«Тыйым салуға тыйым салынады»


Бір апта болды ма, блог дегеннің бетіне қарай алмай отырмыз. Қылуетіне түсіп кетті деп қайғыдан бас алмай жатқанда, бүгін ашылды. Аңсатып барып… Амал не, Ләззат Танысбай айтпақшы, «виртуальды өмірден

де шаршайсың». Тірі адам тіршілігін жасайды 🙂 Қарап жатпай, қоқиланып Қорғалжын барып, Бекболат Тілеуханға хат жазып тастадық. Сүйікті кәзетім «Жас қазақ» өтініш білдірген соң, өзімсініп қала алмайсың… Өзегіңді тырнаған ойды жүйелеу үшін жарытып уақыт та салмадық. Екі жарым-үш сағат дегенде жазылған дүние ғой, ұйқас қуған жері, біреуге ұқсас жері бар енді. «Жері» көп болғанымен, жер-жебіріме жетпей-ақ қойыңызшы)))

Атадан қалған ақ сауыт,  
Арамға әбден былғанды.
…Өнер қылды «жақсылар»
Қасқырша елiн жұлғанды.
(Шәкәрім Құдайбердіұлы)

Ассалаумағалейкум, Бекболат аға!
Сізді Алаштың желіне ық, кеміне мық шеге деп сыртынан сыйлап жүрген көп ұланның бірімін. Ет жүрегіңіз езіліп, ел ішінен ресейшіл есері шықса да, ешкішіл еркесі шықса да, «тәйт» деп тыйып тастағандықтан, қазақы «облико мораленің» қозы жауырыны деп қарайтынымыз рас. Сондықтан, осы хатымды Сізге арнаудың еш сөкеті болмас… Шекеміз тырысып тұрса да, шарт түйіп, қысқа қайыруға тырысайын. Білсеңіз, 1968 жылы бұрқ еткен «Париж көктемінде» «Тыйым салуға тыйым салынады» (Il est interdit d’interdire) деген ұран жастардың аузымен жиі айтылған еді. Сол кездегі Одеон театрының қабырғасын опырып тұрып, «Қаш, сенің артыңда ескі әлем» (Cours, camarade, le vieux monde est derrière toi!), «Мәдениет дегенің… төңкерілген өмір» (La culture est l‘inversion de la vie) деген ұрандардың дуы басылмай, дүмі мықты болып тұрды. Әрине, бұдан кейін буржуазияның тыныс алуы тоқтаған жоқ.

«Әттеген-айы» –  осы тектес тектоникалық тірес, жас пен кәрінің арасындағы егес жаңа құңдылықтардың тамырына шірік болып, тыңайтты. Қаперсіздіктің шуағымен қыздырды. Бостандықпен суарды. Сабақтаса, салғыласа кететін мораль секілді мәлтек өсімдігін өсірмеді. Өшірді. Сөйткен құндылықтар бүгінде қатайып, қауыз жарып, жұпар шашып, жайқалған мәуе болды емес пе? Бүгін ол…  табыс пен жеңістің триумфы, индивидуализм мен тұлғаланудың иірімі, демократия һәм адам құқығының синтезі. Тағы дейсіз бе, онда ол – «секуляризм, ғылым мен техникаға деген құрмет, динамизм, гедонизм, тұтынушылық» деп тізімді тіспен соза беруге болады. Айтайын дегенім, бүгінгі қоғамның келбеті осы екеніне келісерсіз деген ойдамын, Бекболат аға? Біз таң-тамаша болатын  құнды­лық­тардың пошымы осы.

Сол құндылықтардың қайнарынан сүзіп жүріп су ішкен екі адам болса, бірі – Гүлжан Ерғалиева екенін де сезіп отырған шығарсыз. Алдыңғы аптаның аяғын ала бере арқасы қысқаннан ба, іші пысқаннан ба, апамыз лыпасын лақтырып тастады. Еңбегі қатаймай, есі кірмей тұрған шағын сағынған болуы керек, шамасы… Ессіздің қылығы дейін десең, елуді еңсерген жасы бар. Журналист деген жарытымды қызметі бар. Кей-кейде, кеу-кеулеп «қоғам қайраткері» деп дәріптеп, ол жайлы дәстият айтып жатқандарымыз да бар ғой арамызда. Сондықтан, жалаңаштануға дублер жалдағанның өзінде Гүлжан ханым мұндай жарнамаға бармауы керек еді. Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын, Ерғалиеваның бүгінгі  ұраны – «Көрікті өтіріктен жалаңаш шындық артық».  Жеке сайтын жарнамалау үшін осы қадамға барыпты деседі. Күйеуі құптапты. «Бес минутта кеу­десін керіп,  бөксесімен бұлғаң қағып, келесі есікке кіріп кеткенде тұрған не бар?» – деп біреулер қорғаштайды… Әрине, сүрінбейтін тұяқ, артынан сөз ергізбейтін адам жоқ.

