Омардың ойы…


Бұл екінші халиф Омар ибн әл Хаттаб емес. Бұл Омар Хайям да емес. Бұл ЖәлелұлыОмар Жәлелұлы. Еуразия Ұлттық университетіндегі пәлсапа кафедрасының ересек, кешіріңіз аға оқытушысы. Дінтанушы. «Как раз» Астанада ҚР мұсылмандарының 5-ші құрылтайы шақырылып, дін мәселесіне дүрбі салуға тура келген. Еееең жек көретін жанрым – сұхбатты Амангелдінің ееең жақсы көретін авторынан алдым. Жаман шықпаған сияқты. Жақсы деген тұстарын жалпы өзектен үзіп-үзіп, қайшымен қиып-қиып, осында салдым. Келісерсіздер-келіспессіздер, тек әке-шешеден боқтау, кіндіктен төмен тебу болмасын 🙂 Ескерту: аяғына дейін оқымасаңыз, айып емес.  

М.Қ.

Қазақстан мұсылмандарының бесінші құрылтайына қатысушыларды түс қайта Мәдениет министрі Мұхтар Құл Мұхаммед қабылдапты. Бұл жердегі гәп дін қызметкерлерінің бұрын Әділет министрлігінің қарауында болып келіп, енді Мәдениет министрлігінің құрамына бергені болса керек. Содан да имамдарды мейман қылған министр елдегі діни ахуалмен етене таныстығын, жағдайға қанықтығын нықтап жеткізіпті. Қысқасы, министр «біз сіздердің немен тыныстап жүргендеріңді, не істеп жүргендеріңізді жақсы білеміз. Аймақтағы діни мәселені де бақылап отырмыз» деп барып, «дұрыс жұмыс істеңдер» деген ғой… Аса «мәдениетті» ағамыз салафизмнің күш алып келе жатқанынан қауіптенеді екен.

САЛАФИЗМ

Бұл ағым қазақ қоғамы ұстанатын мәзһабына, амалына, ахлағына қайшы. Түсініктірек болу үшін діннің өзі үш нәрседен тұратынын айта кетейін, иә? Алдымен, ақида (сенім қағидалары). Бұл жердегі ұстазымыз имам Матруди. Одан кейін – амал. Мұндағы ұстазымызды мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам ағзам Әбу Ханифа деп мойындаймыз. Ал үшінші тірегін ахлақ десек, біздің ұғымда бұл мораль я құлық  түзету ілімі деген түсінік береді. Бұндағы ұстаздарымыз  – тасауввуф ілімінің өкілдері(Қожа Ахмет Ясауи, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Дулат Бабатайұлы, Майлықожа және т.б.). Енді осы үшеуі түгел болмаса, дін де дұрыс болмайды екен. Осы қисынға салсақ, салафилер ақида мәселесінде мүлдем басқа бағытты ұстанады. Ұстаздары басқа. Былай айтқанымен, амалды мойындамайды. Ахлаққа келгенде, оны «ширк» қып шығарады. Енді діннің үш тірегін тәрк еткен ағымнан қандай «дінді» табады екенсіз?

ШАТАҚИЗМ

Былайша айтқанда,  шатақ діндердің (Шәкәрім) бәрі қауіпті… Құранит деген қауым «Құранмен жүреміз» деп, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерін мойындамайды. Бұл енді салафилерден де сойқан болып тұр. Бұның бәрінің бір себебі еліміздегі дін социологиясының дамымай қалғандығында жатса керек. Яғни, «Дін дегеніміз не? Оның қоғамға тигізетін пайдасы мен зияны қандай болмақ?» деген сұрақтарға жауап іздейтін ғылымды дамытуымыз керек.

МӨЛДІРИЗМ

Елбасымыздың өзі «транспарентность» (мөлдірлік) деген терминді жиі қолданып жүр емес пе? Ал дін мәселесі өте нәзік әм күрделі болғандықтан, мұнда міндетті түрде «мөлдірлік» болуы тиіс деп ойлаймын. Кез келген нәрсені жасырған сайын жамандығы артады. Ішке кетеді. Бұл дінде де, физиологияда да бар құбылыс қой. Қазақ «ауруын жасырған өледі» деген. Біз де діни мәселені ашық талқыламай, жауып қойсақ, күні ертең құбыжық кейіпке түсуі әбден мүмкін.

Ә.Д.

