Әлемді сұлулық құтқармайды…


Хорхе Луис Борхес, Хосе Ортега-и-Гассет… Осы есімдерді естісек, елең ете қалатынымыз бар. Өткір ойлы публицисті, озық пікірдегі ойшылы бар испан, аргентин халқын бақытты деп білеміз. Алайда, аузыныздың суын құртпай, айналаңызға қарай, адамдарды аңдай жүріңіз. Мысалы, Ерлан Жүніс. Менен ары кетсе, 12 ай, 19 күндей ерте туған… Бір облыста, басқа ауданда. Бір газетте қызмет атқардық, басқа уақыттарда. Ақын. Жорналшы. «Өзгеріс рухы – бір Сәтте! Сол сәттің белгісі – Сенде!», – дейді. Жырларын терең ойдың құдығына қауға салып,

суаратын досымды «бұйырса, қазақтың Борхесі боласың» деп қолпаштам қоямын. Теңеуім тірексіз емес. Тексеріп көрем десеңіз, төмендегі әңгімесіне көз салыңыз. Агенттегі әңгімеміз ғой…

–       «Тым алыс қалғандай таңдану дәуірі, мұнда ешкім селт ете қоймайды».  Таңырқаудың таңы атып, күні батты. Қызығуды құнығу алмастырды. Қазір қай сезімнің мезеті келді деп ойлайсың?

–       Осы Натали Сарротта болуы керек, «Күдіктену дәуірі» деген бар еді. Ғылым – күдіктенгіш, өнер – таңданғыш. Бірақ қазір таңдану сезімінен гөрі, тануға деген ұмтылыс басым. Логика жұмыс істеп тұр: Капитал, прогресс… Адамның жанының бағасы жоқ, ал өмірінің құны бар. Адам өмірін сатып алуға болады.

–       Жай ғана танданудан гөрі, тануға деген құбылыс құптауға келетін шығар?

–       Ал, онда тануға тырысып көріңіз: көбелектің арманын, шағаланың ұшу мақсатын, құмырсқаның ойлау жүйесін, гүлдің өмір сүруге деген құштарлығы…

–       Мүмкін, біз осы прогресс деп, Жаратушының тиым салған қақпасын тықылдатып тұрған жоқпыз ба?

–       Маймылға қанша сан үйретсең де ол төрттен артық санай алмайды. Адамға да солай, белігілі бір «рұқсат етілген» меже бар. Ойлап көріңізші, Мауләви секілді айтқанда, «қара топырақтан жаралған тән жан нұрынан не білсін?». Біздің даму – рухани емес, тәни ғой…

–       «О,біздің қанша күз жоғалды тектен-тек», – деп өкінгендей боласың. Бірақ, сен үшін өткен уақыттың өтеуі не?

–       Өмірдің өзі. Өмір сүруді үйрену. Бейімделу мен үйретілудің, бейімдеу мен үйретудің арасындағы жанталас.

–       Ал, қазір жаныңды не тербейді?

–       Балаларым. Ойлаймын, осы күнге дейін қанша тыраштансам да, ұлт үшін мен үйде отырған әйелімнен артық қызмет етпедім. Ол өмірге 3 қазақты алып келді. Мен болсам, бір қазақтың көңіл-күйін ғана бере алдым.

–       Құлай сүюдің, сезімтал романтиканың да керуені көшкендей… «Сүйем» деген сөздің жылуы қашты ма, қалай?

–       Қазіргі қоғамдағы жағдайға, қалыптасқан моральдық қағидаларға қарап отырып, осы біздің бабаларымыздың «қызыл құда», «бесік құда» болғаны анағұрлым дұрыс па деген ойға келдім. Жалпы, сезім мәселесінде өте эгоист адаммын. Өзгенің қолы ұстаған ақ білекті ұстағым келмейді. «Сүйемін» деп бір-ақ рет айту керек.

–       Қазақты қалай сүймек керек?

–        Тәңірді сүйгендей. Өтеусіз.

–       Жүрегің нені ойлаумен тыныш табады? Кімді іздейді?

–       Өлеңдерім – жеке әлемім. Онда менің ғана қателіктерім, өкініштерім, арман-аңсарларым, үміт-сенімдерім мекен етеді. Сол әлемге кіргенде ғана тыншимын.

–       Кімді іздейсің?

–       Көбіне, өзімді іздеймін, өзімді тапсам, адамды табамын, адамды тапсам, әлемді табамын, әлемді тапсам, Жаратушы Иені табармын.

