«Ақиқатты» бекер ашыпты…


Бас қалада өткен басқосудың тоқ етер түйіні деп осыған тоқтамасақ, басқа амалы кем. «Хабар» арнасынан «Ақиқат» атты фильмнің көрсетілуі мұң екен, ақпаратқа шөліркеп қалған атырап азан да қазан болды. Деректі фильмнің дауы интернеттің бетіне сыймай, игі жақсының арасында тулақ боп таласқа

түсті. Сондай кездесудің бірін А.Сейдімбек атындағы «АйнаLine» қоғамдық-саяси клубы ұйымдастырып, білімпаз жастарға білгір сарапшыларды бетпе-бет қойған еді.

«Отырар» кітапханасында өткен отырысқа дінтанушы әм абайтанушы Омар Жәлелұлы және дінтанушы Тышқан Кеңшілік қонаққа шақырылыпты. Жұрт көкейіндегі «сонымен, исматуллашылар кім еді? Фильм шыңдықтың бетін ашты ма, әлде ашықтай қаралау болды ма?» деген сауалдарына екіұшты жауап алып қайтты. Себебі, қос маман да, Астанадағы С.Ғылмани мешітінің наиб-имамы Мәмлүк қажы да аталған ағымды қолғаппен шымшығандай сынағанымен, батырып-батырып ештеңе демеді. Амал не, ағымның талқанын шығарар деп таусылған жұрт сол сауалын іштеріне жұтып қайтты. Иә, исматуллашылардың кемшіліктеріне қарамастан, бастан-аяқ нәжістің шелегін төге салуға болмайды. Мәселен, Омар Жәлелұлы «Исматулла Мақсұм ешқандай ясауишіл емес, сопылықтың қадария тариқатын ұстанады. Өзі дінде құпия, сакральды элементтер кездеседі емес пе? Яки, зікір салуды да сондай сакральды жоралғыға жатқызуға болады. Ал, дәл мынадай фильмде зікір салуды көрсете салу оны құбыжық қылып көрсетті. Ол құпия болғандықтан, көрсетпеу керек еді», – деді.

Әрине, исматуллашылардың саясатқа тікелей араласуға тырысқанын сарапшылар жоққа шығармады. Бұған қоса сопылыққа рухани деңгейі кәміл болған, іштей піскен адамдар ғана түсетіндіктен, оған ешкімді ашық шақырмау керек десті. Бұл енді исматуллашылардың кемшілігі екен… Жаңылыпты, жүдә. Сондықтан, сарапшылар «сопылардың» күңгей мен терісіне көзді бірдей жіберсек те, сопылықтың өзіне сұқтануға болмайтынын қадап-қадап тұрып айтты. Қалай десеңіз, Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» деген еңбегінде сопылық идеологиясы арқылы дін келгенін жазыпты. Түркістандағы сөзі де осыған тура дәлел. Қала берсе, Омар Жәлелұлы сопылықтың ата жолымыз екенін, есімін ел білетін тұлғалардан Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіптің нақышпандия тармағын ұстанғанын жаңалық қылып жеткізді. Жаңалық болғаны рас-ау, бірақ сопы мен зікірді тең көріп қалған жұрттың көзі шарасынан бір шықты. Абай мен Шәкәрім де зікір емес, фикрге жақын болып, Шығыстың сопы шайырларын ұстаз қылған көрінеді. Айталық, Шәкәрімнің «Жаман да бір, жақсы да бір, Адал да бір, шошқа да бір» деген сөзі оның адамшылықтың аса жоғары деңгейіне жеткен кезін білдіреді-мыс. Тышқан Кеңшілік аз сөйлеп, «менікі дұрыс деп айтқан жөн, бірақ менікі ғана дұрыс деген болмайды» деген пәлсапаға тоқтаңдар деді. Бұл ағамыз да исматуллашыларды біржақты қаралауға асықпай, саясатқа араласпақ болған әрекеттерін сынаумен болды. Зікір салудың мұстахаб екенін, яғни тиым салынбайтын, бірақ парыз болып табылмайтын төртінші шарт деп түсіндіре кетті. Әйтеуір, дінтанушылардың әңгімесіне салсақ, сопылықтан қашудың да, одан қасынудың да қажеті жоқ болып шықты.