Бұл кісі басында «сенім, дін бостандығы» деген желеумен тізгінді босатыңқырап жібергенініп ұғып, Елбасының саясатын дұрыс пайдаланып, қазақтың дәстүрлі Исламына басымдық беру, имамдарды елімізде дайындау, секталарға тойтарыс беруі тиіс екенін түсініп, қажырлы еңбек етіп жатыр. «Ештен кеш жақсы». О басында рухани басқыншылыққа дайын бола алмай, сасып қалғанымызды Әбсаттар қажының жеке басынан көрген жарамайды. 

«ОППИКТЕР»

Өз басым дінде оппозиция болмауы керек деп білемін. Дін саясатқа араласпауы тиіс. Дін деген, былай айтсақ, адамның рухани денсаулығын реттеп отыратын ілім. Мысал үшін медиктерді алайық. Ауыра қалсаңыз, тәніңізді емдейді де, қоя береді. Дәрігерлер сөзсіз мемлекетке оппозиция бола қоймайды. Себебі, олар мемлекетке қызмет ететін адамдардың денсаулығын реттеп отырады емес пе? Олардың функциясы оппозиция болуда емес… Енді діндарларды рухани дәрігерлер десек, оның да жаратылыс мақсаты оппозицияға өтуде емес қой. Ал егерде дін саясатқа араласып, оппозицияға айнала бастаса, онда діннің әу бастағы мақсат-мүддесінен ауытқуы деп тануымыз керек.

Рухани дәрігерлер қазақтың мүддесіне жұмыс істеуі қажет. Бұл тұрғыда ҚМДБ жұмысты сәл ертерек бастауы керек еді. Аладдиннің құмырасынан жынды шығарып алғандай, дін мәселесінде тізгінді жіберіп алдық. Жын шығып кетті де, қаншама жастарымызды улап үлгерді. Білесіз бе, сырттан келген секталардың ең қауіптісі – «қазақта дін жоқ, ата-бабаларың адасқан» деп үйретеді. Қазақтың қарагөз ұл-қызына өзінің ата-бабасын жамандатқызды. Бұның ақыры ұлттық нигилизмге алып келеді. Яғни, ұлтты жоққа шығару….

Б.Б.

Бүйткенше, біздің дінсіз болып жүргеніміз жақсы еді… Бағзыда Баязит Бистами  деген әулие дүние кешкен. Соның заманында бір яхуди өмір сүріпті дейді. Әлгіден «неге дінге кірмейсің?» деп сұраса, «дін ұстаған соң, Баязит Бистамидей ұстану керек. Олай етуге менің күшім жетпейді. Ал сендердің ұстанып жүрген діндеріңнен менің кәпірлігім артық», – деп айтқан екен. Сол сияқты, шатақ дінге шатылғаннан гөрі, олардың дін ұстамай жүргендері жақсы болар еді… Түсінесіз бе, Кеңес кезеңінде дін ұстамай жүргенде, қазақ қоғамы тұтас болатын… Мысалы, жол жүру ережелерін көбіне кім бұзады? Статистикаға сүйенсек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, «гаишниктер» болып шығады. Неге? Оларды ешкім тоқтатпайды. Ешкімнен қорықпайды. Сол сияқты жағдай дінде де бар. Орыстар мұндайда «как у Бога за пазухой» дейді. Яғни, дінге кірген адам, егер оның ақидасы дүрыс болмаса,  Құдайдың сеніміне ие адамдай желікке мастанып, жалпы ережені бұзады. Ал дінде жоқ адам үнемі қорқып жүреді. Діндегі басты нәрсе хауф пен ража  – Құдайдан қорқу және үміттену. Қазақ атамыз да «Сайтаннан албастының атасы жуық» деп мәтел қалдырған.

М мен Д

Мемлекет діннен бөлек бола алмайды. Тағы да мысалға тартынсақ, отбасында сіз отағасы болсаңыз дейік. Балаңыз, жарыңыз басқа сенімге өтіп кетсе, отбасылық жарасымның күл-паршасы шықпай ма? Солай десек, мемлекеттік қауіпсіздік пен тұтастықты бірінші орынға қойып, баянды ғұмырын қамтамасыз еткісі келген мемлекет ұлттық идеологиясына жағатын, ата дәстүрге сүйенген, ғасырлар бойы елдің тірегі болып келе жатқан ілімді қаржыландыруы тиіс. Путин кезінде «Православие – орыс мемлекетінің негізі. Біз осыған басымдық береміз. Қаржы бөлеміз. Бітті», – деді. Ешқандай күмілжіген жоқ. Қытай конфуцийшілдікке, Британия өз шіркеулеріне ақша салып отыр. Бүкіл әлем осы тәжірибеге көшкенде, біз неге өзгеше болуымыз керек екен? Қай дін мемлекетіміздің құрылып-қалыптасуына рухани һәм әлеуметтік-идеологиялық негіз болды? Біз соны ұстануымыз керек. Бұдан қорықпау керек. «Бақташысы жоқ отарды қасқыр талайды». Яки, дін мемлекеттің қарауында болуы тиіс. «Отанды сүю иманнан» дейміз де, оны ұрпаққа сіңіретін құрал дін екенін ұмытпауымыз керек. Діннің мемлекет мүддесінен басқа мүддесі болмауы керек.

