Былшық (Сайлаудан кейінгі сөз)


«Ақсақ тоқты түстен кейін маңырайды«. Болмаса, көзден шыққан былшық болады ғой, біреу «әй, анауыңды сүртсейші» дегенше, сүрме болып тұратын. М-мм, дәл сондай былшық ойдан бүгін арылайыншы деп едім… Сайлау өтті. У-шу, айқай-сүреңсіз. Нұрекең осымен бесінші мәрте басшылық тізгінін ұстап қалды. Труимфатор демей немене енді (осы сөзді жұлып алып, жағымпаздықтың нұр-сәулелі

көрінісі десеңіз де, өзіңіз біліңіз). Кәнсе де кәнсоп, алдын ала таратқан мәліметке сүйенсек, сайлаушылар дауысының 95,5 пайызын алып тұр ғой. Тіптен, толқығаннан Елбасы көзіне жас алып та жіберді-ей (оның темір емес, біз сияқты пенде екенін осындайда білесің). Алдыңғы сайлауда, яки 2005 жылы ол 91,15 пайыз дауыс алған еді. Әрине, биылғысы көп, бірақ, Елбасы бұл жолы жеке рекордтарының бірін бағындыра алмады. Алғаш Алаш баласы ақ киізге көтерген 1991 жылдың желтоқсанында ол сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алған болатын…

Жарайды, басқа үміткерлерді былай қойшы. Ғани Қасымов жұрт алдында Тәңір атты немересінің «презентациясын» жасаған соң, ол кісінің онсыз да аз абыройы (мен үшін) түсіп кетті. «Ниже плинтуса». Есі бар еркек немересіне Алла тағала немесе баласына Будда (астапыралла) деп азан шақырып, ат қоймайтын шығар. Ал сенатор дымнан сескенбепті, сыбауға сөз жоқ. Сонысымен қоймай, өзіне 200 мың адамның дауыс бергеніне қуанады… Табиғатынан табиғатты сүйетін Мэльс мырза бұл жолы да таза жеңілгенін мойындады. Мойындау да білгенге ерлік. Бірақ… бірақсыз бола ма, ол сайлау бюллетенін урнаға салмай жатып, шартты түрде қарсыласы Н.Назарбаевқа «птичка» қойғанын көрсетті. Қайтсін, қуанып тұр. Бұнысы енді ерлікке татымайды (Имхо).

Ал, жалпы сайлауға келсек, бұл бұрын-соңды болмаған сұрқай кейіпте өткен сияқты. Ақпараттық соғыс деген атымен жоқ. Жұрттың делебесін қоздыратын жария дебаттар да көрініс таппады. Осындай жағдайда  Н.Назарбаевтан басқа үш үміткер де билік үшін емес, иланған сенімі я жасалған келісімі үшін жарысқа түскендіктен, жарытқан бәйге болмады. Екінші орын үшін егес жүрмеді, ең қысқасы, сайлауда қызығы интрига десек… бұл жолы оның иісі де шыққан жоқ. Себебі, халықтың басым бөлігі қазіргі президенттің қайтадан сайланатынын білді (не деген түйсік десейші)))

Дүдәмал болғандарын референдум өткіземіз деп жинаған 5 млн қолдың мысымен басып, психологиялық тұрғыда пысықтап үлгерді. «Енді осының бәрін біле тұра, неге сайлауға барамын?» деген ой туды көбісінде. Мен де сол ой туды. Сол себептен де сайлауға бармадым деп айта аламын. Мұны азаматтық борышты орындамау дейсіз бе, әлде абсентеизм дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.

Себебі, Назарбаевтың жеңіп шығатынына ешбір күмән болмады. Әрине, менің әлі Астанада тіркеуге тұрмағаным, кіндігіммен Таразға байланып тұрғаным да бар ғой себептің бірі ретінде. Қалай дегенмен, Нұрекең қайта сайланды. Құдай қуат берсе, қолдан келгенін аямаймын дейді. Иншалла!

Advertisements

32 comments on “Былшық (Сайлаудан кейінгі сөз)

  1. Басында басқа блог бастағанда саясат туралы ойларымды жазармын деген ой келген. Бірақ, әкемнің саясаттан талай таяқ жегені есіме түсіп кетті… Сондықтан да саясатқа араласқым келмейді.
    Негізі Нұрсұлтан ағаға бұл жолы конкуренттер дұрыс болмады. Халық өздері-ақ Назарбаевтан басқа адамды қаламады. Не болсада жақсылығын күтеміз, қанша дегенмен осы жүйеге үйреніп қалдық қой. Тыныштық үшін ағамызға көп рақмет айтамыз.

