Қартайдым, қайғы ойладым


«Қараптан-қарап қуасың-ей?» Осы сұрақты Өркен өзіне қоймады дейсіз бе? Қойды, әрине. Бірақ, 25-тегі жігітті 40-тың қызығы еліктіріп қоймапты енді. Жазып құтылайын депті… Жазсын. Қазекем өзі жас ерекшеліктері психологиясын жастанып оқымаса да, адам жасына сай амалдарын атап-атап кеткен. Бірден жүзге дейінгі кезеңді жіктеп, жырына қосып, ұлағат

қылып, ұрпағына қалдырып отырған. Бірақ… бәрінен бұрын қырық жасқа көңілді ерекше бөлгені (ұйқас қуып естіліп тұрады десең, иә)) көрініп тұрады. Қырық жасқа «Қамал бұзар», «Қылшылдаған» деген теңеулерді құлағынан теліп жатқанда, «Қымыздан артық ас жоқ, қырықтан артық жас жоқ», «Жақсы қырқында толады, жаман қырқында солады», «Отызында оқ атпаған, қырқында қылыш шаппас», «Жақсы адам қырқына дейін ақыл жинайды, ақылсыз қырық жасында тоздырады» деген мақалдардың көптігіне таң қаласыз.

Он бесті қой жас, жиырма бесті жылқы жасы деген қазақ қырық жасқа патша жасы деп атау берген. Содан ба, Шығыс халықтарында қырыққа жасы жетпеген адамды күш-қайраты толысқанымен, ақыл-парасаты әлі де бітіспеген деп хан көтермеген. Қырыққа толғанда барып патша жасындағы адам деп атау осыдан қалған деседі. Бұған осы жасында, немесе қырықтан асып барып ел басқарған азаматтардың арамызда көп болғаны мысал болады. Бірақ қазақтың соңғы ханы Кенесары қырық жасында, жылқы жылы бақилық болғанын Мәшһүр Жүсіп жазып кеткенімен, оның 45 жасында қаза болғанын тарихтан білеміз. Мына Батыс ше, ондағы өркениеті өрге басқан мемлекеттерде ше (шо за стиль?), ел басшысына қырықтан асқан адамды ғана сайлайтын салт қалыптасқан. Бүгін де ҚР Конституциясында президент болуға пейілді азаматтың қырық жасты еңсергені басты талаптың бірі болып тұр… Ал енді жырауларымыз «Бір жас бар, қырық деген қылыш екен, Мойныңды бір жұмысқа бұрыс екен», немесе «Қырық жаста өмір мәнді сезілер, Елу жаста ұрпақтан ұмыт көрінер» деп жырлапты. Жақайым Жетес шешен «қырық жас та – бір дәуір, ақ алмастай жарқылдадым, аққан дариядай сарқылмадым, тау қыранындай шаңқылдадым, алдымнан шешусіз дау өтпеді, сөз кезегі келгенде маған адам жетпеді» деген сөз қалдырыпты. Осылай тізбелей берсек, тізбелей берсек көп қой, очм.

Мәселен дейікші, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығында (атамызды сопылар жекешелендіріп алмаса, аса тиісе қоймас енді) қырық жастың орны ерекше болғанын өлеңдерінен оқып білгенбіз. Қырықтың өз ғұмырындағы сапалық белес болғанын Шәкәрім бір емес, үш рет қайталап өткен екен. “Қырықтан соңғы сөзімді, сынап таны өзімді”, “Жас қырыққа кірген соң, бір ой түсті жаңадан”, “Қырықтан аса бергенде, ақылым қылды шерменде”. Яки, қырық жас – ақынның сапалық тұрғыда жаңа сатыға көтеріліп, байырғы мәселелерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік сыйлаған мезет. Шәкәрімнің ойларын шиыршық атқыза, өзіне де, өзгеге де сын көзбен қаратқызған қырық жасқа Абай атамыз да аса мән бере кеткен. Айталық, «Адам қырық жасына дейiн бiлiм жинап, қырық жасында камил толады, ақыл-ойы, жiгер-қайраты жетiледi. Ендi үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тiлiне жетiк болдық» дегенді Абай Шәкәрімге айтқан-ды. Осы әңгіме үстінде Абай білімін жетілдіру үшін Шәкәрімге  Ыстамбұл, Александрия, я Мәдинаға баруға кеңес берген деседі. Тіптен, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген ойлы сөзді айтқанда, Абай небәрі қырықтың үстінде (негізі 41 жаста) болған еді…

