Панарабизм. Екінші дубль


Әрине, бұл жолғы панарабизмнің жолы да, жосығы да бөлектеу. Тіпті, өткен ғасырдың өтінде пайда болған құбылыспен бүгінгі төңкерістер арасында параллель жүргізу де жаман бастама шығар. Ол заманда арабтар Осман империясының, ағылшын өкіметінің бұғауын үзуге қарсы бас біріктірді. Бүгінде тәуелсіз елдеріндегі авторитарлық тәртіпке қарсы бас көтеріп жатыр. Ол заманда ортақ агрессор еді,

 

бұл ғасырда басыбайлы тәртіптен бас тарту (осымен, «басты» үш жерге қолдандым :-))… Құранын оқып, түйесін бағып дегендей, тыныш өмір кешіп келген Тунистен Йеменге дейінгі атырапты бүліктің бұлты жапты. Бұның астарында әл-ауқаттың төмендігі, жұмыссыздық, билеушілердің жемқорлыққа белшесінен батуы бүгіліп жатыр дейді білетіндер. Бірақ, дәл осы бүліктің шығу тегі мен шарықтау шегін біле алмай, Батыс та, Шығыс та басын ұстап отыр (төртінші рет.. тапталогия). Сондықтан, бір білсе, осы Мағриб пен Таяу Шығыс аймағында елші болып, қызмет атқарған, бүгінде танымал саясаттанушы, арабист Расул Жұмалы білер деп сұхбатқа тартып едім. Тәтті-дәмді деген тұстарынан үзіп алып, осында салып отырмын.

ОЛар «Оқ-Дәрі қоймасына» ҰҚсап кетті…

Алаңға шыққан ағайын демократиялық қоғамды құру, жемқорлықты тежеу, байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықты азайту секілді таза саяси талаптар қойды. Себебі, саяси биліктің икемсіздігінен біраз саяси-әлеуметтік мәселелер не шешілмеді, не оңтайлы шешімі ізделінбеді. Сөйтіп, соңғы 20-30 жылда қордаланған мәселелер «оқ-дәрі қоймасына» ұқсап, оның бұрқ етіп жарылуына бір шырпы да жетіп жатты.

ТӨңКЕРІСтің ТУНИСТЕН басталғаны түсініксіз….

Шыны керек, төңкерістің алдымен Тунистен басталғанына таңырқап отырмын. Неге десеңіз, жаңағы мәселелердің нағыз өршіп тұрған жері – Мысыр, Алжир, Сирия, Йемен болатын. Белгілі бір дәрежеде  тізімге Иорданияны да қосуға болады. Енді бұлардың қасында Тунис зайырлы, демократиялық мемлекет құру ісінде біршама табысқа жеткен, жағдайы түзіктеу ел болатын. Әрине, әрқайсысы жеке-дара мемлекет болғанымен, арабтар әрқашан бір мемлекет, бір қоғам, бір дінді ұстанған қауым (умра) екенін естен шығармайық. Сондықтан, Тунистен басталған дауыл барша Араб әлемін ұйытқи соғып, бұқараның ресми билікке қарсы шығуына түрткі болды.

ТАқ пен БАқ

Билік қарапайым халықтың мәселесін біліп, танып, оларды шешу ісінен шеткері кетті. Өздері жемқорлыққа бойұсынып, бұқараның талабымен санасуды қойды. Ал халық қанша жылдан бері тақтан түспей отырған билеушілерінің құрғақ уәделеріне тойып, оларды қолдаудан қажып бітті. Қызығы сол, әлемдегі орынтақтарын ең ұзақ сақтаған басшылардың дені осы Араб елдерінде. Айталық, Мысыр басшысы Хосни Мүбәрак 30 жылдан астам, Ливия басшысы Муамар Каддафи 42 жыл, Тунистің енді экс-президенті Бен Әли 20 жыл, Йемен басшысы Әли Абдулла Салих 30 жылдан астам уақыт тақтарынан түспей келді. Ал Сирияны 32 жылдай билеген Хафез әл Асад билікті мұрагерлік жолмен ұлы Башар әл Асадқа беріп кетті. Мысырда да осы сценарийді іс жүзіне асыруға тырысып көрген. Хосни Мүбәрак өз ұлы Жамалды билеуші партияның төрағасы қылып, одан әрі өз орнына қалдырмақ ниеті бар еді. Оған елдегі оппозициялық күштер қарсы тұрып, билікті әкеден балаға мирас қылу миссиясының жолын кесіп тастады.

