Мен көрген Мұхамеджан…


Тұспалсөздің тақырыбы әктуал боп тұрған соң, борбайға салып, барымталап кеттім 🙂 Сонымен, «Мен көрген Мұхамеджан» газетіме басылған сұхбаттың редакция қайшысынан өтпей қиқаланып қалған үзіктері ғой. Ел аузында жүрген елеулі сұрақтарға берілген жауапты мен ғана естігенім обал емес пе? Одан да блогымның оқырмандарымен бөлісейін деген ой болды. Орысша айтқанда, «ничего личного«)))


–       Осы адамзатқа ортақ исламнан «қазақтың исламын» бөле жарып алып шығуға келе ме? Себебі, «Просвещенный исламды» орнату, жәдитшілдікке оралу секілді модернизациялық сұрақтар көбейіп кеткенін өзіңіз де сезіп жүрген боларсыз.

–       Қазіргі қоғамда дінді сыртынан тамашалағаны бар, бес парыздың бірін орындаған адамы бар, әйтеуір пікір айтып, ой білдіретіндер көп. Діннің егесі Алла ғой, ол арабтың я қазақтың меншігіндегі дүние емес. Алла тағала Исламды Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) арқылы адамзатқа теңдей етіп жіберген. Және қиямет күніне дейін үкімі жойылмайтындай кемел қылып, барлық кезеңге лайықтап берген. Әйтпесе, Алла тағала ХХІ ғасырдың келетінін білмей қалып па? Сол себептен де, біз мына бір қағиданы ұмытпауымыз керек: Ислам қазаққа немесе өзбекке ыңғайланатын дін емес. Керісінше қай ұлт болсын, ақиқатқа қарай ыңғайланғаны абзал. Айтылып-жазылып жүрген пікірлерден ұққаным, Ислам діні бізге қарай иілмесе,  тұрмысқа томпақ келіп, кедергі жасап тұрғандай көрінетін секілді. Бұл Исламның икемсіздігінен емес, әлі де дінді терең игеріп, толық түсінбегенімізден.

–        «Дінді халықтың ығына, харекетіне қарай реформаламаса, орта ғасырлық деңгейінде бізге сінбейді» дейді біреу. Сіз, әрине «болмайды» дерсіз. Неге?

–       Адамдар дінге қарайды да, азуы батпайтын ауыр секілді көреді. Содан оған соны леп береміз деп, мәселенің төтесіне бір-ақ көшеді. Баяғыда бір адамның әңгімесіне куә болған едім. Ол ағамыз «Ислам өңкей тиымның діні, анау болмайды, мынау болмайды дегенше, онда өмір сүрмей-ақ қояйық» деп күйінгеніне қарап, сұрақ қойған едім. «Сонда Ислам нені тыйыпты?» десем, арақ ішуге болмайтынын алға тартты. Бұны Ислам айтпай-ақ, ғылым, медицина баяғыда дәлелдеп қойды. Пайыз алуға тиым болса, оны да қаржы мамандары қатерлілігін ескертіп тастаған. Ислам әйелге орамал таққызса, оның биологиялық, психологиялық себептерін ғылым ашып, мақұлдап тастады. Былайша айтқанда, ол кісі келтірген тиымдарды Ислам айтпай-ақ, ғылым дәлелдеп қойған болып шықты. Қарап отырсаң, дінде «болмайды» деген тиымнан гөрі «болады» деген ұлықсат көп. Тереңірек біле түссең, дін деген өте жеңіл. Сонда біз қолдан жеңілдік іздемей, қайта осындай кемел дін берген Аллаға сансыз мадақ айтқан болар едік.

–       Президенттің хижапқа қатысты пікірін бірнеше қыздың әкесі Мұхамеджан Тазабеков қалай қабылдады?

–       Қалай болғанда да біз Президенттің сөзін ынсаппен қабылдауымыз керек. Біріншіден, Елбасы мен ел бөлек ұғымдар емес. Елбасы елінен бөлек тұлға емес. Халықтың рухани хал-ахуалы қалай болса, соған лайықтап басшысын береді, басшының мінезінен табылған бар қасиет сол қауымының ішінен табылады. Мәселеге мұсылман ретінде қарар болсам, Елбасының сөзі ұнаса да, ұнамаса да оған мойынұсынумыз тиіс. Хижапқа келгенде, бүкіл мұсылманның атынан ҚМДБ-ның аппарат басшысы Қайрат Жолдыбай деген білімдар бауырымыз өз мақаласында өте дана жауап бере кетті. Бірнеше қыздың әкесі ретінде сол жауапқа алып-қосарым жоқ. Ал жеке басымнан айтар болсам, шынында Елбасы сынаса, сынағандай шектен шығушылар да жоқ емес қой біздің қоғамда.