ҚОРҒАНЫС

Әрбір адамның өзінің наным-сенімін қорғауына құқы бар. Заң бар. Заң аясында қорғана білуіміз керек. Мысалы, маған үйіме келіп, басқа дінді уағыздай бастаса, полиция шақыруға құқым бар. Діни құқың бұзылып жатса, Ата заңымыздағы «әр адам өзінің діни бостандығын сақтауға құқылы» деген тұсына жүгін де, құзырлы мекемелерге хат жаз, өтініш білдір. Жабайы тәсілдерді қойып, заңмен жұмыс істеп үйрену керек бізге. Жабайы тәсілдің ашық конфронтацияға алып келетінін түсіну керек. Орыс православ шіркеуі қай елде болмасын, уағыздарын орыс тілінде жүргізеді емес пе? Осы қисынға салсақ, орыс тілінен басқа тілде дінін насихаттай бастаса, бұл миссионерлік болып табылмай ма?.. Міне, осылай өркениетті түрде күресудің амалдарын таппасақ, діннен ши шығару оп-оңай.

НИКАБ

Әрине, мұсылман елі болғандықтан, мұсылманның дәстүрін сақтауымыз тиіс. Бірақ.. бірақ ол біздің ұлттың танымға, салт-дәстүрімізге сай болуы қажет. Мысалы, неге арабтың қара жамылғысын қабылдай алмаймыз? Өйткені, ділімізге жат. Түріктің де, басқаның  дәстүрін қабылдай алмаймыз. Ол да жат. Құдай-ау, өзіміздің қазақтікі бар ғой. Шымкенттің, Қызылорданың қыздары әдемі қылып, орамал тартып жүрді ғой осы кезге дейін… Енді келіп,  әркімге жөнсіз еліктеуіміз қалыпты. Қара басқанда, сол соқпағынан адасқандар «біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп күйдіреді. Алла тағаланың екінші аты «халық» десек, қазақта да «халқына жаққан адам ғана Құдайға жағады» деген сөз бар. Осы ұстанымды Мәшһүр Жүсіп атамыз дамыта келе «Нәпсісін билеген жігіт бірінші өзін билейді. Одан кейін отбасын, аймағын, содан соң барып халқын билейді» деп тұжырым жасайды. Бұған енді алып-қосарым жоқ.

ҰСЫНЫС

Қай мәселе болсын, ғылымға сүйенген абзал болар. Мәселен, сектология деген ғылым бар. Әрине, бізде онымен ешкім айналыспайды… Айтайын дегенім, таяуда Ресейдің Новгород қаласынан Волков деген сектолог келген болатын. Көршіміздің де бас ауруы секталармен күрес болғанын білеміз ғой. Сондағы сауалымызға Волков «Олармен тікелей күресіп, абырой таппайсың. Үстем болғың келсе, ұлттық иммунитетті қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз, ұлттық дәстүрді жаңғырту» деп жауап берген-ді. Яғни, дәстүрді күшейту арқылы санада бос кеңістік қалдырмау керек. Сондықтан, балабақшадан бастап ұрпақтың бойына ата-бабамыздың дәстүрлерін сіңіре беру керек, сіңіре беру керек. «Сөз атасы – ертегі, Құраннан сыр шертеді» демекші, сол ертегіні, қисса-дастандарды, батырлар жырын, арысы жыраулар, берісі Абай, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жүйелі түрде оқытайықшы. Айталық, мынау Иранды алайық. Бұл елде физигіне де, биологына да парсы әдебиетін міндеттеп оқытады екен. Себебі, әдебиет дегеннің өзі сол дінмен суарылған емес пе? Сонымен бірге, парсылықтар бұған «егер біз қазір әдебиетті оқытпасақ, олардың ғылымы кімге жұмыс істері белгісіз болып қалады» деген жауап табады.