  2. Мен сайлауға бардым. Бірақ, сайлау комиссиясының көзінше бюллетенді екі жыртып бір бөлігін урнаға тастадым, екіншісін өзіме ескерткішке сақтап қойдым

  3. …»сайлауға бармадым деп айта аламын. Мұны азаматтық борышты орындамау дейсіз бе, әлде абсентеизм дейсіз бе, өзіңіз біліңіз».

    Өреке, мен де бармадым. Барып тұрып, кірмедім. Ұлыстың ұлы күнін бұлай қарсы алмаған олардың сол күнгі шат-шадыман күйін, шалқыған көңілін көргім келмеді. Неге екенін өзіңіз де білесіз ғой…

  4. Сәуірдің 7-сі күні пост жазып тұрып «..алдын ала таратқан мәліметке сүйенсек…» дейсің. Бауырым-ау, былшығыңды әлі алмапсың ғой?:) Соңғы мәлімет әлдеқашан жария болып кеткен жоқ па?:)
    «Әрине, менің әлі Астанада тіркеуге тұрмағаным, кіндігіммен Таразға байланып тұрғаным да бар ғой себептің бірі ретінде» – Осылай десей, бірден. Прописка-бажалар бірін-бірі алыстан таниды ғой. Түсінем ғой, қара бастан өткен:)

    • Бұл мәліметтер әлі де алдын-ала есеп деп саналады, толық қорытынды 12-ші сәуірге дейін шығады деген. Бірақ бұл саннан соншалық ауытқи қоймайтын шығар, ары кетсе 0,001 деген сияқты

  5. Асау болсақ та, білгіш болсақ та, демократ болсақ та барлығымыз үйде отырған батырлармыз. Сыртқы жағдайға көз тастасақ барлығы белгілі болады. Сол үшін де Құдай біздің маңдайға жазған Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бердім. Ашық айтылмайтын көп жағдайды түсінген дұрыс болар, ағайын!

  6. Мен де Астанада тіркелмегенмін. Өзгелерге белсенді болайық деп жүріп өзің бармай қалуың…Енді… ұят қой бармасаң.
    Бір күн барын Сайлаукомға барсам, Қызылордадан бір қағаз алып кел деп қайтарған. Сайлау күні шаруалармен жүріп жұбайым дауыс берсін деп (Астанада тіркелген) учаскеге кешкі жеті қырықта барып едік, ол ді тізімде болмай шықты, сайлауком қосымша жазып алды да, оған бюллетень берді. Маған да бюллетень бересіз бе деп едім, қосымша қағазға аты жөнімді жазып алды да, маған да бюллетень қолыма ұстата салды. Жақсы болды,
    Бердім дауыс.

  7. Қалай болғанда да біздің сайлау жүйесі керемет деген АҚШ-тікінен артық! Мысалы сол Әмрикаңызда екі партия (негізінде ол бір партия) сайлау деген спектакльге қатысады. Онда дауысты халық бере алмайды. Президентті саны 534 выборщик дегендер сайлайды. Кез келген выборщикты сатып алуға, қорқытуға т.б істеуге болады. Сайлау нәтижесі алдын-ала белгілі болады, жаңағы партиялар сахнаға шығып рөлдерін ойнап қана шығады. Міне батыстық саясаттың ең озық үлгісі деген осы!
    Бізде әрине кемшіліктер де жетерлік. Бірақ аналардан артықшылығымыз әр адам өзі дауыс бере алады. Яғни тікелей қатыса аласыз. Екі партия ғана емес бірнеше партия қатыса алады. Партияда жоқ адамның да президенттік бәйгеге түсу мүмкіндігі бар.
    Қысқасы айтпағым, ағайын Елбасын жамандай бермей өзімізді түзейік! Сонда барлығы да дұрысталады, Алла соны жазсын бізге!

    • Баурым ау!АКШ тің демократясын сынайтындай сен кім едің? өз к..дегі б…ті көрмей кісі басындағы шоқты көрмей жаурды жаба тоқып андағы жазғаның үшін жерге кіріп кете жаздадым ғой!
      өңкей нольден не пайда?
      единица болмаса! деп Абай атамыз айтқандай ойламсыз,сайлау дегенді түсінбейтін елдің «әйтеу қол қойсам болды!»деген сайлауынан не пайда?

  8. Сайлауға барған жоқпын, маған біреу салып жіберіпті. Барған әйелім айтып келді, біреу салып жіберіпті деп, несіне барам сосын.
    Осының бәрін халықтың шын ықыласы деп, көзіне жас алып тұр ма екен, әлде, қолдан жасағандарға риза болып, көзіне жас алды ма екен?! Мазақстанға айналып барамыз ба,осы.