«Түріктер оны мәдени құндылық ретінде қабылдап, Конья қаласында Мәулананың дәруіштер биін тамашалатқызады. Туристерге. Бізде бұл трагикомедиялық деңгейге түсіп кеткен. Ата-бабамыздың бәрі сопы болып келгенде, біз бүгін кім болдық? Бұған біз жылауымыз керек», – деген Омар мырза ойын ақтара салды. Жылауға лайық дүние болса, жұрт жылайын деп тұрған… Сонымен, «Хабар» исматуллашылардың құпия дүниесін қазбаламауы, таспаға баспауы, эфирге шығармауы тиіс болып шықты. Сәл әсірелеп тұрмын, әрине. Тіптен, бұл олардың діни наным-сенім бостандығын «абайсызда» аяғының астына мыжып жіберген көрінеді. Міне, мәселе қайда! Ал, біз ақиқатты білдік деп асыр салып жүрміз ғой… Айтпақшы, Тышқан мырза атқамінерлер алаңғасарлығының жарқын мысалы болатындай жайтты айтты. Дін істері жөніндегі комитет Ясауи ілімін дамыту туралы тұжырымды әзірлеп жатса керек. Иә, Елбасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, жеделдетіп іске асырып жатқан түрінен айналсақ та, «Диуани хикметтен» дәріс оқыта ма, әлде құпия зікірдің жарнамасын телеарнадан жүргізе ме, бұл жағы басекеңдердің қалауында болып тұр екен.

С.Ғылмани мешітінің наиб имамын «ҚМДБ-ның «сопыларға» қатысты ұстанымы қандай?» деп қанша қинаса да, тұщымды жауапты айта қоймады. Сопылықпен қатар уахабшылардың жөнінен сөз кетіп, олардың отаны Сауд Арабиясы екенін, осы мақсатқа бай мемлекеттің қазынасынан жылына 15 млрд-тай (қандай валютада екені айтылмады – Ө.) ақша бөлінетінін де Омар Жәлел осып тұрып айтқан. Бірақ, басқосудағы басты сауалдың жауабы сол күйі берілмеді. «Чуть-чуть не считается». Мен тұрып, «исматуллашылармен деректі фильм арқылы күресу қаншалық тиімді?» дедім. Омар ағам Қожанасардың бір әзілін айтып құтылды.

Отырыс модераторы Асылбек Снадин ойланып тұрып, «Осы Исматулладан бәрі қорқады. Үркеді. Ол өзі адам ба?» дей бергені сол еді, артында тұрған үлкен баннер жалп етіп жерге құлады. Біраз жұрт күлді, біразы қорқа бастады. Құрысын, тағы жайнамазын желпең еткізіп, қабырғаның ар жағынан біреу атып шығар деді-ау, арттағы қыздар мазасыздана бастады. Сонымен отырыс та бітті.

Advertisements

45 comments on “«Ақиқатты» бекер ашыпты…

  1. мдааа, не әрі емес, не бері емес… золотая серединаны ұстанған екен. Осындай имамдарды қайтесің!? Бір ғалым да жоқ (Исламды ғылым деп білетін) бәрін саралап, тақ тақ айтып беретін. ((
    Мақала ұнады , Өркен. Рахмет.

    З.Ы. Ұзын мақаланы алғаш толық оқып шықтым))))

    • Бәрін қоя тұрыншы, олардың нақшпандылары несі? Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіп? Ауыздарына келгендерін оттап, жусап жүргендері-ай, тайраңдап… Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Медет» деген сыр сөзінде бірінші Алла Тағаладан медет сұрайды, одан кейін қатарынан Адам ата мен Хауа анадан, бірнеше ұлық пайғамбарлардан медет сұрап, ақырында Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.), одан кейін төрт шариардан, одан соң Хасан мен Үсеннен медет сұрайды да одан кейін:
      Дін жолын Ол түзеткен,
      Хақ зікірін берік тұтқан,
      Халайыққа жол көрсеткен,
      Ғаусул ағзам сенен медет, – деп жалғастырып, араға Имам Ағзамды қосады. Сыр сөзінің соңында:
      Кәміл дүр сенің пірлерің,
      Барша білер сырларын,
      Түркістан дүр жерлерің,
      Әзірет Сұлтан(Қожа Ахмет Яссауи) сенен медет,- дейді. Ал Нақшпанды тарихатының өкілі екені рас болса, нақпандия тарихатының негізін қалаушы Бахауддин Нақшпандиден неге медет сұрамайды?

