Қазақтың рухани қуат стансасы. ІІ-бөлім


Екінші бөлімге «ентелеп» жеткенше, Бүркіт батыр осы темәны талдырып тастапты. Жарайды, алдымен Жезді кентіне жолай соғып, Кенесары ханға қойылған бюстті тамашаладық. Арғысын қойшы, бұрын бұ жердің «бақташысы» болған Лениннің басын Берік әкім былай бір шауып өткенде кесіп алып, енді былай жорғақтап өткенде Кенесары бюстін салыпты деген аңыз бар. Расында, бюст қоюдың жұмысы жеңілдеу, комиссия шақырмайды екенсің. Енді ескере жүрерсіздер, бұл Астанадағы Хан Кенеге орнатылған ескерткіштен кейінгі екінші белгі екен. Жездінің тағы бір

ерекшелігі, мұнда әлемдегі металлургия саласына арналған екі мұражайдың біреуі орналасыпты. Мәкен Төрегелдин деген азамат осындағы экспонаттардың барлығын беделін салып тұрып, өз қолымен жинастырып, облыстық мәртебедегі мұражайды жасақтаған. Сақтардың мыс қорыту пешінен бастап ХІХ ғасырда ағылшындар келген отарбаға дейін қойылған мұражайға жолыңыз түссе, талай қызыққа тамсанып қайтасыз, очм. Айтпақшы, Жезді кенті мырыш зауыты тоқтап қалған соң, тоқырап қалғандай көрінді. Қаратаудың қаңыраған көпқабатты үйлері мұнда да қалбиып түр. Тұрғын саны азайған. Бақсақ, мырыш зауытын Машкевич сатып алып, кеніш жұмысын тоқтатып қойыпты… Осы жерде «Оны қайта қоса ма, қоспай ма, Александр көкенің қалауында» деп Берік батыр тебінгісін бір теуіп қойып, ауыр күрсініп алды…

Одан әрі «Еліктер ордасы, ғасырлар қордасы» болған Ұлытау мекеніне орағытып кіріп, Халық бірлігіне қойылған алып монументті барып көрдік. Еңселі ескерткіштің орнын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі нұсқап көрсетіпті деседі неоаңыз. Монумент темірінің химиялық құрамын тексеріп жатқан ешкім болмайды ғой, бәрі суретке жапырлап түсіп жатты. Содан Ұлытау селосындағы «Таңбалы тастың» ашылу салтанатына қатысып, төрт сағаттан бері бізді күтіп, тыпыршып тұрған оқушылардың ала көзін ала бере тастарды суретке түсірдік.

Себебі, осы саябақтың ішінде қазірдің өзінде 9 балбалдың көшірмесі қойылған. Ал қазақи бірліктің мәнін ашатын, кісі бойынан үлкен, төрт метрдей тасқа қазақтың бар тайпаларының таңбалары қашалған. Қызық болғанда, Айдос Сарымға осы салтанатта сөз бергенде, конференсье «Айдос Үкім» деп шатасып кетті. Түзеген жоқ. Сөйтіп, ұлытаулық өрендердің алдында Айдос Үкімнің орнына Айдос Сарым келіп, сөйледі. Одан әрі Қазақ хандарының барлығына қойылған ортақ бейне-мүсінге барып, Қыземшек тауының бөктерінде Асан қайғыға салынып жатқан ескерткіш тұғырын көріп қайттық. Берік Әбдіғали «бұл біте қалса, Рио-де-Жанейродағы Иса пайғамбардың ескерткішінен кем болмайды» деп күліп қояды….

Ембұлақтан су ішіп, биші қайындарын біраз аралап, дәм алып, қонақ болған соң, ертеңіне Домбауыл, Жошы хан мен Алаша хан мазарларын аралатуға апарды. Бұл үшеуі де Жезқазған қаласын айналдыра сызылған радиустың бойында болғандықтан, бір-бірінен аса қашық емес. Жошы ханның мазары жақсы сақталыпты, әрине қайта жаңғыртылғаны да бар ғой, бірақ оның маңайына кесенемен таластырып мазар салғандар да көбейіп келеді екен. Айналасында адам тұратын жатақ көрінбейді. Бірақ, жаңа мазарлар бар. Демек, әкесінің я шешесінің басқа емес, Жошы ханмен бірге жатуын мақтан тұтқандар көп деген сөз. Енді кесененің тарихы, тағы басқасы туралы қызық болып жатса, «Күңгір күңгір күмбездерден» (А.Сейдімбек) тауып аларсыздар. Домбауыл кесенесі қалақ тастардан қаланған киіз үй пішінінде болса, Алаша ханның кесенесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кішірейтілген үлгісіндей көрінді. Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық мұражайда да аялдадық, қызметкерлері құрақ ұшып қарсы алды.

