Саяси комикстің сабаздары


Баяғыда ауыл балалары жекпе-жекке шығарда, «қане, сен шық, жоқ, сен шық», – деп, бірін-бірі итермелеуші еді ғой. Болмаған соң, ортаға білегінде күші барын емес, «жоқ» деп айтуға да жігері жетпейтін жасығын шығаратын. Күштінің төмпешінен көнбіс баланың жасына ерік бергені де, танауынан қан аққаны да қаумалаған балалар үшін қызық… Ал, өткен аптада саясаттағы «жекпе-жек», яки Президенттік сайлауға түсетін пенденің есімі белгілі болды.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов алдағы сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Сонымен, Козловтың биікті көздеуіне саяси оқиғалардың барысын бақылап-бақылап, шыдамының морт сынғаны себеп болса керек. «Бұл жүйеден ешнәрсе күтпейміз». Күте-күте көзі бозарған Козловтың ниетін қызық болғанда, оппозициядағы әріптестерінің ешбірі білмейтін болып шықты. Айтпақшы, Ғазиз Алдамжаров бар екен-ау… Коммунистік партияның серкесімен Козловтың жұптары жазылмай жүргеніне көп болған жоқ. Себебі, «Халық билігі» блогына басын тыққан екі партияны да Мұхтар Әбіләзов ебін тауып, тиын татырып отырған көрінеді. Сәл бұрынырақ, бұл пікірді сарапшылар айтып қалса да, «жазбашы» деп қиылатын. Қазір қысылмай айтады. «Жала» деп, наласын айтып жатқанды тағы көрмедік. Осыдан кейін сарапшылардың сөзіне сенбесеңіз де, басқа қайлаңыз қалмайды. Ал, біздегі бас оппозициялық партия деген «Азат» ЖСДП-ы «Козловтың бастамасынан нәтиже көре» алмай отыр. Осы партияның тең төрағасы Болат Әбілов «Енді елде саяси күштердің тартысына мүмкіндік бермейді..» деп түйіпті «Азаттық радиосына» берген түсініктемесінде.

«Келер жылы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуға қатысты референдум өтеді. Ал, бұл дегеніңіз, бізде болуы мүмкін сайлаулардың мәнін жояды», – деп болашақты кесіп-пішіп қойғанның бірі С.Әбділдин болды. Қызыл коммунистің бұл пікірге қашаннан бекігені белгісіз. Қысқа сөздің ұзыны, мынадан кейін, ойымызда «Оппозицияның дағдарысы осы ма?» деген шартты рефлекс түзілді. Біріншіден,  Козловтың тарапынан асығыс қабылданған шешім демократиялық күштердің арасындағы дүрдараздықты көрсетіп берді. Басқа әріптестерімен ашық әңгімеге бармады. Келіспеді. Кеңеспеді. Әй, Әміржан Қосановтың қынжылатындай жөні бар ғой. «Егер осы сайлауда да оппозиция қатарынан мықты кандидат шығара алмаса, жұрттың оларға деген онсыз да аз үміті үзіліп, көңілдері әбден қалуы ықтимал». Бұл сөз Қосановтың «авторлық құқығында» қалды. Ал, Козловтың бастаманы бірінші болып қолға алуы оның ақылына білігі сай, я харизма, эрудиция сияқты бес қаруын сайлап алған үміткер деп үкілеуге болатынын білдірмесе керек. Оны қарапайым жұрт жыға танымақ түгілі, журналистердің өзі «Косарев пен Козловтың қайсысы еді?» деп жиі шатастырады. Басқасы былай тұрсын, өз сұхбаттарында «Я – технический исполнитель» деп біреуге бағыныштылығын мойындап жүрген адамнан қай мәселенің шешімін сұрайсыз? Әрине, Козловты кәлласындағы қиял үшін сыртай сыбап-жерлеуден аулақпыз. Дегенмен, шамасының «белгілі бір» стандарттарға жетіңкіремейтінін біле тұра, жарысқа бел буғаны Козлов үшін жай ғана «ат жасау» деп білеміз. Тегі болмаса, мұны тапсырма деп түсіндік. Себебі, Косарев-Алдамжаров тандемінен біреуінің сайлауға түсуін М.Әбіләзовтың патша көңілі қалап тұруы да ғажап емес. Әбіләзов пен билік арасындағы жағажыртыс жағдайында алдағы дүрмекке оның ықпал етуге дәмесі бар. Сол дәмені неге Козлов арқылы дарытпасқа?

