Бәрін де бір Құдай біледі…


Білсеңіздер, футурология деген ғылым бар. Бірден келешектің көкжиегіне көз салып, болашақтың бедерін сипауға тырысатыны түсінікті шығар. Осип Флехтхайм деген білгіштің 1943 жылы осы терминді айналымға салып жібергені бар. Содан бері футурологияның ғылым ретіндегі әдістемесі қалыптасып, салмағы артып шыға келген деседі.

Деседі емес, АҚШ пен Еуропа елдері баяғыдан-ақ футурологтардың сызып бергенімен стратегиясын түзеп отырады. Енді осы айтқандардың 85 пайыздайы дөп келеді екен. Себебі, бұл құмалақ тастау, лобия шашу емес… Қазіргі таңдағы технологиялық, экономикалық әм әлеуметтік тенденцияларды терең талдайды, қызыл етіне дейін қаузайды, қисынға салады, қиялмен қуады. Жарайды, атақты Forbes жорналы ұсынған деректерді «іске жаратып», алдарыңызға ұсынып отырмыз. 2011 мен 2020 жылдардың аралығында, аядай әлемде айтарлықтай қандай өзгерістер болмақ?

2011Солтүстік Корейдің сұсты көсемі Ким Чен Ир дүние салып, орнына отызға тақап қалған Ким Чон Ун отырады. Еуропаның ең мықты деген оқу орындарында дәріс алған. Баскетбол матчтарын тамашалағанды ұнатады. АҚШ-пен сәлемі түзу болатын түрі бар. Демек… Айтпақшы, қазірдің өзінде Корейдегі билік осы жастың қолына шоғырланған деген ақпарат бар.

2011Мысыр елінде Жер бетіндегі жеті миллиардыншы адам болып, қыз бала жарыққа келеді. Осы жылы ұшатын көлік өндіріске енгізіледі. Оның прототипі қазір АҚШ-та сынақтан өтіп жатыр.

2012Сомалиде әсіреисламистердің мемлекеті пайда болады. Ал Израиль бес жылдан бері ескертіп келе жатқан шабуылына кіріседі. Яки, Иранның ядролық нысандарын атқылау туралы шешім қабылдайды. Бұған жауап ретінде Теһран арабтың мұнайы мен газын әлемдік нарыққа шығаратын Ормуз бұғазын жауып тастайды. Демек, мұнай мен газ бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген қымбатшылыққа ұшырайды деген сөз.

2012 Ағылшын елінде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қос аяғынан айрылған атлет қатысатын болады. Ол механикаландырылған протездің күшімен 400 метрге жүгіруден жүлдеге таласатын болады.

2013 – Уолл-Стрит биржасында кезекті «қаралы сейсенбі» орын алады. Осылайша, жаңа онжылдықтағы қаржылық дағдарыстың шығу себебі туындайды.

2014Қытай алыстағы Судан мемлекетіне өзінің зымырандық жүйелерін орнатады. Ал бұл өз кезегінде халықаралық жанжалға алып келеді. Осы жылы суши жасауға таптырмайтын көгілдір тунец балығы биологиялық түр ретінде жойылады.

2015Мұхит деңгейінің көтерілуіне байланысты Бангладеш ауыз суды тұтыну жағынан қиындыққа ұшырайды. Сондықтан, су тұщыландырғыштар сатып алу үшін Бүкіләлемдік банктен 9 млрд долларға несие сұрайды… Солтүстік Африкада құны 500 млрд долларға бағаланған күн сәулесінен қуат өндіретін алып кешеннің құрылысы басталады. Аутизмді емдейтін дәрі ойлап табылады.

2016АҚШ президентінің сайлауында дауысты интернет арқылы беру қолға алынады. Осы жылы зертханалық жағдайда дамытылған ет саудаға түседі.

2017Аустралияда алғаш рет еркектің қатысуынсыз ұрықтандыруды жүзеге асырады. Бұл әйел адамның өзек талшығынан алынған синтетикалық ұрықтың негізінде мүмкін болады. Сөйтіп, еркек ұрпақ жалғастырудағы баламасы жоқ феномен рөлінен айрылады.

2018АҚШ Ауғанстаннан өз әскерін алып шығады. «Талибанды» да соғыстың жеңіскері ретінде жариялайды. Парижге Пекиннен шыққан әлемдегі ең ұшқыр пойыз келеді. Оның жылдамдығы сағатына 300 шақырымнан асып жығылады. Осы жылы әлемдік экономикалық дағдарыс та бітеді.

2019Әйел жетіспеушілігінен Қытайда біржынысты некеге ұлықсат береді. Осының кесірінен гомосексуализмді насихаттау күшейіп кетеді. Apple корпорациясының басшысы Стив Джобс қызметінен кетіп, 50 млрд доллар шамасындағы байлығын Гейтстің қорына табыстайды.

