Ақырғы амал


Қалай десек те, Қырғызстан өз таңдауын жасады. Қараша халықтың қауіпсіздігін тәуекелге тіксе де, маусымның 27-сінде Қырғызстан парламенттік республикаға айналып, Роза Отынбаева ел тізгінін 2012 жылға дейін ұстайтын болды. Осылайша, Орталық Азия аумағында тұңғыш рет қырғыз елі парламенттік басқаруға көшті. Шүкір етеріміз, жұртты шұрқырататындай кезекті арандатулар болмады. Жұрт алаңсыз дауыс берді. Бақылаушылар пәлендей құқық бұзушылықтарды байқамады.

Әрине, референдумға қарсылықтар болмай қоймайды ғой. Ош қырғынында опат болғандардың, ең болмаса қырқын тыныш шығарайық деген халықтың тілегін де түсінуге болады. Әйткенмен, Уақытша үкімет көшбасшыларының қолында референдум өткізуден басқа амалы қалмады. Бұны созып жіберсе, онсыз да саяз сенім қалтасының түбі көрінер ме еді… Ал, бұл тағы да төңкеріс, тағы бүлік деген сөз.

Бастысы, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы қырғыз елі билік төбесіне бір пысықтың ойқастап шығуына бөгет қойды деуге болады. Ал, президенттік басқару сақталып тұрған жағдайда, кезекті билікті басып алу операциясы болмайды деген кепілдікті ешкім бере алмайды. Әрі референдум осы кезге дейін «уақытша» деген тіркемемен келген үкіметтің жұмысына заңдылық берді. Дегенмен.. қабылданып кеткен Қырғыз Конституциясының жобасы ағайын елдегі рулық-туыстық қатынастардың қарама-қайшылығын айғақтайтын саяси күштердің позициясын бекіте түспек. Себебі, билік бөлісіне келгенде «ешкімге де бұйырмасын» дегендей ұстаным бәрінен биік болған сияқты. Бұған салса, бұқара қанша жерден сенім артса да, ешқандай саяси күш басымдыққа ие болмайтындай көрінеді. Басымдыққа ие болмаған соң, жарытып жұмыс істеу де қиын. Жұмыс жоқ жерде – нәтиже жоқ. Ал шынайы бәсеке болмаған жерде саяси үрдістің саздан шыға қоюы екіталай іс. Жасанды бәсекелестік Бішкекті баяғыда Батыс әлемі «міне, Орталық Азиядағы демократия аралы» деп мақтаған деңгейге жеткізе алмайды.

Енді неге көршіміздегі парламентаризмнің қалыптасуына қарсы болып отыр дерсіз? Әрине, Қырғызстанның демократиялық құндылықтармен діңгектес болуын бәрі қалайды. Тек, демократияны гүл десек, азаматтық қоғам – топырақ екендігін ұмытпаған жөн. Қырғыз «топырағы» әзірге құнарлы емес. Жұртты соңынан ертіп әкететін алмауыт партиялар аз. Су құйып, түбін қопсытсаң да, рулық-тайпалық қоғамда демократиялық үрдіс депутат мандаттарының «аграрлық», «жасылдар», «демократтар» партиясы секілді дүрдей аттардың көлеңкесіндегі жергілікті «жұлдыздарға» берілуіне алып келеді. Қырғыз сайлаушысы ашық сайлау болса да, «Тынчтык», «Эне тил» партияларының (мысал ретінде) бағдарламасын парақтап, идеологиялық бағытына қарап жатпайды. Өз туыстарының атынан өкіл шығару үшін «баткендік», «таластық», «қаракөлдік» саясаткерлерге дауыс береді.

Саясаткер дегеннен шығады-ау, қырғыз ағайынның талайына саясаткер көп. Бірі бірінен өтеді. Амбициясы тұрғысынан… Бұрын барлық шешім бір қауашақтың ішінде бүр жарса, енді 120 адамның толғауынан өтеді. Бұрын жауапкершілікті бір адамға артса, бұдан былай 120 адамға үлестіріледі. Бұлардың бәрі сайдың тасындай іріктеліп, салиқалы шешімдер қабылдау-қабылдамауын, әрине уақыттың еншісіне қалдырамыз. Ал экономиканы түзеп, реформа жасауға ынталы, яки сауатты менеджмент жасауға мүдделі біреуі байқалмайды. Әлде байқатпай ма? Мұндай үрдіспен айырқалпақты ағайынның ұзаққа бармасы анық. Сондықтан, парламенттік демократияның барша мәселенің бір шешімі бола алмайтынын білген жөн. Әйтсе де, бұл ақырғы амал болды. Отынбаева референдумды «Шынайы халық билігін орнату жолындағы маңызды қадам» деп бағалап отыр. Әзірге осы. 2020 жылға дейін Қырғызстан бұрын-соңды ойлап, тісіне татып көрмеген саяси кеңістікте қозғалатын болады. Себебі, алғашқы он жылда Ата заңға өзгеріс енгізуге болмайды деген қағида бар. Әй, бірақ бұған Қырғызстанда кім мән берер екен?

(Бұл мақалам «Жас қазақтың» бүгінгі санына жарияланды)

Advertisements

6 comments on “Ақырғы амал

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s