Проза. «По блату»


Қанат Әбілқайырды алғаш рет 2008 жылдың күзінде көрдім. Алматыға барып, «Ана тіліне» келіп тұрғанда, асханадан бір-бір шыны шәй ішкеніміз бар. Әңгімесі әңкестеу көрінді. Қалыпқа сыймайтын турашыл мінезімен кейін танысып жатырмыз ғой… Журналистиканың иісін мұрнымызбен енді сезіп жатқан шақ. Сол кезде сүңгі ұстаған супертілшілер сапындағы Әділбек Жапақ, Қанат Әбілқайыр, Ерлан Әбдірұлы дегендермен амандасудың өзі ауылда (Таразда) айтып жүрер апологет болатын. Кейін келдік, араластық, пікірлес, әріптес болдық. Бірақ, жоғарыда айтқандардың әрбірі мен үшін әлі мықты. Апторитет деп ырза қылып қояйыншы))) Қанаттың публицистикалық материалдарын айтпағанда, әңгімелері де ұнайды. Жақында «Жалын» баспасынан «Текес теріс ағады» деген жинағы шыққан. Сол жинаққа кірген шағындау екі әңгімесін осында сала отырып, бауырыма барлық жақсылықты тілегім келеді!

КӨБЕЛЕК

 — Маңдайыңызға сор іліп алыпсыз…

— Жалықтым…

— Неден?

— Өмірден…

Екеуі де бір сәтке үнсіз қалды. Ақ ұлпа қар жапалақтап тұр.

— Періштелердің қауырсындары сияқты-ә?!

— Әлі бала секілдісің, Әлкен…

Келіншек Әлкеннің алақанынан ұстады. Жігіт қолын жұлып алды.

— Біреу-міреу көрсе ұят болар…

Әлкен айналасына ұрлана қарады. Қасындағы келіншек баяғы өзгермеген қалпы. Тек, маңдайында көлденеңнен екі сызат пайда болыпты.

— Ұят болады…

Күліп жіберген Мира баяғы Әлкенін есіне алды. Бақытты күнін… Алып қашқан кезін… Сәбилі болған сәтін…

— Сен мені әлі жақсы көресің бе?

— Үйленгенмін. Бір ұл, бір қызым бар…

— Жақсы көрмеймін дегенің бе?

— …

— Шыныңды айтшы әйеліңді сүйесің бе? (Мираның жүзінде мысқыл бар)

— Айтпақшы мына жерде жұмыс істегеніңе қанша болды?

— Екі жыл.

Мира айналасына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Екі жылым осылай алаңдаумен өтті дегенді көрсеткісі келетіндей.

— Сен ЖенПИ-де оқып жүрген кезіңде жиі баратын едім ғой-ә?! Шықпай зар қылатынсың. Есіңде ме, қасыңдағы қыздарға айтып, балконнан жуындыны басыма төккізіп жібергенің…

— Кешірші…

— Мен сол кезде-ақ кешіргенмін…

— Мына жағдайымды да кешіре аласың ба?

— …

Әлкен ойланып қалды. Жоқ, кешіре алмайтын шығармын. Айта алған жоқ.

— Менттер келе жатыр…

— Мира кетпеші…

— Онда былай істейміз…

Келіншек Әлкенді құшақтай алды да сүйе бастады. Сүйе жүріп ақырын қара ағаштың саясына кірді. Бозбала кезінде сүйе алмай кеткен еріні.

— Мен сені әлі де сүйеді екенмін, — деді менттер кеткен соң, Әлкенді келемеждеп…

— Мен де…

— Қой жұмыс уақытысында сезімге беріліп тұрар жайым жоқ.. Әлкен, сау бол…

Өң мен түс секілді. Ояна алмай тұрған Әлкен көлігіне барып мінді. Бірінші вокзал жақта такси ұстайтындар көп болушы еді деген оймен төмен қарай жүріп кетті.

Ақ ұлпа қар. Аппақ ар. Аппақ арының бетіне дақ түсіріп алғандай болды. Ожданы Мираның осы бір жерде кездесеріне сенбеген. Қолын созған келіншекке тоқтай салған-ды.

Қайтар жолда қысқа көйлек пен биік өкше киген Мираны қуып бара жатқан тәртіп сақшыларын көрді. «Ол мені шынымен де сүйе ме екен» деп ойлады. Аппақ қар секілді ары бар періште Мира мен бүгінгі Мираның парқы жоқ секілді. Бірер адамды үйіне апарып салды. Үйіне келе сала әйелінің қасына киімшең құлады. Көз сүріндірер мүшелері ашық қалыпты. Ұзақ қарап жатып, ұйықтап кетіпті. Оянса, әйелі әлі пырылдап жатыр екен.

