«Цугцванг»


Мұхтар Әбіләзовтың мәселесі кәзет біткеннің «квадрат сантиметрлерінен» түспей тұрған тұс, естеріңізде шығар (айыптау материалдарының дені жоғарының нұқуымен жазылды, если што). Алаяқтың ақ-қара тақтаға құмарын аңдап, шахматқа қатысы, шатысы бар сөзден тақырып тудыратынбыз… «Жас қазақта» жүргенімде, «Цейтнот» деп материал жазғаным бар. Сол кездері цугцванг деп

қандай жүріс жасасаң да, қарсыласыңның пайдасына шешілетін, өзіне өте ыңғайсыз жағдайды атайтынын білгенмін. Бірақ, бұл мақала тақырыбына айналмай, кезекті отандық киноның атына айналып кетіпті. Хош, «жас та болса, бас» Олег Цайдың тырнақалдысы ойға қалдырды. «Ол қандай ой?» еді десеңіз, фильмді дәріптеуге де, даттауға да болмайтын сияқты. Орысшалағанда, «неоднозначное кино». Иә, кәріс жігіттің аяғын көтеріп, қолын шошайтып жүргеніне қарап, төбелестегі тарланның бірі деп танитынбыз. Өзі ғана емес, өрімдей жастан құралған «командасы» – «Кун до карате» мектебінің «сойқанына» Бекмәмбетовтың өзі бек ырза болыпты. Содан да, осы өрендер Тимур көкенің «Күндізгі шолғыншы», «Аса қауіпті» деген фильмдеріндегі экшн көріністерді жасауға ат салысқан деседі. Бекерден бекер Цайдың «Цугцвангы» Бекмәмбетовтің «Бүкіләлемдік экшн фильмдер байқауына» қатысты дейсіз бе?

1) «Аватар» қалай түсірілді?» деген деректі фильмде Джеймс Кэмерон «менің бар қулығым – өзімді тамаша адамдармен қоршай білгендігім, яки түсіру тобын сәтті таңдағаным» деп еді. Рас қой, Бекмәмбетовтың «брәтішкесі» бұл фильмнің сценарийін жалғыз жазып, продюсердің бірі болыпты, режиссурасын да, монтажын да өзі атқарыпты. «Азамат» деп арқадан қағып қойып, киноның сазгері ретінде Ашок Хонда деген үндісті қайдан тапқанына қайран қалдым. Себебі, Ашок дегенім анау-мынау емес, Болливудта «Ом», «Достар-жаулар», «Заңды қорғау» деген фильмдер түсірген белгілі режиссер. Он шақты фильмнің кадрын кескен монтажер. Ойда жоқта сазгер болған Ашоктан сұлу мелодия ести алмадым. Есесіне, лезгинканы домбыраға салып тартқан «Ұлытау» тобының композициясын естіп қана керемет күй кештік. Фильмнің операторы – бұған дейін бір өзбек фильмін таспалаған Баходыр Юлдашев. Міне, осындай «индийский» сазгер, «узбекский» оператордың басын қосқан кәріс жігіті  боевик жанрында байқап-байқап кино түсірдім дейді.

2) Астананың аялдамаларындағы көлемі кісі бойындай афишаларда «Цугцвангты» «алғашқы ұрыс-соғыс фильмі» деп жарнамалапты. Жарайды, дүмшә аударманың боевик дегенді бергісі келгенін түсіндік делік. Әрі бұл фильмдегі басты рөлдердің аяқ-қолын сермей алатын спортшы жігіттерге тигенін де түсінеміз. Сондықтан, жекпе-жек, қуғын-сүргін көріністері көз сүйсінтерліктей деңгейде болды. Бірақ, бір ағамыз айтқандай, «спортсмены – не актеры». Сәйкесінше, қандай жағдай болса да бет қимылы, дауыс екпіні өзгермейтін «актерлердің» ойыны орташадан төмен болды. Дұрысы, нағыз әртістерді шақырып, олардың төбелес қимылдарына «кундошылар» дублер болғанда деп қоямын ғой әлгі жерде. Режиссер де қол астындағы жігіттердің қарымын көрсетемін деп, фильмнің эпизодына да ілігіп қалған жастың бәрін төбелеске салып қойған. Ауылдағы шал мен кемпірдің тебіспегені ғана өзегімізді өртеп кетті J Обалы не, басқа «актерлар» – кішкентай бала, үйлер, ағаштар, БМВ 750 көлігі, гүл, Алматы, т.т рөлдерін тамаша ойнап шықты.

