Байбекте бар, басқасында жоқ…


Олар мемлекет басқару жүйесіне мэйнстрим әкелуі тиіс болатын. Олар сүйікті истиблишменттің ителгі ұшар биігіндегі иерархияның сүйегін жаңартып, сүйкімін келтіруі керек еді. Олар керек жерінде капитан, лайық деп тапса лоцман болуы тиіс болатын. Осымен, олар, олар… дегеніміз, «Құдай берген» «болашақтықтар» ғой баяғы. «Тиіс» деген етістікті естісе де, естімесе де, біразымыз «болашақтықтардан» осыны күтіп едік. Қысқасы, «айрықша ені бар» жастарымыздың жағдайы жанына батқан Сағынбек Тұрсынов осы аптада депутаттық сауалын жолдады.

Мәжілісмен Сағынбектің көтерген мәселесін қолымызды көтере отырып, қолдаймыз. Иә, бұл бағдарлама Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келді. Аяғына енді тұрған алып елдің адымын ашатын мамандарды дайындау үлгісі болғанын да мойындаймыз. Бір ғана дерек: бағдарлама басталған 1993 жылдан бері 3 338 азамат түлеп ұшыпты. «Тамаша емес пе?» деп таңдайыңызды тақылдатпай тұрып, енді мына деректерге де көз қырын салыңыз. Қазір әлемнің ең әйдік деген университеттерінде омыртқасын майыстыра оқу тоқыған 300-дей «болашақтық» жұмыс таба алмай жүр. Бұл «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Саясат Нұрбектің дерегі болса, депутат Сағынбек Тұрсыновтың статистикасына салсақ, бұл көрсеткіш 400 бен 600-дің арасында толқиды екен. 50-ден астамының елге оралмай, біздің құқық қорғау өкілдерінен қашып жүргені тағы бар. Бар-жоғы үш мыңнан асатын «болашақтықтар» үшін бұл «кінәрат» болса, қарапайым халық үшін қасірет дей беріңіз.

Әңгіме басында сөз еткендей, «болашақтықтардың» мемлекет басқарудағы мандайының қыртысы жазылмай, «жолы ашылмай» келеді. Мысалы, кейінгі жылдары «Болашақты» бітіріп келген үш азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Үшеуі де вице-министр лауазымында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген «статьямен» түрмеге тоғытылды я жазасын күтіп отыр. Бұдан кейін «Болашақтықтар» Батыстың демократиялық дәстүрлерін бойына сіңіріп, парақорлық былғаныштан пәле көргендей қашады деген сенім сейілмегенде, тұман сейіле ме? Бұның жанама себебін саясаттанушы Данияр Әшімбаев тәптіштеп түсіндіріп кеткен болатын. Яғни, «болашақтықтардың» біразы бізде қалыптасқан кландардың ұсынуымен білім алып, кейін де сол топтың мүддесі үшін тірлік етеді. Бірте-бірте алғашқы адуыны басылып, алған айлығы мен отырған креслосына шүкірлік етіп, біздегі саясаттың «өзің бас болып, бастама көтерме, тыныштық сақта, тәртіп бұзба» деген мантраларымен қайта тәрбиеленеді. Оның үстіне, «болашақтықтардың» билік дәлізіндегі шешім қабылдау «шараларына» тигізер ықпалы төмен. Неге десеңіз, көбісі сол ұлттық компаниялар мен бизнес құрылымдардағы майлы жілікке қолы жететін сарапшы, кеңесші, департамент бастығы дегендей «ортаңқол» қызметтерге жайғасқан деседі. Мемлекеттік қызметте жүргендерінің де сыбысы естілмейді… Білетініміз, сол баяғы тамаша карьера жасаған төрт-бес «болашақтықтың» фамилиясы ғана. Любендегі жоғары мектепті тауысқан Бауыржан Байбек бүгінде ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары. Мемлекеттік басқарудың неміс мектебінен дәріс алып қайтқан Ғабидолла Әбдірахимов қазір Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болып қызмет атқарады. Әбдірахимовты кеше телефонмен тексергем: қазақшасы да, ой-пікірі  де тәуір екен. Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев Вашингтон университетінде білім алған болатын. Осылай деп тағы екі үш фамилияны атағанмен, ары қарайғысын ешкім білмейді де, танымайтын да болар. Сонда қалғандары алқапта соқа салып жүр ме? Әлде  өздерін танытуға «өз ағалары» жол бермей, ескі жүйенің ережелеріне бейімделіп кетті ме?

Басқасы былай тұрсын, сол «болашақтықтардың» басым көпшілігі  қазақ тілінде қақпаса да, ағылшын тілінде кез келгеніңді сүріндіреді. Сол шіркіндер, осы ел үшін сүйегін қалдырған арыстардың арманы, Абайдың ұлағатын түсіне ме екен, ә? Әрине, «болашақтықтарды» бұл жерде биліктің бишігін бүгін болмаса да, ертең ұстайтындар деп «есейтіп» отырмыз ғой. Оның үстіне, «болашақтықтардың» бәрі демей-ақ қоялық, көбісі ауылдың шаңын жұтпай, қазақылықтың уызына жарымай, өңір, өлкеде жастығын өткізбеген соң, аймақтық саясаттан да хабары аз десек, ағат болмайды.

