Есболов мырза Елбасына не сыйламақ?


Орыстілді ақпараттың ошағы – http://www.zonakz.net десек, осы сайттағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне қатысты ақпараттан айналып кете алмадық. Сондағысы, аталмыш оқу орнының ұстаздары Қазақстанның мұсылмандар одағына арызданған көрінеді. Университет басшылығы «оқу орнының мерейтойын (80 жылдығы – автор) атап өту» деген желеумен ұстаздардан алым-салық жинаған.

Тағы бір себебі, тойға Елбасының өзі қатысады деп күтілуде екен. Тәйірі, осындай мәртебелі қонақты мәз қылудың жолын іздеп, ҚазҰАУ басшылығы алашапқын болып жатса керек. Нақтырақ айтсақ, қыркүйек айында бүкіл ұстаздар қауымын жалақыларының 25 пайызын мерейтой қорына аударуға мәжбүрлеген. Солай деп бәріне арыз жаздырса керек. Бұрынырақта да оларды 2-3 күндік жалақыларын той қазынасына аударуға қинап тұрған. Тіптен, осы ақпаратта «әрбір кафедраны демеуші табуға әрі 1 млн. теңгеден мерейтой қорына аударуға міндеттеген» деген де фактілер бар. Болмаған соң, ұстаздар хаттарында «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің мерейтойға келмей-ақ қойсаңыз…» деп жалынуға дейін барған-мыс. Оқып отырып, «осының бәрі шын ба?» деген сауалдан басыңыз айналады.

Университет басшылығы алым-салығын ақтап алудағы мақсатын «Елбасы келгенде, оған қымбат сыйлық ұсынамыз» деп түсіндіретін көрінеді. Жер-жаһанның хан-ханзадалары таба алмай жүрген тартуды Тілектес Есболов (университет ректоры) қайдан тапты екен? Егер бұл ақпарат рас болса… ҚазҰАУ-дың думаны Астананың он жылдық мерейтойын он орап алмақ түрі бар. «Бұл не қылған шу?» деп, ҚазҰАУ ректорының қабылдау бөлмесіне қоңырау шалғанбыз. Тілектес Есболов Астанаға іссапарлап кетіпті. Құқықтық-ұйымдастыру басқармасының бастығы А. Алтаев пен оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары Ж. Сүлейменова қосарлап жазған анықтамаға ғана қолымыз жетті. Толық мәтіні мынадай:

«Аталған мақалада көрініс тапқан ақпарат жалған және университетті қаралау мақсатында әдейі жасалған араңдатушылық кінәрат болып табылады.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті мақалада жазылған барлық ақпаратты және фактілерді ресми түрде жоққа шығара отырып, бұл әрекетті Университет ұжымының абыройына кір келтіру және университеттің іскерлік репутациясына нұқсан келтіру үшін қасақана жасалған деп есептейді.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті аталған мәселе бойынша өзінің құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына іс-сәйкес шаралар қолдануға мәжбүр болады.»

Енді алдияр оқырман алдыңғы ақпаратқа сене ме, әлде ниверситеттің ресми анықтамасына сене ме… оны өз ырқына қалдырдық. Бір жағынан, «Елбасыға елде жоқ сый әзірлеп жатса, сыйлағаны шығар» деп, Есболовты да ақтағың келеді-ау. Солай болды екен деп, ұстаздарды сорлату керек пе екен? Шынымен-ақ, ниет қылса, жиған-тергеніне тәуір сыйлық жасауға шамасы келер еді-ау.. Есболов есті кісі еді ғой, мұндай ерсілікке бара қоймас деп сене қояйық әзірге.

Advertisements

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s