–       Осы шектен шығушылыққа кінәлінің бірі Skype арқылы білім алу және интернет деп едіңіз бір сөзіңізде…

–       Иә, қазір Skype бағдарламасымен, алыстан отырып дәріс оқыту деген шықты. Бұрын неге шәкірттер ұстазының тізесіне тізесін тигізіп тұрып дәріс алатын болған? Себебі, оқу барысында білмегенін сұраған, ұстазы да шәкіртінің деңгейін, ынтасын, көңілін аңдап отырып, ілім үйрететін болған. Ал енді сен басқа мемлекетте отырсын. Бұл елдің ділін, тілін білмей, шәкірттің қабылдау деңгейін зерделемей жатып, дәріс беру ел ішінде фитнә салатындай әрекет болғандықтан, айыптамаса болмайды.  Интернеттегі бей-берекет пәтуаларды білсін-білмесін сіңіре беру, шетелде оқып жатқандармен қарым-қатынасы бар адамдардың хикметсіз берген дәрістерін тыңдаудың арты неге апарды? Қара жамылып, никаб киді….

Елбасы кейісе, осылай жұрт көзіне оғаш көрінетіндей сипатта жүрген жастардың дінге келдім деп,  сырт келбетіне мән беріп кеткеніне кейіді. Бұған заң шығарып, я жазалап жатқан жоқ қой. Президенттің азамат әм тұлға ретінде парасатты пікір білдіруіне болатын шығар енді? Оның үстіне әйелге парыз болған киім үлгісінің де бір шарты көпшіліктің көзін тартып, назарын аударатындай болмауы керек емес пе еді? Қазір мүфтияттың ұлттық өрнектегі әйелдер киімінің үздік үлгісіне байқау жариялап жатқанын білерсіздер. Бұйырса, осы байқаудан кейін жақсы үрдіс елге үлгі болатын шығар.

–       Сіз басқарып отырған телеарнаның жұмысына қатысты сын пікір ара-тұра айтылып тұрады. «Асыл арнаның» эфирінде қайталау көп дегеннен бастап «Асыл арна» өз халқына қарсы жұмыс істеп жатыр» деген аралықтағы пікірлерге берер жауабыңыз бар ма?

–       Адам өзі кісіден не іздесе, соны табады. Жалпы кез келген сын айтылып жатса, сол сынға барынша әділ қарауға тырысамын. Себебі, Құранның қағидасы да солай. «Біреулердің сендерді зұлымдыққа ұшыратуы сендердің шектен шығуларына себеп емес» деген мағынадағы аят та бар. Сондықтан, көре алмастықпен айтылса да, басқа себеппен айтылса да, әр сыннан шыңдықтың түйірін іздеуге тырысамын. Біз туралы бағдарламаларын көп қайталайды дейді. Біріншіден, жалпы телеарна үшін қайталау айып емес. Танымдық, саяси, ақпараттық телеарналардың қай-қайсысын көрсеңіз де, қайталаудан аманы жоқ. Екіншіден, кез-келген бір ортаңқол телеарнаның бюджеті мен «Асыл арнаның» жұмсап жатқан қаржысын салыстырсаңыз, ол 100 есе артық қаражатты жұмсап отыр. Азын-аулақ отандық қолдаушылардың қаржысының өзімен осындай жұмыс жасап жатқанымызға телевидениенің жай жапсарын білетін адам таң қалып, тәнті болып кеткенін әркез көріп жүрміз. Енді біреулер «ақшаларың аз болса, арна ашып, нелерің бар? Тыныш отыра бермейсіңдер ме?» деуі де мүмкін. Егер осы позициядан келер болсақ, онда Елбасының Астана салуына да кілтипан табуға болады. Онда мемлекетімізде жасалып жатқан ірі реформалардың көбісі іске аспас еді. Кадрымыз аз деп ҚМДБ жұмыс жасамай қоюы керек пе екен, әлде ақшамыз аз деп Асыл арна ашылмау керек пе еді? Қазақта «Насихаттамасаң, насихатталасың» деген сөз бар. Адамның көкірек сарайы бос тұрмайды. Оған әркім жемтігін, я жеңсігін тықпалағысы келгендіктен, өзімізге өзіміз насихат айтпаса болмайды. Құдайға шүкір дейік, кедей емеспіз, байлары жоқ байқұс ел емеспіз. Әлемдегі мұсылманшылықты тарататын Үндістанның, Ұлыбританияның, Түркияның беделді ТВ-ларында болғанымда, осылардың бәрін өз халқының қамкөңіл қалталылары ұстап отырғанын білдім. Осы жағынан алғанда, «Асыл арнаны» қазіргі деңгейінен түсірмей ұстап отыруға мүмкіндік бар.

