«Жазықсыз» жұмыртқалар…


Осының алдында ғана «Қолдан жасалған «қаһармандар» деп, оппозициядағы сабаздарды сынағандай болғанбыз. Сол материалымызда олардың қай шарасы болмасын, «бейнелі түрде, тауық жұмыртқасын басқа қырынан қарағанмен бірдей» деген де теңеу кеткен…

Енді, міне Алматыдан екі өкпесін қолына алып, «Желтоқсан» қозғалысының белсенділері «Халық билігі» блогының жетекшілеріне жұмыртқа лақтырып, баспасөз мәслихатының шырқын бұзды» деген хабар жетті. Демек, біз абайсыз болсын, қауіптің жұмыртқадан боларына жорамал жасағандай болыппыз… Жаһантормен тарап кеткен бейнебаяннан көріп-білгеніміз, бұл оқиға сәрсенбі күні Ұлттық баспасөз клубында орын алған. Ортада тіркелмеген «Алға» партиясының көсемі В.Козлов, Қазақстан Коммунистік партиясының қазіргі хатшысы Ғ.Алдамжаров әм «қызылдардың» құрметті басшысы С.Әбділдин отырған. Бұл жиынның басты мақсаты Президенттіктен үміткер Козловты жақтап, оған жұрттың ыңғайын жығу екенін журналистер Әбділдиннің сөз ләзімінен-ақ аңғарған. Секеннің сөзінің ұққанымыз, қазір Президенттік сайлауды өткізуден бұрын жүйені өзгерту қажет, осы аралықта елге өткінші президент сайлап алу керек екен.

Бәрі дұрыс-ау, бірақ ағамыз бұл ойларын орыс тілінде жеткізді. «Онсыз да ұзақ сөйледім-ау» дегені сол екен, залда жұлынып отырған «Желтоқсаншылар» одан қазақша сөйлеуін талап етті. Талап еткенде де, сыпайылап, сызылып емес, бірден Секеннің ақсақалдылығын айтып, ұятын оятамын деді ме екен, дөрекі мәнерде доқ көрсете бастады. Болмаған соң, «Желтоқсаншылар» арсеналынан жұмыртқа алып, жиын жасаушылар жаққа қарай жаудыра бастады. Козловтың қимылы шалт екен, алдында тұрған минералды суды қолымен ары-бері ойнақтатып, әккі бармендердің әдісіне салып тұрды. Жұмыртқаға бөтелкемен жауап берейін деп тұрып, өзін әрең-әрең тежеді-ай… Сол-ақ екен, жұрт назары «Желтоқсаншыларға» ауды. Төрт жасар баласын көтеріп алғаны бар, тағы бір қызуқанды жігіті бар, шамасы 4-5 адам  В.Козловтың қазақ еместігін бетіне салық қылып, оны атышулы Генадий Колбинмен салыстырып, аузына келгенін айтып жатты. Дау шығарушылардың бірі «Жарайды, Алдамжаров, я Әбділдин сайлауға түссе, қарсылығымыз жоқ оған. Бірақ, Козлов түссе, онда екінші Желтоқсан қайталанады. Біз 86-ның қысында «Әр ұлтқа – өз көсемі деген ұранды көтергенбіз. Қазір де осыны айтамыз. «Жаман үйді қонағы билейді». Біз бұған жол бермейміз» деп, ресми тілде ренішін айтты. Жұмыртқа лақтырғаны аздай, «Желтоқсаншылар» енді бөтелкемен Козловты көздеп, астындағы орындықтарын «шабуылға» қоспақ болды.Әйтеуір, әупірімдеп жатып, Сейітқазы Матаев орындықтың төрдегі «меймандардың» төбесіне тиюінің алдын алды. Бұл арада журналистер де арашалау операциясына араласып кеткен. Енді шулыған баспасөз клубының тар бөлмесінен далаға қарай ойысты. Оқиға орнына жедел келген полицейлер кімнің кіммен қақтығысып жатқанын түсіне алмай, біраз тұрды да, қолына түскенін қармап жатты. Соның ішінде «Правда Казахстана» басылымының тілшісі Шәріп Құрақбай мен біраз ұйымдардың белсендісі Гүлбахрам Жүністі алып кетті. Шамасы, оларды бейпіл сөздер айтып, бір-бірімен төбелескені үшін қамауға алса керек. Ал, Козлов ақталып бақты…

Түбі орыс болса да, өзін қазаққа жатқызатынын, тіптен жарының қазақ қызы екенін, сондай-ақ, қазір Конституция талабына сай, тіл үйреніп жатқанын айтыпты. Қызық болғанда, «арандатушылармен» (Матаев та осындай анықтама берді) Козловтың арақатынасы жақсы болып шықты. «Мен үшін бұл оқиға тіптен күтпеген жайт болды. Анау әйелді бұрыннан білетінмін. Сыйласып тұратынбыз. 2004 жылы біреуімен бір камерада жатып шыққанбыз. Енді осы пиғылы өзгеріп жатса, оны тек билік істей алуы мүмкін. Мен осындай арандатушылық әрекеттердің орын аларын білгенмін», – деп қайырды Владимир Козлов. Шынтуайтына келгенде, «күйеубаламыздың» бүгін-ертең президент болғалы тұрған жайы жоқ. Ол орынтақтан үміті барын ғана айтты. Тегі болмағанда, мұны саяси ойын, уағы келгенде, сайлау қызғанда, Козлов үміткерлігін алып тастайды деп те жұбатуға болады ғой. Ендеше, алдын-ала мұнша дүрлігу ақылға да сыймайды екен. Және «аса толерантты қоғамымыздың» кіршіксіз таза репутациясына кір келтіретіндей жай болды. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев «бұрын-соңды мұндай оқиғаны көрмеппін. Бірінші рет..» деп таңдайын тақылдатып жатты.

Демек, осыған дейін Бушқа бәтеңке, Януковичке жұмыртқа лақтыру «жоралғыларын» теледидардан тамашалап келсек, енді өз елімізде де мұндай мүмкіндік туыпты. Бұл да демократиялық (қандай демократия екенін өзіңіз топшыларсыз) санамыздың өсіп-дамып келе жатқанының көрінісі болса керек. Бәрінен бұрын, біреудің қолы жетпей, түсіне кіріп жүрген жұмырқаларды қабырғаға жарғанымыз обал болды… Ал, дүрлікпені ұйымдастырғандар «бір лоток жұмыртқа іздейміз» деп, оқиға орнынан тез тарап кетті.



Advertisements

2 comments on “«Жазықсыз» жұмыртқалар…

  1. Сіздің сол жазбаңызға («Қолдан жасалған «қаһармандар») мен біздегі саяси топтардың бір бағытты таңдаса, соған тым әуестеніп кететіні жайында жаман ойымды жазып едім…Соның мысалы осы болды-ау…Әсіре ұлтшылдар…әсіре «оппозициянерлер»…

  2. Гиперұлтшылдар, мегаоппозиция 🙂 Бір жағынан, осы жұмыртқаның жарылғаны да жаман атақ болсын, әйтеуір ұлттық қарсылықтың барын айғақтап берді. Соған шүкір дейміз

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s