— Мира, кеш боп кетті. Жұмысыңа барсаңшы.

Төсегінің басына қойған қалта телефонының сағатына қарады. Түнгі үш. Атып тұрып, киіне бастады. Ақылы ауысқан күйеуіне мүсіркей қарады. Әйтеуір, «жынды» деген қағазы жоқ. Көлік жүргізеді. Ішіп-жемін өзі табады.

— Әлкен…

Үн жоқ. Қалғып кетіпті. Мира, қысқа көйлегі мен биік өкшесін киіп алып Сейфуллин көшесіне шықты.

Үйде екі баласы мен жарымес күйеуі қалды. Бүгін менттер жоқ шығар. Қар қалың түсіпті…

САҚИНА

«Жалғанда сізді бір жан жақсы көрсе бақыт деген сол. Мүсіркесе — сор». Кімнің пәлсапасы еді. Ұмытыппын. Ол тым бірбеткей. (солай көрінеді) Сұсты. (мен үшін ғана шығар) Суық. (маған солай әсер етеді) Кірпияз. (көрініп тұр) Әдемі де емес. (әрине басқалар үшін) Қабағы салыңқы. (Неліктен екен-ә?) Жанары мұңлы. Иығына төгілген селдір шашын сілкіп қоятыны бар. Аяғына мән бере басады. Мен секілді жігіттің жерге төгілген көз жасын таптап кетпейін дейтін болуы керек.

– Балмұздақ жейсіз бе?

– Маған арнап өлең жазыңызшы.

— Балмұздақ…

— Өлең жазбасаңыз кетемін.

Ерні қып-қызыл. (Бояп алатын болса керек) Құлағындағы сырғасы ән айтып тұр. Күліп еді, сырғаның сылдыры сәнсіз шықты. Кеудемдегі сағатымның тілі дірілін жиілетті.

— Өлең айтпасаңыз, кетіп қаламын.

Тағы да күлді. Сырғасының сылдыры әдемі еді, одан да…

— Мынау сізге.

Қалтама салып алған неке сақинаны бердім. Саусағына өз қолымен салды. Тұп-тұра. Іле қайта суырып алып, өзіме қарай лақтырып жіберді. Осы сәтте көзімнен бір тамшы ыстық жас үзіліп бара жатты. Ол дереу жаныма келіп, сол жасты саусағының ұшымен сүртті де, ернімнен сүйіп алды. Сұп-суық.

Айналып жүре бердім. «Биылғы қыс та менімен үйленіп, жылынғысы келмегені несі екен-ә?»

Ызғар. Оның жүрісі де осындай сықырлауық болатын.

— Тоқтаңыз.

Тоқтай алмадым.

— Қайда барасыз?

— Көктемге…

Ол қатты долданды. Оянсам, түнде төсек болуға жараған қоқыс жәшігіне екі бүктеліп бүрісіп жатыр екенмін. Аяқ-қолым үсіп қалыпты. Күндегі әдетімен қабағы салыңқы қыз үйінен шыққан қоқысты тастауға келді.

— Мынау сізге, неке сақина ғой…

Қыз қолындағысын тастай салып жүгіріп кетті. Оның тастаған қоқысының ішінен бір үзім нан тауып алдым. Сезімімнің белгісі болған темір сақинаны қалтама сүңгітіп жіберіп, нанды бір-ақ қылғыттым.

Ол мені шынымен жақсы көреді деп ойладым. «Өліп қалмасын» деп күнде нан тасып жүр ғой, себебі…

     

Advertisements

12 comments on “Проза. «По блату»

  1. Маған екінші әңгіме ұнады. Қанаттың «Табаныңыздан сүйейінші…» деген де әңгімесі (+кітабы) бар. Астары мықты! Шығармашылық табыс тілеймін Қанатжанға! Ақпараттандырған Өркенге де АРБ! 🙂

  2. Ия, жақсы жазылған. Өте нәзік, романтика….Маған Қанат ағаның «Құтипаш пен Сақып» әңгімесі ұнайтын. Тұспалдап жазылған күлкілі әңгіме)))))))))))

  3. Құтипашын оқымаппын, негізі сатиралық әңгімелері жақсы ғой, бірақ «Сопының еті тәтті екен» дегенін онша ширата алмапты

  4. бар гой осы астар дегенді тук укпаймын.. бетіме былшитып айтпаса.. емделу керек шыгар иа?!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s