Досқалиевты дәрігер емес, актер дей ме?


Біздің дәуірге дейін дәурені өткен Гиппократ дегенді білерсіз. Білсеңіз, ақсақал дәрігердің артынан ант қана емес, айта жүретін сөз де қалыпты. Айталық, «Ars longa, vita brevis…» Түсінікті тілге «тәпсірлей» қойсақ, – «өмір қысқа, өнер жолы ұзақ, оңтайлы сәттер өткінші, ал тәжірибе алдамшы». Нақ осы нақыл басқа емес, Ж.Досқалиевтің төңірегіндегі жайға сұранып тұр.
Неге десеңіз, бүгін баспасөз мәслихатын шақырған Қаржы полициясының ресми өкілі журналистерді қайран қалдырды. «Жақсылық Ақмырзаұлы жорта ауырады екен». Шашын сулап жатқызған Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Денсаулық сақтау министрі осы кезге дейін сырқаттың рөлін ойнап келген. «Бізде, тергеу алдындағы тексерулер кезінде-ақ, Досқалиевтің қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін түрлі жол іздеп жүргені жайлы ақпарат болған. Соның ішінде шетелге кетіп қалу, немесе денсаулық жағдайын нашар қылып көрсету арқылы қамаудан қашуды жоспарлап жүрген, – дейді М.Жұманбай, – Шетелге қаша алмай қалған соң, ол амалсыздан екінші нұсқаны таңдады. Өтірік науқас кейпіне енді». Журналистерге Ж.Досқалиев жатқан палатадан түсірілген бейнежазбаны көрсеткен. Бейнежазбада «науқас» емін-еркін сөйлеп, қол-аяғын қозғалтып отыр екен! Пошымы Досқалиевке келетін адам палатадан күзет алынған соң, емдеуші дәрігерлерімен сөйлесіп әм қолын қимылдатқан. Әрине, бейне бұлыңғыр ғой… Бас дәрігерді тергеуге алғандағы бейнежазбаның да үзігін көрсетіпті. Естеріңізге сала кетсек, Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлері Досқалиевтің денсаулығы әлі де нашар деп отыр. Кеше оны жансақтау бөлімінен кардиологиялық бөлімге ауыстырса керек. Дәрігерлердің айтуынша, министрге қойылған диагноз – инсульт. Денесінің сол жағы жансызданып қалыпты деген хабар да ішінара расталған-ды. «Ол тілден қалған. Жасанды тыныс алу жүйесімен ғана дем алып, дәрі-дәрмектің күшімен ұйықтап жатыр (медикаментозный сон). Оның қайтадан тілге келіп, адам тануына кемі 2-3 жылдың жүзі керек», – деген де дәрігерлердің тұжырымдары жаһанторға жарияланып кетті.

Ал, Мұрат Жұманбай «Ол қойылған диагнозына сәйкес медициналық құрылғылардың ешбіріне жалғанбаған. Күзет кетісімен, Досқалиевтің палатасында медбикелер тың тыңдайтын аудио, бейнеқұрылғыларды іздеп, әлек болған», – деп ешкімді бет қаратар емес. Сонда бұл кішігірім спектакль болғаны ма, қалай? Солай дейін десең, сәрсенбіде министрдің адвокаты Роберт Шмаль «Досқалиев әлі де ес-түсін білмейді. Былайша айтқанда, клиникалық өлімнің алдында жатыр. Қазір оның жүрегіне операция жасауға дайындап жатыр», – деп мәлімдеп отыр. Оның пікірін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин қос қолдап қостап отыр. «Министрге қойылған диагнозды құжат жүзінде де дәлелдеп бере аламыз. Егер компьютерлік томографта осы құжаттың барлығы анықталып жатса, қандай әңгіме болуы мүмкін? Бұны біз ойлап тапқан жоқпыз ғой! Бұл сала салатын сурет емес», – деп ол безек қағады.

Қысқасы, біз қанша жазып, депутаттар қанша шырылдаса да, Досқалиевтің ауруханадан кейінгі барар жері белгіленіп қойған сияқты. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Қаржы полициясының қарқынына қарап отырып, осылай деп ой түюге… мәжбүрміз. Гиппократтың ант-суын ішкен Досқалиев енді оның «оңтайлы сәттер өткінші» дегеніне де ойлана қарар. Кірпіштеп қалаған карьералық баспалдағы құлады. Атақ-абыройын сөз етпей-ақ қоялық. Қандай да бір шенеунік орнынан құласа, оны кресло үшін шайнасып қалатын кландық шайқастардан көтерілген түтін деп танушы едік. Осылай деп саясаттанушылар пікір айтады. Осындай деп жұрт ойлайды. Айналып келгенде, биліктің бұтағына отырған үлкеннің де, кішінің де қолы таза емес деген сенім бек орнады. Жемқорлыққа қарсы күрестің ең басты нәтижесі де осы болған шығар, тәйірі… Ал, мына қызық жағдайда ақиқатты айырып көріңіз. Ендеше, қызықтың көкесі әлі алда дей беріңіз!

Advertisements

6 comments on “Досқалиевты дәрігер емес, актер дей ме?

  1. Қазір кімге сенеріңді де білмейсің… Досқалиевтың кландардың «құрбанына» айналғанын да білмейсің, әктерлік «шеберлігін» жүзеге асырып жібергенін де білмейсің… Ал енді кімге сенеміз?..

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s