Бұл жастың қадірлі болуының  бір себебі, адамзат тарихындағы соңғы пайғамбар Хазыреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық осы жаста келгенін білерсіздер. Алла Тағала Адам (ғ.с.) пайғамбардың мыңжылдық ғұмырынан қырық жылын қырқып алып, Дәуіттің (ғ.с.) өміріне қосып береді. Қырық жастың құпиясын парсы, грек жұрты да білген. Ежелгі гректерде қырыққа толған адамды «акмэге келді» деп, ардақтайтын болған. Қазақы ұғымға салсақ, бұл ақыл-санасы толып, кемел деңгейге келген жан, тегі болмаса адам өмірінің ең тамаша кезеңі деген түсінік болып шығады. Ал ХІ ғасырдың тәрбие-тәлімдік маңызы жағынан тұғыры биік «Қабуснамасында» қырық жасты төбемен салыстырады. Яғни, «адамның өмір жолы төбе іспеттес, қырыққа дейін сол төбеге көтеріледі, қырықтан кейін төбеден жайлап төмен түседі» дейді. Қарапайым, иә? Тағы бір ескі кітаптың бірінде адамның қуаты 34 жасқа дейiн күннен-күнге арта түсетіні, 34 жастан кейiн төбеңде тұрған күн сияқты, қуатың көбеймейдi де, азаймайды да, бiрақ жүрiсiн бәсеңдететіні деп жазылған.

Өзі қырықтан кейінгі «кризисі» бір бөлек те, бұл жастың төңірегіндегі ырым-жоралар да жетерлік болып шықты. Мәселен, орыс халқында 33 пен 40 жасқа толған туған күндерін атап өтпеуге тырысады. 33-ті Иса пайғамбардың (ғ.с.) қайтыс болған жасы деп түсіндіруге тырысса, қырыққа келгенде нанымды дәлел таппай қиналады. Алайда, неге екенін, «қырыққа келдім» деп алты қырдың астынан ағайын шақырып, той жасауға қорқады. Біреулер мұның адам қайтыс болғаннан кейінгі «қырқын берумен» байланысы бар деп себеп іздейді. Қалай дегенмен, қырық жастың моральдық һәм физиологиялық тұрғыдан сыналатын, осы кезге дейін жүріп өткен соқпағына қарап, тұжырым жасайтын кез екенін ешкім теріске шығармайды.

Тек бұдан кейін қырықтан кейін өмірдің бар қызығы түгесіліп, адами тірліктің бәрі бітеді деген ой тумаса керек. «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген кинодағы Катя Тихомированың сөзі естеріңізде шығар. Ол «Қырықтан кейін өмір қайта басталады» деуші еді ғой… Жалпы, адамға қай жасында болмасын, өзін танытуға, игі амалдар істеуге мүмкіндіктер беріліп қойылған. Қазір кітаптың иісі мұрнына бармайтын клерктің өзі Пауло Коэльоның аты-жөнін жатқа соғады. Кітаптары барлық тілдерге аударылып, 11 млн. данамен таралып кеткен авторды қырықтан асқанша көршілерінен басқа ешкім танымаған. 1987 жылы әзер дегенде бір баспадан кітабын шығарғаны сол екен, барлығы оның әр кітабын құлай оқып, қолдан қолға тигізбей алып кетті. Өткен ғасырдың сән өнеріне табан ізін қалдырған Кристиан Диор алғашқы сән үйін 42 жасында ашты, француз актері Жан Реноның атағы 46 жасында, «Леон киллер» фильміне түскеннен кейін шықты… Стендаль «Қызыл мен қара» деген алғашқы романын қырық үш жасында жазып бітті, әйгілі драматург Генрих Ибсен де, суретші Тициан да қырықтан кейін құлпырған болатын. Тәк што, қырық жастан қанша құпия жасағымыз келсе де, ерлік те, ессіздік те тағдыр мен өзіміздің таңдау жігерімізде тұр екен.

Жастықты шығарып салып, желікті тыятын, ақыл тоқтатып, арынды басатын қырық жаста адам ағзасына, оның ішкі дүниесіне жұлдыздардың әсері күшті болады-мыс. Осы жаста ер адамдарда ішкі трансформация болып, соның есесінен адамдар өмір сызығын жалғастырады немесе толық өзгереді. Бұл енді эзотерик ілімшілер айтатын нұсқа. Ал психологтар бұл аралықты шығармашылық жетістіктердің шыңы деп бағалайды. Әрі адам өмірінде сегіз дағдарыс кезеңі бар десек, 40 соның жетіншісіне сәйкес келеді. Бұдан ары психологтар да басы артық ештеңе айта қоймайды.

Шындап келгенде, жыл санап, жас қарауға тіреліп қалған ештеңе жоқ. Бұл материалмен аз да болсын уақытты қадірлеуді, білім алатын һәм сол білімді жаятын уақытты жоспарлай білуге үндегіміз келіп еді.

