Шатақсыз шайлоо…


Аспантаудың арғы бетіндегі ағайын кеудесіне алақанын қойып, Әнұранға тербеліп тұр. «Өркүндөй бер, өсө бер, Өз тагдырың колунда…» дейтін қайырмасына келгенде, жанарынан бырт-бырт етіп, жас үзіледі. Себебі сұрамай-ақ белгілі шығар. Соңғы бес жылдың бедеріндегі саяси сүреңсіздік жұрттағы бақыт деген батпырауықтың жібін үзіп жібергендей еді. Солай көрінсе де, Сіз үлбір үмітті әлі де үзе көрмеңіз!
Қалай десеңіз, қырғыз сайлауы мәресіне жетті. Парламентке депутат сайлау пәле-жаладан аман жағдайда, мандат қуған партиялардың арасында мылтық даусы естілмей, тыныш өтті. Бішкек уақыты бойынша 10 қазан, сағат 20.00-де ел ішіндегі 2 мың 289 сайлау үлескесінің есіктері жабылды. Алдын ала мәліметтерді алға тартсақ, Қырғызстанда 2 млн 852 мың 751 сайлаушы бар десек, соның 1 млн. 212 мың 334-і (56,59%.) дауыс беруге келген екен. Бұл сайлаудың салыстырмалы түрде ашық һәм әділ өткенін сарапшылар да мойындап отыр. Әкімшілік ресурсты асыра қолдану да аса байқалмапты.

ТМД, ШЫҰ, ЕҚЫҰ секілді 31 халықаралық ұйымнан 850-дей бақылаушы келгенін ескерсек, олардың бәрі қателік көрмеді десек, қателік болар. Біреуі сайлаушыларды сатып алуды байқаса, енді бірі урнаға бірнеше бюллетень қағазын тастап жібергенді қырағы жанарымен қағып қалыпты. Енді ше, Жогорку кенештегі жұмсақ орындықтың саны, жүз жиырма ғана.. «Абылайдың асында шаппағанда…» дейтіндей, елдегі 150-ге тарта партияның 29-ы осы парламент пирогынан дәм татуға пейілді болды. Ендеше, мұндай аласапыранда «ондай-ондай» кемшіліктің болатыны белгілі дүние емес пе?

Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылдың 16 желтоқсанында өткен соңғы Парламент сайлауында сайлаушылардың 72 пайызы дауыс беруге келіпті. Статистика солай деп сендірген. Сол жолы ең көп дауысты «Ак-Жол» партиясы алып кеткен-ді. Ал, биылғы жағдай біршама басқаша. Орталық сайлау комиссиясының кеше түс қайта таратқан мәліметіне сенсек, “Ата-Жұрт” – 8,65%, Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы – 8,09%, “Республика” – 7,11%, “Ар-Намыс” – 7,46%, “Ата-Мекен” социалистік партиясы – 5,79% дауыс жинаған көрінеді. Әрине, бұл алдын-ала жария етілген мәліметтер. Сайлаудың нақты қорытындысы бүгін-ертең белгілі болады. Тәртіп бойынша, парламентке өтуі үшін бір партия бүкіл республика бойынша сайлаушылардың кем дегенде 5 пайыз дауысын жинауы керек. Яки, Қырғызстанның жеті облысының әрқайсысынан кем дегенде 0,5% дауысты себетіне салуы тиіс болатын. Қазір партиялардың қатынасынан қауіп көріп, тыныштықтың түбірінен ін қазып жатқандар да табылып жатыр. Мысалы, әзірге топ бастап тұрған «Ата-Жұрт» партиясын қырғыз басылымдары Құрманбек Бәкиевтің саяси бағытын қолдаушы ұйым деп сипаттайды. Бұл партияның көшбасшысы, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Камчибек Ташиевтің қылмыс әлеміне қатысы барлығы жайындағы сыбыс ақпаратты жаһанторда қалақпен күреп алуға болады.
Десек те, енді парламенттің толық құрамы белгілі болған соң, Қырғызстанды парламенттік республика деп айтуға әбден болады. Осы жылдың 27 маусымында қабылдаған Конституцияларына сәйкес, президенттің құзыреті шектеліп, парламенттің премьер-министрді сайлап алуға құқы болады. Қырғыздың уақытша басшысы Роза Отынбаева да «Біз бір күнде – 7 сәуірде күл-талқаны шыққан билікті онлайн режимінде құрып жатырмыз. Қазір жаңа үкіметті жасақтау үшін саяси партиялардың басшыларымен кеңесу басталып кетті», – деп кеше мәлім етті. Сонымен бірге, Роза ханым жаңа парламентте билікшіл, оппозициялық, бейтарап партияларға да орын табылатынына сенімді болып отыр. Бұл енді жақсылықтың нышаны емей, немене?
Қызық болғанда, сайлау күнін белгілегенде, саяси идеологтар нумерологияның да сиқырын естен шығармаған сияқты. Қалай десеңіз, Парламент сайлауы 2010 жылдың оныншы айындағы оныншы жұлдызында (10.10.2010) болды. Енді бір дерек, биылғы қазан айында 5 жұма, 5 сенбі, 5 жексенбі бар екенін еске салады. Мұндай сәйкестік те 823 жылда бір келетінін саннан тылсым іздегендер сыр қылып айтады. Әрине, көршіміздің мемлекеттік құрылымын өзгертетін қадамын осындай сәттілікке жорып жатса, сүйініш деп білеміз. Бірақ, сайлаудың қорытындысына деген жауапты реакцияның да болатынын білеміз… Содан да, материалдың тақырыбын көп нүктемен түйіндеп қойдық.

Advertisements

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s