      • Сосын Бұхарекең жайлы айтпай кетсек болмас. Бүгінгі біздің Бұхар жырауымыз айтты деген жырлар сол Мәшһүр Жүсіптің арқасында бізге жеткен.
        Бұл жөнінде академик М.Әуезов былай деп тұжырымдайды: “Ол, өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебие¬тінің ғылымдық бір саласы историо¬графия бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт” десе, академик-жазушы С.Мұқанов: “ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған – Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп: “Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар, бізге келіп жеткен тамыры ғана». “Мес” жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Сиясы әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан”. Бұқар жырау сарт-нақшпанды болса, Мәшһүр Жүсіп неге сондай еңбекпен соның бәрін жазып сақтап қалуға тырысқан??? Бұдан бір-ақ қорытынды Бұқар жырау нақшпанды емес…

      • Қыр баласы «ата» деп тілі шыққан кезден бастап-ақ Ясауидің даналық хикметтерін жүрегіне сіңіріп өскеніне Мәшһүр Жүсіптің мына сөздері айғақ.
        «Үшеу» деп айта алмадым үш жасымда,
        Атамның жүруші едім арқасында,
        «Иллә Алла», «Алла һу-һу», «Алла – Хай» деп,
        Жүгірдім жақсылардың алқасына.
        Бес жаста ауызға алдым «бісмілләні»,
        Әптиек, Құран оқып, ұқтым мәні.
        Ясауи Құл Қожа Ахмет хикметінен
        Жүрекке төгілді нұр, хош кәләмі.
        Осыдан-ақ Мәшһүр Жүсіптің қай жолды ұстанғанын шамалай беріңіз…
        P.S.: Былтыр Бекет-Атаның 260 жылдық асын нақпандылар өткізіп, Яссауи жолын ұстанған Бекет-Атаны «нақшпандия тарихатын ұстанды» деп жалған пәтуаға ауыздарын толтырып өздеріне меншіктеп алуға тырысқан болатын… Енді ҚМДБ мен Нақш-тар бірігіп Қожа Ахмет жолын ұстанғандарды меншіктеуге шығыпты…
        Бұл қарқынмен кетсе бір күні Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің өзін де меншіктеп алатын шығар…

      • Бұхар жырау мен Жүсіп Көпейдің басы дауға қалды-ау… Омар нақышпанды дейді, Тарғын басқа дейді

  2. Осы бағдарламадан кейін «Общественная позиция» (ДАТ) газеті Қасым Аманжолдың пікірін білген екен. «Хабар» арнасы басшылығының атына терістеме беруін талап еткенін айтқан ол сотқа беруге барлық құжаттарының дайын тұрғанын да тілге тиек етіпті.

  3. Менің ойымша қандай дінді ұстансын, Құдайға қалай сенсін – ол жеке өмірі. Яғни, әйел, бала-шағасы сияқты жеке өмір. Оны сыртқа шығарып, айтып, үгіттеп жүруге болмайтын сияқты. Тем более журналистерге. Журналист әркез нейтрал/объективті адам болу керек, хотя бы тырысу керек сондай болуға.

    • Ақзере дін әр кімнің жеке өмір деу ол тым жәй басарлық!!
      қазіргі таңда діни уймдар әлемге қасірет жаудырып тұр сондықтан әсіре діншілдікетен сақ болуымыз керек!!!

      • Акзере, Алла адамдарды журналист, басқа деп бөлмейді. Қайта журналистер халықтың көзін ашуға көмектесу керек емес пе еді?

      • Шетел танған журналистика турасындағы принциптердің бәріне мойынұсына берген де болмас.. қалай дегенмен Әлди-бәлди айтпақшы, бұндай аласапыранда бейтарап қалу деген практика жүзінде тіптен мүмкін емес)))

  4. Әсіредіншілдіктен сақтану керек, сақтандыру керек, дұрыс пікір. Бірақ та, біржақты болмай қарсы тарапты да сөйлету керек еді. Фильм саяси тапсырыспен түсірілген сияқты. Шындығында, дінде зорлық жоқ деген Құранда.

    • Қарсы тарапан да сөйледіш ғой)) Айталық, айтпалық Исматулла қажының өзі, Саят Ибраев…. Нұраддин деген жігіт те сұралды, т.б.

