Тұржановқа тоғыз жыл… Обал-ақ


2009 жыл. Алматының қым-қуыт тіршілігіне енді-енді төселіп келе жатқан тұсым. «Жас қазаққа» келгелі бергі сұхбат алатын адамдардың арасында бірінші болып Серік Тұржановқа сұрағымды қоюдың сәті түсіп еді. Әлі есімде, Халықаралық бизнес академиясында жиын болды.

Дағдарыстан былай да былай шығамыз десті. Сарапшының бірі Серік ағамыз еді. Ол кезде Сауда-өнеркәсіп палатасының  вице-президенті болатын. Өткір сөйледі. Үзіліске шыққанда-ақ, оны жүлік журналистер ортасына алды. Сұрақтарын жаудырып жатыр. Мен де бірнәрсе дейін десем, бүлдіремін бе деп жүрегім аузыма тығылып тұр. Сасқанымнан, Тұржановтың демі жетіп тұрған жерден фокусқа кеудеден жоғары тұсын көздеп, суретке түсіре беріппін. Фотоаппарат та жай «мыльница» ғой.. 10-15 кадрдың ішінен жарамдысы осы сурет болды.

2010 жыл. Кеше Серік Тұржановты тоғыз жылға абақтыға тоғытты. Одан босап шықса, жеті жылға дейін мемлекеттік қызмет атаулының маңайына жолай алмайды. Статагенттік төрайымының  экс-орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бірлік Меңдібаев тиісінше 6 және 5 жылға қамауға кесілді. Осылайша, созылып кеткен «статистер ісіне» Астанадағы Есіл аудандық соты сояудай нүкте қойды. Естеріңізде болса, былтырғы санақ дауына байланысты сүргін басталғанда, қаржы полициясының құрығы Тұржановтың қыл мойнын да бұрауға алған. Санаққа бөлінген сан миллионды асағанның  бірі С.Тұржанов деді. Қайтесіз, Серік мырзаның өзі бұл істе саяси астар барын, еш жазығы жоқтығын айтты… Айтқанмен, сот үкіміне қарсы не істей алады? Оның соттағы ақырғы сөзі:

«Әрбір шенеунік және тендерден үміткер компания жетекшілерінің кез келгені менің жағдайымда қалуы мүмкін. Бізде осындай саяси жүйе қалыптасқан. Кінәсізді де айыпталушыға айналдыруға болады»…

Жүрегіңе тиеді. Айтпақшы, ағамыз «бұл заңсыздық жау жерінде емес, өз Отанымда болып жатыр» деп аһ ұрыпты. Кеше ғана ақжағалылардың кемшілігін көзіне нұқып көрсетіп, олқы тұстарын ойға салып, кәсіпкерлердің атынан билікке деген базынасын айтып жүрген атпал азамат еді. Шыншыл адам еді. Шыншылдарымыз түрменің сызына тәнін шірітетін болды ғой.. Обал. Одан басқа не дейміз. Эмоцияға ерік беріп, жоғары жаққа сөзбен нажағай жасауға болады осында. Не шығады одан? Өз басым, оның адал азамат екендігіне сенетінмін. Ол сенімге селкеу түскен жоқ. Серік Тұржанов менің санамда «шыңдықтың  семсері» болып қалды.. Оны ешбір сот үкімі өшіре алмайды.

Қосарым: Былтыр Тұржановтан алған сұхбатымнан кішкене үзігін қайталап беріп отырмын.

Жас қазақ: Оппозиция сапына өту ойыңызда жоқ па?

Серік Тұржанов: Жоқ, менің бұлай етуіме әзірше себеп те, негіз де жоқ. Оның үстіне, мен «Нұр Отан» партиясының мүшесімін ғой.
Жас қазақ: Қазір жаңалықтар легіне үреймен қарауға мәжбүрміз. Неге десеңіз,  бүгін анау ұсталды, пәленше алаяқ, түгенше қылмыскер, енді кімге тықыр таянды екен деген үрей бойымызды меңдеп барады. Шынында, Қазақстанда арамдардан тазарудың науқаны өтіп жатыр ма?