Содан да, олардың Батыстың, Американың бұқарасына, діліне, дініне, қоғамдық құрылымына негізделген басқару модельдері біздің топырақта бүршік жара бермейді. Бүршік атса да, бастамаларының пайдалы әсер коэффициенті елу пайыздан асып жығылса, табыс дей беріңіз. Демек, бұл жерде «жүйемізде толықтай кадрлық жаңару орын алды ма, саяси элитаның сапасы артты ма?», – деген сауалдың басы ашық күйінде қалады.

ПыСЫсы. «Болашақтықтардың» арасындағы ең беделдісі, әрине Байбек. Жұрт бірден «о-о, оның болашағы бар дейді»… Дұрыс қой, сонда Байбекте болашақ бар да, басқа «Болашақтықтардың» болашағы жоқ па? (жаңылтпашыма кешіріңіз)

Advertisements

21 comments on “Байбекте бар, басқасында жоқ…

  1. Өй де! Шап Өреке!
    Дегенмен, дүниеде мен түсінбейтін нәрселердің бірі – «басқаруды», бастық болуды қалай оқытуға болатыны. Жазушылыққа оқытуға бола ма? Меніңше жазуға оқытуға болады, бірақ жазушылыққа оқытуға болмайды. Әрі шетелдік «басқару» ілімінің отанымызда опат болуының себебі, бір жерінде өзің де меңзеп кеткендей – анық көрініп тұр. Батыс меніңше, қағаз алыс-берістен, жұмысшыларды жазалау мен кәмпит үлестіруден және өндірістің есеп-қисабынан басқа түк үйретпей жіберсе керек. Атап айтқанда, елімізде етегің жиып, адам болуға қажет келесі курстар легі ескерусіз қалған:
    1. «Шалдарды ренжітпеу»;
    2. Кімге айына, кімге аптасына «ағалап» барып тұру, әзиз даусыңды телефон арқылы еске салып отыру;
    3. «Бөлісу»;
    4. «Субординация»;
    5. «Бәріне жақтаса отырып, ешкімнің жағында болмау»;
    6. «Өкімет дәлізінде инсайдер ұстау және асырау»;
    7. «Саяси сең кезінде қайықта қалу».
    Бұларды еш елде, және ешкім де оқытпайды. Оны қалай десем екен… былай… өзің түсінесің бе, солай өзі… Әдетте тіпті ештеңе оқымай, бірақ осы Жеті Жарғыны мықтап меңгерген шопырларға дейін мықты тізгінге қолдары жетіп жатады, өз көзіммен көргенмін.
    Бір мульфильмнен көріп едім, ұшатын табақшамен тас ғасырына келген гуманоид ақыры: «Сендерді түінуім үшін – кері кетуім керек шығар!» деп налитынын. Батыс ақымақ болмай, алдымен кері кетіп алсын!

    • Дұрыс айтасыз, бізде қазір иттің итақайы ГМО-ны (государственное местное управление) оқып алып, шіреніп отырар кресло іздейді. Расында, мемлекеттік басқару менеджментін, идеологиясын оқығандардан бір жақсылық күтуге болатын да шығар.. Дегенмен, жазылмаған «Жеті жарғының» заңдық күші кез-келген моралдық қалыптан, конвенция,келісіміннен артық болып тұрған сияқты. «Болашақтық» үшеудің істі болуы да, өзгелердің көрінбей жатқаны да осы заңдылықтарға олардың қаншалықты бейімделіп кету-кетпеуіне байланысты істің салдары сияқты.

  2. Лондонда оқуын тауысып келген сондай бір болашақтыққа шай бергенім бар. Байғұс, жұмыссызбын дегенді де әзер айтты-ау. Шынымен де қиын. Бәрі бірдей емес. Арасында ұлтқа пайда тигізерлері де бар екенін ұмытпайық.

    • Мысалы, Әбдірахимовы тәуір екен, Премьер-министрдің кеңсесін басқарып отырмын демей, кеше асықпай, аптықпай, ойын ашық жеткізді. биографиясына да көз жүгірттім, қалыпты өсу байқалады)))))))))

    • Қазақстанға қажеті жоқ мамандықтар бойынша оқуға жіберген комиссия оқуды бітірген адамдардың жұмыспен қамтылуына көп көңіл бөлмесе керек.

  3. Өркен, мадиссс! Айтылуы, айтыла түсуі тиіс тақырып. Менің де үш-төрт «болашақтық» танысым бар. Ішінара «Е-мое, бітірген соң ауылға (Қаз-ға) барғым келмейді. Не бар онда?» дейді… Мегаполис па екен, есімде жоқ, орыс әріптестерің осыны жазып еді-ау… Бірақ «Болашақтықтардың» жағынан сөйлеген етін. Сөйтсе, ағалары құлшынып келгенде жұмыс жасатпайды екен-мыс.

