«Шырақтар» шақырады…


Астана. Сарыарқа мен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысар тұсында қос үй тұр. Әу бастан әрқайсысы 25 қабаттан тұратын тұрғын үйлерді астаналықтар «Қос шырақ» деген атымен таниды. Ал екі айдан бері осы үйдің 16-шы қабатында, осы блогтың авторы тұрады. Өткен жексенбіде өмірінен безінген жасөспірім осы «шырақтың» шырқау биігінен жерге құлап, жантәсілім етті.

Қалай десеңіз, қалақтай қыз 22-ші қабаттан секіріп кеткен. Ал бұл бар-жоғы орта мектептің 7-ші сыныбында оқып жүрген, он екіде бір гүлі ашылмаған қарындасымыз болатын. Бұл жерде оған «өз өлімін өзі ұйымдастырды ма, әлде біреу көмектесті ме?» деген де даулы сұрақ туындары түсінікті. Бұны айтып отырған себебім, қайғылы оқиғадан бірер күн бұрын, оның ұялы телефонына 5 мың теңгенің бірлігін біреу салыпты. Бұл турасында қыз таңданысын жасыра алмай, анасына айтып барады.  Қазір кім  біреуге 5 мың тенге тұрмақ, 500 тенгенің бірлігін тегін сыйламасы анық емес пе? Әйтеуір, сол күйі «қайырымды» адамның кім екені анықталынбай қалады… Оның қызға ойы бар ынтызар болуы да мүмкін дерсіз. Бірақ қыздың анасы жұмбақ жағдайды қазір жиі еске алып, күдікті осыдан көріп отырған сияқты.

Ал қыз өмірімен қоштасар алдында анасының телефонына «Мама, еш уайымдамаңыз. Бәрі де жақсы болады…» деген СМС жіберіпті. Екі ауыз сөзден басқа ештеңе айтпаған. «Бұл фәниден баз кешуіне не себеп болды, кінәлі кім?», –  деген сұрақтарға жауап беретін жарты бет хат та жазбаған. Оны әлдебіреу арғы өмірге асығыс «аттандырғандай» әсердің осыдан қалғанын айта кету керек шығар. Тағы бір түсініксіздеу тұсы мынада: 22-ші қабаттан секірерден бұрын қыз алдымен сөмкесін лақтырады. Содан кейін барып өзін… Соған қарағанда, сөмкенің орнында өзін сезініп, жерге соқтығысқандағы жағдайын көз алдына елестетіп көрген сияқты. Бірақ аялдамада тұрған адамдар «а» деп айқайлап үлгергенше, қыз төменге қарғып кеткен… Ал сөмке лақтырысты психология тіліндегі «ғылыми» парасуицидтің анықтамасымен түсіндірерміз. Яғни, «келтірген шығын үшін кешірім сұрау». Себебі, көбіне-көп өмірден баз кешкендердің алдын ала дайындалып, бөлмесін тазалап, бойына қарап, қарыздарынан құтылуын осы түсініктің аясында түсіндіреді. Жә, жарар, ойдың түбіне түссек, Кодзи Судзукидің «Қоңырауының» желісіне салып, біраз жерге дейін барарымыз анық. Қасаң теориядан ұққанымыз, суицид жасауға материалдық таршылық, оқу үлгерімі, ата-анасымен, ортасымен нашар арақатынастың ықпалы бар деген сипатта болатын. Алайда, қыздың ата-анасы саусағын сорған сормаңдай болмаса керек. Бақуатты ата-анасы қыздарын төбесінен құс ұшырмай тәрбилеген. Есілдің сол жағалауында, ауқаттылар ауданында тұрады.

