«Өлемін» деген өтініш


«Болливуд базары» деген айдарды ара-тұра үнді киносына шолу жасаймын деген ниетте ашқанмын… Бірақ, бұған көбіне тыртыңдап кинотеатрға барғандарымды түртіп жүрмін. Осы олқылығым үшін сайтман (С.Абас шах) достарым сын айтпай тұрғанда, бүйтейін: бүгін Санджай Лила Бхансалидің «Мольбасын» таныстырамын. Қазақшалағанда, «Құлшылық» бола ма екен, ал үндішесі – «Guzaarish».

 

Аты «Құлшылыққа» жақын болған соң, Каран Джохардың «Менің атым Ханымен» үндес болып, діни тақырыпты қозғар деп жорамалдағанмын… Олай болмады. Ой салатын, көзге жас үйіретін кезекті шедеврді көргеніме мың да бір рахмет айттым. Жас дегеннен шығады ғой, фильмнің басында сәл зерігіп отырғаныммен, ортасынан ауысымен мына құрығыр көзден жас парлай бастады. Ақырғы он бес минутында үздіксіз жылап (көзім ғой, өзім екенін қылыш тақасаңыз да мойындамаймын), көзілдірігімнен түк көрінбей қалған соң, бес –алты рет плеерімнің «Пауза» дегеніне басуға тура келді. Ақырында, жүрегім шаншып, жата алмай.. азаптанып барып, ұйқыға кеткенім бар. Бүгін де әріптесім Әсия «Қарагөз» спектакліне барайық дейді. «Қой, құрысын бүйткен драмасы бар болсын, жетеді менімен..» деп осы ревюді қайырып отырған жай бар.

Сюжет:

Әрине, фильмнің Санджай Лиланың әм менің сүйікті жанрым -қасыретті драма екені белгілі шығар. Қысқаша баяндап берсем, былай: кино тұла бойы жансызданып, төсекке таңылған Итан Маскаренхастың (Ритик Рошан) күнделікті тірлігінен басталады. Итанымыз саусағының басын да қимылдата алмайтын сал болғандықтан, оның аузы-мұрнын сүртіп, асын дайындап беретін медбикесі София Д’Суза (Айшвария Рай) болады. Тісін жуады, шашын тарап, жарасын таңады… София Д’Сузаның осы қызметте жүргеніне 12 жыл болыпты. Ал Итанымыз осыдан 14 жыл бұрын (1995 жылы) омыртқасын сындырып алып, ота мен күтімнің арқасында ғана «адам кейпінде» отыр. Бұл мырзамыз уағында атағы Индияның шекарасынан асып кеткен көзбояушы болыпты. Адам көрсе нанғысыз фокустер жасап жүргенде, қастық қылады… Оны жасаған, әрине Итан жан досым деп біліп жүрген бір сиқыршы болып шығады. Сонымен не дейсіз, сұлу табиғаты бар Гоадағы қабырғасынан су аққан сарайдағы Итанның күнін итке де бермесін… Бар ермегі – «Өмір» радиосындағы жеке бағдарламасы.. Өзі секілді арбаға, төсекке таңылған кемтарларға қуаныш сыйлап, қалжың айтып, арасында ақыл айтып… көңілдерін аулайды. Өзінің де көңілін..

