«Баукеңнің» базынасы


Бұл материал жазылар ма еді, жазылмас па еді… Қалай дегенмен, Алаштың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының жүз жылдық мерейтойы болып кетті. Қонақ тарқады, киіз үй жиналды. Қазір не айтсақ та, кеш сияқты…
Дегенмен, Жамбыл өңіріне жолымыз түсіп бара қалғанда, «Баукеңнің тойына бардың ба? Той той емес, бала-шаға жеп кеттінің кері болды» деп кейіген азаматтарды да мына көзіміз көрді. Демек, солай деп айтуға себеп болды ғой. Ендеше, «ештен кеш жақсы» дегенді еске ала отырып,

бірнеше жайттың басын шалғанды жөн көрдік.

1) Батырдың мерейтойы негізінен Жамбыл облысында, оның өзінде Тараз қаласы мен Баукеңнің кіндік қаны тамған Жуалы ауданында тойланды. Ақыры, Бауыржанды Алаштың ардақтысы, қазақтың ортақ қаһарманы деп әспеттейді екенбіз, неге той Астана төрінен басталмады? Мерейтойда облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың «бұл тойды тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ұмытылмас оқиға деп білемін…» деп айтқаны бар екен. Егер той екі мекеннің халқын ғана қамтыса, яки локальді болса, тарихта ұмытылмас той болды деп айтуға келе ме екен? Бұл ойды Баукеңнің баласы, Бақытжан Момышұлы да жергілікті баспасөзге берген сұхбатында құптай түседі.
2) «Мен Бауыржанды жырлаймын!» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасында Ақтолқын Құлекеева бас жүлдені алып кетті. Бұл мүшәйраға қазылық еткендердің бірі – ақын Күләш Ахметова. Әділқазылардың бірі Қайырбек Асанов болды. Екеуі де ерлі-зайыпты… Ал, «Ақ бата» жабық жыр мүшәйрасында Маралтай Райымбекұлының өлеңі үздік деп бағаланды. Енді мына қызыққа қараңыз, А.Құлекеева мен М.Райымбекұлы – ерлі-зайыпты. Ерлі-зайыпты қазылар, ерлі-зайыпты жүлдегелер… бұрын-соңды бұндайды естіп пе едіңіз? Қызық болғанда, тура осы азаматтардың жүлде алады деп жұрттың бір ай бұрын сөз қылғаны шынға айналды.
3) Қазақстан театрларының XVIII Республикалық фестивалі де болып өтті. Он бір театр қатысты. Тараз қаласының Орталық алаңымен шеру түзеп, театр ұжымдары өткенде, көрген жұрт жүз адамның қарасы да жиналмаған деседі. Біреулер «бұл қай мерекенің репетициясы» деп басын бір кегжитіп кете берсе керек. Демек, бұл шараны ұйымдастыру жағы ұйыққа батқан деген сөз. Театр десе табағын жерге қоятын бір ағамыз «Бүкіл театрлардан тек Жамбыл облыстық драма театры ғана жазушы–драматург Елен Әлімжанның «Бауыржан Момышұлы» спектаклін қойды. Өзіміздің облыстық орыс драма театры болса, А. Бектің «Товарищ комбатын» сахналады… Қалғандары Баукеңнің әруағын сыйлап болсын, осыған жақындау бір қойылымдар әкелуі керек еді ғой. Өйтпеді. Бейне бір Бауыржан Жамбыл облысының театрларына еншіге қалғандай болып қалды», – деп әңгімесінің жібін тарқатты. «Айтпақшы, осы байқауға қазылық еткендердің көбісінің түрін танымақ түгілі, аттарын бірінші рет естідім. Есмұхан Обаевтан басқасын.. Жюриді жөнді қылу керек еді. Одан кейін Бауыржанның рөлін ойнаған орыс актері әлгі кім еді? Щербаков… Соны шақыру керек еді бұл тойға», – деп, ағамыз тағы бір «фактілерін» алға тосып, тоқтар түрі жоқ.
4) Жуалы ауданында жалғасқан той батырдың атымен аталатын ауылдың жоғары беткейінде жалғасты. Бірақ, полиция кордонын құрып алып, тойға ағылған адамдарды қой іріктегендей өткізіп, ал киіз үйлер тек тамақ ішу үшін ғана құрылғандай болып қалды. Осыдан келіп, адам кептілісі пайда болыпты. Мұның бәрі неге керек? Әлде асқа келген ағайыннан асты қызғанды ма? Аталмыш ауылда облыстық мәртебеге ие болған Бауыржан атамыздың мұражайы да бар. Бұл мұражайға күрделі жөндеу өткізілді деп жыртылып жатқанымызда, оның тарлығына келгенде ауызымызды жаба қоямыз. Атын атамауды өтінген зиялы ағамыздың сөзімен айтсақ, «Мұражайға кіріп келгенде, жәдігерлер тұр екен. Е-е, бұл кіреберісі шығар деп ары жүрейін десек, кірген бөлмеміз мұражайдың бар көлемі болып шықты. Қуықтай бөлме. Экспонаттар сығысып тұр. Ішіне зат қоюға ұят».
5) Осы мерейтойдың ең айтулы оқиғасы не болды десек, Бауыржан Момышұлының 30 томдық жинағының жарық көруі еді. Бұған бәрінен бұрын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығын бір кісідей жұмылдырған профессор Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі ересен. Осыған байланысты ағамызға телефон шалғанбыз. «Жалпы, той жақсы өтті», – дей келе, Мекемтас мырза, – бірақ, кемшілік тұстары да аз болмады. Мысалы, мынау Семейде, Абай тойларында бәрі механикалық тұрғыда, өз ретімен өтіп жатады. Бізде қонақтарды орналастыра алмай… әйтеуір ретсіздік, асығыстық байқалды. Бәрінен бұрын, Баукеңнің шығармаларының 30 томын шығардық та, қалған 15 томына қаржы жетпей қалды. Ғұмырнамалық энциклопедия шығарамыз дегенбіз, оның да қаржысын қырқып тастады…»
Осылай деп ірілі-ұсақты кемшілікті іле берсек, Жамбыл облысының әкімшілігінің тырнағынан кір іздегендей болып қалармыз. Бірақ, мұны мін деп емес, сын деп қабылдауын сұраймыз. «Республика деңгейіндегі..» деп мәртебесін асырған соң, той да тар жерде тамаша болмауы тиіс еді. Тиіс еді деп, қазір Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев та бармағын шайнап отырған шығар.

