Құдағи, бір партия…


Бауыржан Ибрагимовтікі ғой, білесіздер. Басында құдағиын ыңғайламақ боп ырбиып тұратынына күлетінбіз. Кейін одан да қалдық. Әр кештен әр кешке сүйреген сайын әрі кетті… Біздегі партиялардың да сүйкімі сондай. Шілдің боғындай шашылып жүр. Тартылыс күші емес, тебіліс күші. Жә, Президент сайлауы мәре сызығын кесіп өтісімен мәре-сәре болғанымыз кеше еді. Бүгінгінің бас ауыртар тақырыбы енді Парламент сайлауы екенін екінің бірі, егіздің сыңары біледі.

Әйдік бәйгенің биыл я келер жылы өтері әңгіме етуге тұрмайды. Ал сайлау өте қалса, «Нұр Отан» партасынан орын табатын бір-екі партияны күткелі қаш-шан… Қолда бар саяси партияларды санға бір соғып, жілігіне май ілінгенін таңдайық десек, алдымен «Ақ жол» партиясы ауызға келеді.

Арғысын қайтеміз, 2007 жылдың сайлауында «Ақ жолдықтар» 35 мандатты жұлып аламыз деп, 3,09 % дауыс қана жинаған еді. Әйтпесе, Әлихан Бәйменовтей әккі басшысы, 175 мыңдай мүшесі бар партияның Парламентте отыратындай-ақ хақысы бар. «Ақ жолды» халық аса қолдамаса да, атынан хабардар. Сарапшыларға сенсек, қалың жұртшылық «Нұр Отаннан» кейін осы партияны жыға таниды. Бірақ, сол 2007 жыл партияның 2002 жылы құрылғанын, ал Бәйменовтың 2005 жылдан бері осы ұйымға басшы болып келе жатқанын ескерсек, нағыз атанды алып ұратындай аты дүрілдеп тұрған кезі болатын.

Осыдан кейін 2012 жылы олар 3 пайыздық межесінен асып түсіп, бізді аң-таң қылады дегенге сенбейді екенсіз. Бұл себептің тағы бір салдары, қаржылық қиындықтан ба, «конструктивті оппозицияға» әуестігінен бе, Бәйменовтің арыны бәсеңдеп, оны жұрт «Жас қазақ үні» газетінің бетінен ғана іздеп табатындай жағдайға түсіп қалды. «Әділет» партиясымен әрекеттесуі іске аспады, танымал тұлғалар тартылма қоймады, аймақтағы желілерінің жұмысын жолға қоя алмады, соңғы даярлаған құжаттарының бірі – 2010-2020 жылдарға арналған Ұлттық саясат туралы Концепциясы билік тарапынан елеусіз қалды. Мүмкін, бұл құжат қоғам тарапынан оң қабылданса, «Ақ жолдың» бет-бейнесінде ұлтшыл партияның ұстыны қалыптасар ма еді… Әзірге Әлихан Бәйменов туралы әңгіме қозғай кетсеңіз, ойға оның саяси апатиясы, шаршағаны, қажығаны ғана келеді. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы Парламенттен ойып тұрып орын алады дегенге сену қиындау.

Оппозициялық партиялар арасында олигархиялық беделімен белгілі «Азат» ЖСДП-ны есептен шығарып тастауға ерте. Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін партия Парламент сайлауына қазірден дайындалып жатқанынан мәлім еткен. Естеріңізде болса, 2007 жылдың сайлауында партия (ол кезде ЖСДП мен «Нағыз Ақ жол» партиялары болып тұрған) 4,54 % пайыз дауыс алып, Парламентке өте алмаған. Дегенмен, бұл саяси ұйымның аймақта қалыптасқан өкілдіктері, қаржылық жүйесі, адами ресурсы, ақпарат құралдары баршылық. Тіптен, Әбілов-Тұяқбай тандемінен жалықтық дегеннің өзінде, Тоқтар Әубәкіров, Петр Своик, Гүлжан Ерғалиева, Балташ Тұрсымбаев, Әміржан Қосанов секілді азаматтардың әрбірі жаңа жетекші болуға жарап жатыр. Мұндай мүмкіншіліктің бас партиядан басқасында жоқ екенін мойындау керек.

Бірақ, бұл партияның да кейінгі кездері қаржылық дағдарысқа ұшырап, идеологиялық тұйыққа тірелгені жайлы сыбыс түрінде болсын, сөз тарап жатыр. Әрине, билікпен белгілі бір ымыраға келіп жатса, тегі тыңғылықты дайындалды дегеннің өзінде «Азаттың» алғы шепке өтіп, Ақорданы маңайлауға мүмкіндігі молырақ сияқты. Тек саяси ұрандарына халықты қалай қызықтыратыны ғана қызық боп тұр бізге… «Қытай Қазақстанға қауіп төндіріп тұр» дегенге еретіндердің қарасын 28 мамырда, Алматыда өткізетін шерулерінен байқармыз. Әдетте сол шеруге қатысқан адамдардың қарасы да оларды қолдап, сайлауға баратындардың статистикасын беріп жататыны өкінішті-ақ.

