Жер кіндігіндегі жайнамаз. І-бөлім


Біраз оқырманым «Өркеннің умрасын Шехерезаданың шаһарын көрумен шектегенін-ай» деп насыбай шегіп кетіпті. КәзТАҒЫ агенттігі осы күйік ақпаратты бетіме басқан соң, жазбамды амалсыз жалғастырайын дедім. Арабияға аттанғандағы асыл ниетіміз не еді? Әрине, әлдебір бауырларымыз секілді шағыл құмда шақшабас кесірткені

квадроциклмен қуу емес еді. Мерейі үстем болған киелі мекенді көру, дұға тілеп, тәубаңа келу. Шүкірлік айтып, умра шарттарын орындау… Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Умра умраға дейінгі аралықтағы (кіші) күнәларды шаяды, ал хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы – тек жәннат», – деген (әл-Бұхари, Мүслім), если што.

Мекке әл Мукәррәмаға топ етіп түсе салуға болмайды. Себебі, бұл қалада кішкентай әскери әуежайдан басқалай авиация жағын атымен қарастырмаған. Енді жаннан безіп, парашютпен секіріп жатсаңыз, жөні бөлек жағдай:-) Содан да, Меккеден 74 шақырым қашықтықтағы Жидда қаласы жыл он екі ай бойы құлшылық етушілерді қарсы алады. Естеріңізде шығар, кеңес өкіметі тұсында «бауырлас қалалар» деген жүйе болған. Соған салсақ, Алатаудың Алматысы мен Қызыл теңіздің Жиддасы екі туып, бір қалған ағайындылар болып шығады екен. Қазір бұл мәлімет ешкімге маңызды емес шығар. Топбастаушыларымыз «арабтың кеден қызметкерлері жайбасар, құжаттарыңды асықпай тексереді, сондықтан сабырға бекем болыңдар» деген соң, кемі 5-6 сағат күтеміз-ау деп тас бекініп отырғанбыз. Бағымызға орай, бір сағат қана аялдап, Меккеге аттанып кеттік.

Қалаға кешқұрым жетіп, қонақүйге жайғасып алған соң, әл-Мәсжид әл Харам мешітіне тартып отырдық. Қонақүйдің алдындағы шағын автобустар екі-үш адамның басы жиналса да, шапқылап таси береді, таси береді. Ақысы қонақүйдің есебінен. Әлі есімде, сегізінші сыныпта ауылдағы медреседен дәріс алып жүргенде, кітап мұқабасындағы Қағбаның суретін бұлттан іргетасы, ауадан қабырғасы қаланған сағымдай елестетінмін. Алла тағаланың ең алғаш аяты түскен жерді көру бақытына ие болам деп ол кезде ойлап пе екенмін? Осыны қазір ойлап па, мешітке жақындаған сайын жүрегімнің соғысы жиілеп, маңдайым терши бастады. Тіптен, ұшақтың ішінен бері қайталап келе жатқан «Ләббәйкә аллаһумма ләббәйкадан» жаңыла бастап, жазатайым құлап қалсам не болады екенмін деп келе жатырмын.

Енді ше, Қағбаның қасиетін былай қойғанда, әл Харам мешіті бір мезетте 3 млн адамға қызмет көрсете алады. Мешіттің әр тұсында биіктігі 95 метрден болатын 9 мұнара бар, негізгі 4 қақпадан бөлек, 44 есік бар. Айта берсе, бұл мешіттің сұлулығын, кеңдігін сипаттауға жаңа теңеулер ойлап табуға тура келеді. Мешіттің бір бүйіріне жақын тауларды ұңғып, талқандап, жайпақтап, Жидда мен Меккенің арасын қосатын жылдам пойыз жолын жасап жатыр деген білгіштер. Расында, мешіттің бір бұрышын ала бере алып крандар құрылысты бастап жатыр екен. Мешіттің тура іргесінде тұрған Әбраж әл Бәйт деген биік ғимараттың үстіне орнатылған әлемдегі ең үлкен сағатқа қарап, таң қалумен болдық. Тақырыптан ауып барады екем, мешіттің мәрмәр еденіне жалаң аяғымызды тигізген соң,  негізгі амал-шарттарды жасауға ниет еттік.

