тунистің Сиди Бузиз деген ұсақ қаласында жергілікті биліктің саясатына қарсылық ретінде көкөніс сатушы Мұхаммед Буазизи өзін өртеп кеп жіберді. Осыдан бастап Осман империясының құлауымен салыстыратындай тектоникалық қозғалыстар басталып, 4 елдің басшысы тағынан кетіп, тарихтың жаңа А4 беттерін қорғасын оқ тесіп, ұйыған қан бітеді. Бұл құбылыстың аты – «Араб көктемі».
Айтайын дегенім, көктем мен күзде революция жасалады деген негізсіз сенім бар. Және ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, мұның жындылар қозуына еш қатысы жоқ. Орыстарда қазір «Осенью выборы, весной революций» деген бір қанатты сөз бар. Адам іздеген нәрсесін көреді. Мысалы, 1795 жылдың көктеміндегі Париждегі халық толқуы бар. 1848 жылдың басында Франция, Аустрия империясы, Пруссия және Италия мен Германияның кішігірім мемлекеттерін шарпыған революциялар тарихта «Халықтар көктемі» деп қалды.
1968 жылғы әйгілі «Прага көктемі», сол жылы Париждегі студенттердің толқуы…. 2005 жылғы қырғыз байкенің «Қызғалдақ төңкерісі» дәл осы наурыз-сәуірде орын алған. Сосын 2005 жылы Ливандағы «Самырсын революциясы» осы уақыттары болып жатты. Ал 2009 жылдың 7 сәуірінде Молдавияны шайқаған «Сирень революциясы» немесе «Булыжник революциясы» да жазда емес, көктемде болды. Ал 2010 жылдың сәуірінде қырғыздар Бәкиевті орнынан жұлған «Қауын революциясын» бастады. Қысқасы, көктем менің төрт сыныптық конспирологиялық саясаттануымда көтеріліс дегенмен синонимдей)
КӨКТЕМ – әлдебір қайраткер дәл теңегендей, бұл «ақылы жоқ ағаштардың киініп, ақылы бар қыздардың киімін тастайтын» кезеңі.
КӨКТЕМ – Қызылағаш, Көкпекті….
____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Қойшы, қудым. Көктемді… Бірақ, Жаратқанның уақытынан мін табатындай Құдай-ау, мен кім едім? Негізі, көктем ұнайды. Ал осыған дейін жазғаным, жай ғана кілтипандар. Бірақ, мәселе емес.
Мысалы, КӨКТЕМ – бес күндік жұмыс күні бар біз сияқтыларға таптырмас демалыс тапшаны. Тек наурыздың өзінде бас-аяғы 14 күн демалдық. Сәуірде 8 күн демалыс. Ал мамырдың Халықтар бірлігі күні, 7 мамыр, 9 мамыры бар, 12 күн тағы тынығамыз. Офистің мен сияқты медузасы үшін бұдан артық не керек?! Ал ауылдағы ағам осы уақытта барылдауық кәрі ақ саулықтан қозысын айырып, кетпенін саптап, аз-маз әгородқа картобын егіп жатады. Оған бәрібір, тек түнеу кеште ғана телебезерден Жеңіс Ысқақованың концертін көріп, мереке екені есіне түседі. Жеңгеміз гүл сыйламадың, KFC жегізбедің де те жыламайды – кешегі көйлекті бүгін тағы жуа береді. Ауыл мен қала көктемі мүлдем бөлек негізі… Басқа тақырып.
КӨКТЕМ – өмір бастауы.
КӨКТЕМ – күн мен түннің гендерлік саясаты іске асатын мезгіл. Әйелдер, сарбаздар, ардагерлер, ғарышкерлер, кәріс, мордва, украин – ұлыстар қуанатын мезгіл. Бұл емес, басқа көктемде алғаш үйдегі жеңгелеріңізбен (келіндеріңізбен) танысқанмын. Бұл емес, басқа көктемде алғаш шетелге шыққанмын. Осыдан 50 жыл бұрын менің алтын анам дүниеге келген.
Қысқасы, бұл «Чумачечая весна» (Потап пен Настя). Көктем жайлы 2,5 бет блог жазған мен де бір, Кеплердің уақыт кеңістігіндегі саяхат теориясы сияқты сандырақ та бір)
«Көктемгі қозу» :))))
Көктемді қуғаның дұрыс. Өзің қумасаң болғаны… 🙂 Өркеннің «Көктемін» зерттеу жұмысына айналдырса да болады екен.
Мяяя, осылай да мыжып тастауға болады екен….)))