«Уәдемелі» увертюра


Қорықпаңыз… бай тілімізде «уәдемелі» деген сөз жоғын біліп тұрмыз. Білгенмен, Айдос Сарымның сарказм түрінде қолданған «терминінің» тым жақсы болып тұрғаны. Әңгіме былай, әнебір күні өзбектің С.Ұбайдуллаев дегені «Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы, былайша айтқанда,

Өзбекстанның бірнеше жылдар бұрын өнеркәсіп салаларын техникалық және технологиялық тұрғыда модернизациялауының көшірмесі» деп еді. Бауырынан өкпесі басым өзағаң көзімізге шырпы тіреп қойып, «плагиатсың» деп пәле салды. «Представляешь» 🙂 Біздің басекеңдердің не бүлдіргенін білмедім, бірақ осы ҮИИД (үдемелі индустриалдық-инновациялық даму) бірдеңеден «үркіп» тұр. Мәселе көшіруде емес. Мәселе (тапталогия) міндетті орындай білуде. Ал біздің міндет қандай еді дейсіз ғой? Біздікі… бар жоғы бес жылда елдің ішкі жалпы өнімін 50 пайызға арттыра салу. Адам Смитті ақылынан алжастыратындай амбиция екенін білеміз. Бірақ, Елбасы солай деп бұйырды, нөкерлері «ноу проблем» деді. Сәл болмағанда, осы индустрияланудың гимнін жазып, гербін сызамыз дегендер де болып еді (қайда екен?). Сөйтсек, ҮИИД-те де «иес проблемнің» иісі шығады екен. Мысалы:

1) Биылғысы болсын, алдындағы «30 корпоративтік көшбасшылар», кластерлік бағдарламасы болсын, мәселесі біреу… «Міне, тура осы жылы ашамыз» деп зауыттың негізіне зыңдай етіп цемент құяды да, оны ұмытып кетеді. Келер жылы қаңқасын қойып, «ендігі жылы есігін саламыз», – де-е-еп жүреді. Қайбір жылы әкім келіп, лента қиып, лек-лек тілек айтады-ау, бірақ негізгі орыннан басқа цехтарда… цех жоқ. Мысалды мәжілісмен Мұрат Әбенов айтып берді. Биылғы жазда Қызылорда облысында ілеспе газды айыратын зауыт ашылуы тиіс болған. Ашылған да (ресми түрде). Алайда, жарты жылдан бері сол зауыттың газы жетпеген ауылдарды көріп, Мұрат көкем күйініпті. Демек, жоба аяғына дейін жетпеген… Бұл өз кезегінде газ келеді деп, жұмыс графигін оңтайлап қойған кәспкерлердің жұмысына кедергі екені белгілі. Бәрінде осылай емес қой, бірақ әлгіндей фактілерден соң иттің фаршын жегендей жиіркенесің. Әрине, айыптылар –  ауыл-аймақтағы әкім-қаралар. Істің көзін білмей, ірі істі жер қылады. Жер қылғанын «жындыы болды, жұмыс істеді» деп жоғарыға рулон-рулон ақпар жібереді. Содан кейін мына салалық министрліктердегі кісілер де салғырт па, білмедім. Әй, «салынып біткен» нысандарды жақсылап тексерсе болады ғой. Тіптен бұрындары бітіп қойған зауытты «салынатын нысандар» жобасына да тіркеп қойған кездер болған.

2) Тағы да Айдос ағама жүгінсек, «инновация ауа сияқты. Айтылуға әдемі. Бірақ қолмен қармап ұстай алмайсың, көзбен көре алмайсың». Сол айтқандай, апаттың бәрі осы адами фактордан болып отыр ғой. Әсет Исекешов пен Қайрат Келімбетовтердің 1000, жоқ 10 000 клонына тапсырып бермесек, жағдайымыз сиырдың жаппасындай болады десем, ә. Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, жоғары жақта «жоба менеджері» деген мамандарды оқытып, жер-жерге жіберу жайын талқылап жатқан көрінеді. Бұл да аймақтағы басшыларға деген сенімсіздіктен туған амал. Қайдам, бұл да көмектесер ме екен? Аймақтағы пара беріп-алып, откат жасап, таныс тартып, тендерден жеуге дәнігіп қалған ағайынды немен алмастырамыз?

