Ризван Хан: «Адамның емес, Алланың разылығын алайық»


Болливудтың қазіргі бүлкілі бөлекше. Баяғы тимей жатып талдыратын соққысы тураланды. Ән-биінің саны да, ұзақтығы да еуропалық көрерменді есінетпейтіндей деңгейге жетті. «Артықшылығынан» арылған үнді киносы ширай, шымырлана, тақырып жағынан тереңдей түскені белгілі. Бүгін нысанамызға алып отырған «Менің атым – Хан» драмасы осы сөзімізді растап қоймай, ислам дінінің игі қасиеттерін де насихаттай түседі.

Аталмыш драманың синопсисі мынадай: Үндінің қайбір қалашығында дүниеге келген Ризван Хан (Шахрух Хан) о бастан шуды қаламайды, сары түстен қорқады, жылай алмайды. Біреуді құшақтап, мейірін төгуі де қиын. Сіз ойлағандай, ол нақұрыс емес, қайта өте зерек, көргенін дамытып кетеді. Оның ауруының медициналық аты – Аспергер синдромы. Әжеп болғанда, мұсылмандық шарттарын қатаң ұстанады. Жүрген жерінде тас жинап, тәспі тартады. Шешесі қайтыс болысымен, Ризван АҚШ-қа жұмысқа кеткен інісінің соңынан келеді. Жаңа әлем, жаңа орта… Қызық болғанда, ол осында шынайы махаббатын, Мандираны (Каджол) кезіктіреді. Махаббат, отбасын құру,балалы болу.. мұның бәрі Ризван мен Мандираның ең бақытты сәттері еді. 2001 жылдың 11 қыркүйегі. АҚШ-тағы мұсылман қауымына деген пиғыл құбылып, әр сақалдыдан, әр орамал тағынғаннан лаңкестің кейпін 3здеу басталады.

Осы бір алмағайып кезеңде Ризванның ұлын мектептің футбол алаңында тепкіге алып, өлтіріп кетеді. Себебі – тегінің мұсылман болуында. Мандира «Қайдан ғана мұсылманға күйеуге шықтым? Осының бәрі сенің тегің Хан болғандығыннан», – деп шатынайды. Осы тығырақтан шығудың жолын іздеп, Ризван алыс сапарға шығады. Сондағысы, АҚШ Президенті Барак Обамаға жолығып, «Менің атым – Хан және мен лаңкес емеспін. Ұлым да лаңкес болған жоқ» деген бір ауыз сөзді жеткізу болатын. Осы сапарында түрлі машақатты көрсе де, Ризван тілегіне жетті. Мандирасымен татуласты, ал жалпақ жұртшылықтың алдында қаһарман атанды. Міне, жүрегі мейірімге толы қарапайым мұсылманның хикаясы. Айта кетерлігі, фильмнің сценарийіне расында болған оқиға негіз болған. Әрине, танымал режиссер Каран Джохардың кезекті туындысына кеңірек тоқталуға болар еді. Бірақ, Рамазан айын ескеріп, осы фильмдегі Ислам дініне, адамгершілікке қатысты ерекше тұстарын оқырман назарына ұсынып өтсек.

■ «Қос егіздің» құлауы кезінде қайтыс болған құтқарушылардың бала-шағаларына жылу жинау жүреді. Жұрт қайғырып, қолына шырақ алып тұрғанда Ризван «Фатиха» сүресін дауыстап оқып, Құран бағыштайды. Арабша мақамды құлағы шалған қасындағы американдықтар шошына теріс айналып жатады. Ризван отбасының атынан ұйымдастырушылғарға 3500 доллар береді. Ол: «Бұл – зекетке арнап, жинап жүрген ақшам еді. Мұсылмандар жыл сайын өз табысының бір бөлігін зекет ретінде беріп тұрады. Биыл міне Сіздерге…», – дейді.

■ Хиджаб киіп жүрген әйелдерге тап берушілер көбейеді. Мысалы, бұзақылар Ризванның інісінің әйелінің басындағы орамалын жұлып алып, жерге жығады. Сол кезде күйеуі оған: «Бұл Алланың бізге жіберген сынағы. Иманыңа берік бол. Алла тағала түсінеді.Ал бұлар орамалды не үшін тағатынынды түсінбейді… ешқашан», – дейді. Кейінірек, студенттерінің аңтарылғана қарамастан, Ризванның келіні орамалын тағып, дәріс беруге келеді. Сонда ол «Осы кезге дейін мен сендерге адам тұлғасының өзгеруі турасында сабақ беріп келдім. Сөйте жүріп, өзімнің болмысымды өзгерттім.. Хиджаб – менің дінімнің белгісі ғана емес, ол – менің өзім», – деп үнсіз сұраққа жауабын береді.