ИММУНИТЕТ

Тіл турасында Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Әлемде 77 тіл бар. Соның ең асылы – араб тілі. Себебі, Құран осы тілде түскен. Одан кейінгі ең асыл тіл – қазақ тілі» деген сөзі бар. Одан әрі ойын сабақтай келе, «дін де, ғылым да, әулиелік те  қазақтың тілінде» деп аяқтайды. Сондықтан, қазақтың тілін, әдебиетін дұрыс оқытсыншы, қандай әлеуетті болар едік? Арнайы дінтану пәнін енгізбей-ақ қойсын, бірақ Абайды оқытып, жырауларды жаттатсыншы, ешқандай салафи, ахмади дегеніңізге бой алдырмас еді. Білсеңіздер, жапондар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін балаларын шетелге оқуға жібере бастады. Алып елдермен соғысып, арша-боршасы шыққан елді түзеу үшін оқып келсін, үйреніп келсін деп аттандырды. Сонда кейбір ұландары нәпсінің соңына еріп, я әлдебір себеппен оқуынан шығып қалса, өздеріне харакири жасайтын болған. Өйткені, оқу тауыспай елге қайту оларға өліммен тең болған.

Міне, ұлттық иммунитеттің үлгісі! Махатма Гандиді анасы Англияға оқуға жіберерде, «үш талабым бар. Орындай аламын десең ғана, жіберемін» деген. Сонда «ет жемейсің, арақ ішпейсің және жат ұлттың  қызына бармайсың» деп талап қойған. «Мақұл» деген Махатма бір күн бойы табанынан таусылып, Англияда етсіз тамақ істейтін, қазіргіше вегетариандық асхананы әзер тауыпты. Бұның бәрін не үшін айтып жатырмын? Осының бәрі ұлттық иммунитеттің мысалдары. Ал біз шетелге кімді жіберіп жатырмыз?


Advertisements

21 comments on “Омардың ойы…

  1. еееееее. андағы деңгейдегі жиынға қатысқан адамнан более дені дүрыс пікірлер күткен едім, қазақпайшылықтан артып бармаған екен. Басқа елдердің де жолдары деп Ресейден ары асып кете алмапты. онысы да шіркеу екен..

  2. Келіспеске болмас жерлері бар әрине, бірақ орташа.
    а так осындай жолды көрсеткен жол деп түсінсек жетіскен болармыз

  3. Бүйткенше біздің дінсіз өмір сүргеніміз жақсы еді… деген сөз ақылдының айтар сөзі емес. Дін атын жамылған бәзбіреулердің қисық қылықтарына қарап, Хақ дінге күйе жаға салу жақсы емес.
    Дінтанушы екенмін деп, дінді ұстай алмасаң жолама деп қашыруға болмайды ғой.
    Дін қағидаларымен өмір сүру деген таңдаулыларға ғана арналған жол емес қой. Әркім өз қал-қадіріне сай ниеті мен амалын орындамас па…

    • «Дін қағидаларымен өмір сүру деген таңдаулыларға ғана арналған жол емес қой. Әркім өз қал-қадіріне сай ниеті мен амалын орындамас па» деген пікірлерің ұнады. Расында, ең ұшқары пікірің тақырыпқа алып шыққанмын, газетте де, Абай.кызыда да… Бірден оқырманды тартсын деп

  4. жақынды бір садақада болдым. садақа болғасын міндетті түрде молда шақырады. Құранын оқиды, кетеді әдетте. бұл жолы көргенім жас жігіт, мешітте наиб имам екен. тек қана марқұмға Құран оқып ғана қоймай уағыз да айтып кетті. Қызметіміз осы болғасын бұл да міндетіміз деп түсіндіріп өтті алдымен. Мүфтиятқа иза болдым, осындай нұсқау берген ғой деп. Садақа сияқты адам көп жиналатын жерлерге осылай уағыз да қосып отырғандары жөн екен деп. біз діни сауатсыз халықпыз, сол сауатсыз халықтың азғана білімінің өзін бұзатындар келіп бұзып болды. дінді түзету оңай болмайтын сияқты, БАҚ ештеңе істемей отыр бұл тұрғыда. тек Асыларна бар, оны жұрт қарамайды діни деп. дінді басқа тақырыптармен араластырып түсіндірген дұрыс ау деймін.

    • Нормативтік актілердің жүзеге асуына жауапты жергілікті атқарушы билік сияқты, діннің жалпақ елге тарауына да жауапты – жергілікті имамдар. Сондықтан, олардың біліктілігі мүфтияттың нөмірі бірінші жұмысы болуы тиіс қой. Әрі «Асыл арнаның» да бағдарламаларының сапасы күннен күнге артып келеді, заманауи, тың тақырыптарды басқа қырынан призма салып көрсетуге тырысып жатыр. Түзеледі бәрі, иншалла!

