Қаринның туған күні & Құрылтай


Төрткүл дүниедегі қандастарымыздың төртінші құрылтайы тамам болды. Той тарқағаннан соңғы сүйек мүжу десеңіз де болады осынымды. Очм, тегенеден қымыз сапырылып, тай сойылып, тілек айтылды деп тізе берсең, ә? Астанадан «Этноауыл» ашылып, министрлердің өзі мұнарасынан түсіп, отандастарымыздың мұңын тыңдаған мамыражай уақыт болды. Ашылу салтанатында

Елбасының аузын аштырып қойып, мадақ айтудан спартакиада ұйымдастырылды. «Бүйте берсек, бүйе болармыз» деп Тұрсын Жұртбай түңіліп, Мұхтар Шаханов нәстроениесіз қайтыпты деседі. Көзіммен көргенімді айтайыншы, құрылтайдың екінші күні «Тұранда» жайылған дастарханға тап болдым. Түскі ас қой. Бірқатар отандастарымызбен тілдесудің сәті түсті. Әй, қанша жерден қазақты текті десең де, ассимиляция дегенің алмай қоймайды. Қытайлық қазақтың кейбірі ханзудың мақамына салып, арындап-тоқтап сөйлеуге жаттықса, еуропалық қазақтың бірлі-жарымы құлағына сырға іліп, бұрым өсіргенін де байқап қалдым. Бірақ ниеті түзу, намысын өшірмеген ғо… Келеміз деп күлімсіреп қояды.

Мысалы, Ақан Отыншы. Ақан – Англиядағы Кардифф университетінде сабақ береді. Электроника ғылымдарының докторы. Лондондағы 40-тай қазақ отбасысының басын қосып, тілі мен тарихын ұмытпауына мүмкіндік беретін мәдени қоғамның жұмысын шыр айналдырып отыр. Ақанның ата-бабасы Шығыс Түркістанда өмір сүрген болса, әке-шешесі Пәкістанда, өзі Түркияда туған. Ал балалары Лондонда дүниеге келіп жатыр дегендей. «Әрине, Қазақстан ел болғалы жиырма жыл өтті, ғимараттар салынды, астана ауысты… Алайда, тіл мәселесінің түйкілі шешілген жоқ. Қызмет орындарында орыс тілі үстемдік құрып жатыр. Ал біз орысша білмейміз» деп қояды. Осындай қазақшылығы мықты ғалымды Назарбаев университеті жұмысқа шақырмапты. Бірақ, бізде электротехника кафедрасы (өз сөзінде департамент деді) ашылып жатса, келуге дайынмын деп еді…

Түс қайта «Нұр Отанның» тоғызыншы қабатында, Ерлан Қарин кабинетінде қандас жастардың бір тобын жинап, гальстуксіз, модераторсыз әңгімеге бастады. Бекболат Тілеухан да болып, баянды тірлік үшін бірлікке ұмтылу жағын айтты. Қарин тәуелсіздікті қалыптастыру жолында жиырма жылымыздың өткенін, енді немен айналыссақ деген сұрақты жастар көтеретін мезгіл жеткенін айтты. Көші-қон саясатын былай қойғанда, ұлттық саясатта жүйелі көзқарастар қалыптаспағандықтан, мәселелердің қабаттасуы да заңдылық. Жастар жағынан Талапбек Тынысбекұлы Алматыда «Жезбұйда» деген ұйым құрғанын, соған енді қаржылық қолдау күтіп отырғанын жасырмады. Мәселеге келгенде, Қытай асып келетін қандастарымызға Үрімжіден виза ашылған күннің өзінде, 1 не 3 айға беріледі екен. Одан әрі мерзімін ұзартпайды, қайтадан Үрімжі баруына тура келеді. Өйтпеген жағдайда, оралманға 15 мың теңге айыппұл салады немесе қамайды. Болмаса, еліне қайтарып жібереді. Сондықтан, Қытайдан келетіндер үшін визаның тіркеу мерзімін ұзарту жөнінде халықаралық пәтуаға барса деген өтінішті Талапбек бауырымыз жеткізді.

Ал Моңғолияда 150 мыңдай қазақ тұрады десек, солардың арасынан кадр дайындау ісін Қазақстанның ЖОО-ларында жүргізсе деген ойлар айтылды. Баян Өлгий мен Қобдадағы бар қазақтың үдере көшуі мүмкін емес. Оның үстіне қазақтар министрлікте болсын, Хурултайда болсын өздерін танытып жүргендіктен, келесі буынның осы абыройдың үдесінен шығуы үшін қазақы білім алып келгені абзал. Ақын Тоқтарәлі Таңжарық көші-қон ағайын-туыстың арасында араздық туғызғанын қынжыла айтты. «Қытайдағы ағайын Қазақстанға бұрын жетіп алған ағайындары арқылы құжаттар дайындатамын деп малын, жерін сатып, қаржысын салып жібереді. Ал құжаттар 1-2 жылда дайын болуы мүмкін. Содан да қарызданып, қауғаланған ағайынның арасында араздық туып жатады», – деді Тоқтарәлі.

