«Президенттіктен» бас тартамын


Айдың-күннің аманында Ресейдегі ұлттық республикалардың басшылары үш сөзден өздеріне үкім шығарып жатыр. Рамзан Қадыровтың риясыз бастамасының тездетіп қолдау тапқанына «таңымыз» бар.

Қадыровтың депутаттарына арнаған сөзіне Дағыстан, Ингушетия, Қабарды-Балқар, Қарашай-Шеркес республикаларының басшылары да әскери бұйрық алғандай, бастарын шұлғып қалды. Удмуртия президенті Александр Волков қазір-ақ «президенттіктен» құтылуға асық. Ол «Республикада президенттер емес, айталық республика басшылары болуы тиіс», – деген пәлсапаға көшіпті. Марий Эл республикасының президенті Леонид Маркеловтың де айтары осы. Бурятия басшысы Вячеслав Наговицын өз лауазымын басқаша атау туралы өтінішін Халық Хуралына (парламент) жолдап жіберді. Сонда оларға есіктегі алтын жалатылған тақтайшаларын ауыстыру арман боп келіпті… осы кезге дейін. Бұған, әрине ешкім сенбейді. Себебі, ат ауыстыру акциясында ақ жайманы қара жіппен көктеген Кремль саясаты жатыр.

Бәрінен бұрын бауырлас башқұрт, татар ағайын үшін тарылған өрісте тыныстау, империялық саясатқа иілмеу қиындап барады. Естеріңізде болса, Башқұрт құрылтайы орталықтың астамшыл саясатын ашық айыптаған болатын. Сондағы Мәскеу бағытына айтылған мірдей сөздерден соң, президент Мұртаза Рахымов мансабын қиды. Осыдан соң, басшылыққа келген Рүстем Хамитовтың жан-жүйкесі кіммен жақын болатыны аян шығар. Ол да «президент» сөзінен пәле көріпті. Татарстан ғана бұл дүрмектен тыс. Мәскеудің ызғарына Рустам Миннихановтың (Татарстан президенті) қашан ығатынын уақыттың еншісіне қалдырдық. Әзірге… Кремль заңнамасында бекітілген федеративтік құрылымды қайта қарап, унитарлы ел болудың қамына кірісті. Кешенді кірісіпті. Алғашында Ресейдің Конституциялық соты арнайы ұйғарыммен бірқатар ұлттық республикалардағы заңдардан «суверенитет» туралы баптарды алып тастауды талап етті. Ендігісі мынау. Бұдан кейін ұлттық республикалар мен облыстарды қосып жіберуге қарекеттенуі кәдік. «Аса құпия» грифі қойылған құжаттардың сызбасы «оңтайландыру», «бюджет қаржысын үнемдеу» деген желеулермен көрініс тауып жатса, қайтесіз? Айталық, Орынбор облысына апарып Башқұртстанды қоса салса.. Қалай десек те, бұл түбі түркі татар, тыва, саха, башқұрт, чуваш ұлттарының өзін-өзі сақтау қабылетіне сынақ болмақ. Тек осы сынақтың тарихтың қайта келер әлеуетіне тап болуын тілейік.

Advertisements

One comment on “«Президенттіктен» бас тартамын

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s