Advertisements

14 comments on “«Баукеңнің» базынасы

  1. йә тойда болғандай болдық қой!!!
    шын айтасың Семейде қонақ мыңғырлап келседе амалын тауып жол шығарып елдің бәрін разы қып қайтарып жібереді .Қонақтардың ренжіп қайтқанын естіп көрмеппін.Ол алдыны ала дайындық пен мықты ұйымдастырудан ғой ..жақсы жаздың өркен! сын айтылмай мін түзелмеиді!

    • Осы материал шыққан газеттің екі данасын Жамбыл облысының әкімшілігіне салып жібергенбіз. Әлі жауап жоқ…

  2. Профессионал…
    Жақсы жазылыпты, өлтіре түйрепсің…
    Бізде әдетте бәрі осылай ғой. Тұлғаның туған жерімен бітеді… республикалық аумаққақ шықпайды…

  3. Жалпы, бұл айналайын ғой. Отырардағы әл-Фарабидің 1140 жылдығын айтсайшы. Фараби ауданмен бітетін адам ба еді.
    Соған әлдеқандай қылып, Рымбаева-пырымбаеваларды 15000 доллар төлеп ән айтқызды. Біреуін 5000 ға, енді бірін тағы сондай ірі соммалар…Неге керек осындай фонт… одан да ғылыми еңбектерін басып шығаруға т.б қажеттіліктерге жұмсамай ма..
    бапсқасы басқа Баукеңнің елі мұндай деп ойламаппыз…

    • Комплиментіне көп рахмет! Ал, Мекемтас атамыз кейитіндей жайттар болған. Кітаптарға деген ақшаны кемітіп тастаған

  4. Туған халқына алдымен жолбарыс жүректі батыр болып танылган, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде Мәскеу түбінде көрсеткен жанқиярлық істері атын аңызға айналған, ұрыс даласында қан кешіп, ер бабаларының қаһармандық дәстүрін жаңғыртқан, өз ұлтының ұяты мен намысына айналған Батыр бабамыздың құрметіне арналған той неге осыншалықты дәрежеде болып қалды екен? Қайран бабам ай!

  5. Қайран Баукең-ай! Батырды тірісінде дұрыс сыйлай алмап едік, рухына арналған тойында оңдырмадық-ау. Батырдың тойын шынында да Астанада өткізу керек еді. Дегенмен, батырдың туған күні желтоқсанда екендігін ескеріп әлі де үміттене тұрармыз. Бірақ, Астанада да оңған той болады деймісің. Уақыт өз төрелегін айтар. Алайда, қалай болғанда да батырдың аты халқының жүрегінде ғой. Баукең үшін ең үлкен құрмет те осы. Өркен мырза мәселені әдемі жазыпсың, саған да мың алғыс!

    • Тауып айттың, Амангелді! Ең бастысы, елінің есінде ғой, басқа той-томалақтың көкесі әлі алда бола жатар деп сенейік!

  6. Дөп тигізіп жазыпсың,Өреке! Жоғарыда Амангелді айтып кеткендей, батыр атамызға тірі күнінде «Батыр» атағы лайықты берілмей уақыт өте ұрпақтарына табыс етіліп еді,енді 100 жылдық тойына да дайындық мәзірі шамалы болғанын оқып білдік. Ең бастысы, Баукең- әрбір қазақтың жүрегінде!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s