    • Дұрыс айтасың, пәтуа шыққан. Ал баннердің құлағаны расында қызық болды, әрі отырысты тезірек аяқтауға да себеп болды))))

  5. Деректі фильмді көрдім. Медресенің біреуі Түркістанда дегенде (өзім Түркістанда едім) тіптен таң қалдым. Мен ол туралы еш естімеген екенмін. Мүмкін, ондайлар болуы мүмкін. Бірақ, менің бұл саладағы білімім таяздау, дегенмен, исматтулашылар мен ясаушылдар дегеннің ортақ ештеңесі жоқ сияқты көрінеді. Мүмкін қате де шығар ойым. Ал фильм тапсырыспен екені айдан анық. «Хабар» ашық күнде қара бұлтты төндіре салатын НТВ емес, өкінішке қарай.

    Ал, меніңше, дін – әркімнің жеке интимдік проблемасы. Бұны миллионыншы рет жазып отырған шығармын. 🙂 «Егер бәрі осылай ойлай бастаса, сектаға еліктеу азаятын еді» деген ой ғой.

  6. дін әркімнің интимдік пробемасы деген сөзге түсінбеймін осы. Онда сондай ұят, ұялар іс болса, несіне жамағат болып намаз оқып жүрміз?! Сакральный дегенді қалай түсінеміз!? Не сонда сакральный түрде дуға жасайтындары АЛЛАмен басқа тілде сөйлесе ме екен?! Әлде, пайғамбар тек соларға ғана жеткізіпті ме басқаша бір әдіс-амалды?! (астағфируллах)
    Сосын тағы түсінбейтінім… Әсіредіншілдік деген не?!?! Бар ма?!?! Бар болса онда әсіре адамшылдық деген де тіркесті табу керек.

    • Ай, екі философ, әңгімелеріңді оқып айызың қанады бір ше… Расында, дін әр адамның жеке ісі деген мәселе сәл түсінікке томпақтау. Мұсылман – мұсылманның айнасы дейді, суға біреу ағып бара жатса, бұл оның жеке ісі деп араласпай қоймаймыз ғой, бұл да сол сияқты

  7. Ойбай, масқара, өткенде бір киноның тұсаукесерін де ме, әйтеуір бірдеңесінде (француз актері ойнаған ше? комедия ма сондай) де банердің бір жағы құлап еді ғой, демек сол жерде біреу ішінен Исматтулла тақсырға тіл тигізген болды ғой. Немесе ана актер да тылсым күшке ие…

    • Әлди, қызық болсын, сен де өзің үшін бір сынап көрсей. Бір үлкен баннер тауып ал да қасына барып Ысматолланы тілің жеткенше жаманда, егер баннер құласа Ысмекең әулие болғаны (бірақ өзің баннердың астында қалып қалма))), құламаса жайыңа жүре бер))

      • Исматуланың мұндай «тылсым» күшін отандық құрылыс саласы үй бұзуда қолданса болады …:-)

    • «хабар» арнасы жасаған филім арнайы қызметтің аңдып жүріп түсірген таспаларынан құрастырып түсірген «ақиқаттан» садаға кеткір филім.біздегі журналистердің қарым қабілеті осыған ғана жетсе не сөз бар?қандай жағдайда да,қандай ұйым болсын үш жүз мыңда бес жүз мың мүшесі бар бұл ағымға қара бояу жағып,оның жетекшілерінен «халық жауы» жасау дегенің барып тұрған орақылық!қалай болғанда да,бұл адасқан ағым болған күндеде мұндай бір жақтылы хабар жасау білімсіздік.
      сол сопылардың арасындағы жігіттердің білімі осы «ақиқат»ты жасағандарды он орайтына сенімім бар.сол сопылар арысындағы Саят Ыбрайдың өзі қандай ұстаз еді?қандай ғалым еді?
      жалпы өзімізден жау жасап,тыныш заманда аттан салып өз мықтыларымызды көгендей беруді қою керек.ертең уақыт өтіп ар алдында жауап бергенде екі бетіміз от болып жанбасын ұяттан!бырақ беті бар адамның ғана ұяттан беті қызарады ғой…

      • Бұл пікіріңді де қостаймын, сәл біржақтылау кеткені де рас, бірақ мемлекеттің саясаты осы болып тұрса, ҚМДБ қарсы болып түрса, не шара бізде?

    • Әлди, Исмекеңе қазіргі ісін қожыратып алған соң, қолға алар жұмысын дайындап қойыпсың ғой, құрылыс бұзады))) Астапыралла

  8. «Хабар» жақсы, сапалы фильм шығарып еді, көп адамдардың сынағаны дұрыс болмапты. Енді қайт ертегі айтуға кірісіп жүрмесін «Хабар», осы сындарды естіп. Меніңше «Ақиқат» деректі фильмінің аты затына сай.

