Қазақтың рухани қуат стансасы. I-бөлім


«Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген сөзді қазекем айтқанына секеміміз бар. Қалай десеңіз, айбыны асқан Абылай хан жылда 300 жасқа тола бермейтіні анық емес пе? Сөйте тұра, мұрнына су жетпей жатқан «мықтылар» тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспал келген тойды есінен

тарс шығарды. Ресми той-томалақтың рейтінгісіне ілікпеген соң, ретін кім табар дейсің? Бірақ, «Берік Әбдіғали осы мерейтойға орайластырып, конференция ұйымдастырып жатыр» дегенді естіген соң, елеңдеп қалдық. Айтпасаң тағы болмас, аталмыш жиын «Нұр Отан» партиясының бастамасымен шақырылыпты. Партия ішіндегі патроны – аты мен пәмілесі бес әріптен тұратын адамды атамай-ақ білерсіздер. Алыптығы үшін оқпан аузына түсіп қалатын партияның осы істі қолға алғаны үшін қуанбай көріңіз!… Жә, жарар, «Хабардың» Берік Уәлиі, «Қазақ радиосынан» Амангелді Құрметұлы, «Айқыннан» Қанат Махамбет, «Жетінші арнадан» Максим Рожин, «Астана» арнасынан Нұрлан Қапешові бар, ұзын саны оннан астам журналист жолға шықтық. Амангелді Тамшыдан артып не жазам дейсің? Артып жазбасам, ең болмаса артылғанын жазайын да. Жезқазғанға жету үшін алдымен Қарағанды-Жаңаарқа бағытымен он сағаттай отыру позасында жатуыңыз керек :-). Омыртқамыз он бүгілсе де, қасиет қонған Ұлытауға жетуді ойлаумен жол азабын жеңілдеткендей болып келеміз.

Айтпақшы, «адам сапарда сыналады» деуші еді, мына блогшы достарымды басқа қырынан танып қалдым. Былай ғой, Амангелдің ұстазы Таласбек Әсемқұловпен әнек айтудан орынға таласса, орынды сияқты. Енді Айдос Сарым сияқты алты сағат қатарынан әнек айтуға базасы жете қоймас, бірақ біраз әзілді қат-қаттап жиған екен. Ішегіміз түйіле бергенде, ілкі заманның тарихынан ағытады дейсің. Бүркіт ше, Бүркітің жын-пері, уфология, мистика тақырыбынан әжептеуір маман екен. Білмеппін…)) Очм, Жаңаарқаның орталығына жеткенде ауыл әкімі күтіп алып, түскі асын берді. Бар-жоғы бір сағатқа аялдаған бізге әншілерін жинап, концерт қойды. Бізге деген құрмет пе, күн ыстықта жалтыр костьюммен шауып жүріп, әзілін айтып, ет асатып, қымыз ішкізіп… ойй қонақжайлығына ырза қылды. Айтпақшы, Жаңарқа ауданының бұрынғы атауы Асан қайғы болған екен. Сәкен сері сәбет заманында «қайғы» деген сөз жараспас деп, Нью-Аркаға ауыстырған деседі. Атасу кентінен өте бере Ақселеу Сейдімбектің бейітіне арнайы соғып, Құран бағыштай кеттік. Марқұм қайтыс боларынан біраз бұрын ауылының маңайындағы осы төбені өзіне лайық көрген екен.