  4. Рахмат))) Сондайлар құртады ғой, Қаз-ға келгісі келмейтін, келсе кабинетке тығылып, компта преферанс ойнап, білімін ішіне тығатындар

    • Олардың келгісі келмесе, елден сыртқа шығып кеткісі келіп жүрген қаншама адамды неге есепке алмасқа? Кімнің Еуропа мен Американың тыныш та бейбіт жайлы мекендерінде өмірсүргісі келмейді осы жерде?

      • Сонда Қазақстаннан құтыла алмай жүргендерді шетелге оқытайық дейсің бе? Түсіне алмадым

  5. Расында, елге келген көп болашақтықтар жұмыс табар емес. Әрине, олар 50-60 мың теңгеге жұмыс істегілері келмейді! «Сондай тйын тебен үшін төрт жыл маңдай терімді төгіп, жырақта жүрген жоқпын! Олай болатын болса КазГУды ақ бітірер ем ғой» деген әңгімені көп естідім. Бір жағынан дұрыс ақ әрине, алайды кейде «болашақтықтардың» мұрындары аспан тіреп тұрған секілді болып көрінеді.

    Жұмыс жасатпайды дегендері де шындыққа келеді. Негізінде, болащақтықтар елден көп нәрсе күтті, ал ел болса, болашақтықтарға үміт артты. Екі жақта бір біріне өкпелеген ғашықтар секілді томпиып жүр)

  6. «Екі жақта бір біріне өкпелеген ғашықтар секілді томпиып жүр)» деп қатырыпсың ғой, жұмыс жасатпайды дегенің шындық болар, біздің жүйені бұзып жару қиын ғой қиын

      • Қой, кішкене болсын, оптимист болайық та.. «Если не все хорошо, то это не конец фильма» деген «Ом Шанти Ом» киносындағы қумаш кейіпкердей болайыншы

  7. Memlekettik baskaru ..t.b. mamandar ushin okudan karaganda tajribe mangyzdy ( Erlannyng aitkanyndai). USA de Polticis, MBA..t.b. mamandary jaksy Univde okytiyndar onda bilim alu ushin emes kobinde «Networking» ushin okyidy dep bilmein, yagni bir jagynan tajribe ushin. Al technikalyk manandyktardy oktytkandary durys.

    «Оның үстіне, «болашақтықтардың» бәрі демей-ақ қоялық, көбісі ауылдың шаңын жұтпай, қазақылықтың уызына жарымай, өңір, өлкеде жастығын өткізбеген соң, аймақтық саясаттан да хабары аз десек, ағат болмайды.» –> Bul turaly eshteme aita almaimyn oitkeni koldymda nakty statistica jok, birah tanytiyn bolashakerlerding kobi kazakhi jigitter.

  8. Елбасына осы «Болашақ» бағдарламасы үшін айтар алғысым шексіз. Әрбір мемлекет ғылым мен білімге қаражатты көп бөліп, жағдай жасағанда ғана ілгерілеушілік болады деп түсінетін маған, бұл мен құптарлық бағдарлама. Болашақпен оқып келген, оқып жатқан достарым бар. Жұмыс істеп жатқан кісілердің айтуы бойынша, оларға қойылып жатқан талап жоғары да, аяқтан шалар тосқауылдары бөренеден де қалың екен. Мемлекеттің ақшасын нансоғарланып құртып келмегендігімізді дәлелдеу үшін тәулігіне 12-14 сағат жұмыс істейміз дейді. Жеке өмір әзір жабулы қазан ол кісілер үшін. Кейде, сол Болашақпен кетпегеніме қуанам сол кісілерді көргенде 🙂

    • Дұрыс қой, «Болашақты бітіріп келді. Ал не істер екен?» деген кінәмшіл көзқарастың көп болатыны сөзсіз. Ал жастардың ішінде сайдың тасындай іріктелген ең мықтылары сайланып, со шетелді жүйесін бізге жерсіндіреміз деп оқиды емес пе? Енді жұмыс істесін, өздерінің мықты екенін көрсетсін! ОЛар анаубір үшінші сортты фильмдердің сценарийіндегі сияқты «таңдаулылар» болып тұр ғой!!!!

  9. Болашақ бағдарламасы шала піскен жұмыртқа секілді елестейді. Бакалаврды 3-4 жыл оқытып, е ары емес е бері емес қылып елге қайтарады. Олар елде не тындырады 3-4 жылдық қана біліммен? Тәжірибе қайда? Магистратура қайда?

  10. Біреулер туралы айту, баға беру оңай шаруа екені түсінікті. Болашақтықтар секілді 3-4 жыл шетелде өмір сүріп көрмегеннен кейін олардың жағдайын суреттеу қиын.

  11. «Шала жұмыртқалар» инкубаторын әлі де жетілдіре түсу керек екенін жеріне жеткізе айтып жатқандар көп қой Тұрсын Жұртбайдан бастап.. Бүл жерде мәселе олардың шетелдегі өмірі емес, біздегі жұмысы болып тұр

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s