3) Синопсиске келсек, Бек деген биші жігіт (Нұрлан Тұрашев) пен оның әріптесі, шешен қызы Зарема (Альфия Хабибуллина) бір-біріне ғашық. Әріптесім Әсия олардың махаббатын «таңғы шықтай тап-таза алғашқы ….» деп теңегенімен, маған сезім желісінің қысыр сиырдай қараусыз қалғаны ұнамады. Ол махаббат қалай пайда болды, қалай шарықтады, алғашқы табысу, ұрысу, сүю, ең болмаса, бір-бірін сүйетіндеріне дәлел іздеу – очм, маған осы мәменттері жетіспеді. «Махаббатшылардың» арасындағы махаббатқа сенбеген соң, мен де қолымды айқастырып алып, қырсығып отырып көрдім. Жарайды, әлгі шешен қыздың ауқатты туысы кедей қазақты маңайлатпай қояды. Осы қорлыққа күйінген Бек Алматыда өршіп тұрған жер дауына қалай кірісіп кеткенін байқамай қалады. Жерді бірінен алып, біріне сату, пайыз беру, ставка тігу… Басбұзарлармен жағаласа жүріп, Бек пен оның кәріс, орыс достары алғырлығын танытады. Сөйтіп, дәуірлеп тұрған «авторитеттерге» өзін дәлелдеп, мұратына жетіп, қызына қосылады. Сонымен, хэппи-энд.

4) Айтпағым, фильм «татулығы жарасқан» еліміздегі ішкі саясатты ішек қырындысына дейін көрсеткен бейнеге толы: кәріс, қытай, славян, қазақ… Тәубе дейтінім, бұл  топты иіріп жүрген түбінде өзіміздің қазақ болып шығады. Жаргон сөздер болғанымен, бейәдеп бейне, боғауыз сөз, жалаңаш қызға режиссер жақындамауға тырысыпты. Монтажында асықты ма, алғашқы жарты сағатта Бектің ауласына келгіштей беретін бұзақылардың «Гелендвагені» көзді жауыр қылады. Қазақ тілі дегенде, Бек бала кезінде ғана мемтілде сөйлеп, кейін кәріс, орыс достарының «лингвосына» ауысып кетеді. Ал бір эпизодында Бектің атасы «Ради Родины сражались, а его и без войны разобрали» деп қабырғасы қайыса қапаланатын жері бар. Сонда атамыз тәуелсіздік алғанымызға талағы тарс айрылып отыр ма, түсінбей қаласың. Әйтеуір, не керек, қазақ жігітін шешен қызына, кәріс жігітін қазақ қызына ғашық қылған кинодағы продакт-плейсменттің тамаша мысалы – «Финка» арағы. Бала кезден араласатын достар болмайтын себепке бола, тоңазытқыш тола «ақаңнан» көмейге уытты құюдан жарысады. Үй өртеніп кетсе де, бүкіл мүлік-мүкәмалдан арақ толы тоңазытқыш қалады (чудо, ия?). Мынаны көрген бала: «ее, осылар сияқты крутой болу үшін, арақ ішу керек екен-ау», –  демей ме?..

Сонымен, дебютант Цайдың фильмінде ортақ стиль болмағандықтан ба, мүлдем қисынсыз мультипликациялық роликтер де, тұтастай музыкалық нөмірлер де болды. Бұным фильм бір көруге тұрмайтын, түкке тұрғысыз деген түрім емес (өзі барып қойған соң, өзінше болып жатыр демеңіз :-)). Қанша дегенмен, отандық фильм, өзіміздің кәріс қой, барып қойыңыз!

Advertisements

2 comments on “«Цугцванг»

  1. Рахмет, Өркен. Осы киноға алдында кірейін, кірейін деп тұрып кірмей кетіп едім. Трейлерін көріп көңілім қалды. Жасанды болып көрінді.
    Дискісі шыққанда алып көріп шығуға болатын сияқты.

    • Арзымайды. Кірмегенде, дискісін алып көргенің дұрыс шығар, трюктері сауатты қойылған негізі. Бірақ, Джеки Чанның бар киносын көріп шыққан мен үшін ол керемет жаңалық болмады. Ең болмаса, Тайландтың «Онг багы» сияқты ұлттық ерекшелікті алып келу керек еді деп қоямын.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s