Бір досым «моншада жүрсіңдер ме? мынау не?» дейді. Бұл Шаржа айырпорты, бұл ихрам болатын…

Сонымен, умраның міндетті амалдары төртеу ғана. Ұзақ дегенде, екі сағаттан аспайды. Біріншісі, ихрам деп аталатын екі бөлек ақ матаға орану арқылы ихрам халіне кіру. Тәніңді ораған ақ матадан басқалай дүнияауи киімнің бәрін шешу керек (іш киім де осы тізімге жатады). Бұл халге біз Шаржа әуежайында кіріп, дайын болғандықтан, екінші амалға бірден аттап кеттік. Бұл – тауап жасау. Яғни, қасиетті Қағбаны жеті рет айналу. Адам ығы-жығы. «Қарғаның миын қайнататындай» аптап болмаса да, Целсий бағанымен 35 градус ыстық дегенің оңай емес енді. Қағбаны айнала су иіріміндей үйірілген адам нөпірінің арасында жүріп, Құдайдан кешірім сұрап, дұға тілеп қалуға тырысасың. Әне, түріктің әйелдері ме екен, шынайы тілегеннен ботадай боздап, жылап барады. Солардай жүрегім неге бос болмады екен деп қинап болсын, көзіне жас шақырғың келеді. Әне, сиам егізі.. жоқ арбаға таңылған қос егіз болды ма екен, ата-анасының көмегімен тауап жасап барады. Оларға қарап, деніннің саулығына шүкірлік жасайсың. Аяқ-қолы жоқ кемтарлар, жүруден қалған ата-анасын алып келген балалары – құлшылық дегеннің көкесі осында! Жалпы, тауап барысында Қағбаның Иемен бұрышына қол тигізу және қара тасты сүю сүннет. Оған жете алмасаң, сүйе алмасаң, саған күнә жазылмайды. Біреуді кимелеп, шашынан тартып, басынан қайырып жатсаң – күнә, кәнешно. Ертеңіне ғана нәпіл тауап жасап жүріп, Иемен бұрышына қол тигізіп, қара тастың күміс ернеуінен сүюге мүмкіндік туған-ды. Қара тас бұрышындағы адамның тығыздығынан… тасты лақтырсаңыз, төмен түспейтін шығар. Эксперимент жасаған ешкім жоқ, есесіне Қағбаның іргетасына шығып барып, қара тасқа жақындағандықтан, енді қалың адамға қарай секіруге тура келді қайтарда. 30, я 32 секунде пе (шамасы сол) аяғы жерге тимей, алпыс кілә Өркен судағы қамыстай қалқып тұра берді)))….

Алдымызда Мәруа дөңі…

Тауапты аяқтаған соң осы Қағбаны алғаш салған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аяғының ізі қалған Мақам Ибраһимнің артында тұрып намаз оқу да – сүннет. Оны да орындап, мешіттің әр бұрышында ағып тұрған Зәмзәм суынан шөліміз қанғанша іштік. Исмаил (ғ.с) пайғамбардың шырылдап жылағанда аяғы тиген жерден атқып шыққан бұлақ суының химиялық құрамын таба алмай, талай ғалымның шашы ағарыпты. Дәмі, түсі бойынша Сіз ішіп жүрген судан айырмасы болмаса да, молекулярлық құрамы мүлде бөлек көрінеді. Зәмзәм суы сасымайды, қанша жыл тұрса да борсымайды, қандай ниетте ішсең, бойына солай дариды, шөліңді басып қоймай, тамақ ретінде де тойдырады.