Бірақ, бір күні Итанның да шыдамы таусылады. Жан шыдатпас дертпен алысқанша, өліп тынғысы келеді. Әрине, бұл өзіне өзі қол жұмсау емес (қалай қол жұмсайды? мүгедек қой…), медицинада эвтаназия деп аталып кеткен өмірден өз еркімен кету дәстүрін еске салады. Соны сұранып, сотқа жүгінеді. Міне, осы тұстан бастап этика, мораль, дін, сот, қайырымдылық пен қаталдық – бәрі-бәрі фильмде астасып, арпалысып кетеді. Талай адамға радиодағы жалынды сөздері арқылы жұбаныш сыйлап келген жанның мына тірлігін көпшілік түсінбейді. «Осы кезге дейін өтірік рөл ойнап келген бе сонда? Баяғы қайсарлығы қайда?» деп тілдейтіндер табылады. Шіркеудегі пастор келіп, «адастың, бала» деп ақылын айтып ол кетеді. Медбикесі София да іштей ұнататын адамының ісін құптай алмайды. Осы мезетте Омар Сиддики деген жас жігіт келіп, жаны қиналып жатқан Итаннан көзбояушылық шеберлігін үйреніп те жүреді. Қысқасы, сот Итанның өтінішіне де, қайтара аппеляциясына да «жоқ» деген жауап қатады. Тек… өзінің он екі жыл бойы күтушісі болған Софья ғана сот шешіміне қарамастан, бұдан кейін түрмеде отыратынына қарамастан, Итанның өтінішін орындайды. Себебі, ол Итанды, Итан оны жақсы көретін. Қайтыс боларының алдында екеуі ауызша үйленіп, байғұс Итанның бөлмесінде кішігірім той жасалады. Бұл тойдың екінші бір мақсаты – Итан айтпақшы, «когда люди празднуют свои день рождения, я праздную последнюю день на Земле»… Бұл фильмді көріп отырып, дертіне қарамастан, ол ары қарай өмір сүргені дұрыс па еді, әлде өлгені жөн болды ма деген ойдың жетегінде отырасың. Алайда, біржақты шешім шығаруға тағы болмайды. Оны фильмді көріп отырып түсінесіз.

Ритик Рошан:

Иә, үнді баспасөзі Шахрух Хан мен Ритикті бір-бірімен «шағыстырып» жатады. Тіпті, индуист көрермендер Ритикпен, мұсылмандары Шахрухпен мақтанады дегенді де оқып жатамын. Сондықтан, Ритикке осы кезге дейін актер ретінде де, адам ретінде де қызығып көрмеппін. Бірақ, Бхансалидың туындысында ол өзін ең жақсы қырынан көрсетпесе, болмайтын еді. «Қалай болар екен?» деп қыпылдап отырғаныммен, Ритик образын тамаша алып шықты, трагизм дегенің төгіліп тұр. Ритиктің Болливудтағы ең мықты биші екенін білгендіктен, оның тырп етпей, төсекте жатуының өзі кішігірім ерлік сияқты көрінді. Әрі қайбір эпизодтарда, мысалы Софияның күйеуі келіп, Итанның төсегінің қасында төпелеп ұрғаны кезі, тегі болмаса төбеден тамшы тамып, түні бойы ұйықтатпағанда, түк істей алмағаны жанды ауыртады.

Айшвария Рай:

Квентин Тарантино үшін Сальма Хайек қандай болса, Бхансали үшін де Айш Рай Баччан сондай деңгейде. Яки, музасы… Айш осымен Бхансалидің үшінші фильміне шақырылды («Навеки твоя», «Девдас», «Мольба»). Әрине, бұл жердегі рөлі «Девдастағы» Пароның образындай тым трагичный емес… Бірақ, ол өзінің тыныш, сабырлы сезімімен-ақ көрермен жүрегін жаулап алады. София үшін адамда ең бастысы тән мен бет емес, жан болуы керек. Содан да, ол күйеуінен ажырасып, өзінің уақытын да, бостандығын да құрбандыққа шалып, кемтар жанды құлай сүйеді. Сол махаббаты үшін де Итанның «өлемін» деген өтінішін орындауға келіседі.

Музыка:

Қайғылы деуге келмес, мұңдылау саз (Guzaarish, Keh Na Sakoon, Sau Gram Zindagi, Jaane Kiske Khwaab композициялары). Тек «Udi Tere Aankhoin Se» деген испан стиліндегі жеңіл әнде ғана би болды.

Бір сөзбен, С.Л.Бхансалидің өзі сиқыршы екенін тағы бір дәлелдеді. Оның «Мир музыки», «Навеки твоя», «Девдас», «Тьма», «Возлюбленнаясының» әрқайсысы үнді ғана емес, әлем киносының алтын қорына енетіндей ерен дүниелер. Ешкімге ұқсамайды. Ешкімнен көшірмейді. «Мольба» – авторлық фильм. «Мольба» – интеллектуальды кино. Готикалық стильдегі жалғыз үй, шырақ, кітаптар, айна, жауын – фильмдегі әрбір кадрды қырқып алып, сурет ретінде қабырғаға іліп қоюға болады. Сондықтан, мұндай сұмдық фильмнен құр қалмаңыздар, көріңіздер!

