Бізде неге 8 министр жоқ?


Тарихшы Сирил Паркинсон бірде әлемнің бірде-бір елінде сегіз адамнан сайланған үкімет жоғын санап шығарыпты. Иә, министрлердің саны бесеу, алтау, тіптен елу-алпыс болуы мүмкін, бірақ неге екені белгісіз, сегіз деген саннан қашатын көрінеді. Сирил қарттың тағы бір байқауы – үкімет құрамындағы мүшелер саны 19-22 ден асып кетсе, жұмыс өнімділігі түсіп кетеді екен.

Атышулы «Паркинсон заңдарының» авторы дұрыс я бұрыс айтты ма? Білу оңай.  Білсеңіз, шалажансар саяси жүйе мемлекеттің әл-ауқатына «шарапатын» тигізбей қоймайды. Бұл мақсатта БҰҰ мен Бүкіләлемдік банктің сан алуан сараптарына көз жүгіртсеңіз, жетіп жатыр. Мәселен, Сомали мен Эфиопияның үкіметінде быжынаған министр көп те, Еуропа елдерінде оншақты министр ел басқарып отыр. Сондықтан, қай елдің үкіметі болмасын, саясаттанушылардың теоремасы үшін сынақ алаңы болып келеді. Ол аз десеңіз, Паркинсонның пікірін кейінгі жылдары Питер Климек, Рудольф Ханель, Стефан Тюрнер секілді физиктер тәжірибе жүзінде тексеріп көріпті.Сонда виртуальды үкіметтің сандық моделін жасап, олардың мүшелерін бір-бірімен дауластырып қойған. Осы сынақтың нәтижесінде топ құрамы жиырмадан асып түссе, жұмыс өнімділігінің түсіп кететіні дәлелденді. Яки, нақты нәтижеден гөрі пікір тықпалаушылық пен кеңірдек созу көбейіп кететін көрінеді. Ал сегіз – сандық модельдегі ең тиімді сан болып шықты. Яғни, саясаттағы құрам да аяқдоптағы ойын сияқты: алаңда 22 ойыншыдан артық бір адам болса, ойынның ырғағы бұзылады. Осыны түсінді ме, бұған дейін 30-дан астам министрі болған Украина бертінде «ақжағалылар» санын азайтты.

Ауытқушылықтар да бар. Алысқа бармай-ақ, Қырғызстанды алайық. Бұрын қырғыз үкіметінің құрамында 14 министрлік болса, Уақытша үкімет тұсында – 18, ал жаңа жасақталған үкімет 20 министрлікке дейін ұлғайды. Ал Қазақстанда 18 министрлік пен министрлікке татитындай жұмысы бар 8 агенттік бар. Байқасаңыздар, біздегі министрліктер санының динамикасы да жыл сайын бірде артып, бірде кеміп келеді. Мысалы, Ұзақбай Қарамановтың тұсында (1991 жылы) комитет төрағаларын есепке алмағанда, 16 министр болса, Сергей Терещенконың үкіметінде қателеспесек, 26 министрлік болған. 1994-1997 жылдары 20-22 министрліктей болса, Нұрлан Балғымбаевтың тұсында 14-18 болып толқыды. Бұдан кейінгі Қ.Тоқаев, И.Тасмағамбетов пен Д.Ахметов үкімет басында болған жылдары министрліктер саны 15-16 деген межеден аспаған. Бүгінгісі, міне – 18. Қарап отырсаңыз, бұқара мен биліктің бар мақсат-мүддесін қамтитындай министрліктің бәрі баяғыда құрылып біткендей көрінеді. Біз де ары-бері қарап, «он сегізден» алып тастар ештеңе таппадық.

Қайта, Балғымбаев үкіметінен кейін келмеске кеткен өндіріс, я өнеркәсіп министрлігін тізімге енгізгіміз келді. Ине-жіп шығармайтын елдегі ең басты мәселе – жеңіл өнеркәсіп пен шағын бизнесті жолға қойып алу болса керек. Сондықтан, осы ұсынысымызды «он сегіз баласы» бар Үкімет қарастырып көрсе деген ой еді. Әрі Сирил қарттың «сегіз министрлігі» туралы ойын да салмақтап көрсе, жөн болар еді. Яки, «арба да сынбай, өгіз де өлмеуі тиіс»…

Advertisements

3 comments on “Бізде неге 8 министр жоқ?

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s