«Татлерді» не таң қалдырды?


Күн ілгері «Tatler» жорналының буы бұрқырап тұрған жаңа санын қолыма түсірдім. Өткен ғасырдың өкпегінде жарыққа келген жорналдың қағазы жылтыр, беті қалың, беделі жоғары екені белгілі шығар. Енді сол басылымның орыс тілшісі Алматының балағынан теңге төгілген байшыкештерінде мейман болыпты. Обалы не, тілші Эдуард Дорожкин тілінен бал тама Алматыны да,

ондағы сұлулығына байлығы келіскен сылқымдарды да сипаттаймын деп сөз қорын сарқыпты. Хош, «Казахская вольница» деген көлемді материалды оқығандағы ойым мынау еді: сырт көз біз байқай қоймаған нені байқапты?

1. Қазақ еліндегі қырмызы сән десе, сырттағы жұрттың танауына мұнай-газдың күлімсі иісі келіп, мазасын қашыратыны бар. Мына журналист те: «Егер кеңестік геологтар Батыс Сібір жерінен басын алмай жүре бергенше, қазақ даласын кеңінен шиырлап, қазба іздегенде, КСРО әлі күнге дейін аман болар еді», – деген тәуіп саясаткерлердің уәжінен тұздық жасайды. «Қазақстанның мұнай қоры – 30 млрд. тонна. Салыстыру үшін, Сауд Арабиясында бұл көрсеткіш 27 млрд. тоннаға тең әрі байлығын олар өте тез тауысып жатыр» дей келе, достық қызғаныштан ба, әйтеуір жұтынып қояды. Тағы бір қызықты байқауын қараңыз, алматылықтардың аға буыны да, желкілдеген жастары да КСРО-ның құлауын «распад» емес ,«крах» деп те емес, «развал» деп айтатын көрінеді. Яки, бұл ұғым қазба байлықтарға қол жеткізу мақсатында алып державаны алып жығу деп түсіндіріледі екен. Әрине, жағаңды ұстатар жаңалық бұл емес… тек мына топшылауға қарағанда, «шикізат қарғысынан» таяу арада тәуір болатын түріміз көрінбейді.

2. Енді бірде журналист Алматыдағы «Golden Hills» қонақ үйінің қабырғасында қазақы үйлену тойына куә болып қалыпты. Той турасында «Без спиртного. Комсомольская» деп қысқалағанына қарап, бізде мұның әлдеқашан халал той аталатынан хабарсыз болса керек.

Суретші Софьяның үй-жайы осы... ішінен

3. Қызық болғанда, Қазақстандағы пластикалық отаның кереметін Парсыдан келген мамандар жасайды екен. Қалай дегенмен, «Татлердің» тілшісі осылай деп тұр. Эдуард Дорожкин материалында «Егер Америка үшін Иран зұлымдық араны болса, қазақтар үшін пластикалық отаның Отаны» деген «мәнді» ой түйіпті. Одан әрі… аты-жөнін атамаған олигархтан, «Қазақстанның бағыты қалай өзі? Шығыс деспотына ма, әлде еуропалық өркениеттегі монархияға бағытталып бара ма?», – деп сұрапты. Ол пақырымыз да паң екен. «Жоқ. Біз Біріккен Араб әмірліктерінің типінде дамып келеміз», – деп керлене жауап қайтарыпты.

4. Ұят болғанда, «Рахатгейттен» кейін елімізде «Әлиевпен» қатар, «Веналық» деген сөз де итжеккенге айдалып кетіпті. Мысалы, бизнесмен Марат Омаров Алматыда Веналық балды өткізейін дегенде, қала атауын «қайырымдылық» дегенге ауыстыруына тура келіпті. Алматының антиквариат дүкендерінен веналық үстелдер, ал дәмхана мәзірлерінен  веналық кофе ұшты-күйлі жоғалып кеткен көрінеді.

Нұргүл Ертаева да Алматыдағы ең бай бикештердің бірі

5. Ал енді журналист өзі жүзбе-жүз жолығып, жүзім шайын ішкен бақуаттыларымыздың арасынан суретші Софья Тасмағамбетованың үй-жайына ерекше таңданып, адами қасиеттеріне тәнті болғанын жазады. Білсеңіздер, Софья – Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қызы. Ағылшындар астанасында живописьтен сабақ, Челси қоры, Мидлсекс университеті секілді білім ошақтарында тәлім алып қайтыпты. Лондонда қалуға да болар еді, бірақ Софьяның Алматыға деген сағынышы сондай, ай астында жылап-жылап жүрген көрінеді. Суретшімен қысқаша сұхбаттасқанда: «Алматыда уақыт зырлап өтеді. Бір аптаң үш күнге сыйып кететін сияқты. Алматылықтардың өз қаласын жақсы көретіні соншалық, қала да конфетка сияқты көрінеді маған», – депті. Ашығы керек, «Татлерді» таңырқатқан жайлар өзімізді де таңдандырды десе болады.

Advertisements

10 comments on “«Татлерді» не таң қалдырды?

    • Әлгі Еуразия банкінің экс-басшысы, қашқын банкир Жомарт Ертаевтың әйелі шығар деген ой кетіп қалды. Қызының түрі соған келеді екен негізі…

      • Мен де солай деп жорамалдап отыр едім, тілімнің ұшындағыны тауып айттыңыз. Будем разбираться!

    • «Татлердің» келесі санына Дорожкинді алып, Үстірттегі, Мойынқұмдағы, Арқадағы ауылдарға апарып, апаларымыздан эксклюзив сұхбаттар алғызу керек! Тапсырма солай десең, ия 🙂

  1. Жоғарыдағы соңғы іс-әрекеттерге карап мен абсолютті монархия боп кетеміз бе деп қорқып едім….(«Қазақстанның бағыты қалай өзі? Шығыс деспотына ма, әлде еуропалық өркениеттегі монархияға бағытталып бара ма?», – деп сұрапты. Ол пақырымыз да паң екен. «Жоқ. Біз Біріккен Араб әмірліктерінің типінде дамып келеміз», – деп керлене жауап қайтарыпты.)

    • Ық ық ық, бұл өзі ауылға бармайтын, Дубайдың бес жұлдызды отельдерінен шықпайтын, айран ішпейтін, «Бонаква» ішетін олигарх болып тұр ғой, білсем….

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s