Серік Тұржанов: Бұл – биліктің шаңырағына торын жайып алған элиталық топтардың өзара тәжікесінен туындап жатқан жайттар. Басқаша себепті мен көріп тұрған жоқпын.

Жас қазақ: Жалпы, сіз – мемлекеттік қызметте жүрген кезіңізде де орайы келсе, оңдырмай сын айтып, туралығыңызбен танылған азаматсыз. Осы қасиетіңізбен біреу-міреуге жақпай қалам-ау, болмаса үлкен ағалардың «қара тізіміне» ілініп қаламын-ау деп қорықпайсыз ба?

Серік Тұржанов: «Ақиқаттың адамы – мына мен» деп кеудені соғу қазір жараспайды. Негізі, қоғамымыздың қай мүшесі болсын, оңды сын айтуға, оны дұрыс қабылдауға бойын үйрету қажет. Осы қасиетті дамытпай, нағыз демократиялық қоғам құру дегенің – далбаса. Біз ең басты міндетіміз – тәуелсіздігімізді сақтап қалу екендігін, сол жолда ақиқаттан тайсалмай, тентегін түзу жолға салып, бұрыс істің түбіріне балта шабу керек екендігін естен шығармауымыз керек. Мұндай асқақ рух жүрекке қонақтағанда, біреуге жаман көрініп қалам-ау дегендей пасық сезім, орынсыз үрей болмайды.
Жас қазақ: Сөзіңіз аузыңызда, бір сұхбатыңызда осы шыңдықты шырылдата айтуға Елбасының өзі рұқсат берді деп едіңіз…

Серік Тұржанов: Бұл әңгіменің шығу тарихы былай: кәсіпкерлер форумында Елбасы бір ғибратты мысал келтірді. «ГУЛАГ-тың қақпасында екі тұтқын кездесіп қалады. Пысықайлау біреуі екіншісінен: «Түрмеге қалай түстің?» – деп сұраса керек. Ол: «Үндемегенім үшін», – дейдi. «Қалайша?» «Көршімді қамауға алғанда, ол бұрынғы ақгвардияшыл болып шықты. Мен үндемегенді жөн көрдім. Себебі, ақгвардияшыл емеспін ғой! Ертесіне келесі көршім – бұрынғы байшікешті ұстады. Тағы да үндемедім. Үшінші күні тағы бір көршім – еврейді алып кетті. Онда да жұмған аузымды ашпадым. Өйткені, еврей емеспін ғой. Сөйтіп жүргенде, мені де түрмеге әкеліп тықты. Әй-қап, басқаларды тұтқындап жатқанда, бекер үнсіз отыра берген екенмін», – деп өкініпті әлгі тұтқын». Елбасы келтірген осы мысалды өзіме қарата айтылған нұсқау деп қабылдадым. Сондықтан да, мен үнсіз тұра алмаймын.

Advertisements

4 comments on “Тұржановқа тоғыз жыл… Обал-ақ

  1. адал адамдарға қазіргі биліктің айналасында болудан еш пайда жоқ. Билікке болыспасаң да адам құрлы көрмейді. Жүр емес пе халықтың батыры болған Тоқтар ағамыз да кез-келген «иттің» сөзін естіп. Адамшылықтан жұрдай болдық. Крутойлардың санысын мансап пен ақша билеп алды.

  2. Е-е-е-е-е, қайсібірін айтасыз? Кім өзін «қылмыскермін» дей қояр дейсің?! Кім білсін?! Қылмысқа қатысы барын бір Құдай біледі оның. Бірақ біздің елде соңғы кездері түрмеге тоғыту «науқанға» айналып барады. Осылай қаржы полициясы өздерінің жұмыс жасап жатқандарын көрсеткісі келеді…

    • «Ақжағаларылар абақтысының» авторы, әрине бұл істе Тұржановты толық ақтай алмаймын. Бірақ, ол менің көкейімде сол шыншылдығымен қалды. Кейде идеалдарға деген сенімге селкеу түсірмей өткен дұрыс сияқты.. Әйтпесе, оның несі идеал?

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s