Төңкерілген ту күнімен!


Тәуменділік кісенін талқандаған елді енді мемлекеттік-саяси рәміздерінсіз елестету мүмкін емес. Ту, Әнұран һәм Елтаңба үштігі тәуелсіздіктің үкілі тұғыры екеніне еш таласыңыз жоқ шығар.

Ендеше, ертеңгі мереке – Мемлекеттік рәміздер күнінде шалқып сөз айтып, шайқап би билейтін шағымыз емес пе? Күн екеніне көңіл келіскенмен,

күнделікті «кінәраттар» сызын тастамай, сырқатын салмай кетпейді екен. Көк тудай желбіреген көңіл-күйлеріңізді бұзайық деген бізде бөтен ой жоқ, бірақ көзіміз шалып, көкірекке  түйген біраз мәселені айтпасқа болмас. Мысалы, мына суретке зер сала қараңызшы. Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Сортөбе ауылы. Бұл ауыл аққалпақты ағайындарымызбен шекаралас болғандықтан да, мұнда қырғыз еліне қарай өтетін кеден бекеті бар көрінеді. Осы бекет арқылы өткен аптада Тоқмақ асқан бауырымыз Айбек Бауыржанның айтып отырғанына адам сенбейді. Алайда: «Қарасам, қазақ байрағы екі жерге ілініпті. Қырғыз жағы және  өзіміз жақ. Кенет үстімнен мұздай су құйғандай тұла-бойым түршігіп сала берді. Себебі, Қазақстан жағындағы Ту төңкеріліп теріс ілінген еді», – деген Айбектің ашуын түсінуге болады.

«Соғыс кезінде де Рейхстагтың төбесіне Рақымжан атамыз Туды қолы дірілдемей, дұрыс ілген ғой… Ал бейбіт кезде мұндай бассыздыққа барған қай Терісбай болды екен?» деп жер тепкілегенде, қалай жұбатарымызды білмей қалдық. Бір сөзбен, бұл мемлекеттің бас нышанына жасалған немкеттілік. Жо-жоқ, алты айла, жеті ақылға салмай-ақ, бұл айуандық деп айтқың келеді. Орта ғасырдағы еуропалық мемлекеттердің біразында төңкерілген ту – соғыс жағдайын  білдіретін сигнал болған. Біздің кеденшілер контрабандистерге соғыс жариялаған да шығар, кім білсін. Бірақ ол оң мен терісін айырып білмейтін бояқ емес еді ғой… Сондықтан, Ерқабыл Қожбанов басқаратын Жамбыл облыстық кедендік бақылау басқармасынан… салғырттықтан сабақ алуды мейлінше сыпайы түрде сұранамыз. Бұл әрекетті егер АҚШ-тың 1989 жылы қабылданған туды қорғау актісімен қараса, кінәліні бір жылға дейін бас бостандығынан айырып жіберуге күші жетер еді. Ал Сортөбедегі сұрқиялықтың «сырын» құзырлы органдар өз қарауына ала жатар.

Біраз бұрын жеңістің мастығымен ту таптаған хоккейшілер туралы жетер жеріне дейін жазып, тиісті жауабымызды алған болатынбыз. Қазақстан туымен шоколад сыртын орағандарға да шатынап тиіскеніміз бар еді. Одан бері Тараз қаласындағы тумен қоқыс тасу, тудың бейнесі салынған ішкиімдер… Тегі болмаса, Астанадағы алып флагштоктың жалауы да желмен жыртыла берген соң, жалықты білем, қазір сопиып құр сырық тұр. Бұндай келеңсіздіктер болған да, бола бермек. Шамасы, бұның түйіні, мемлекетке деген құрмет болмай, мемлекеттік рәміздерді де құрметтетудің қиындығында жатыр, сірә. Мемлекетшілдік рухтың аяқ-қолын жазбай жатып, он метрлік туды алаңмен алып жүру секілді псевдопатриоттық шаралардың әкелер пайдасы болмайды. Келімсегі келешегін басқа елмен байланыстырып, аборигені азды-көпті бақыттың парқын айыра алмай жатқан атырапқа не айтарыңыз бар? Алайда әр азаматтың көкірегіндегі мемлекетшілдік отын маздату үшін жұмыс жасалуы тиіс болатын. Жасалып та жатыр. Мысалы, Өзбекстан «Мемлекеттік Әнұран туралы» Заңындағы 7-баптың жаңа редакциясында әнұран айтылғанда орындарынан тұрып, оң қолының алақанын кеудесінің сол жағына қоюды заңмен бекітіп тастады.