Жұманың кешінде жеттік-ау Жезқазғанға. Алғаш болуым. Жасыл желекке бай, таза қала көрінді. Кешке берілген қонақысы Ассамблея төрағасы Ералы Тоғжановтың туған күніне сәйкес екен. Тілектер Тоғжановтың құрметіне арналып жатқанда, Бекболат Тілеухан қазақтың әр аймағындағы ән мақамдарын қамтитын «Наурыз көжесін» орындап берді. Отаншылдығымыз шарт оянып, шатақ шығарып, орнымызда отыра алмай кеттік 🙂 Сонымен, сенбі күнгі іс-шаралар қала орталығындағы Абылай хан ескерткішін ашумен басталды. Бұрын тұрған хан мүсіні мыртық болғандықтан, қу тілділер «Қаңбақ шал» деген атты іліп жіберген. Содан да, көзге күйік болған ескерткіштен құтылуға әкім Берік ә дегеннен кіріскені бар. Біздің кәзет те «Абылайдың басын алды» деп Әбдіғалиевті сын тезіне түйіп-түйіп алған-ды. Ал қаланың жаңа ауданындағы төбеге қойылған ескерткіш еңселі болмағанымен, байсалдылық, сұс бар сияқты. Қалғанына кәсіби мамандар өз бағасын бере жатыр. Мұнда да марқасқалар сөздің тізгінін жіберді енді (қайсыбірін айтайын). Айтпақшы, жазушы Тұрсын Жұртбай құттықтау сөзінде бұл тек Абылай ханға орнатылған ескерткіш емес, бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа, ел қамын жеген Едігеге, Кетбұға жырауға, Жошы ханға да орнатылған ескерткіш деген ой айтып еді…

Ал уәде етілген конференция Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қалалық қазақ музыкалық-драма театрында өтті. «Абылай хан мен қазақ рухы» атты ғылыми-практикалық конференция осы тектес жиындар ішіндегі ең қысқасы әм ең мазмұндысы болды-ау, сірә. Үш сағатқа созылған конференцияны қала әкімі Берік Әбдіғали ашып беріп, Ерлан Қарин саясаттағы үзеңгілес досының сөзін жалғай келе, тәуелсіздіктің жиырма жылдығында елдік, егемендік, тәуелсіздік секілді ұғымдарды жұрт санасына сіңірудің маңызына тоқтала кетті. Жоғарыдан жарлық-шешім күтіп отырмай, қолдан келсе, «қоныштан басып отыру» керектігін айтып, белсенділікке де қайрап-қайрап жіберді. Ералы Тоғжанов та Ассамблея атынан алғы сөзін жолдап, Абылайдың мемлекетшілдік идеясы бүгін де жоғары маңызға ие екеніне ел назарын аударғысы келді.

Жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай «Мәңгі билік идеясы және Абылай хан» тақырыбында кеңінен көсіліп, Ұлытау жеріндегі ұлы ерліктерді қайта тізіп шықты. Мәселен, осы Ұлытаудың маңайында Томирис Кир патшаның басын кесіп алып, қан толы шербетке салып жіберіп, «ал енді мейірің қанғанша іш» дегенін тарихтан білеміз, иә? Сақ жауынгері Шырақ (Ширақ) Дарий әскерін Ұлытау жерінде арытып-аштырып, бір өзі бүкіл әскерді тозғындатып жібергенін де білерсіздер. Тұрсын аға ескерткіш салу сияқты құрметтің ұлт рухына деген тағзым екенін, Абылай ұйытқан Алаш идеясының мәңгі жасайтынынын қозғай келе, «Ел еңсесі биік болсын, ел еңсесі биік болса, ердің тізесі бүгілмейді. Алланың алдына азат болып барайық!» деп барып тоқтады.

Мәжілісмен Бекболат Тілеухан «Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясы» деген тақырыпта жынды))) баяндама жасады. Жыраулардың халықтың көзі, санасы, тіптен ұстазы болғанын сол жырларын талдай отырып түсіндіріп берді. «Олар халықты ерте білген, ерттірген. Құдайдан қалай тілеу керектігін де үйреткен» дей келе, Бұқар жыраудың «Тілегін»  талқандап тұрып «тәпсірледі». Бірінші тілегі бір Аллаға жазбасқа екені белгілі, енді «Әзәзіл, пасық, залымның, Тіліне еріп азбасқа» деп келетін екінші тілекке ерекше назар аудара кетуімізді сұрады. Себебі, билікті сынаған адам ақиқаттың үстінде жүргендей болған бүгінде елдің тынышын алып, төсегін шайқайтын кім? Әрине, «Әзәзіл, пасық, залымдар». «Сол алауыздықтың кесірінен ноғай мен қазақ айрылған. Өркениеттің заманы делінетін ХХ ғасырда немістер Варшаваны тастап бара жатқанда, «саған да, маған да бұйырмасын» деп барлық үйін бомбылап кетті. Ал орта ғасырдағы ата-бабамыз Еділді тастап кеткенде, жылап, жылап кете барды. Жыраулар бүгінгідей «Қоштасқым келмейді» деп махаббат тақырыбында жылап-сықтаған жоқ. Ол кезде заман басқа еді…» деген сөздері әлі есімде. Содан қолына домбырасын алып, Қазтуғанның «Еділ жұртын» орындағанда, зал толы халық рухтанып, ұзаққа қол шапалақтады.