«Қазақ радиосының» журналисі Жарқын Сәленұлы болса, қазақ сазгерлерінің әндерін ұйғырдың меншіктеуі ұятсыздыққа айналғанын айтты. Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымдысы» «Сағындым Қашғарымды» болып, мәтіні майысып, әні сақталып, той-томалақта хит боп тұрған көрінеді. Абай атамыздың өлеңдері де осы кепті киген. Сондықтан, әндерімізді қорғаудың заңнамасын жетілдірмесе болмайды деген журналистің сөзіне келіспеске шараң жоқ. Өзбекстаннан келген қандасымыз қамқорына алмады деп билікті сынай бергенше, екі ешкі сауып болсын, кәсіп жасау керегін ескертті. Тіптен, жастар үйленіп, бас құрар болса да, қалыңдықты шеттегі өз ағайынынан іздесе деген тілегін жеткізді. Себебі, «махаббат махаббатпен, бірақ ұлттық саясатты да ұмытпау керек. Сонда қызын алған соң, оның ата-аналары да Қазақстанға келу жағын ойланар еді», – деген ағамыздың сөзін жастар жағы қуаттап кетті. Мемлекеттік арналарда оралмандарға арнап бағдарламалар ашу, газет-журнал жеткізу жүйесін қолға алу турасы да жастар тарапынан жеке-жеке ұсыныс түрінде «Қарин мен Бекболаттың қаперіне» деп айтылып жатты.

Қуаныш Дәбей қытайландыру саясатынан қауіп көріп отырғанын айтып, оны ащы фактілермен тұздықтағанда, ауыр күрсіністен басқа қосар ештеңеміз қалмады. Мысалы, қазір Қытай мектептерінде әдебиет пәні ғана қазақ тілінде жүргізілсе, қалғандары ханзуша… Оның өзі бұрын 5 сағат болса, енді 3 сағатқа дейін азайту жағын ақылдасып жатқан көрінеді. Өзіңіз ойлап қараңыз, үш сағаттық қазақ тілі қытайланудан қорғар қалқан бола ма екен? «Қостілділік 7-ші сыныпқа дейін келді десек, келер 15 жылда Қазақстанға келуге ниет білдіретін қазақ қалмайды», – деді Қуаныш. Келсе де, Қытайдың арбауынан өтіп, оқуын тоқып келген жастар ғана келеді. Осы тұсқа келгенде, қандасымыз дауыс екпінін күшейтіп: «Бұрын қазақтар балаларынсыз келетін, қазір қоса жібереді. Себебі, қазақтың дарынды, үздік оқитын жастарын таңдап алып, Қытайдың ішкері мектептерінде оқытып, тыңшы қылып дайындайды. Міне, осылардан абайламаса болмайды», –  дегенде шоктан көзім шоқтай жанып кетті. Қысқасы, осындай әңгімелер айтылды.

Айтпақшы, өткен бейсенбі Ерлан Қаринның туған күні еді. Тұрмыстық, басқалық мәселелермен көңілін түсіргендей болдық па, Қарин ағамның жүрегі қарс айрылғандай сезілді. Ол кісінің де алып жүрегінен басқа несі бар дейсіз әзірге…  

Advertisements

16 comments on “Қаринның туған күні & Құрылтай

  1. Біраз нәрсе айтылыпты. Соңғы көзіңді шоқтай жандырған шогың мені де шошытты. Көз алдыма Шыңғысханның әскеріне Отырардың есігін ашып берген адам (М.Шахановтың) елестеп кетті.

  2. Қытайдан құбыжық жасауды өз басым түсінбеймін.
    Себебі, қазақтың дарынды, үздік оқитын жастарын таңдап алып, Қытайдың ішкері мектептерінде оқытып, тыңшы қылып дайындайды. – Мынау енді барып тұрған бондиана, шпиономания, тіпті күлкі үйіреді. 1. Қазақстанның әскери плацдарм ретінде ешқандай геосаяси маңызы жоқ. Үлкен торт бөлісі кезінде біздер әлдеқашан АҚШ протекторатына өткенбіз. 2. Стратегиялық мақсаттарымыздың барлығы айқын, айқын болмағанның өзінде, Шанхай Ұйымы аясында жариялауға тура келіп жүр.
    Ендеше қай құпияға бола?
    Қытай әлі шындап кіріскен жоқ, олардың көзі – Сібірде. Санасына, болмысына һәм тұрмыс салтына дөп келетін – Сібір.
    Осы халықпен достық қарым-қатынасты нығайтудың орнына, «ұлтжанды» топтардың сырнайының басқа ән тартатыны өкінішті-ақ.
    «Қытайландырып жатыр» деген сөз де байбалам салуға тұрмайды. Немене, өзің орысты қазақтандыра алмасаң, қытайлар қазақты қытайландырмай тұра тұруы керек пе?
    Мемлекет әр уақытта мемлекетшілдігін жасайды, бұл тұрғыдан Қытай – озық мемлекет.