Қыздың өзі сыныбындағы ғана емес, мектеп бойынша маңдайалды  оқушылардың бірі болған. Жақында ғана Алматыда өткен математикадан мектеп оқушылары арасындағы жарысқа қатысып, жүлдемен оралыпты. «Есепке жүйрік еді. Одан бұндай шығуы мүмкін емес», – деп құрбылары жылап-сықтаса, мектептегі мұғалимасы бұл қасыретке интернетті айыптап отыр. Яғни, қазіргі жастардың күндіз-түні әлеуметтік желілерде әңгіме соғып, махаббат құрып, сыр тарқатуының соңы осындай суицидтерге апарып соғуы мүмкін дейтін көрінеді… Бұл бүгін ашылған жаңалық емесін білеміз. «Мэйл-агент» деңгейіндегі «мәдениеттің» адамдарды байланыстырудан бұрын бір-бірінен алшақтауын, өз пікірімен оңашалануын туғызады деп талай ғалым зар илеп жатыр. Амал қанша, бозөкпе жастардың бір-бірін көрмей жатып, сезім білдіруі, алдана салуы, сенімнен шығара салуы «мэйл-мәдениеттің» стандарттарына айналып кеткені қаш-аа-аан…

Бәрінен бұрын қыздың өз жобасын жүзеге асыру нысаны ретінде «Қос шырақты» таңдағаны тұла-бойыңызды түршіктіреді екен. Себебі, қыз оқыған №64 мектеп-лицейі қаланың басқа ауданында, Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасса, үйінің Есілдің сол жағалауында екенін жоғарыда айттық. Сонда аталған мекенжайлардан алыстау «Қос шырақтан» құлауды қыз құлағына біреу сыбырлаған ба дерсіз. Сол күні бейтаныс қыздан жөн сұраған вахтерге ол «туысыма барамын» дегендей жалтарма жауап беріпті. «Қос шырақ» салынған 1998 жылдан бері осында тұрып келе жатқан апайдың айтуынша, дәл осы үйден қарғып өлгісі келетін жанкештілер жылда кездесетін көрінеді. Былтыр осы үйдің 25-ші қабатынан мектеп оқушысы секіріп, бірден мерт болған. Апамыз «Оны да 64-ші мектептің оқушысы деп пе еді, есімде қалмапты. Әйтеуір, мына суицидке барған қызбен жас шамасы бірдей-ау», –  деп ернін сылп еткізді. Үш жыл бұрын осы үйдің терезесінен 16 жасар бозбала секіріп кеткен. Қарап отырсаңыз, қысқа уақытта «Қос шырақ» өлімге асыққандардың өмірмен қоштасатын «ақырғы перронына» айналған сияқты. Содан да, Сан-Францискодағы «Алтын қақпа» көпірі сияқты, Астана «шырақтарын» жергілікті жұрт жақсы білетін болып тұр. «Алтын қақпа» дегеннен шығады, Америкадағы атақты көпірден кейінгі 70 жылда 1200-дей адам суға секіріп, о дүниеге аттанып кетті. Ал біздің «Қос шырақтың» атақты болу себебін, астаналықтар оның үйілген адам сүйегінің үстіне салынғанымен түсіндіреді. Бұл үйдің тұрғындарынан сұрай қалсаңыз, түн ішіндегі тықыр, өздігінен ашылатын есік пен терезе жайындағы түрлі оқиғаны таратып, айта жөнеледі. Кіреберістен (подъезд) елес көріп, есі шыққандары да бар. Әңгімешіл тұрғындардың «Біздің «полтергейстен» келген қонақтар түнімен ұйықтай алмай шығады», – деп келетін «ғылыми байқауларын» айтсайшы. Расында, қазіргі «Қос шырақтың» орнында XIX ғасырдың зираты болыпты. 1973 жылы қала аумағының кеңеюіне байланысты зиратты Тілендиев көшесіне ауыстырғанымен, талай сүйек шашылып қалып қойған деседі. Тұрғындардың топшылауынша: «Жаны байыз таппаған әруақтар өлімге асыққан жандарды осында шақырып тұрады». Ал бұған сенбейтіндері болса, суицидтің көп болуын «шырақтың» балкондарында қоршау жоқтығымен түсіндіреді…