3) Былтыр ҮИИД-тің үрдісімен 72 жоба бір күнде іске қосылды, білесіздер. «Бұл мен үшін зор бақыт» деп Елбасымыздың көңілі тасыды. «Жетпіс екінің» ішінде инновацияға жақын-ау деген Алматыда дәрі-дәрмек, Атырауда шприц шығару секілді «қызықтар» болмады емес, болды. Бірақ, Ақмола облысындағы аумағы 3,5 га жердегі жылыжай мұнда не істеп жүр? Қияр өсіру да Құдай-ау, «инновейшн» болып па? Немесе Қаратал су электр стансасының күшіне күш қосу деген жобаны айтам… Бұл үшін басқа «тұрмыстық» бағдарламалар толып жатқан сияқты еді ғой. Әбеновше айтсақ, «тас қашау мен нан пісіру де инновация ма екен?». Тас пен нанға тістескеніміз бекер емес, ҮИИД аясында Қостанайда макарон,  ал «Атырау Темір жол Құрылыс» деген ЖШС-і қиыршық тас (щебень) шығаратын болды. Дақпыртымыздан үркіп жүрген көршілеріміздің, тегі болмаса С.Ұбайдуллаевтың қолына ҮИИД бағдарламасы түссе, табаға қалмаймыз ба? Әй, осы инновацияны айтқанда Роза Бағланованың аузымен «Ақ патшам» «принципиальды түрде жаңа өндіріс, тың технологияны» айтты емес пе? Туу, бар нервімді үзіп біттім-ау 🙂 Айтпақшы, «Атамекеннің» атаманы Азат Перуашев осы бағдарламада өнімді сату мәселесі қарастырылмаған деп еді. Перуашев: «Былай қарасаң, не керек, бәрін өндіре бересің. Кез келген зауытыңды салып ал. Бірақ өнімді қайда жіберу керек?», – деген болатын. Жарайды, Ақтөбеде компьютерлік томографтарды шығарамыз деп желпінеміз. Шығарайық, бірақ ол немістің, я жапонның томографымен сапалас бола ала ма?

ПыСы. Мен күнтізбеден жаңылып отырған жоқпын. Бағдарламаны қорытатындай екі мың да он бесінші жыл емес.. 2011-дің басы ғана. Бейнелеп айтқанда, бұл операдағы увертюра ғана (бастауы). Тек оның үдемелі болатынын, я «уәдемелі» болатынын бір уақытқа тапсырдық.

Advertisements

5 comments on “«Уәдемелі» увертюра

  1. Романтика тек махаббаттың еншісіндегі ұғым емес.
    Қарақшылар романтикасы бар, ол: «қайда қарын тойса – Отан сонда», «ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деген тезистермен сипатталады.
    Саяси романтика бар, ол енді: «ох, мен болсам ғой, бәріне бәрін бөліп берер ем!» дегенге саяды. Олар ешқашан саясат Олимпіне жетпейді, жеткен күннің өзінде, қайғылы жағдайда қаза табады. Мысалы, Альенде. Мысалы Мор. Мысалы Асан қайғы. Саясатта макиавелизмнің жетіспеуі – витамин жетіспеуден әлдеқайда қауіпті.
    Ал енді өндірістік романтика да бар. Ол «охх, Батыстан оқып аламыз да – сосын өндірістің көкесін көрсетеміз!». Ол әу бастан өтірік нәрсе. Оның өтірік екені сонша, оның өтірік екенін айтудың өзі ұят. Азамат басыңмен корпоратив кешінде жұртқа: «Анау келіп тұрған Аяз Атаның сақалы шын мәнінде мақта ғой» деп тұрсаң, қандай ұят болар еді? Бұл да сондай ұят.
    Батыс өзінің жеп отырған нанын «сен де өзің жасап ала аласың!» деп, үйретіп жібере салатын ақымақ емес. Өйтсе, тіпті масқара болар еді. Барлық ірі өндірістік технологияны Батыс баяғыдан бері кросс-лицензиялармен матап тастаған. Анау Сколководағы орыс ғылымының соңғы тырашы опат болғанда көрерсіздер. Intel қазірдің өзінде өз жабдықтарының негізінде ашылған жаңалықтарға эксклюзивті құқығы бар екенін баяғыдан бекітіп тастады. Енді алпысядролық-қырықкэштік процессор шығарса да – мұхит асып кетпек.

    Сосын соңғы кезде байқап жүргенім – жоғарыдағыдай аналитикалық романтика бар. Ол романтиканың мағынасы – биліктегілерді ақымақ деп ойлау. Білмейд деп ойлау. Сосын – сара жол көрсетуге тырысу. Оларға бір сұраққа ешқашан жауап бере алмас еді: «Егер биліктегілер ақымақ болса – олар билікке қалай келді?» Әлгі сен жөйіттер айтыпты демекші «Егер мен сен сияқты болсам, мен сияқты кім болады? (Еврей нақылы)» деген сөзіңе ұқсас.

    • Сен айтқан аналитикалық романтика аналитикалық журналистиканы алға жылжытатын бірден-бір себеп )))) Оның үстіне билікке бару үшін ақылды болу шарт емес, адаммен араласа білу, көңілін табу, айтқанына көну, алдап қою, саунаға бару, ұрттап қою , өтірік күліп қою шарт шығар, шамасы )))) Барған адамдар айтсын оны, біз дилетантпыз ғой

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s