БаРАдейдің АРТЫҚшылығы мен КЕМшілігі

Мысырда Мүбәрактың орнына халық МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Мұхаммед әл Барадейді ұсынып жатқанын білеміз. Ол ешбір саяси партияның мүшелігіне өтпеген. Халықаралық деңгейде мойындалған, атақ-абыройы бар, Нобель сыйлығын алған дегендей, әйтеуір қарапайым мысырлықтар оны ерекше құрмет тұтады. Онымен халықаралық деңгейде теңесе алатын мысырлықтар ары кетсе, сол Мүбәрактың өзі, болмаса БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Бутрос Бутрос-Гали шығар. Әрі десе, Барадейдің ешбір саяси партияға енбеуі оған біржақты кетпей, барша мысырлықтың, мұсылманның қамын ойлайды-ау деген үміт артуға сеп болатын сияқты. Бұл енді артықшылығы. Бірақ, Барадей 20 жылдан астам өз Отанынан тыс жүріп, Мысырдың ішкі-сыртқы саясаты, бұқараның хал-ахуалынан хабарсыз қалды деуге болады. Бұл енді кемшілігі.

РАдикал ИСламшылар

Радикал исламшылар бұл жолы билікке қарсы төңкеріс жасауға араласпады. Оларда шамасы, Батыстан қол үзіп қаламыз, бізге қарсы күш қолданады-ау деген қорқыныш болды. Тіптен, Мүбәрак биліктен кетсе де, олар өз өкілдерін президенттікке ұсынады деп ойламаймын. Алдымен жаңа парламент жасақталғанда мандатты көбірек алуға тырысып, заң аясында президенттік немесе премьер-министрлік креслоға келуге тырысатын болады. Сонда ғана оларды АҚШ «заңсыз жолмен билікке келдің» деп айыптау құқынан айрылып қалады. Яғни, бұл олардың ұзақ мерзімді стратегиясы болып тұр.

АҚШ пен МҰсылман әлемі

Батыстың көпке дейін Бен Әлидің, Мүбәрактың билігін қолдап келген себебі, олар исламшыл күштерді тежеп келген еді. Сондықтан, олар демократияны сөз жүзінде атқарып келсе де, Батыстың алдында сүйкімін жоғалтпады. Енді соңғы бір-екі айда бұл стратегияның тас-талқаны шыққанын көріп отырмыз. АҚШ-тың енді Бен Әлиден де, Мүбәрактан да айрылатын түрі бар. Қазір Араб қоғамының ішінде осындай билеушілерге «қолдау көрсетті, несие берді» деп Батыс әлеміне шүйлігу байқалып жатыр. Содан кейін бүкіл діни күштерді потенциальды лаңкестер, ойы бұзықтар деп қабылдауға болмайтынын уақыт үсті-үстіне ескертіп келе жатыр. Қанша дегенмен, 70 млн-нан астам халқы мұсылман Мысырда діни ұйымдардың ықпалы күшті болса, жұрт оған сенетін болса, онымен санаспасқа болмайды ғой… Кезінде Палестинада ашық демократиялық сайлау болғанда исламшыл «Хамас» қозғалысы жеңіске жеткенін білерсіз. Бұл да дәл сондай демократиялық таңдау. Сондықтан, Батыс Араб әлеміндегі тенденциялармен санасуы тиіс. Санаспаса, бұрынғы «ұстанымынан» қайтпаса, АҚШ пен Батыс барша мұсылман әлемін өзіне өшіктіріп алуы әбден мүмкін.