  9. Ай, Өркен-ай, халкымыздын туйсиги шынымен дамып кетипти гой… Маган да касымдагы кудай коскан коршилерим «Жур, дауыс берейик, азаматтык борышын гой» деген кезде, кадимгидей толкыдым… Олар барып дауыс берди. Типти, кешки уакытта барган подругамнын кезекте турганын естип тан калдым… Апшеси менин козимше «Тамак дайын болды. Сени кутип отырмыз, кашан келесин, дауыс бердин бе?» деп сурап еді, ана жактан ол кезекте турганын айтты. Саган отирик шыгар, бизге шын…

  10. Бұл сайлаудың ешқандай қызығы да, шыжығыда болмады. Барлығымыз сайлауға неше күн қалды деп тосудан көрі, сайлаудан кейінгі көріністі (ішкі түйсігімізбен) күттік. Ол дәл сол түйсігімізше болды. Сайлау күні таныс, туыс, дос-жарандардың сайлауға бармағанын естідік те, түнгі жаңалықтан статистика бойынша әр облыс халқының 85-90% белсенді қатысқаның көрдік (үйде отырып дауыс бердік). Тізімдегі адамдармен жүздесе алмаған қаншама бюллетен қағаздарды көрдік. Бюллетен санағыш қолдардың шимақталған қағаз байғұстарды тек біржаққа таудай қылып үйіп жатқаның көрдік. Тілдері сексен, тоқсан деген сандарды ғана айтып үйреніп қалған ауыздарды көрдік. Соны көріп шыққан көз шығып кетсе де, басымызды иіп тұрған өзімізді көрдік.
    Міне! Ұлықтау рәсімі де, өтті. Нұрағамыз Қазақтың көк байрағын бесінші рет сүйді (төртінші). Көзіне жас алды. Адам баласы жүрек пен еттен жаратылғандықтан жылауда табиғатында бар. Ең бастысы ол жас қайдан шықты? Ұлтына деген махаббаттан жүректен шықты ма? Әлде аттай тулайтын тақпен қайта қауышудан шықты ма? Ол жағы бір Алла Тағалаға аян. Менің тілерім төртінші рет сүюге мүмкіндік алған көк байрақтың шынайы иелерін сүйсе дегім келеді.

  11. Сайлау өтті, барлығы сіздер ойлағандай нәтиже берді. 95% қолдан салмағаны белгілі, халық қалаулысы тағы да Нұрсұлтан болды. Басқа артына халықты ертем деп, кеудесін қаққан жігерлі жас ешкім көрінбеді. Ол кісіде осынша жылдар құрған қоғамын, өсірген бағын, сенімсіз кез келгенге тастап кетпейтін болар, ал бірақ оны ол жасай алар еді. «Аман бол, ел жұртым, халқым» деп сайлауда жеңіліс тауып, толеранттық күлкімен қош айтысса, не болар еді бүгінгі күн? 🙂 Оның елге жасағаны көп, оны да мойындап қою керек. Жеке басым, елге серпіліс беретін жастың болғанын қалап едім, бірақ бізде өз ойын ашық айтатын ұрпақ енді көгеріп келе жатқандай ғой, жаман болмағанбыз, жаман емеспіз , жаман болмаймыз.
    Сондықтан, Елбасының шабытын қолдап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманнан үмітті үзбейік, Достар. Негатив керек болса, осында толып жатыр, өтірігі бар, шыны бар…. аласапыран. Дұрыс сараламасың, барлық пікірлер артына ертетіндей.Тұманда адасқан сияқты айналып жүре беруге де болады!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

    ПЫ: Оппозиционерде емеспін, нұротаншыл да емеспін, бұл менің сайлаудан кейінгі еркін ойым ғана, түйсікке қытымыр тисе айып етпеңіз. Бәрі өте жақсы болады, себебі ақыры түбі баратын жерде жақсылыққа ғана орын бар.

    • Бүгінгі күнімізге шүкіршілік қылуымызды үнемі есте сақтауымыз керек! Біз үнемі жаңа өзгерісті, жаңа тұлғаны қалаймыз, бірақ оның бәрі біз ойлағандай бола бере ме екен? Әй қайдам, барымен базар, тойы мемлекет

  12. Сайлау қалай өтседе, шусыз өтті! Кім сайланса да бейбіт өмір сүргенімізге риза болайық! Журналистер тек осылай блоктарында ғана ой айтып, мәселе көтергенше, ашық тв-де, газеттерде жазыңыздар! Бұл күңкілдеу ешкімге ұнамас.

  13. Қандай сайлау туралы сойлесіп тұрмыз ?

    Сайлау бланктері номерсіз, ешқандай қорғансыз қағаз.
    Кез келген типографияда саған осындай 16 миллионын 1 күнде жасай алады.

    Тағы да кандидаттар туралы сөйлесек, біреуі де нақтысы кандидатқа ұқсамайды.

    Кандидаттардын рөлін ойнаған, мазақ клоундар.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s