Қайтар жолда Теректі әулие кешеніндегі Әзірет Әлінің аяғының ізі деп айтылатын тастағы ізді, ежелгі петроглифтерді көзбен көріп, көңілге біраз нәрсе түйіп қайттық. Өкініштісі, бұл орын бақсы-балгер, құшынаштардың сыйынатын орнына айналып кетіпті. Бас сияқтын тау тесігі «томограф», жатуға болатын тас жақтаулар «палатка»… бұта басына, бұлақ қасына байланған ақ шүберек! Бір үлкен жақпар тастың астынан етпеттеп өте алсаң, күнәңнан арыласың дей ме, сондай…. Қалай дегенмен, Ұлытау сапарынан алған әсерді бір постқа сыйғызу мүмкін еместей. Біз шақтап болсын, қазақ үшін қасиетті мекеннің шуағын шашқандай болып отырмыз. Айтпаған басқа не қалды?

Сапарымыздың соңғы күнінде өткен бильярд жарысында ойнай алмайтындардан «оппозиция» болғанымызды айтам ба? Мен Ораз Жандосов, Серік Жолдасбай – Болат Әбілов, Бүркіт Нұрасыл – Әміржан Қосанов, Амангелді Құрметұлы – Жармахан Тұяқбай болып, сайлау – бильярд нәтижесіне қарсы шыққанымыз қызық болған сияқты, күліп, жетісіп қалдық. Әлде осы сапарда барлығы 2300 шақырымдай жол жүріп, 3 жылқы, 4 қойдың қабырғасын мүжігенімді айтайын ба? Бастысы, Абылай ханның аты аталып, ескерткіші ашылып, конференция ұйымдастырылғаны бірінші Алла тағаланың, екінші осы Берік пен Ерлан сияқты ұлтжанды азаматтардың арқасында болды ғой. Басқа да әкім, я партия басшылары осы дәстүрді жалғастырып әкетсе, игі.

P.S. Айдос Сарым өз баяндамасында Ұлытауды «қазақ жерінің Палестинасы» деген теңеу келтірген еді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Қазақстанда атом қуат стансасының жоқтығын алға тарта, біз де Ұлытауқазақтың рухани қуат стансасы деп теңегіміз келеді.

P.S.S. Екі күндік сапар барысында Едіге шоқысы, Тоқтамыс белгісі, Хан ордасы сияқты жерлерге барып, Әулиетаудың басына шығуға уақыт жетпеді. Уақа болмаса, ұлтшыл әкім Берік пен ұлттық пресс-тур ұйымдастыру бойынша санаулы эксперттердің бірі Еренғайып ағамыз тағы бір шақырар деп жүрміз 🙂

Жошы хан кесенесі

Мынау «мінәжат» жасап жатқан кім болды екен? Домбауыл кесенесі

Алаша хан кесенесі



Advertisements

12 comments on “Қазақтың рухани қуат стансасы. ІІ-бөлім

    • Бұл Берік Уәли ағамыздың «Панасонигі» болатын. 640 та 480 деген өлшемге қойып алып, кейін қарасам, суреттер көруге жарамсыз болып шыққанына күйінгенім бар. Қайдан білейін, батарея ұнемдейін дегем ғо)))))

  1. Ұлағатын ұғып өскен ұлының,
    Қанып ішкен тас бұлақтың тұнығын.
    Шынымды айтсам, бақыттымын мен шексіз,
    Жай тау емес, Ұлытаудың ұлымын!
    Батырбек Мырзабеков

  2. Өрекен, Айдосқа «Айдос Үкім» деген «мәртебенің» берілу сырын жазбапсың ғой. Әлгі конференсье ат тергепті ғой. Шамасы, сол келіншектің қайын жұртында Сарым, я да Сары, қысқасы осы түске қатысты қайнағасы ма, әлде қайын атасы ма, әйтеу бір «мықты» бар екен. Содан, Айдос Сарым «Айдос Үкім болып шыға келді. Айекеңе «тойла» деу керек. Қазір ат тергеп, сыйлайтындар өзге өңірді қайдам, Астана жақта «Қызыл кітапқа» кіріп бара жатыр ғой.

    • Дұрыс айтасың, мен онда қағыс естіген екенмін… Айдос Сарымда сол местный Айдос Үкім деген бір белгілі тұлғамен шатастырып алыпты деп естідім ғо онда))))

  3. Өркен,негізі өзіңе пиарды жақсы жасайсың.Осындай нәрсе менің қолымнан келмейді екен. Бірақ, мен істей алмайтын дүниенің барлығы жаман әдет емес шығар,ия))))

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s