Жизнь очень коротка,  живите всем сердцем, нарушайте правила, забывайте быстро, целуйтесь медленно, любите по-настоящему, Никогда не грустите и всегда улыбайтесь

(Итанның айтқандарынан)


Advertisements

12 comments on “«Өлемін» деген өтініш

  1. Білген адамға трейлер біраз ақпарат бере алады ғой. Ойландыратын фильм сияқты. Міндетті түрде алып көремін, Өркен. Рахмет рецензияңа.
    Болашақта үнділердің сапалы шығармаларына осылай ревью жазып тұрамын деп сенемін:)

  2. «Ауыр фильм. «Зеленая миля», «Побег из Шоушенканың» атмосферасы бар.» (Әсия Бағдаулетқызы). Бүгін осылай деді. иә, Болливудтануға келіп жатсаң, тек қуанамыз ғой… 🙂

  3. Шахрухтың орнын басатын актер әлі жоқ шығар 🙂
    Сол Шахрухтың Биллу деген фильмін көргенсіз бе? Сондағы сомдаған рөлінің кейіпкері Шахрухтың прототипі болар деп ойлаймын 🙂
    Ал, осы фильмге келер болсам, көремін деп түртіп қойған фильмдерінің тізімінде бар болатын, енді міндетті түрде көрмек керек 🙂

    • Әрине, Шахрух деген Болливудтың шахы ғой, ешкім оған теңесе алмас жақын болашақта… осы Ритик бәсекелесі болады ау деп едім, соншалық емес, Афтаб, Ранбирлер әлі жас, енді толысып келеді актерлік жағынан.. так что, Шах әлі тағында отырады. Иә, «Биллуде» өзін сомдайды, 2009 жылы түскен жалғыз фильмі ғой,

  4. Ақзере кәріс фильмдерінің сарапшысы болса, ал Өркен үнді фильмдерінің эксперті. Мен де Джеки Чанға арнап, блог ашсам ба екен)

    • О-о тамаша болар еді, мен үндіден бөлек Арнольд Шварценеггер мен Джекидің де фанаты болдым ғой кезінде.. Джеки – нағыз жанынан кешкен адам, әркімге оның еңбекқорлығы, қажырлылығы үлгі болады деп ойлаймын.. Ашсаң, көмектесеміз, жазба салумен))))))))

  5. Өркен, фильм туралы пікірің жақсы екен. Менің де сол фильмді көруге деген аңсарым қатты ауып тұр. Бірақ таба алар емеспін. Интернеттен іздеп едім, 1967 жылы түсірілген «Мольба» фильмін шығара берді

  6. Үнді фильмін көп көре бермейтін едім, бірақ Ритик Рошанның фильмдерін қызыға қараймын.Жаңылыспасам, Ритиктің әкесі режиссер әрі актер ғой деймін….
    Өркеннің фильмді суреттеуін оқып шығып, көргім кеп тұрғаны…. қайдан табуға болады екен,а?

    • Ритиктің әкесі – атақты режиссер Ракеш Рошан. Шахрух ойнайтын «Каран мен Аржун», «Сөзсіз махаббат» деген фильмдері, әйгілі «Жажда местиі», «Крриші» бар. Ракештің ағасы Раджеш Рошон – атақты композитор. Сондай ортадан шыққан Ритик алғашқы фильміне 2000 жылы түскен…

  7. Керемет фильм. Маган катты унады. Әдетте мен кинога коп жылай бермеим ))) койшы соны актерлер гой деп отыра беретинмин!

    Ал мына фильмде козимнен жас токтамады ау ((((

    Рахмет!

    Мен де сол кісінің орнында болсам сондай шешімге келер едім деп ойландым. Менің бір ағам бар мүгедектер катарына жатады. Шүкір, бірак колы істейді…

    Жалпы, осы фильмнен кейін Аллага шукирлік айтып кетеді екенсің! Аман сау жүргенге рахмет айтады екенсің!

  8. Айтпааа, киноға жылай білетін адамдары құрметтеймін))) рас айтамын. Шынында, фильмнің соңы аянышты болса да, өмірдің әр сәтін бағалауға, оны сүюге шақырады. Өлендерінің өзі сондай ғой «Wonderful world», «Life is good»

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s