Біз бір мысалдың төңірегінде ғана тоқтаймыз деп едік. Дегенмен, «Қос шырақтағы» қайғымен бірге сол жексенбіде, 13 ақпанда, Астанадағы Қазақ Мемлекеттік медициналық академиясының жатақханасынан бір студент секіріп кетіп, қайтыс болыпты деген суық хабар естідік. Сонымен, бір күнде қос тағдыр үзіліп, қос шырақ сөнді… Имандары салауат болсын деп айтқың-ақ келеді. Бірақ айта алмайсың. Бүгін өз-өзіне қол салған өрімталдар аз қазақтың ұлттық мәселесіне айналып біткеніне ашынамыз (ашынғанмен, не істейсің дерсің тағы). Суицид турасында көптеп сөз есілетін болғанымен, сұмдық жайттардың саны кеміп отырған жоқ. Өткен жылы елімізде 237 жасөспірім өз өмірімен қоштасты. Арғы жылы 260 жастың өмірі қыршыннан қиылған еді. Иә, бізде 168 жерде балалар қоғамдық қабылдауы ашылып, 211 сенім телефоны, балаларға арналған 14 дағдарыс орталықтары жұмыс жасайды дейміз. Мектептерімізде 7570 психолог бар, оның 5224-і ауылдық жерлерде қызмет атқарады деп ұялмай айтамыз. Бұның сыртында қаншама мектеп инспекторы, пәленше таралыммен шығатын оқу-әдістемелік құралдарын қоса кетіңіз. Бірақ осының бәрінің қағаз жүзінде қырып-жоятындай қауқары болғанымен, шынайы өмірде шынашақ күшіндей шамасын көрсете алмай отыр. Өзіңіз ойлап қараңызшы: әрбір 12 минут сайын бір қазақстандық өзін өлтіруге талаптанады. Кейде сәтті, кейде сәтсіз… Содан да Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі суицид бойынша 3-ші орынды Қазақстанға берді. Ал Еуропа аймағындағы 24 елдің арасында қыздар суициді жөнінен 1-ші орынды ешкімге бермей тұрғанымыз тағы бар.

Мұндайда айналайын үкіметтің «Бір адам қайтыс болса – қасырет, миллион адам қайтыс болса – статистика», – деген Сталиннің сөзіне салып, салғырттық танытуына жол болмаса екен дейміз. Бұл жерде жалғыз Жарасбай Сүлейменовтің Парламент қабырғасынан жар салуы аздық етеді. Бұл тұста ұлт болып қасыретті ұғыну, отбасылық тәрбие мен мектептік оқытудың біртұтас болып бірігуінен басқа жолды көріп тұрған жоқпыз. Жасөспірім тәрбиесіндегі «қайта құру» «өтілді» деген белгі үшін өтетін тәрбие сағаттарынан басталып, телеарна саясатын былапыттан тазартуға дейін кешенді жүргізілуі тиіс еді.

Advertisements

13 comments on “«Шырақтар» шақырады…

  1. bir Allahtyn ozi ol jandarga jardem etsin…
    sondai habarlardy estigen saiyn katty kinalamyn… kansha galymnyn suicidtin sebebin tabamyn dep talaptanganmen, ali eshkim jetisken jetpegen sekildi. Ar olimnin artynda bolek bit okiga turady… ote kiyn jagdai…

  2. Мен де сол қос шырақтың бірінің тұрғынымын. Сол күні асықпай жұмыстармен сыртқа шыққанымды сыртта топырлап жүрген адамдарды, жедел жәрдем машинасын көрдім. Тыныштық шығыр дедім де өз біттіммен кете бардым. Сәл ден соң медте оқитын әйелім звандады жатаханадан бір қыз секіріпті деп. Артыншы біздің үйдің үстінен де бір қыздың құлағанын айтты. Мына хабарды естігенде көтеріңкі көңіл күйімнің быт-шыты шықты. Қос шыраққа келіп сол арада жүрген қыздармен сөйлестім. Олар оқиғаның қалай болғанын айтып берді.Қыз жерге емес бірінші қататтың төбесіне құлаған екен. Олардың айтуынша бір кісі соткасына түсіріп үлгеріпты. Бір ақ кім екендігі белгісіз. Ал жатаханажағы оқиға бұдан бір сағаттай бұрын болған екен. 4 курс студенті 8 қабаттан секірген. Естуімше Қызылордалық. Оқиғаны алғаш естіген кезімде сол арадағы интернетте отырған едім. Блогыма жазбаны бастадам да, бітіре алмадым. Жазуға шамам келмеді. Жүрегім алай-дүлей еді.
    Қолдарына камераларын ұстаған журналисттер жүгіріп жүрген. Бір ақ бұл оқиғалар жайында теле арналардан тіс жарып айтылмады. Мүлдем. Тіптен жедел 7 Арнада. Мүмкін әкімшілік тиым салды ма екен.