Айтпасам болмайтын бір жайт, бізден бюджеті жүз есе көп телеарналардың өзі шығарған өнімдері 15-20 пайыз ғана. Қалған 80-85 пайызын басқа компаниялардың өнімдерін арзанға сатып алып, аударып беріп, экрандық уақытты толтырып отыр. Қайталауы аз, көрсетілімі көп болғанымен, басқа мақсатпен, басқа арман-қиялмен түсірілген дүниелермен санамызды улап жатқанын қайда қоясыз? Бұрын қазақтың кәріске деген көзқарасы басқа болатын. «Ит жеген кәріс», «пияз жеген кәріс» деп қызын бермейтін, құда болудан қашатын. Қазір кәріс сериалдары арқылы қазақтың жігіттері аруларымызға арман болудан қалды. Ал «Асыл арна» осы жағдайымызбен 100 пайыз өнімді өзіміз өндіріп отыр. Яки, қайталау айып емес, өнімдеріміз тек өзіміздікі болған жағдайда, интернет бетіндегі жекелеген пікірлерге қарап «Асыл арна» абыройсыз арна деген түсінік тумауы керек. Халық өзі-ақ кімнің кім екенін біліп отыр.

«Асыл арна» қазаққа қарсы жұмыс істеп жатыр, арабтандырып жатыр екен» деген ұшқары пікірлер қарынды аштырады. Біз Ұлттық арналарды кәріс қылып жатыр, я мексикалық қылайын деп жатыр деп айыптап жатқан жоқпыз ғой. Егер ол телесериалдарды ақтайтын болсақ, кәріс пен мексикалыққа қарағанда тіліміздің 40 пайызын құрайтын араб мәдениеті әлдеқайдан жақын емес пе еді? Бірақ біз араб фильмдеріне жарты сағат та жағдай жасап отырған жоқпыз ғой. Иә, Ислам Араб түбегінен түлегені бәрімізге анық. Мәселен, Габриель Гарсиа Маркестің тұлғасымен танысу үшін, оның туған жері Колумбияның табиғатын, тұрмысын, тау-тасын бейнеге түсіреміз. Оларды бір бірінен бөліп алып қарай алмаймыз. Сол сияқты Ислам, Ислам тарихы, сахабалар жайлы сөз қылғанда, Мекке мен Мәдина, оның халқы, оның тау-тасы мен жазирасын қалай айналып өтпексің?  Егер сол нәрселерді арабтандыру, өз қазағын менсінбеу деп есептеу білгендік емес. Ал дінімізді Ханафи мәзһабы бойынша халыққа түсіндіруде Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз ерекше қамқорлығына алып, қандай да бір қателікке ұрынып қалмасымыз үшін Мысырда 15 жыл оқып келген Ершат Оңғаровты басы бүтін бізге жұмысқа берді.

Ала таңнан қара кешке дейін канондық редактор ретінде телеарна жұмысына қаншама көмегін тигізіп отыр. Сондықтан, Өркен бауырым, «Асыл арна» деген жасырын жүріп жатқан біреудің пәтеріндегі жұмыс емес. Әр қылығымыз құзырлы органдардың қадағалауында. Әрі бетімен кетіп байқамай қалатындай бізде 50 ислам каналы жоқ. Өзі жалғыз арна, жұрттың аңдығаны осы. Және мұнда ештеңені жасырып қала алмайсың. Интернетте «қонақ» болып пікір жазуға, газетте бүркеншік есіммен бірденені бықсытып жіберуге болатын шығар. Ал «Асыл арнада» бәрі жария болатын, барлық адамның назарындағы арна болғандықтан, «Асыл арнаның» жасырып-жабар ештеңесі де жоқ.

