Ода айтудан отырыс


«Ғаламды сандар билейді» деген Пифагор пәлсапасын бүгінде Ассамблеядағы ардақтыларымыз патенттеп алған сыңайлы. Неге деген негізді сауал туса, Қазақстан халықтары Ассамблеясының отырысы 2010 жылдың 20 қазанына (20.10.2010) тураланды. Бұдан қалса, бұл Ассамблеяның XVI сессиясы һәм аталмыш ұйымның XV жылдық мерейтойына дөп келіпті. Ресми баяндарда рим сандарын жазғандықтан, өзгертіп, өңдеп, ешкімді ренжіткіміз келмеді. Бұл да бір символика шығар, кім білсін…

 

Сонымен, не керек, бардық. Бір күнім зая кетті. Не алдым десеңіз, «Пирамиданың» ішіне алғаш ендім. Онда да залына емес, журналистерді топырлап үлкен монитордың алдына отырғызып қоятын пресс-орталықта болдық. Он алтыншы отырыстың күн тәртібіне «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” мәселесі қойылғандықтан ба, Бейбітшілік және келісім сарайында өткен алқада сананы сілкінтер «снаряд» сөздер айтылмады. «Бомба» бастамалар көтерілмеді. «Ассамблея отырысы былтырғы доктрина дауы сияқты дүрбелеңге негіз болады-ау» деп, сөзін тұздап жүргендердің топшылауы жарамай қалды. Петропавл-Қызылжар төңірегінде де тіс жарып, ешкім ештеңе демеді. Сонымен, балабақшадан бас­тап университеттерге дейін этносаралық қатынастардың тарихы, патриотизм туралы арнайы бағдарламаларды жасап, енгізетін болды. Ассамблея Мәдениет ми­нистр­лігімен бірлесе отырып, жастар үшін қоғамымыздағы төзімділік пен келісім тақырыбын ашып көрсететін көркем фильмдер сериясын жасайтын болды. Сонымен қатар, Елбасы «Астанада этностық ауыл құрылса, жаңадан ашылған Ұлттар театрына жан-жақты  қолдау көрсетілсе әм Еуразия университетінің жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу ор­та­лығын құрылса» деген ұсыныстарын жеткізген болатын.

 

Ал, сенатор А.Башмаков «Парламент тұңғыш президент – Елбасы туралы заң қабылдады. Алайда, бұл заңнаманы дамыту қажет екені тәжірибеден көрінді. Сондықтан, тұңғыш президенттің мәртебесі Конституцияда бекітілуі тиіс» – деп, дауасы табылмай тұрған жағымпаздық дертімен «ауыратынын» айғақтап берді. Шарт-шұрт шапалақ… Одан әрі ойын дамытпақ болған сенатордың сөзін Елбасы бөлді. «Мұндай мәртебе ешқандай заңмен де, Конституциямен де бекітілмейді. Ол үшін халық бар, сенің жұмысың бар. Рахмет, әрине. Бірақ, сол үшін біздің Конституциямызды араға тартудың қажеті жоқ, – деді.

 

Әйтсе де, Нұрсұлтан Әбішұлының «Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер көксеген, Абылай хан ар­ман­даған, Абай тілеген абат күнге же­тіп, барша қазақтың басын бірік­тірдік. Осылайша еншісі бөлінбеген біртұтас елдікке қол жеткіздік», – дей келе, қазақ тілі турасында қадап-қадап айтқан сөздері көпшіліктің көңіліне қона кетті. «Біз 20 жыл бойы Қазақстанда тілді үйренуге бар жағдайды жасап келдік. Эстонияның тәжірибесіне жүгінбедік. Украинаның мысалын білесіздер, бірақ олай да жасамадық. Себебі, біз басқа халықпыз. Әрине, қазақтар туған тілі, мәдениеті жайлы айта бастаса, басқалар мұны ұлтшылдықтың көрінісі деп қарап жатады. Бірақ, қазақты ешкім, ешқашан біреуді тықсырды, біреуді қанады деп айыптай алмас»  – деді Елбасы. «Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын», – деп, арманын да ақтарып салды. Ал, мына сөздері қазақ деп құр кеудесін соққылайтындардың өңменінен өтіп кетердей суық болды. «Он қазақ отырып, бір орыс келсе, орысша сөйлеп кететін әдетімізден әлі айрыла алмай, сорлы.. болып жүрміз. Бұрындары Алматыда зорға дегенде бір қазақ мектебін аштырсақ, қазір қаншама қазақ мектептері ашылды. Сөйте тұра, қазір көп қазақ өз баласын қазақ балабақшасына бермейді. Қазақ мектебіне бермейді. Сонда біз кімге міндет қыламыз? Өзіміздің тілімізді өзіміз құрметтемейміз». Рас қой. Сөзі мен ісі қабыспайтын «сүлейлердің» баспасөзде табақ-табақ мақала жазып қойып, немересімен орысша сөйлесетіні қазір сенсация емес. Тіл түйткілін кәрістер қауымдастығының президенті Роман Ким де ойламаған жерден түртіп кетті. Рельстен шықпаған ресми сөздерін судыратып оқып жатып, «Я согласен» деп еді… Нұрсұлтан Әбішұлы оның сөзін бөліп, «Жиырма жылдан бері «Я согласен» деп келесіңдер. Владей языком» дегенді мысқылдап айтты. Ким тілін тістелеп қалды. Айтпақшы, Кимнің көп сөзінің бірінде «Елбасының өкілеттілігін серпінді индустриялық-инновациялық бағдарламасына сай 2020 жылға дейін ұзарту» деген де ойлар жылтың еткен. Бұны да «Егер жастық эликсирін тауып берсеңдер, 2020 жылға дейін ел басқаруға дайынмын. Мүмкін, Кореяда ондай дәрі-дәрмектер бар шығар, ә» деген әзілмен тойтарды. Бұдан кейін мінбеге шығып, баяндама жасағандардың аты-жөні, түр-түсі өзгергенімен, сөздерінде аса айырмашылық байқала қоймады. Бұл енді түсініктемені талап етпейтін құбылыс шығар.