    • Ой, көрші екенбіз ғой)) Иә, сол күні жұмыс жаққа бармалық болып жатыр едім, үйдегі хозяйка қыз жаманат хабарды айтып келді. Жүрегім ұшып кетті. Бекболат ағаның орындауындағы жырларды тыңдадым да отырдым….

  3. negizi biz jana pater izdegende osy uilerdin birinde kuwti variant boldy, alaida, akem bul uiler eski mazardyn ustinde turgyzylgan, aurasy jaman dedi. Rasynda, osy uilermen bailanysty angime koooop!

  4. 7 сынып оқитын өрімдей қызды не мазалауы мүмкін… меніңше сөмкесі түсіп кетіп соған ұмтылам деп құлап кеткен секілді…Анығын бір жаратқан біледі..Арты қайырлы болсын дейік!

    • мазалайтын дүние көп!

      Ол ақша мәселесі болуы мүмкін, алғашқы махаббат, мектептегі зорлық, мұғалімдердің көзқарасы, сыныптастарымен конфликт, ата анасының жанжалдары, ең сорақысы моральді прессинг.
      Статистикаға сенсек күнде кемінде бір бала суицид жасайды екен, ал ол деген сұмдық! Қоршаған орта, қоғамның өзі, үлкен аға әпкелеріміз жауыз болып кеткен.
      Сол себеп, ешқандай себепсіз бала 22 этаждан құлап өлді дегенге сенбеймін. Сөмкеге бола секіру деген – абсурд! Қисынсыз!

      • «Қоршаған орта, қоғамның өзі, үлкен аға әпкелеріміз жауыз болып кеткен» – мәселе осында болып тұр ғой, безбүйрек қоғам, рухсыз жандар.. осылай деп жылай да жылай беруге болады

  5. Бұл – қасірет. Қазақты шыр көбелек айналдыра беретін ажал. Мемлекет болып, мемлекеттік деңгейде ойластыруды қажет ететін мұндай апатты жасырып-жабу – қылмыс. Ең бірінші бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласу керек сияқты. Әйтпесе, бұл құпияның беті ашылмайды! «Қазақтелеком» арқылы қасірет құшқан қыздарымыздың ұялы телефондарын анықтап, соңғы уақыттарында кімдерге смс жазды, кімдерге хабарласты және оған кімдер хабарласты, не туралы сөйлесті, т.б. мәселелерді анықтау керек. Егер құлшынса бұл түк те қиын емес. Жоғарыдағы бір қонақ айтып отыр ғой. «Тіпті жедел дейтін 7-арна да қорқып отыр бұл туралы айтуды» деп. «Ауруын жасырған қоғамда» өмір сүріп жатқан, қорқыныш елесі кезген қоғамда жалғасын таба беретін «құбылыс». «Құбылысқа» қарық болған қазақтың көре бермек күні осы. Жүре беріңдер, референдум, сайлау деп ұрандатып. Уақыттарың жоқ қой.

    • шындап келсе, қыздың поштасының паролын бұзып, кіммен сөйлесті, микроблогына не жазды деп зерттесе болар еді, бірақ бізсіз де полицайда мұны білетін адамдар бар шығар.. ә, «Хабар» арнасы келгенмен, КСК рұқсат бермепті. «Қайғыдан сенсация жасамаңдар» дегендей

  6. Өрнек, осы мақалаңды Бекболат ТІЛЕУХАНҒА жіберші. Мүмкін сол айтар бүкіл қоғамға. Енді сенің осы мақалаңнан кейін «кейіпкерлерің» көбеймесе – азаймайды. Сондықтан да бұл мәселені жерге тастама. Әр қазақ – менің жалғызым десең егер. Демесең… Басқа кезекті мақала жазуға дайындалып, айлығыңды алып жүре бер. Көтер мәселені. Халықтың – көзі һәм құлағы екендігің рас болса!

  7. Жарасбай Сүлейменов айтты ғой. Ол да депутат.. Мен жаздым. Тағы біреу жазады. Бірақ, бұл менің ғана тақырыбым емес қой, бәріміз бірге бас ауыртатын мәселе… Қорқыт ата

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s