■ Ризван Хан өзінің жаңадан таныс болған мұсылман бауырларымен тамақтанып отырып, тақиясын алып, намаз оқығалы даярлана бастайды. Әлгі танысы: «Намаз оқуға уақытты өзіңді қоршаған ортаңа, адамдарына байланысты таңдаған жөн-ау. Қазір мына жерде намаз оқу ыңғайсыз. Адамдар қарап тұр», – дейді. Ризван: «Жо-жоқ, намаз ешқашан жерге, я адамға байланысты болмауы тиіс. Ол тек жүрегіңдегі иманның күштілігіне байланысты. Аллаға деген сенім уақытқа да, адамдарға да байланысты емес. Адамның емес, Алланың разылығын алайық», – деп жауап қайтарады. Ризван өзіне қарағандардың қыли көзіне қарамай, көшеде намазын оқи бастайды. Тосырқап, фотоға түсіріп жатқандар да болды.

■ Бірде Ризван үлкен бір шаһардың мешітіне бас сұғып, парызын өтемек болады. Бұл сәтте Файзулла Рахман есімді имам келген жамағатқа уағыз айтып отыр екен. Уағыз айтқанда, «Біз өзгелерге түсіністікпен қараймыз. Ал, сондай ықыласты мұсылмандарға қарасты көрмей жатамыз. Осы да әділдік пе? Қаным қайнайды. Ибраһим пайғамбардің өзі ұлын пышаққа ілмекші болды. Бұл Алланың разылығы үшін еді. Ендеше, біз неге өзіміздің сенімізді жихадпен дәлелдемейміз?», – деп, жұртты қайрай түседі. Мұны тыңдап отырған Ризван орнынан тұрып, «Жоқ, жоқ. Сіз – өтірікшісіз!» деп қарсы шығады. Сөйтеді де, «Ибраһим пайғамбардың өз ұлын пышаққа ілуге келіскенін білесіздер. Ол – шындық. Бұл оның Алла тағалаға деген шексіз сенімінің көрінісі. Бірақ ол әлдебіреудің арандатуына ермеді, оның сөзіне сенбеді. Ибраһим пайғамбар хақ жолынан танбады. Аллаға шынайы берілді. Оның әмірін орындау үшін баласын құрбандыққа да қимақшы болды. Бірақ Алла өз пайғамбарын осылай сынап еді. Сондықтан бізге келген әрбір қиыншылық – Алланың сынағы. Алла тағаланың жолы – махаббат жолы», – деп сөйлеп береді. Жамағаттың шырқы бұзылып, әлгі Фейзулла Рахманға «Ибраһим пайғамбарды азғырған кім еді? Ол Аллаға сенетін бе еді өзі?» деген сұрақтарын жаудырады. «Бәрібір емес пе кім екені?» деп ол жалтарып бағады. Сонда Ризван ашуға мініп, «Ол шайтан болды, шайтан…» деп айқайлайды.

Міне, кинода осындай ізгі эпизодтар көптеп кездеседі. Шамаларыңыз келсе, интернеттен көшіріп көріңіздер. Көруге кеткен 2,5 сағатқа өкінбейсіздер.

8 comments on “Ризван Хан: «Адамның емес, Алланың разылығын алайық»

  1. Осы фильмді мен де қарадым. Өте жақсы түсірілген. Осындай Ризван сияқты адамдар көп болса ғой өмірде. Осындай адамдар не айтса да сенуге дайынсың. Өйткені бұлардың жүрегі шынымен таза, тек Құдайға табынғаннан емес, табиғатынан таза адамдар. Әттең, аз ғой мұндай адамдар, аз…

  2. Ия, Ризвандай адамдар көп болса, бұл әлем де басқаша болар ма еді… Көп болып кетсе, бірақ теңгерілім де бұзылып кетеді ғой

  3. Шахрухтың ең қиын рөлдерінің бірі, ал Каранның ең мәнді сценарийә һәм режиссурасы… биылғы кинофестивальдердегі жүлденің біразын алуға лайық

  4. Соңғы көрген әсерлі де мықты фильмдердің бірі!!! Кинофильм нысанасы адамның ең сезімтал жерлеріне бағытталған, сол үшін де есте қаларлықтай. Көріп оытрғанда кей жерлерінде әбден күлуге де, шынайы жылауға да болады…. (өз басым солай істедім)
    Мен де блогқа осы кино туралы жазам ба деп жүр едім…))

  5. ия, біз де сол эмоцияларды бастан кешірдік. Солай бола тұра, фильмнің моральдық ұстыны мықты. Әйтеуір, бірнәрсе түйіп шығасың

  6. Әссаламу ‘алайкум уа рахматуллаһ! Бауырлар, http://www.al-hanifiya.kz сайтының форумында күн сайын дерлік “Үш негіз және оның дәлелдері” атты кітапқа түсіндірме жазылып жатыр! Бұл кітапта адамның қабірінде қойылатын үш сұраққа жауап бар. Ғалымдар білім ізденушілер мен қарапайым адамдарға ең бірінші болып түсіндіретін кітабы – дәл осы кітап! Сондықтан, құрметті бауырлар, зор мүмкіндіктен құр қалмаңыздар! Аллаһ береке берсін! Аллаһ білімімізді артырып, қабірдегі “Раббың кім? Дінін не? Сендерге жіберілген елші кім?” деген сұраққа лайықты түрде жауап беруімізді нәсіп етсін!

  7. Уағалейкумассалам, бауырым! Иншалла, мына сайтына кіріп, форумға қатысуға сөз бермесем де, соғып кетуге тырысайық! Тілегіміз қабыл болсын!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s