Екіншіден, елімізде ешқашан  президенттік сайлау болмайды деп «Бутя» салын суға жіберіп қойғанын естіп-білдік. Ендеше, бұл оппозиция атмосферасындағы агедониялық көңіл-күйдің күшейіп тұрғанынан хабар береді. Яки, осы кезге дейін жасаған, жасай алмаған шеру, шер тарқатудан шыққан нәтижеге налу. Бұқараны соңдарынан ерте, сөздеріне сендіре алмады. Қасықтап жинаған абыройларын «биліктің адамдарымен байланысы бар» деген қауесет жуып-шайды. Алғашқы адуындарын идеялық ұстынға ие болмағаны, тың идея тудыруға қабілетсіздігі жеміріп-кеміріп кетті. Қазір көкірек көзі ашық азаматтардың «демократияшыл күштердің жаңа толқынын күтіп жүрміз» деп сөз саптайтыны содан. Бірақ, бұл топтардың тамырына қан айдап тұрғандар сайлау дүрмегінен сырт қала алмайды. Бұл дегеніңіз, демократиялық күштердің қатарынан көсем болуға үміткерлер Козловпен шектеліп қалмайды деген сөз. Мүмкін, Әбілов сайлауға түсер. Либерал оппозицияның шебінен де «лайықты» табылар. Сондықтан, «Оппозиция Ақорданың атынан түсетін үміткермен айқасты ұмытып, өз ішінде бірінің басын бірі мүжімей ме?» деген қауіп туады. Үшіншіден, Козлов сайлауға түсу ниетін «қазіргі жүйені өзгертумен» байланыстырады. Бұл тағы да белгілі бір топ пен билік арасындағы тартыстың былжырағы. Қалың қазақтың, «Қазақстан халқының» талап-тілегі қайда қалды? Ең болмаса, формальды түрде «көшінен сән кеткен халықтың тұрмысын күйттеп, жоғын жоқтап» деген сөздер қосса, ұнамды болар ма еді? Билікке келген адамның жүйені өзгертпей қоймайтыны тарихтан таныс, түйсіктен белгілі тірлік емес пе? Яғни, Козловтың аргументі сүйеніп тұруға да жарамайды. Естеріңізге сала кетейік, биыл тіркелмеген «Алға» партиясы президент Н.Назарбаевты отставкаға кетіруге қатысты халықтың пікірін білеміз деп жиын жасамақ болған. Тәртіп бойынша, мұндай референдум өткізуге 200 мың адамның қолдауы керек. Кемінде… Сонда заң органдарынан тіркеле алмай жүрген ұйым мұндай арзан акциялармен танымал болам деді ме екен? Көпшілік күткендей, бұл бастаманың түтіні сыздықтап қалды. Оппозицияның 1 мамырдағы шеруі де өтпеді. Қай қожайынның қолын жалап тұрғаны белгілі һәм тіркеуден өтпеген, тұрақты электоратын таппаған ұйымнан енді не тілейсіз? Бейнелі түрде, бұл шаралар тауық жұмыртқасын басқа қырынан қарағанмен бірдей…

Ендеше, Владимир Козловтың Елбасы болуға ниеттілігі аптаның аптығын басқан жаңалық болмады. Есесіне, бұл оқиға оппозициядағы дағдарыстың бітпегеніне аралық диагноз сияқты рөлін атқарып кетті. Біздің қаһармандар» бояуы саусағына жұғатын комикстегі батырлар сияқты. Айбат шегеді. Жұдырық түйеді. Бірақ, қағаздың арғы жағынан… Өкінішті.

Advertisements

7 comments on “Саяси комикстің сабаздары

  1. Бүгінгі билікке конструктивті сын айтып, халінің емес, халқының мүддесінен шығып сөз айтатын топ жоқ. Қайсысының болмасын бір бұрышы қисайып, жетіспей тұрады. Көтерген мәселесін күштеп, тізеге салып жібереді, я тым ұлтшыл, я тым әлеуметшіл, т.б.

    • Төрт бұрышы түгел көтерілмегендіктен де, біздегі топтардың түрі адам күлерліктей болып тұрады емес пе? Карикатурно

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s