Бұрын бұл жағын әр адамның этикалық деңгейіне ысыра салушы едік. Сірә, осылай заң авторлары Әнұран айтылғанда қолымен қарнын қасып тұратын шенеуніктерге «қастық» қылған түрі шығар. Жүрегі қарнына түскен ағалардың да жадына салу үшін осындай бапты қажетсініп тұрған сияқты едік, 2007 жылы қабылданған №258 Заңымыздың 9-бабы осы қателіктің орнын түзеді. Айталық, Американың әрбір мектебінде, әр күн сайын сабақ басталмас бұрын туды салтанатты түрде іледі. Кешке әспеттеп түсіреді. Тегі болмаса, Батыс елдеріндегі секілді, теледидардан әнұран айтылса да, «түрегеп тұру керек пе, отырып тыңдау керек пе?» деген сұрақтардың алдын алуға  болар еді. Түркия азаматтарының туды құрметтеуіне премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанның мысалынан-ақ сүйсінуге болады. Оның алқалы басқосуда әлемдік держава басшыларымен суретке түсуге келе жатып, сүйемдей жалауды жерден алып, қалтасына салғаны Интернетте ең көп қаралған бейнежазбаның бірі болды. Демек, біз ұмтылатын биіктер бар деген сөз.

Тағы да қайталап айтуға мәжбүрміз: бұл заңнамалық толықтырулар мен оның орындалуын қадағалау тұтасқан күйде жүрмесе, қазіргі аяңымызбен ештеңе  өзгермейді. Әйтпесе, 1992 жылы мемлекеттік рәміздерімізге жекелеп заң қабылдатып, 2007 жылы мереке күнін белгілетсек, бүгін Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия жұмыс істейді деп жазып құтылуға болар еді. Бірақ, Сортөбедегі сұмдық тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге идеологиялық бекінісімізді босаңсытып алғанымыздың бір салдары ғана….

Advertisements

19 comments on “Төңкерілген ту күнімен!

  1. Оң қолымен ту ұстаған батырың оң қолын шапқанда, сол қолына ауыстырып, сол қолын шапқанда, шолақ білегімен қысып ұстады деген әңгімелер бар ғой, жүректі ойға салатын. Ол туға деген құрмет, бар елдің мүддесі осы тумен тұғырлы деген белгі ғой. Осы ісі үшін теріс ілген кісі аздап болсын ұяла ма екен тіпті?… Еххх 😦

  2. «Американың әрбір мектебінде, әр күн сайын сабақ басталмас бұрын туды салтанатты түрде іледі. »

    Рас. көргем

  3. Алматыдағы бір мектептің директоры, кабинетіндегі Қазақтың туын өрнегін ашып көрсетіп қоймай, жай сүйей салғаны үшін, қатаң сөгіс алып, жұмыстан сәл қуылмай қалған. Өкінішке қарай, миына қазақтың қамы кіріп-шықпайтын әкімсымақтар бар, барлығы да жергілікті биліктен зависит. ай қарап отырма екен, бір туды дұрыстап ілдірте алмаса… Қанды қарайтады ғой осылай.

  4. Осындай тонкерілген козкарастагыларды тузеймін ау деп суретті Өркенге беріп, «мынаны кайдан тусірдін»- «ондай кызыктарынды менім кенесіммен жузеге асырсай»- деген курыкты калтагерлерден кейін, казакстандык болганыма окінетін болдым. Булай жалғаса берсе елден шыраққа кетерім ғажап емес(((

  5. Айтпақшы, осы материал шыққан соң мемлекеттік рәміз жөніндегі комиссиядан бір жігіт хабарласып, бұл қателікті түзейтіндері туралы рапорт берді 🙂 Расында, кейін түзепті дейді

    • АрАй газетіне тузетілгені туралы жазылды гой, бірак Туымыздын суретін допка салып теуіп, велосипеттін ершіген салып есіріп жургенде тузетіліпті деп куанган күнә болар.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s