Мемлекеттік миф: 150 ұлт!


«Қазақ-ресей шекарасынан екі келі есірткі алып өтпек болған пуштунды Қазақстандағы 131-ші ұлт деп қабылдап жіберіпті».
(Халық арасынан)


«Қазақстан» телеарнасы. «Кеш жарық» бағдарламасы. Жүргізушілердің бірі Айгүл Иманбаеваның аузынан «Бізде 150 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр» деген сыңайда сөз шығып кетті. Абайсызда айтылды деп ақтайын десең, бұл тікелей эфир емес. Монтаж үстелінде тігісі жатқызылып, қырағы редакторлардың қарауынан өткен.

Мүмкін, бұл қара тырнағына дейін намыс оты ұшқындап тұрған ұлтшылдың жүйкесін жанырдай «жаңалық» емес те шығар. Бірақ, мемлекеттік миф құрастырудағы тың көрсеткішке тосырқағанымыз рас. Осы кезге дейін Қазақстандағы этникалық құрам дегенде, 100 бен 140-тың арасындағы кез келген санды атасақ, қатеге саналмайтын. Мысалы, ол «… 120 ұлыс» («Казахстанская правда», 26.06.2006), «…100 ұлт» (31 арна), «126 я 130 ұлыс» (ресми баяндамалардан), «140 ұлыс» («Қазинформ», 27.08.2010) деп жыл сайын, құндыздың терісіндей құбылып тұрады. Биылғы баған – 150! Еліміздің ұлттық картасы бірден 10-15 ұлысқа кеңіп салса, «бұл қалай?» деген сауалдың бой көтеруі заңды ғой. Көрсеткіш кімдердің есебінен көбейіп отыр?
Осы себептен ҚР Статистика агенттігінің ресми сайтына (www.stat.kz) кірсеңіз, өсіп-өну, көші-қонның динамикасын тапсаңыз да, ұлттық құрам жөнінен қолыңызға жөнді ақпарат ілінбейді. Әр ұлыстан арбаның күпшегіне бойы жетпеген баласын санағанның өзінде, есебі қанша шығады? Сауалы туғанмен, жауабы жоқ. Себебі, бізде этнодемографиялық статистика ашық жарияланбайды. Газетке басылмайды. Білетініміз: 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 16 196 800 адам болса, соның 63,1 пайызы – қазақ. Ары қазбаласаңыз, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, немістің көрсеткіштеріне тірелесіз. Қазақпен қоса санағанда, аталған 6 ұлыстың ғана үлес салмағы жалпы халықтың 1 пайызынан әрең асады. Қалған 100-дің үстіндегі ұлыстың «сайда саны, құмда ізі жоқ». Статагенттіктің дерегі оларды «басқа этностар» деген шоғырға топтастырып, жалпы халықтың 4,5 %-ы деп көрсетеді. 2005-2006 жылғы қайбір деректе «Қазақстандағы белорустар – 0,64%, кәрістер – 0,67%, әзірбайжандар – 0,56%, түріктер – 0,55%» болған көрінеді. Елімізде ең көп таралған ұлыстардың өзі жалпы халықтың бір пайызына жетпей тұрғанда, қалған ұлттық топтардың нөл бүтін мыңнан бір секілді межеде тұрғаны белгілі шығар. Көршіміздегі әр диаспораның алған демін, жыбырлаған жан басын біліп отырғанда, «Қазақстанда кім тұратынын білмейміз» десек, ұят-ау біреуден? Айталық, Ресейде 180-нен астам ұлыс өкілдері тұрады, оның ішінде саны аз деген юкагирден 1 509 немесе нганасан ұлысынан 834 адам қалса керек. Сахалиндегі орок халқынан 200-ге жетер-жетпес жан қалғанын, Хабаровск аймағында екі мыңдай үгедейлік қалғанын жаһантор әлемге жайып отыр. Ал Қазақстанда бұлғар я құмықтың қанша екенін білмегенде, жалпы ұлыстардың саны артқанын, я кемігенін иіскеп білмекпіз бе?
«150 ұлыстың» ішінде кім бар? Мүмкін, Бетпақдаланың бөкен шиырлаған атырабына Африканың тұқымы тозып бара жатқан банда, занде, бемба, коса, свази сияқты тайпаларын көшіріп жатыр ма екен? Резервация салып.. Ақыры, Қазақстанды жер-жаһанның Жерұйығы, әлемдік діндердің, мәдениеттің, т.б.-ның орталығы қылу ойымызда екен, неге «Нұхтың кемесі-2» аталатын халықаралық жобаны қолға алмасқа? Әне-мінеден соң тарихтың қойнауына сүңгитін «реликт» тайпалардан жұп-жұп қылып, Қазақстанға әкеліп, көбейтіп, сауабын алайық… Ешкім қолмен ұстап, көзбен көрмеген, яки куәгер шақырылып, мөр басылмайтынның бәрін миф десек, біздегі жағдай солай деп айтуға мәжбүрлеп тұр.

Әйтеуір, этносаясаттағы желбуаздыққа қарсы қазақ факторының күшейіп келе жатқанын көңілге медет тұтамыз. Мысалы, 1989-2009 жылдар аралығында қазақтың саны 26 пайызға (2,1 млн адамға) артқанда, немістер 50%-ға, украиндер 39 %-ға, татарлар 18 %-ға, орыстар 15%-ға азайып кетті. Ұлттық сана-сезімнің өсуі – демографиялық өсімге перпендикуляр құбылыс. Демек, әлі-ақ ұлттық мемлекет ретінде қалыптасу үрдісі әлгідей мифтердің тамырына балта шабады деген сөз. Сонда ғана «Кеш жарық» бағдарламасын қорықпай қарай беруге болады!

Advertisements

5 comments on “Мемлекеттік миф: 150 ұлт!

  1. Авторитарлық биліктен не сұрайсыз енді? Санақтың өзін бір жыл санап, әрең шығардық қой…

  2. Жалпы осындай ұлттық(жалғыз) арнамызда кім болса сол эфирге клоун боп шыға бергенді қою керек қой!!!!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s