  9. Акка кудай жак!кимнын ким екенин кудайдын ози али ак корсетеды!!!баска истеры жоктай!жала жауып….

  10. Мейлі кім болсақ та, яссауишыл, исматуллашыл, немесе т.б. бәріміздің барар жеріміз – бір бақи ғой, бәрібіз бір Алланың алдына барамыз, сондықтан дін жайлы көп ойлай бермеймін. Бірақ, Түркия елі сияқты неге біз де өз мемлекеттік дінімізді қабылдамаймыз осы? Қашанғы көпдінді мемлекет боп жүреміз? Біздің ең әлсіз жеріміз – осы деп ойлаймын.

    • Түрікиялықтар Ислам дініне бір табан жақын болмағымен мемлекетте ешқандай дін мемлекеттік дін ретінде танылмаған.

  11. анау исматулланың түрі неткен суық еді, иманжүзді кішіпейіл біреу болар деп ойлайтын ем…. Алла бағасын берер.
    Негізі осылардың әндетіп жүргендері жат көрінетін, қастарындағы Елдос Емілді жақсы танитынмын, көршім болатын. үйімде де бала күнінде қонақ болған, ол негізі жақсы термеші еді, бала күнінде айтыстарға шығып жүрген,Сабыр Адай шәкірт қып қасына ертіп жүретін. Олардың миссияларның соңы осылай біткені өкінішті, мүмкін осылай бітуі дұрыс та болар….

  12. halaiyk jazbastan burun aldyn ala oilanyp oiga salyp ozimizdi khalkymyzdy kalai kai jolda ketip barajatkanyn korip jzau kerek agaiyndar oilanaiyk bizder syrtta jurip korip otyrmyz bul izterdi bari zansyz bas urgandaryn taubalaryna kelmese kaztn ayakasty bolar au deimiz

  13. сонда адам ау…. сенің жазғаның пікір де, біздің жазғанымыз пікір емес пе? Ойланып алып жазып отырмыз егер сол маңызды болса. Хабарға хабарлассайшы,көрсеткендерің ақиқат емес деп ендеше. Сонда жабық зынданға адамдарды қамап ұстап, тәрбиелеймін деп, жеке бас құқығына араласу дін бе сен үшін….?
    өзін өзі ПІРМІН деп жариялап, «маған жолағандардың бәріне бірдеңе болады» деген қырту әңгімелерімен қоғамды қорқытуға (өзі үркіп жүрген) исматуллаға құқықты кім берген… Алладан келген құтқарушы болса, МЕН деген әңгіме айтылмаған болар ма еді, а…..? Сен осы туралы ойланып көрші…
    Меніңше оларды уақытында тоқтатқан, наркомания секілді адам рухын сенімге нық байлап қоюға болмайды, келіспесең келіспе, иманды бол!

  14. «Хабар» арнайы тапсырыспен түсірсін-түсірмесін, мейлі өтірік-мейлі шын, бірақ бәрібір де бұл сопылардың теріс әрекетін жоққа шығармайды. Қалай дегенмен де, олар белгілі бір теріс мақсатты көздеген сияқты.

  15. Дінді үкімет белгілі бір мөлшерде тежеу арқылы ұстамаса, жастар санасы тап таза ақ парақ секілді, не жазылса да қабылдай қояды. Адамзат баласы қандай жұмбақ болса, Дін-сондай тұңғиық.

  16. СОПЫЛАРДЫН ШЫН БЕЙНЕСI. ЕНДИ АЙТЫНЫЗДАРШЫ ОЛАРДЫН МЫНА АМАЛДАРЫ ИСЛАМГА КАНШАЛЫКТЫ САЙ?????

    Нақшбани тариқаты Пәкістанда:

    Африкалық нағыз сопылар;

    Сириялық сопылар, мүридтермен бірге;

    Сопылық Суданда:

    Сопылардың ұстазын, ұстаздардың мүридтерін құрметтеуі:

    Қазақстанда сопылық

    http://kiwi.kz/watch/kls8oogenzcb

    Достар

    Әй мүміндер! Яһудилер мен Христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- біреулерінің достары. Сендерден кім оларды дос тұтса, сонда күдіксіз ол олардан. Расында Алла залым елді тура жолға салмайды. (5-МӘИДА СҮРЕСІ, аят -51)

  17. Қайтарма үнқосу: Neweurasia – Kazakhstan » Дін туралы тартыс қыза түсті

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s