Қалған партияларға жеке-жеке тоқталып жату артықтық етер. Мысалы, бір қарағанға, харизмасы асып тұрмаса да, «Президенттің құрдасы» деген бейресми атағы бар заңгер төрағасы бар партияның «Әділет» деген аты ғана әдемі сияқты. Екінші қарасаңыз да осы… Серік Әбдірахман «сібежост» алып келе деп едік, оны өзімен бірге алып кеткендей сезілді. «Конституциялық реформаны өткізіп, премьер-министр лауазымын алып тастау керек» деген жобаларын дамытып, «жарнамалай» түссе, жаман беделге ие болмас еді- ау деп қоямын ғой өзімше. Бірақ, ондай адуын, ондай амбицияны «Әділет» партиясынан көріп тұрғанымыз шамалы.

Кейде билікті мақтау жағынан «Нұр Отанның» аузын ұрып кететіні болмаса, «әділетистерді» Парламенттен үмітсіз пенделер деп айтуға болмас. Ал «Ауыл» партиясын анда-санда теледидардан оның төрағасы Ғани Қалиев көрініп қалғанда ғана еске алып, ауылымызды «абайсызда» аяп кететініміз бар. Екінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде тіпті жеке фракциясы болған партия соңғы сайлауда небәрі 1,51%  дауыс алып қалды. Аз дауыс алып қалдым деп ашынып, идеологиялық-материалдық базасын күшейтіп жатса, кәне! Соған қарап, «Ауылдағы» ағайлардың әлдебір күштердің ықпалымен иіліп-бүгіліп тұратыны белгілі сияқты.

Ғани Қасымовқа сенаторлықтан сыйлы қызметтің қажеті де жоқ. Стакан сындырып жинаған беделмен «Қазақстанның патриоттар партиясы» деген не қалыпты құрылымы, не идеологиялық негізі жоқ ұйымын бастап келеді. Кәжетсия, алға… Сондықтан, «патриоттар» принципке салып, Парламент додасына түспей қойса да, ешкімнің мұрты қисаймайды. Есесіне, «Руханият» партиясына басшылыққа келгендер екпін алып келіп еді. Бірақ, Серікжан Мәмбеталин деген келбеті мен білімі келіскен азамат халықтың алдына шығып емес, интернеттің бетінде қалықтап жүр. Қазақстанда АЭС салуға қарсылықты да аракідік мақалалары мен интернет-қауымдастықтардағы сауалнамалар арқылы жүргізіп келеді.

Тіркелмеген «Алғаны» қойшы, тіркелген Коммунистер партиясының «әбіләзовтық» астауға көшкенін білгенде, оларға Парламенттен орын бұйырады деу – пантастика. Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы болса, өткен Президент сайлауына қатысып, әжептеуір бедел жинап алды. Аз-маз қаржысын үнемдеп жұмсап, жұмысшы таппен тіл табысып, Ленин идеяларына адалдығын дәлелдеп баққан партияға Парламенттен орын бұйырып қалады дейді ғой, кім білсін. Басқасы болмаса да, Президент сайлауына қатысқан екінші партия есебінде болсын… Алайда, коммунистер ұйымдастырған қызыл қасаптан зордың күшімен аман қалған азаматтар қайта сол идеяны қолдауға келіседі дегенге сіз сенесіз бе? Біз сенбейміз.

Бұдан әрі Қазақтың ұлттық конгресі, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы секілді құрылымдарды қарастыруға болар еді. Қазақтың ұлттық конресінде тек Әділ Тойғанбаевтың аты таныс. Сондықтан, оның негізінде партия құрыла қалса да, мысалы, «Қазақстанның патриоттар партиясынан» еш айырмасы болмай қалады. Ал «атамекендіктер» ат-тонын алып қашып, саясатқа араласпаймыз деп жатқанымен, бұған «сенім» аз болып тұр. Себебі, әрбір облыста қалыптасқан өкілдігі, мықты қаржылық негізі бар, дамыған құрылымды партияға айналдыра салу қашан да оңай. Осы одаққа қатысы бар деген Тимур Құлыбаев та, Азат Перуашев та сөзге берік, іске адал азамат екендіктерін көрсетіп келеді. Тұтас бизнестің партиясы болмасын десе, тағы бірер құйыршық партияларды қосып беріп, түрлі мүддені қамтитын титанға айналып келе салады. Әрине, бәрін алдағы уақыт көрсетеді.

Дегенмен, саяси өрістегі сан партияның әлсізін күштісіне қосып болсын, «тазалауға» тамаша мезгіл туған сияқты. Алдағы сайлаудың алдында осылай ат арытып алмаса, көлеңке-партиялардың көптігіне көзіңіз баяғыда жеткен болар. Сайлауды таңдау дейміз. Бірақ шертіп таңдауға тұрарлық ширағы жоқ.

 

Advertisements

3 comments on “Құдағи, бір партия…

  1. Жақсы талдау.
    «Нұр Отаннан» өзге қайсысы өтсе де, ақиқаттың аузын айырып, Шындық шешейді жалаңаш қалдыруға шамасы жетпес.

  2. Бірпартиялық жүйеден жазатын бірдеңе тауып алғаныңа таң қалып отырм, тіпті интрига барына сеніп қала жаздадым ғой түге )))

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s