Advertisements

14 comments on “Қартайдым, қайғы ойладым

  1. «Әйел қырыққа келгенде сұлулығын сақтап қалса – қасиет, еркектің 40-қа келгенде ақылы кірмесе – қасірет» Ғ.Мүсірепов

  2. «Әйел қырыққа дейін балаға қарайды, еркек далаға қарайды. Қырықтан соң әйел өзіне қарайды, еркек шамаға қарайды» деген сөзді есітіп ем бір жерден:-)

  3. Сосын ер адам 40 жасты тойламайды дейді. Неге екен а? Шамамен осы жаста кризис среднего возроста боп жатады, иә

  4. осы қазаққа таңым бар е!!! Болмайтын бірдемеден қорқады. ФЭН ШУЙді қытайлық ұрылар ойлап тапқан, тонайтын затын іздеп әуреге түспесі үшін деген анекдот бар еді. Соған сай келеді. Қайдағы жоқ, не ұстай алмайтын, қай жылы туылғаныңды ұмытып қалсаң білмейде өтіп кететін мүшел, 40 жас дегеннен қорқады да жатады. Әйтеуір ырымдап бірдеме жасап жатады. Қызық ей….
    Кризис среднего возраста деген негізі дұрыс дүние ғой. Адамды терең ойға сүйрейтін, күмән, сауалдың көбеяр түсі. Адамға мұндай сауалды кезең үш рет туады. БІрі тілі шыққанда..-«ата анау не!? анау ит неге үреді?! Қасық неге қисық?! » есіңде болар бул сурактар!? Бул кезде алғаш адам озін тани бастайды. Калай жаратылганын сурай бастайды. (капустадан тауып алганбыз дегенге 13 жасыма дейін сеніп жургем мен негізі)
    Екінші кезен – мақалаға түрткі болған қырық жас. Ол кез откен бар жолынды адактатып, елек-екшейтін тус. Озіне конілі толмай. Колымнан тук келмеді деп сынып кету себебі де осы. себебі сол – оз жоспарын орындай алмаганы…. БІрак басты жоспарды білмегесін сынады да ол кісілер. АЛЛА аманаты деген улкен тапсырманы умыткасын сынады. Жааа бул бір тарауы гана… Сосын анау рухани канагаттанбаган адам, баскаша жол іздейді. АЛЛА аманатын білмейді, ал рухы бір дуниені каже тетіп тур. Айелі я жумысы бурынгыдай кызык емес….сойтеді де..сырттан катын іздеу, бузылу басталады…кандай окініш… Ушінші кезен келеді. Ол сенін олер алдын. Атауын ішіп ажалын кутіп жаткан адам…курсіне беретінін естіген боларсын..ол сол баягы..кайдан келіп ем, кайда барам енді деген коркыныш..арі АЛЛА аманаты алсін алсін есіне тусе беретін кез. БІрак бары кеш!!!
    Біздер осыдан қорқуымыз керек қой. КЕШ болып кетуден…а не жас, я аруак, аулиеден емес!!! Аманатты бас аманда орындауға тырысайық!?

    • Адам құлшылық етуге жаралған. Егер ол Алла тағалаға құлшылық етпесе, міндетті түрде бірнәрсені ойлап тауып алады. Мысалы, осындай суеверие. Сондықтан Бестің сөзіне бес деген баға қоямыз

  5. Қырық жас – жолайрық. Адамның жақсысы даналыққа бет бұратын, ал жаманы алжуға бет алатын негізгі баспалдақ. Адам қырық жаста материалдық дүниеден, мүліктен безінгісі келеді деседі. Статистика бойынша ер адамдар арасындағы суицид оқиғасының айқын басым бөлігі осы қырық жасқа келеді. Шаңырақтар құлап, ажырасулар көп болатын жас та қырық. Еркек біткен өзін алдаусыратып, «өмірімді жаңадан бастаймын» деп, жаңа иіс, жас қатын іздеп кететін шағы да осы қырық. Ал өмірінің мәнін қырыққа жетпей жатып ізденген жан мерейі үстем болуға, қайырлы болуға бет алатын жас та осы қырық.

    Тақырыпты жақсы қозғап, жақсы жазыпсыз Ореке.

  6. кырыкка келгендер білетін шыгар. Менімше кырык жас расында да озгеріске толы болуы мумкін, бірак, егерде есті болса білім жинап пайдасын корер,акылсыз кеудесі төрт бұрыш адам болса керсінше кызык куып,барінен жалыгып, рухани дағдарыска ұшырайды, кыскасы жол екіге болінетін киылысы шыгар.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s