Бұдан кейін умра қажылықтың үшінші амалы – сағи. Бұл дегеніміз, Сафа мен Мәруа дөңдерінің арасында жүріп, арасында жүгіріп, дұға жасау амалы. Дөң дегеннен-ақ бұл шаңы шығып жатқан айдала деп ойлаған шығарсыз. Біз де осылай жорығанбыз. Сөйтсек, Сафа мен Мәруаның арасында жүру дегеніміз, асты да үсті де мәрмәр дәліздің ішінен жеті рет айналып шығу екен. Шөлдесең, қос қапталында Зәмзәмнің суы. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың жары Ажар анамыз не су, не нәр таппай осы екі дөңнің арасында бірде сағым қуып, бірде керуенді іздеп жүгіріпті деседі. Бұл амал осыдан қалған. Ал төртінші шарты – ихрам халінен шығу. Бұл үшін ер кісілер шашын түгел алдырады, немесе бір тегіс етіп қысқартады. Ойланбастан, «имидж түк емес, сауап көп емес» деп ем, біздің бөлмеде болған шаштараз Немат осыдан 10-12 жыл бұрынғы шашыма бір-ақ түсірді))))

Шамасы Малайзиялық қыздар Зәмзәм суын ішіп тұр

Осы кезге дейін Құбылаға жүз бұрып келсек те, оны көргендегі әсерді айтып жеткізе алмайсыз. Мұнда оқылған әр намаздың сауабы жүз мың намаздың сауабына тең екенін білген соң, әр намазды осы жерде оқуға міндеттеп отырдық. Тақырыптың неге «Жердің кіндігіндегі жайнамаз» деп қойылғанына түсінбей отырған шығарсыз. Расында, мысырлық ғалым Хусейн Камалуддин қазіргі Қағба тұрған жердің алғаш судан көтеріліп шыққан топырақ қыртысы болғанын дәлелдеп шықты. Содан кейін барып, осы маңайдан басталып, басқа құрлықтар пайда бола берген. Жердің магниттік осі де осы тұс. Жәһил ғалымдардың өзі бұған таң қалып, Қағбаның бекерге қасиетті болмағанына осылай сеніп жатқан жайы бар екен.

Жан-жақтан ағылып келген адамдардың біразымен тіл табысып, телефон алмасып жатқандар да болды. Мысалы, Ыстамбұлдан келген Меннет апам таспих сыйға тартса, Пәкістаннан келген бір бозбала өзіміздің Семейдің университетінде оқып, білім алған болып шықты. Қажылық кезінде аралайтын Мина, Мұздалифа жерлерінде, Арафат тауына экскурсия жасап, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның сахабалары жүрген қасиетті жерлерді көру бақыты бұйырды. Тамаша уағыздар тыңдадық.

Қош бол, Мекке!

Advertisements

19 comments on “Жер кіндігіндегі жайнамаз. І-бөлім

  1. Жаратушымыз жасаған құлшылық ғибадаттарыңызды қабыл етсін. Қажылықтың тәбәрігі деп Біздерге де дұға етіп қойыңыз. Алла разы болсын.

  2. 2011 жақсылығы көп болсын.
    Сен осы…. қазақ тілділердің бірінші құрылтайын өткізіп тастап, ұлттық бірінші Хабар арнасынан апталап түспей қойдың. Бұйырып, қажылық миссияңды да жақсы орындап келдің. Сосын жоспарыңда көп, бәріне үлгеруің керек.
    …сен осы 2012 ге сеніп жүрген жоқсың ба? 🙂

  3. Өте жеңіл түрде, жеңіл тілді қажылық шарттары түсіндіріліпті. Жақсы. Ниет қабыл болғай!

  4. Жер кіндігі туралы мына жерден көрсеңдер болады
    golden point of Earth, ағылшынша білмесеңіздер де түсінікті

  5. Ниетин кабыл болсын, Бизге де насип етсин. Бугин хабарласам. Жаксылап жазыпсын бирак орысшаны араластырмай, оз тилимизде жазсан келеси жолы ракымет айтар едим. Ниетимиз тузу болгай.

  6. орысша оборот қосу блогтың бір жазылмас стиліне айналып кеткен, бауырым! онсыз да жазуға болады ғой, бірақ…

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s