 

«Айқын» басылымының бас редакторы Нұртөре Жүсіп қана құлақтың құрышын қандыратын қазақтың құнарлы сөзінен теріп-теріп, ақ өлең оқып тұрғандай әсер берді. Нұртөре ағамыздың «Елу жылда ел жаңа» деуші еді, қазақ қоғамы жиырма жылға жетпей, жаңарды. Және бұрын құрымай келген қазақ тілі енді мемлекеті, жері бар кезде ешқашан жоғалмайды», – деген сөздері жадымызда қалды. Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Елена Павлова да сөзге сұраныпты. Спортты дамыту керек деген ойына қосыламыз ау, тек келініміздің (Асхат Жіткеевтің әйелі – авт.) «Жақында босандым. Енді тағы да балалы болуға тырысып жатырмын» дегені ұлыстардың өкілдері мен ұлықтарды жинаған басқосудың қалыбында әнтек естілді. Әй, бірақ Әзірбайжанның Ресей Федерациясындағы елшісі Полад Бюль-Бюль оғлы біздегі сұлу сөзден таспа тілетіндердің талайының аузын ашып кетті. Теңеуден теңеу жасады.

Ақырында, ол да Елбасыға «жастық эликсирін табуға тілектеспін» деп, мінбеден түсіп кетті. Ал, жастардың атынан сөйлеген Аза Косова Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының студенті екен. Аза – абассин ұлысының өкілі. Өзі Қазақстанда бұл ұлыстың бар-жоғы 64 адам тұрады екен. «Соларды сақтап, дәстүрімізді дамытуға көңіл бөліп отырғандарыңызға рахмет», – деп көсілген Косовадан кейін-ақ, сессияның соңы таяды. Этно-мәдени орталықтардың басшыларының төсіне белгі тағылды. Концерт қойды. Би биледі. Сөйтіп, той тарқады… Мен де қайттым Астананың суығынан бүрсеңдеп. Сол күнгі қара суық ерекше болды...

Advertisements

6 comments on “Ода айтудан отырыс

  1. Өркен мырза тамаша жазыпсың. Айызым қанды. Айтпақшы, Төлен Тілеубайдың «уағызын» да қоса кетпедің бе? Сіз бен біз «Пирамидада» босқа отырмағанымызды ел білсін де. Елдегі толеранттылық пен дәстүрге, сенімге және транспаренттілікке Төлен ағаның бесінші «Т» қосқанын да жазып қою қажет еді. Сосын Өреке сіз боп, біз боп бұл бастаманы қолдағанымызды да қосып қойсақ. Біздің бұл «ерлігімізді» биліктегі көкелер естісе Ассамблея медалдарынан бізге де бұйырар еді.
    Ағайын, менің бұл «сырым» саңырау билікке айтыла-айтыла жетім қалған сөз үшін Сатыпалды сияқты қыңырланған түрім ғой. Өркенді сөкпей-ақ қойыңыздар. Шынымды айтсам, «біреуді» әдемілеп тұрып боқтағым келіп жүр.

    • Рахмет-рахмет!!! Амангелді қыңырланса, көрдіңіздер ғой не боларын 😉 Сондықтан, сабасына түсіріп, әлгі аяп жүрген алтын жалатқан, асыл емес, никельберийден құйған жалама медальдарынды бере салыңдар-оу. Әйтпесе, Айеке бәрін қуырады деймін, қуырады

  2. Соңғы жылдары біз жалаулатып жүрген «толеранттылық» деген саяси ұтымды әрі, ұтымсыз термин. Ұтымды дейтін себебіміз, бейбітшілік ұғымына жақын шығар. Ал кез келген құбылысқа (астарында көп «гәп» бар) толеранттылықпен қарау ұтымсыз. Бір жағы жасықтыққа да жол бастауы мүмкін. Әсіресе, діндер арасында толеранттылық тапқан сарабдал саясаттың сыры көп.

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s