Сканворд та соғысқа себепші


Ол бірде төңкерілген ту, бірде сканвордтағы сөз болып келеді. Бірде Ерғалиеваның тәні, бірде Тұрсыновтың ешкісі болып елестейді… Ара-тұра ұлттың жұлынына жалаң қолын салып жүгірткендей болады. Сондай тітіркендіргіштің бірі көкшетаулық газеттің бетінде қазақты БОМЖ-ға апарып бір-ақ теңеген-ді. Содан «Қазақстан» арнасының тілшісі Нұрбек Бекбау арнайы барып, «Апта.kz» үшін сюжет түсіріп

қайтпай ма? «Степной маяктың» бас редакторы басын алып қашып, сканвордты ресейлік журналдан көшіріп басқанын дәлел қылыпты. Бірде бір орынбасары я журналисін, тіптен корректорын да сыртынан сатып жібермепті.

«Бәріне кінәлі менмін, бірақ ол кезде мен командировкада болдым» деп мүләйім жауап беріпті. Сонымен, сюжет эфирге шыққан. Ертеңіне Нұрбек Бекбаудың электронды поштасына хат келіп тұр дейді. Игорь Пилипенко деген азамат орыс тілінің шұрайын төгіп тұрып, қазақ журналистерінің «болмашыға» даурыққанына басын біраз ауыртыпты. Хаттың тілі мен стилистикасын сақтай отырып аударуға тырыстық.

Игорь: Сонымен «Степной маяк» аңдаусыз сөйлеп қалып еді, аямай өлтірмексіңдер ме?! Газет осындай байбалам көтеретіндей не жазып қойыпты тегі?! БОМЖ деген сөзге шүйліге қалдыңыздар ма?! Кешірім сұрады, қайталанбайды деп айтты ғой?! Неге осымен тоқтамайсыңдар?! Бар айыбы БОМЖ тұрағы дегені үшін бе?! БОМЖ дегенің тұрақты мекені жоқ деген мағына бермейтін бе еді?! Көшпенділер деген тұрақты мекені жоқ, жыл он екі ай бойы еркін көшіп-қонып жүрген халық емес пе?! ЮРТА деген сол жығып алып, жылдам жүре беруге арналған емес пе!? Не болды, барлық қазақ тілді газет шап дегенге арсылдап үрген күшіктей шулап?! Әлде бұл тапсырыс па?! Әлде кешегі қараңғы дәуірдің «жалмауызға жорығы» (охота на ведьм) қайта басталды ма?! Жауап береді деп сенем…

Нұрбек: Шынында, БОМЖ – бұл тұрғылықты мекені жоқ адам дегенді білдіретін аббревиатура ғана. Бұл түсінік баяғыда, баяғыда дегенде кеңес заманында алғаш милицияның хаттамаларында пайда болды. Бірақ одан бері мағынасы майысып, төрт әріп тұрмыстық тілде қайыршы, қаңғыбас, алқаш, бөтелке жинағыш, қоқыста түнейтіннің бір сөзбен анықтамасы болып шыға келді. Сондықтан да, бұлай атау арына тие ме? Тиеді. Содан кейін қазақтың барлығы көшпенді өмір салтын ұстанбаған. Тіптен ерте ортағасырдың өзінде Қазақстанның әр аймақтарында шаһарлар гүлдеп, егістіктер жайқалып тұрғанын тарихтан біліп жатырмыз. Оны мойындамаған күннің өзінде, көшпендіні тұрақты мекенжайы жоқ адам деуге еш келмейтін еді. Неге десеңіз, қазақ көшсе (сығандармен салыстырғанда), өз елінің ішінде көшіп қонды және белгілі бір маршрут бойынша – қыстақ пен жайлаудың арасында жүрді. Енді осының бәрін біліп тұрып, сөзжұмбақ құраушылар тұтас ұлттың намысына тиюді ойлағанын қарусыз көзбен-ақ байқауға болады. Оның үстіне біздің елде осындай анық арандатушы әрекетерді қолдап кетуге дайын тұрған басылымдардың барлығы өкінішті… Өз басым сканворд шешкенді ұнатамын. Бірақ маған әлі күнге дейін «Жилище русского-свинопаса, четыре буквы (изба)» деген сұрақ кездеспепті.

Игорь: Шамасы, бұл мәселе сізді әбден ширықтырса керек. Сіз келтірген мысалды қате деп есептеймін. Себебі, сөзжұмбақтың торкөздеріне жауап бір сөзбен жазылады, ол сөздер әдетте зат есім болып келеді. Салиқалы әңгіме бола ма десем, сіз ашудың үстінде мені тұқыртқыңыз келіп барады ғой. Кінә іздеген адам ғана келесі адамның сөзжұмбақ құрап отырғанда, бір сөзбен былапыт айта кетуін армандап отырады. Егер шамдануға себеп іздесеңіз, оны тақыр жерден де тауып аласыз! Меніңше, сіздің «қарусыз көзқарасыңыз» тек өзі көргісі келетін дүниені ғана көретін сияқты ма, қалай? Егер сөзжұмбақтың шебері болсаңыз, мына бір ерекшелікті байқауыңыз керек еді. Сканвордта сұрақ торкөздің пішініне қарай екі-үш сөзбен жазылады. Сондықтан, сұрақтың өзін тура мағынасында түсінбей, астарын аңдуға тура келеді емес пе? Ендеше, егер белгілі бір мақсат көздемесеңіз, қате ойларыңызды басқа адамға танудың қажеті жоқ енді…

Нұрбек: «Ақымақ – сен ақымақ» ережесі бойынша пікір таластыру қиын. Қайта мен сізге салиқалы әңгіме құруды ұсынған болатынмын. Бірақ сіз менің пікірлерімді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып жатсаңыз қайтейін? Иә, сіздің сөзжұмбақтың сұрағы екі-үш сөзден тұрады деген жеріңізге толық келісемін. Онда «жилье казаха-бомжа» деп жазғаннан гөрі «далалықтың үйі» (дом степняка) деп жаза салмады ма? Енді осы нұсқа әрі қысқа, бастысы дұрыс болар еді деп ойламайсыз ба? Бұл енді газеттің де, журналдың да форматына ыңғайлы ғой, солай емес пе? «Юрта» сөзі қазақтікі емес. Сірә, моңғолдық тегі бар бұл ұғымның. Ал қазақтар бұл баспананы «киіз үй» деп атайды. Тіптен, киіз үй Ресейдің тұрғылықты халқы – қалмақтардың тұрмысына да әбден сіңісті болып кеткен. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, сөзжұмбақта басқа халықты емес, дәл қазақтың өзін атайды. Оның үстіне «бомж» сөзін этнонимімен бірге алған. Не үшін? Түсініксіз. Егер бұл оқырмандарға көршілердің тарихы мен тұрмысы жайлы айтып беруді мақсат тұтып айтылса, анық сәтсіздікке ұшырау деген осы. Бұның өзі жұмсартып айтқанда… Мені ашуға мініп алыпты дейсіз… Айналайын-ау, орыстың арасында да шошқа асырап, шалашта тұратындары жоқ деп айтшы, кәне? Айта алмайсың. Ал поштаңның мекенжайына қарап, біраз жасты шамалап қалған жігіттей көрінесің. Бірақ бір нәрсені әлі түсінбепсіз – өзгелерді келекеге айналдырып, ұлттың намысымен ойнау қанша жерден ұлы һәм дана халық болса да, оның абыройын көтермейді…

Advertisements