–       Олай болса, эфирге шыққанына екі жыл толғалы отырған «Асыл арнаның» қазіргі тыныс тіршілігі қалай? Сіздерде жаңа маусым деген ұғым бар ма?

–       «Асыл арна» Алпамыс сияқты күнде түлеп, күнде өсіп келе жатқан арна. Сондықтан бізде маусымға қарап емес, ай сайын жаңа бағдарламалар пайда болып жатады. Ислам қаншалықты кең болған сайын, біздің де айтар дүниеміздің көкжиегі кең. Алла қаласа, алдағы Рамазан айында жаңа өрнекте, жаңа келбетпен ісімізді ілгерілетсек деген әрекеттің үстіндеміз.

Advertisements

18 comments on “Мен көрген Мұхамеджан…

    • Қазір блогымның бас қазысы Тимур Бектұр!!! Сондықтан, бұл азаматтың әр «әу» дегеніне әжептеуір той жасап, «қию» десе қырылардай болып қиналып, тамақ өтпей жатады 🙂

    • «Штатный» сұрақтар ғой. Мұхаммеджанның осындай сұрақтарға жауап беріп-беріп, әбден шыңдалғаны көрініп тұр:) Жалпы тілші қауымның «Анау анадай деді, мынау мынадай деді» деген өсек-шалыс әңгімені қопсытатыны ұнамайды. Форумдағы «ағайынды» түсінетін уақыт болды ғой? «Азаттық» пен «Абайдың» пікірлерін оқымай-ақ та қоюға болады осы күні. Нақты сұрақтар заманы келді деп ойлаймын өз басым. Бірақ, халықтың көкейіндегі білгісі келгені осы болғаны да… Ұсақтанып барамыз ба, кәкір-шүкір теріп?..

      • «Сенікі дұрыс, сенікі де дұрыс» депті ғой біреу. Сондықтан, Мұхамеджан ағадан сұхбат алғанда алдымен осы өсек-шалыс әңгіменің басын ашып алғымыз келеді. Бір сұхбаттың аясында мол ақпарат сыйғызғымыз келді. Содан да сұхбат жинақы емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, өзіме ұнады. Әрі сұхбат беруші тек ақталып кетпей, шақтап уағыз да айтып отырды…

  1. Сұхбатта тұщымды жауаптар берілген екен.Журналист мен сұхбат беруші бірін-бірі толықтырып тұр…)))

  2. Асыларна жайында талай сұрақ бар еді. Кебірсіп жатқан көп сұрақ бар еді…Жаңбырдай төпелеп сауалдарымның барын мынау жауаптар толтырды….

  3. Қалай болғанда да біз Президенттің сөзін ынсаппен қабылдауымыз керек. обшым ана дуниени ана дуниеде корермиз азиге бул дуниедеги ,нурдын, ыгына жылыа тураик дегеннин кери да

  4. «Асыл арна» өз халқына қарсы жұмыс істеп жатыр» дегені несі? Білімсіздіктің арты неге апаратынын осы жерден-ақ көруге болады. Осы күні білмей сөйлейтін адамдар көбейіп кетті, Ол Асыл арна адамдарды ақиқатқа шақырып жатқан арна, Ал, біздің қазекеңдерге болса, сол баяғы өлең тыңдап, сериал көріп, 5 уақыт намазының уақыттарын осындай былғаныш дүниеге алмастырғысы келеді. Ал, қазір достарыңа немесе үлкендерге жұмақ пен тозақ жайында айтсақ, оны аңыз ертегіге ұқсатады. Мен аяймын халқымды, осылай ақиқатты тани алмаса, ертең қабіренде ішіп жеген немесе өмірім босқа өтпей көңіл көтеріп қалайын деген кездері пайда бермейді. Одан да ойында ұпай жинағандай, өмірде де сауап жинап қалу керек, Бұл сөз «Асыл арна» өз халқына қарсы жұмыс істеп жатыр» дегеннен шығып кетті. Мен өз басым, Асыл арнаны қолдаймын, тек ауылымызда бұл арна көрсетпейді, интернет арқылы қараймын, бұл арнаның адамға берері көп, тек қазекемнің осындай арнаны шытырман арналарға айыр бастайтыны өкінішті

  5. Абай кз-тың астындағы комментарийлерді оқышы! Осындай пікірден аяқ басып жүру мүмкін емес, бұл енді барлық халық Асыл арнаны жек көреді екен деген сөз емес қой, сіз секілділердің саны көп деп сенейік!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s