Ал шығыстанушы Бақыт Еженханұлы Абылай ханға қатысты жаңадан табылған Қытайдың мұрағат құжаттарымен таныстырды. Қызық болғанда, қазақтың ат тұяғының ізі Үрімжі маңындағы Манас деген жерден, Текестен табылған екен. Абылай хан Қытайға алғаш рет 1757 жылы дипломатиялық миссиясын жібереді. Сондағы Абылай ханның жіберген хатын Қытайдың Орда тарихшылары бұрмалап жіберіп, саясатына ыңғайлап қазақтар бодандық сұрап отыр деген ыңғайда сөз қосып жіберген. Бақыт ағамыз болса, осы хаттың тот-моңғол және мәнжу тіліндегі қос нұсқасын тауып, мұның жай ғана дипломатиялық хат болғанын дәлелдеді. Яки, Қазақ хандығы Цинь империясына ешқашан бодан болмаған.  Бұдан өзге де қызықты фактілердің шетін шығарған ғалымның баяндамасы құнды болып шықты.

Жарыссөзге шыққандар арасында өлкетанушы Сағындық Қожамсейітов Абылай хан мен Ұлытау арасындағы байланысты ашып көрсете білді. Ағамыздың зерттеуінше, Абылай хан алғаш Сабалақ деген атынан осы Ұлытаудың баурайында құтылған. Батыр деген атқа да осы жерде қалмақ батыры Шарынды өлтіріп барып, ие болған. Қазақтың оны хан көтерген жері де осы Ұлытау… Айта берсек, мұнда Абылай ханның сегіз мәрте болғанын да Сағындық ағамыз есептеп шығарыпты. Мәдениеттанушы Серік Ерғали болса, ханның дара тұлғасын «Тәңірқұт», «Сардар», «Ханзада», «Хан» деген төрт категория бойынша саралап берсе, саясаттанушы Айдос Сарым да сөзден аянып қалмады. «Тарихты сүйіп ішетін қымыз сияқты көреміз. Сапыра берсек, көбірек көпіре береді дегендей… Тарих тұнық су сияқты болып, одан отаршылдықтың шылауын алып тастау керек. Қазақ ортақ жау шыққанда, біртұтас болып бірігіп кететін болған. Бірақ, бізді бүгін біріктіретін ортақ жау емес, ортақ идея болуы керек» деген Айдос аға «қазақтың дәурені өткенде қалған» деген сөзбен келіспейтінін кесіп айтты.

Әсіресе «Абылай ханның түсі қазақтың түсі емес. Жетпістегі шалдың түсін жиырмадағы жас көрмейді. Бізді болашақ күтіп тұр, Біз әр аудан, әр көшеміз, ауламызды жұмаққа айналдыруымыз керек» деген сөздері әсерлірек шықты білем, жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Осымен конференция да аяқталып, түс ауа тарихи мекенді аралауға жолға шықтық.

Advertisements

11 comments on “Қазақтың рухани қуат стансасы. I-бөлім

  1. «Абылай ханның түсі қазақтың түсі емес. Жетпістегі шалдың түсін жиырмадағы жас көрмейді. Бізді болашақ күтіп тұр!! тамаша айтылған нағыз шешеннің сөзі екен

  2. Бекболаттың осы бір әңгімесі қалмайды екен. Қайда барса да соны айтатын болған ба? Басқа қоры жоқ па әлде?

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s