TwiTTer – төңкеріске СЕБеп

Бағана айтқанымдай, салыстырмалы түрде жағдайы жақсы деп саналатын Тунисте халық бірінші болып белсенділік танытып, көшеге шықты. Бұл дүмпулерді ұйымдастырушы белгілі бір саяси топ емес, өздігінен, стихиялы түрде өрши түскен, қанат жайған қозғалыс еді. Оны ұйымдастыру пен үйлестірудің басты көзі – Интернет, оның ішінде Фэйсбек пен Твиттер секілді әлеуметтік желілер болды. Ал енді «неге Тунисте басталды?» деген сұраққа келсек, бұл мемлекетте басқа Араб елдеріне қарағанда ақпараттық технология барынша дамыған. Яғни, жеке блогтар, Твиттер арқылы адамдар ресми ақпарат көздерінде көрсетілмейтін, айтылмайтын жаңалықтармен бөлісіп, жемқорлық фактілерін таратып, бір-бірін көшеге шығуға қайрады. Мысыр енді бұл феноменге төтеп беру жағынан уақыт оздырып алды. Халық алаңға шығып кеткен соң ғана, Интернетті өшіріп тастады. Қатардың «Әл-Жазира» каналының ақпарат таратуына тиым салды. Ал, Судан, Йемен секілді араб мемлекеттерінде Интернеттің дамымағандығынан болар, халықтың ұйымдасуы әлсіз болды. Меніңше, бірден бір себеп осы болды-ау деймін. Бүлік оты шалған әрбір елде шынайы ақпаратты жасыру, бұқараға тек биліктің нұсқасын ұсыну фактілері жиі болғандықтан, халық та баламалы ақпарат көздеріне ұмтылды. Ал шекараны талғамайтын, барлығына қолжетімді Интернетке қарсы билік құрылымдары түк істей алмай отыр.

Сонымен, сарапшымыз осындай ойлар айта отырып, келесі кезекте қай елде бүлік болатынын тап басып айтудың мүмкін еместігін айтады. Не болса да, жақсылық болсын дей отырып, Араб әлемін алапат өзгерістер күтіп тұрғанын сезінуге болады. Мысалы, Иордания королі бүліктің болу қаупінен қорғанып, үкіметті таратып жіберді. Алжирде оппозициялық партиялардың БАҚ-тан көрінуіне, ел астанасынан басқа елдімекендерде бейбіт шерулер өткізуге рұқсат берді. Сирия да солай… Посттың соңында мына бір инфографикаға көз жүгірте салыңыз (Фэйсбукте Ғафур деген қолданушының бетінен алдым)


 

Advertisements

4 comments on “Панарабизм. Екінші дубль

  1. ХМмм.. Сараптама тым біржақты секілді… Мүбарак орнына баласын қою ойында жоқтығын айтқан негізі. Ал радикалды ислам топтарының төңкеріске «араласпағаны» сол, негізгі бүлікті ұйымдастырған «Ихуаниль му’минин» екені де белгілі боп жатыр. Канал үшін іші қылпылдап отырған Израйль ше? Ал Израйлдықтар басқарып отырған АҚШ ше? Айтылмай кеткен тұстар өте көп екен… Дегенмен, рахмет, бөліскеніңе!

  2. Мүмкін, біржақты кеткен де шығар. Бірақ, Расул аға халықаралық саясаттты «шемішкедей шағатын» санаулы қазақтілді сарапшылардың бірі.. Мүбәрак айтпағанмен, Жамалды біздегі «Нұр Отан» секілді жетекші партияның төрағасы қылды ғой, соған қарағанда ойы болды-ау. Мысырдағы бүліктен сен айтқан «туыс мұсылмандардың», «Хизб-ут-Тахрирдің», т.б. исламшыл партиялардың өкілдерін байқауға болады. Бұл дегенініз, батыс сарапшылары мойындап отырғандай, толқу қоғамның барлық категориясын қамтыды. Дініне, партиялық адалдығына қарамастан…

  3. Расул ағаның «санаулы қазақтілді сарапшылардың бірі» екеніне дауым жоқ, бірақ “шемішкедей шағатынын” әлі дәлелдеу керек шығар. Жеке пікірім. Сосын менің ойымша, Мысырдағы жағдай сыртқы күштердің ішкі жағдайды пайдаланып айтақтағанының анық көрінісі. Айтпақшы, біреулер ендігі көтерілісті тып-тыныш жатқан Саудиядан күтіп жүр… Ол енді қыззззззззззық болуы мүмкін.

  4. Қарашо))) Қанша дегенмен, пәлендей шақырымда отырып, ол жақта не болып, не қойып жатқанын болжау қиын дүние ғой, білесің. Бәріміз де сол интернеттің ақпаратына тәуелді болып отырмыз.. Қой, Саудияда бола қоймас, ол жақтағы билік құрылымы да (монархия), экономикалық әлеуеті (жоғары) де мүлдем басқа ғой, сарапшылар тыныштықтың Сауд АРабиясы, БАӘ, Кувейт, Оман сияқты елдерде сақталатынын айтып отыр. Меніңше, таң қалатын түк те жоқ

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s