–       Қандай да бір ұстанымда адастырмайтын Темірқазығың бар ма?

–       Бұл бір арқан тарту ойыны секілді ғой: өткен мен болашақтың ортасында өзің ғана тұрсың. Екі жақ тартқан арқанды ортада бір теп-теңдікте ұстап тұруың керек. Әйтпесе, айырылып өлесің. Соны ұстап тұрған уақытымда ғана адаспайтын шығармын. Жалпы және жалқы мағынасында.

–       «Сұлулық  ойнасы күнәнің…», – дейсің бір өленіңде. Демек, «әлемді сұлулық құтқарады» деген ұғымға да түзету енгізерміз?

–       Әлемді сұлулық құтқармайды, оны іздеу ғана сақтап қала алады. З. Фрейд «Адам – қалыптасып бітпеген хайуан» дейді ғой. Қалыптасып біту – өлу. Сол сияқты, сұлулық абстракциядан материяға өткен күні – затқа айналады. Ал, зат бірінші өзін құтқарып алсын.

–       Ертеңгі күннен не күтесің?

–       Таңның атуын. Қалғаны адамның өз қолында. Біз өз қателіктеріміз үшін өзгені кінәлайтын және өзгенің қателігі үшін жауап беруге тырысатын ұрпақ емеспіз.

Advertisements

19 comments on “Әлемді сұлулық құтқармайды…

  1. Қалыптасып біту – өлу. Қызық ой екен! Мына жерде дамудың түпкі идеясы теріске шығарылған екен. Қалыптасып біткен ғана дамиды. Фрейд жоғарыдағы сөзін адамның инстинктік бастауларына көз салып айтқан. Оның айтқаны рас, бірақ біржақты ғана, адамның физиологиялық қажеттіліктеріне ғана қатысты. Ал мына жердегі әңгімеде тәни емес, жандық деңгейдегі проблемалар қозғалғандықтан, оның қорытындысы кішкене орынсыздау. Бұл жерде ницшеандық идеяға баса назар аудару керек сияқты. Адам болдық, енді ерен-адамдыққа (сверх-человек) ұмтылу керек деп! 🙂

    • Пах, неткен пікір! Араға Фрейд пен Ницше ара түсіп кеткен бе 🙂 Ерланның да, Жалғастың да ойларына қосыламын, дегенмен, кемел адам деңгейіне жеткен ешкім жрқ ау осы бізде. Соған қарағанда, Ерлан айтқандай, қалыптасып біту деген өлу шығар, кім біледі?

  2. маймыл төртке дейін санап қанай қоймай, тіпті күрделі емес есептерді де шығара алады.
    бірақ айтқым келгені бұл емес еді. айтайын дегенім, қоршаған ортасын\айналасын тануға деген ұмтылыс соңғы уақытта ғана басымдыққа ие болып отырған жоқ. тануға деген құштарлық адамда әрқашан блған, бола да бермек. оны үңгірден алып шыққан да осы қасиеті еді…
    сосын, прогресс рухани дамуға қайшы нәрсе емес.

  3. –Үш тірекке қарсы тірескен дәлел тауыпсыз, мүмкін Ерланды қайыра пікір таласқа шақырармыз?–

    егер мына жазылған маған бағытталған болса, жауабым:
    қажеті қанша? ол өз ойын жазыпты. мен де өз ойымды жаздым.
    Ерланның пікірін өзгертуге ынтық емеспін. пікірінің өзгергеніне мұқтаж да емеспін. әркім өз пікірінде қалуға хақылы.

  4. Әлемді сұлулық құтқармайды, оны іздеу ғана сақтап қала алады.
    жақсы айтылған

  5. Өте жақсы айтылған! Өмірге деген көз-қарасы терең, ойшыл адам! Ерлан және Өркен жарайсыңдар, өнерлерің өркендеп, «қазақ» деген халыққа үлестерің қосыла берсін!

  6. Екінші сөйлеміңіз Ерланға мінездеме болуға жарайды екен… Үшінші сөйлемнің үшінші сөзі үшін үлкен үлкен рахмет. Ерланның да атынан қабылдай салыңыз алғысты

  7. Кімді іздейсің деген сұрағына, мына өлеңі де жауап сияқты. Өзім де өзімінің мұңым,
    Өзіме у-ым да балдай.
    Жылағым келеді бүгін,
    Ешкімді жылатып алмай.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s