  5. Дұрыс айтасыз,Аршат аға! Негізі дінді арнайы бөліп алып айтар болса,жұрттың бәрі тым-тырақай қашады. Сосын «біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп күйдіретіндері тіпті жыныңа тиед че! адамзат баласын арнайы ұлтқа бөліп жаратуында да үлкен ғибрат бар емес пе?Қазақпыз ба, қазақтығымызды сақтайық! Дінге берілу демек ұлттығымызды арабқа ауыстыру емес екенін ұғынса екен жамағат! Ниқаб туралы. негізі қыздардың орамал таққаны өте дұрыс! Мәселе арабқа ұқсата таққанда емес, қазақ әйелдері де әдемі етіп орамал таға алатынын айтқым келеді.(жоғарыдағы мысалдағыдай)

    • «адамзат баласын арнайы ұлтқа бөліп жаратуында да үлкен ғибрат бар емес пе?Қазақпыз ба, қазақтығымызды сақтайық!» деген сөздерің көңілден шықты, расында баяғы аталарымыз дін мен салтты тамаша теңгермелеген ғой.. Қыз-қырқындарымыз да қиылып, орамал, жаулық, сәукеле, қарқарасын киіп жүрді емес пе? Соған қарағанда, діни уағызбен қатар, ұлттық сән индустриясын дамыта түсу керек. Петросян айтпақшы, «последний писк моды.. Когда же она сдохнет?» деп жүретін

  6. Ұлттық иммунитет жайында мысалдармен жақсы айтылыпты. Бірақ соны берік қалыптастыратын, жоғарыда айтылған дәстүрімізді жаңғыртатын арнайы жоспар, тіпті кейбіреулерде құлық бар ма? Негативке салып біржақты жамандағым да келмейді. Айтпайын десең, бір ғана мысал, айналаңда жүрген қаланың көп жастарынан дін, дәстүр жайынан сұрар босаң, пысқырып та қарамайды. Сондай кезде бұл мүдде тұтастай ұлттық емес, жартылай ма деп қаласың…

    • Білуімше, ондай жобаның біразы монография, біразы зиялы ағаларымыздың басында қатталып тұр. Тек мезетін күтіп тұр ғой, мезетін…

  7. Тақырыбы ұнамады, өте ұшқары. Кешегі Құдайсыз қоғамда өмір сүрген қазақтың күйі қандай болып еді? Ұлтқа жаны ашитын адам бұлай сөйлемесе керек-ті. Өзгені жамандап, өзін жақсы көрсету – жақсылық емес. «Дінтанушының» аузынан ырымына бір аят, бір хадис шықпапты-ау… Әлде оны Өркен бауырымыз жазбай кеткен бе?
    «Ақсақал айтты, бай айтты,
    Кім болса мейлі сол айтты.
    Ақыл сенбей сенбеңіз.
    АЯТ, ХАДИС емес қой… (Абай)
    Мына «дінтанушының» көзқарасы өзгергенмен, дін өзгермейді… Соны түсінейік

    • Ағабек қажы, мықты ғой, ағамыздың аузынан аят-хадистің аз айтылғанын тонко іліп кетіпті. Жазбай кеткенде, бәрімізге белгілі, Алла тағала бірін-бірі танысын деп ұлт-ұлыстарға бөлді деген хадисті айтқан болатын ырымға. Оны енді бәрі біледі ғой деп жазбай кеткенім рас. Басқалай хадис, аяттан ештене айтылмады, Ағабей. «Мына “дінтанушының” көзқарасы өзгергенмен, дін өзгермейді» деген досымның сөзіне ойлана қараңыздар, ағайын!

  8. Салафизмді тура айтыпты. Расымен олар «қазақ ырым етеді,ырымы қырын кетеді» деп тұмарды да, келіннің отқа май құюын да ширк деп шықылдады ғой. Ал енді «ұсынысына» мен толықтай келісемін! Бірінші өзіңді таны, яғни қазақ атаң қалдырып кеткен асыл мұраларды жүрегіңе сіңіріп өссең ғана ұлттық рухың мәңгі өшпей Құдайыңа аман жететінің хақ!

  9. Ас саламу алейкум! Барлығымызға Алла тағала жүректеріміздің жұмсақ, көркем мінезді болуды насіп етсін! Шайтанның азғыруынан сақтасын!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s