Ерғалиеваны да қазіргі қоғамымыздағы табысты, талантты, ішкі тәуелсіздігін сақтаған адамның прототипі деп парқын айырып та жатырмыз-ау. Ендеше, бұл жерде жеке адамның емес, қоғамның кінәсі басымдау деп айтуға бола ма, Бекболат аға? Себебі, бостандықты кітабы қылған бүгінде «өзің білме, білгеннің тілің алманың» дәурені жүріп тұр. Шексең де, шешінсең де, қоғамның айыптаушылық нормативтік актілері жүрмейді. Керісінше құптайды. «Құтыр!» дейді. «Қу!» дейді. Демек, «жаман» мен «жақсы» асты-үстіне арпалысып түскен қоғамның көзге көрінер-көрінбес мүшесінің тірлігіне қалай алаңдасақ болады? Бұл материалда шәлкестік жасаған апаның үстіне шәй төгіп алғанынан бастап, үлкенді-кішілі кінәларын тізбей-ақ қояйықшы. Абырой әпермейді. Әйтпесе, қазақ тіліне қырын қарағанымен қоймай, Олжас Сүлейменовпен достығына шейін қиырлап, оппозициямен арадағы мәлім-астыртын келісімдерін де қопаруға болар еді. Бүгінге жалаңаштауына бөгелейік. Ерғалиеваның мысалына қарап-ақ, біздің қоғамдағы кереғар құбылыстың симптомдарын салалауға болады, Бекболат аға…

Айталық, Гүлжан Ерғалиева тілі қазақша шықса да, тірнегі орыстан болған топтың гүлі іспеттес. Бұлардың ұғымында біз тобырлық сананың тобығынан ары өспей қалған, ұлт, тіл һәм дін деп ұлудан басқаға ұяттан бетін басқан ұрпақ қана шығармыз. Содан да, «Хамиттей тарлан әкенің қызы едің-ау, хас қазақтың тұқымысың-ау» – деп намысына тиіссең, «нәйістің» өзі болудан қорқасың. Олардың аузында Одеон театрының қабырғасындағы жазулар қайта жаңғырып, «бостандық, тұлғалану, карьера, секуляризм» болып әр тініне тозаң болып жабысқан. Бізді түсінбейді. Біз оларды… Себебі, тілі бөлек. Сәйкесінше, түсінігі. Осыдан да, орыстың «голая правдасын» жанымен және тәнімен қорғаштайды. Тіптен, наным-сенімі де бөлек болып шығуы мүмкін. Неге десеңіз, осы мақалаға өзек болған апамыздың кришнаиттерге қатысы жайында бақас әңгіменің біразын мына құлақ естіп жүр. Астапыралла, ендеше мен үшін олар тамырын жоғалтқан қаңбақ сияқты қалт-құлт етіп, үп еткен желмен домалай беретін аморфты топ қана… Болды. Сондықтан, өз айналасына шеңбер сызғандарды шекесінен сипап, «қазақтың ұлы я қызы еді» деп мүсіркеу қаншалықты жарасымды? Тегі болмаса «қазақтың арына тиді» деп өз терімізге өзіміз сыймай жату құр әурешілік емес пе осы, ағасы? Әлде, қоғамды қабылдау мембранамыздан қателік кетіп жатыр ма?

Айтпақшы, Гүлжан Ерғалиева бір басылымға берген сұхбатында «Егер менің ар-ұятымның төмендігін айтып жерлесе, онда сол депутаттың өзінің жеке ар-ұятының төмен болғаны. Бұл әркімнің жеке индивидтік мәселесі» – деп жауап бере кетіпті. Индивид дегеннен шығады-ау, Карл Юнг өзінің бір еңбегінде индивидті тұрақсыз, қорғансыз және әр нәрсеге сенгіш болатынын ашып айтады. Ал Г.Ерғалиева деген индивидтің жалаңаш бейнесімен жарқ етуінің астарында кекіліктің тұмсығынан да кем жауапкершілікті көріп тұрған жоқпын. Неге десеңіз, ол шатын ашпаған, шампань ішпеген, абыройына дақ салмай өткен қазақтың текті қызы екенін сезінбейді. Оны қойшы, бетінен қақпай өсірген Хамит Ерғалиевтай әкесінің атына сөз келеді-ау демеді ме екен? Әруағы қорланады демеген бе, шіркін-ай? Арты өзінікі болғанымен, ол ашылса, артында қазақтың ар-ұяты тұратын ескермеді ме екен? Түптеп келгенде, оның қоғамның барлық мүшелерінің алдында әурет-мүшесін көрсетуге қаншалық құқы бар? Оған ондай құқықты кім берді?

Мысалы, рецидивист қанішер сот залында «менің адам өлтіруге құқым бар десе», қалай болар еді? Ақтап шығара ма екен? Ал Гүлжан апа индивидтік бостандығын бұлдайды-ай келіп… Айтпақшы, ол бір сөзінде «Шындықты айту үшін жүрек керек, рух керек, шешіну үшін де солай» деп соғыпты. Шынтуайтында, шешіну үшін жүрек те, рух та, ұят та керек емес. Жетіп жатса, жындылықтың бір дозасы керек шығар. Әрі жұғып қалған намыстың жарым молекуласынан да жұрдай болуыңыз шарт.  Тіптен, бұл әлдебіреулер әспеттеп жүргендей батылдық та емес қой, Бекболат аға? Батылдық ол Сұлтан Баймағамбетовтың дзотты кеудесімен жабуы болса керек. Бір болса, Тұмар ханымның теңдессіз ерлігі, Әлияның жанкештілігі, Ләззаттың жүректілігі бізге батырлықтың эталоны болар. Бірақ Гүлжан Ерғалиеваның әуреті батылдық емес, бассыздықтың жастар үшін теріс үлгісі. Сондықтан, бұл апа болып, немере тәрбиелер жаста шыңдық пен ардың арасынан шатасудан басқа ештеңе емес. Әрине, барлық мәселенің қарауы Сізге тіреліп тұрған жоқ, Бекболат аға! Бірақ жастардың атынан дейінші, осы өрескелдікке өреміз жеткенше буымызды шығарғандай болдық. Енді Сіз не дейсіз, ағасы? Бұның тоқтамы бола ма, болмай ма?

Айтпақшы, «Жас қазақтың» бүрсігүнгі нөміріне Бекболат Тілеуханның осы хатқа жауабы шықты.  

Advertisements