    • Иә, «қытайландыру» деген сол мемлекеттің ұлттық саясаты.. оған қарсы айтар уәж жоқ. Сондықтан Қуаныш ағамыздың ертерек көшіріп алмасаңдар, 15 жылда қазақша түсінер ешкім қалмайды дегені. Асықпаса болмайды деген зарына кім құлақ асып отыр десейші.. Екіншіден, осы кездесуге келген жастардың біразының сыныптастарын сол «вербовкасынан» өткізіп, Қазақстанға жіберіпті. Қазір «мылқау» дейді, Қытайдың саясатын мақтай береді, жамандатпайды, т.б. Көзімен көргендерін жылағандай етіп айтып отырған соң қалай сенбессің?

  3. Жалпы, осы Құрылтайға шетелдегі қазақ жастарының көптеп шақырылуы – қуантарлық жағдай. Ал, Өркеннің айтып отырған шетелдегі қазақ ұлтының өкілдерінің тілдерінің шұбарлана бастауы – өкінішті жағдай. Осы орайда, шет елдерде өмір сүріп отырған қазақ жастарының ана тілін оқытудың уақыт тезінен өткен бір жолы – жексенбілік мектептер желісін ұйымдастыру керек. Бұған өз кезегінде мемлекеттік мекемелер мен шетелдердегі Қазақ елшіліктерін жұмылдыра отырып, пәрменді нәтижелерге қол жеткізуге болады деп санаймын. Ал, қазақтар өмір сүріп отырған кейбір елдердің өз мектептерінде мемлекеттік тілдерін күшейту саясаты объективті жағдай. Бұдан шығудың бірден бір жолы – Қазақстанға көшу. Басқа жол жоқ.

    • Иә, келген қонақтардың 60 пайыздайы жастар болды. Біразымен тілдесейін десем, менің тілім жетпеді құрығыр…. Ағылшын, неміс, я орыс. Ал ұсынысыңыз расында ой саларлық һәм қолдауға тұрарлық!

  4. Иә, Өркен ол Құрылтайда мен де болдым. Қытайдағы қазақтардың биік мінбеде қытайдың саясатын жалаң мақтауы жүрегімді ауыртты. Өкінішке қарай, Алматыдағы тренингке асығып бейсенбі қайтып кеткен едім. А то сол кездесуге бару қажет еді…
    Құрылтайдаңғазамен басталып даңғазамен аяқталды. Мұңымызды шаққаннан басқа ештеңе бітпейтіндігі байқалды.

    • Жүз пайыз қосылам. Тіпті маңыздан жұрдай, таза символикалық, қайсыбір құжаттағы «Өткізілді» деген грифке бола жасалған шара ма деймін.

    • Қытай қазақтарының делегациясымен бірге еріп 6 ханзу келіпті деген… Оны да қазекемдер жасырып, «бұларды ел-жер көрсін» деп ертіп келдік деп құтылыпты. Тыңшылар ғой натуральный, делегаттардың аузын бағуға келген

  5. Тауелсиздик сарайында болган жиынга Мен де катыстым, тек Ресейден келген баяндамашы Арудын сози гана унап, калган Еуропа мен Кытайдан келген еки азаматын да баяндамасы мен жас акын Бауыржан Карагызулынын Елбасына соншама табынып окыган олени унамай, берилген кишигирим узилисте кетип калдым…Содан кейин типти Курылтайга катыскым да келмей калдыОйткени, бирнеше мын километр жол журип келген агайыннын Бир кисиге соншама табынып ,бар онерлерин салып жалбарынып,жагымпазданып тебиренип ,соз патшалыгын аямай окыган баяндамалары сырттай бир турли ерси коринип турды….

  6. Маған Ерлан Қариннің ұлтшылдығы ұнайды. «Нұр Отанның» басы-қасында жүрсе де, пікірін өзгертпегені азаматтығы. Қазір Әр қазақтың Ең басты қасиеті – осы ұлтшылдық болуы тиіс!

    • Дұрыс байқапсыз, билікке барса да мансап қуып, басымен кеткен емес, әрқашан ішкі тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысатын азамат қой, аман болсын

  7. Құрылтайда үлкен мәселелер шешілмесе, несіне құрылтай өткізілді. Президентті мақтау үшін бе, онысызда ел ішінде аз мақталып жатқан жоқ қой. Қалай жарылып кетпей жүргеніне таңым бар. Е.Қаринды ұлтшылдығы үшін мен де сыйлаймын, осындай азаматтар көп болса.

  8. Ағымдағы іс-шараның бірі болған соң өткен сияқты… Үлкен концепция шашырып, шеті сөгіліп кеткен соң көші-қон да шатқаяқтап кетті, Елбасы бұның бәрін біліп жүр деп сенім жүрміз енді

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s