2020«Гринпис» ұйымы әлемде климаттық соғыстың басталғанын жария етеді. Ал Шир-Ланкада дінаралық қақтығыс туады. Осы жылы Айға Ричард Брэнсон компаниясының алғашқы жеке ғарыш кемесі аттанады. АҚШ-та ағзадағы рак талшықтарын қырып жіберетін дербес құлтемірлер өндіріске шығарылады. Сонымен бірге, Қытай мен Үндістан Тибетте салынатын қуатты су тоғаны үшін қырқысуға дейін барады…

Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Бірақ, абстракция емес. Болашақта не боларын бір Алла тағала біледі әрі оған ешкім шәк келтірмейді. Бірақ, Батыстың футурологиясын да біз миға қорек болу үшін қорытып жүрсек те, артық етпес…

Advertisements

17 comments on “Бәрін де бір Құдай біледі…

  1. Мәссаған, қызықты болжамдар екен. Өркен мырза бұл болжамдарға Мәшһүр Жүсіптің
    «2013 жыл болады.
    Қойдан қоңыр заман болады,
    Көрген де арманда,
    Көрмеген де арманда сол болады.
    2015 -16 жылдары дін басына имам Мұхамед әл Мағди келіп бүкіл
    дүние жүзіне Ислам дінін күшейтіп, елді бейбітшілікке жеткізеді» дегенін және
    «Елде 2012 жылы бір толқу болады, сосын 2014 жылы бір толқу болады. 2014 жылы қатал тәртіп болады. Тәртіп болған соң береке-қайыры болады. 2015 жылы ақпан айында сапарға шығу қауыпты болады. Содан әрі қырық жыл дәуірлейді» дегенін,
    «Бір кезде қытай шүршіт шығып Ташкентті алады, ұлы ғайбат болса керекті. Шүршіт шығып жүріс қылып, Шаһзанда шайтан шығып, Шүршіттердің бәрін қырып, Опат қылса керекті. 2021 жылы тауық жылы қытай шүршіт Самарқантқа жеткен соң опат болады. Самартқанда шүршіт қырылып біткен соң, Ислам діні күшейіп, қырық жыл дәуір сүрсе керекті» дегенін де қосып қой. Қазақтың да футурологиядан хабары бар екендігін ел білсін. Дегенмен, шынында да бәрін бір Алла ғана біледі ғой.

      • Қазекемнің өзі білмей жатқанда, Порбыс қайдан білсін? Таныту керек әкесін.., тойыс Мөңке биді

    • Мәссағанға мәссаған! Мәшһүр атамыздың «келешекті болжаған» дегенін естіген болатынмын, бірақ мынадай болжамдарын алғаш рет оқып тұрмын. Амангелді, саған кенедей жабысайын, осы жазғандарынның толық нұсқасы бар ма? Біздікі сол кәзеттің қамы ғой, өзің білесің

  2. Мысыр елінде Жер бетіндегі жеті миллиардыншы адам болып, қыз бала жарыққа келеді.
    Болжам болғанда да таң қаларлық дәлдік…

    • Азың не, өзің айтқандай, жоққа санап отыр. «Форбсты» да қайбір сау сиырдың б…ы дерсің, сайқал саясатқа анда санда болсын, АРТ-ын сүйкейтін басылым ғо… Оларда футуролог, бізде бір Алла тағала ақ болсын дейік!

    • Кім біледі, уақыттың тезі, қоғамдық формация, заман талабы адамды ысылтып, халық мінезін өзгертпей қоймайды. Қашанда солай болған, болашақта да солай болмақ

  3. 2012 – Ағылшын елінде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қос аяғынан айрылған атлет қатысатын болады. Ол механикаландырылған протездің күшімен 400 метрге жүгіруден жүлдеге таласатын болады.
    Осы спортшы жайлы оқығаным бар еді.Ол тіпті Бейжің олимпиадасынада қатыспақ ниет білдірді ау деймін…

  4. Шамасы сол жігіттің протезін мамандар бір секіргенде басқа спортшылардан әжептеуір артық секіруге мүмкіндігі бар деп тапты-ау деймін

  5. Мына болжамға мен фантастика ретінде қарап едіп, қайтемін енді, спорттың қосынынан алыспын ғой. Сөйтсем, Әбіләкім көзімді бақырайтып қойып, Оскарды отырған орнынан көтеріп алып, блогыма кіргізіп қойыпты. Сұмдық, сұмдық 🙂 әлгі жігіттің протезі бір секіргенде басқа спортшылардан әжептеуір артық секіруге мүмкіндік береді дей ме, айтарым жоқ

  6. //2011 – Солтүстік Корейдің сұсты көсемі Ким Чен Ир дүние салып, орнына отызға тақап қалған Ким Чон Ун отырады.//

    жақсы жаңалық екен. Жас жігіт, Оң.Корея қарсы қақтығыстарды да тоқтатын шығар ә 😉
    Сеулдің фанаты ретінде айтарым… все таки. кимайд кенсің сұлулықты …

    //Осы жылы суши жасауға таптырмайтын көгілдір тунец балығы биологиялық түр ретінде жойылады.// аянышты екен… 😦

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s