Кеңес Одағын «майып қылған»… маса


Бұл бүгін ашылған тарихи сенсация емес. Біраақ, Кеңес Одағын тарих сахнасынан ысырған себеп ретінде енді кәдімгі масаға құрмет көрсетсек те жарап қалады. Неге дейсіз ғой. Ендеше, сіздердің назарларыңызға Олжас Сүлейменовтың «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатынан осыған қатысты үзігін ұсынып отырмын. Сұхбатты белгілі мифолог-жазушы ағамыз Әмірхан Балқыбек алған болатын.

Қай нәрсе де қарама-қарсылық арқылы танылады. Кімнің кім, ненің не екендігіне салғастырулар арқылы көз жетпек. Осы орайда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан естіген бір әңгіме есіме түсіп отырғаны. Бұл оқиғаны ол кісі қызметтен кетіп, өзінің өмірбаяндық еңбегін жазуға отырғанда айтып еді:

1976 жылдың жазында Қазақстанның екі партия қызметкері мерзімді демалысын өткізуге туысқан Кубаға аттанады. Бірі – ҚазКСР Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы Валентин Карпович Месяц, екіншісі – обкомдардың бірінің бірінші хатшысы. Міне, екеуі де осында, теңіз жағалауында тамаша демалыстарының соңғы күндерін өткізіп жатқанда күлкілі оқиға орын алады. Сонда не болған дейсіз ғой, обкомның бірінші хатшысының кіндіктен сәл төмен жердегі ұятты мүшесін жергілікті жердің қаныпезер масасы шағып алыпты. Әрине, өзге елдің масасы аясын ба, мүше ісініп кетеді. Бұл жайт партиялық жағажайдың барлық демалушыларына белгілі болады. Әзілдеулер, мысқылдаулар басталады. Бұл істе әсіресе жолдас Месяц өте қатты белсенділік танытады.

Екеуі  Қазақстанға оралып, жұмыстарына қайта кіріседі.

Әрқайсысы Қонаевтың алдында қалай демалғандары туралы жеке-жеке есеп береді. Обком хатшысына екіншінің кезегі тиеді.

–  Ал, қалай демалдыңдар?

– Бәрі тамаша болды, Димаш Ахметұлы… Ауа райы да тамаша… Кубалық жолдастармен кездестік. Ромнан дәм таттық…

– Бірнәрсені бүгіп тұрсың  ғой. Не болды?

– Ештеңе болған жоқ, Димаш Ахметұлы…

– Айт!

– Валентин Карпович бірде республика басшысының әйелі ел тірлігіне, кадр мәселесіне араласпауы керектігі туралы жағымсыздау әңгіме айтып қалды. Мен Зухра Шәріпқызы туралы бұлай жаман айтуға болмайтындығын ескерттім».

– Жарайды, назар аударма. Ол ромнан кейін күнге қатты күйіп қалған ғой. Шамасы, көп ішкен боларсыңдар. Бар, жұмысыңа кірісе бер.

Бірнеше аптадан кейін В.К.Месяц Қазақстаннан Мәскеуге, КСРО Ауыл шаруашылығы министрінің қызметіне аттанып кетеді. Әрине, оның кетуіне Қонаевтың ықпалы болғандығы анық. Месяцтың Қазақстаннан кетуіне Қонаев неге мүдделі болғаны кейін аңғарылады. КОКП ОК ауыл шаруашылығы секторының меңгерушісі Кулаков қайтыс болғанда, оның орнына лайықты адам іздеу басталады ғой. Бұл орынға Брежневтің өзі жас әрі іскер Месяцты лайық көргендігі де анық. Саяси Бюро мүшелері де осы таңдауды құптайды. Пікір білдірмеген тек бір-ақ адам, Дінмұхамед Қонаев қана қалады.

Брежнев Қонаевқа хабарласып, ақылдасады:

– Бірге жұмыс істедіңдер ғой, саған ұнады ма?

– Тамаша маман. Шаруаны дөңгелетіп алып кетеді, Леонид Ильич.

– Демек, құптайсың ғой?

– Тоқсан тоғыз пайызға, Леонид Ильич!

Сенімін жүзге толтыра алмай қалған Брежнев сәл ойланып қалады.

– Неге?

– Кейде Біріншіге қарсы жұмыс істейтіні бар. Бірақ, біршама уақыт бөліп тәрбиелесеңіз, одан өткен маман жоқ, Леонид Ильич!

Бірақ «тәрбиелеп» жатуға Брежневтің қуаты да, уақыты да қалмаған еді, осылайша Месяцтың кандидатурасы өтпей қалады.

Ал Месяцтан кейін бұл орынға лайық адам ретінде КГБ шефі Андроповтың тіркемемен тартып жүрген адамы Михаил Горбачев тұрған болатын. Месяцтың айы батып, күтпеген жерден Горбачевтің күні шығуына, міне, кубалық масаның септігі осылай тиеді. Сәл уақыттан кейін, 1985 жылы осы Горбачев КОКП-ның бас хатшысы болды. Оның іскерлігінің соңы КСРО-ның ыдырауымен аяқталғаны белгілі.

Мен Димаш Ахметұлына бұл оқиғаны өзінің ғұмырбаяндық еңбегіне енгізуді өтіндім. «Сіздің осы эпизодқа араласуыңыз тарихтың доңғалағын күрт бұруға ықпал етті» деп сендіруге тырысып едім, «Жоқ, деді  ол кісі жымиып, – басты қаһарман мен емес». Шындығында, бұл трагикомедияның басты кейіпкері Кубаның ешкімге беймәлім беймаза масасы еді.

Advertisements

7 comments on “Кеңес Одағын «майып қылған»… маса

  1. Кешірерсіз, мен масаға таланған Месяцтың лауазымды орынға тағайындалмай қалуының себебін масадан көретіндей жолдайрды аңғара алмадым. Ширатып айтпас па екенсіз?

    • Бұл сөзбе-сөз Олжекеңнің аузынан жазып алынған, сұхбаттан ғой. Сонда әлгі маса хатшыны шағады, оны әбден Месяц мазақ қылады, мазаққа қалған хатшы кектеніп, Қонаевқа оның қылықтарын айтады, Қонаев та ішіне бірнәрсе түйіп, Брежневка Месяцты «мақтайды», ақырында онын кандидатурасы түсіп қалып, оның орнына Горбачев келеді, ал Горбачев.. түсінікті. Осының бәпрі әлгі масаның шағуының басталды емес пе?

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s