Қырғын мен құлқын


Адам деген арсыз ғой… Бүгін де түс болмай, аранымыз ашылды. Астымыздағы «Қағанаттан» сыздықтап жеткен тамақ иісі танауды қытықтап барады. Кейде біздегі бас дизайнер Елубек ағамыз «Қағанатты» жауапқа тартып, моральдық шығын өндіртіп алу керек. Себебі, жұмыс уақытысында тағам иісі арқылы сөл бездерімізді алдап, ағзамызға зиян келтіріп жатыр» деп әзілдеп қояды. Амал жоқ, «құлқынның қалауын» орындадық. Қарын сипап келе жатып, «ей, бүгін 31 мамыр емес пе? Аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні дейміз де, мұнда кекірік атып біз жүрміз. Мұны білгенде…» деп күмілжіп қоямын. Ораза ұстау керек пе еді деген ой да келді.

Расында, осы күнді сездіретіндей ештене білінбейді. Адамдардың бет-жүзінде, әлемтордағы жаңалықтарда.. өзгеріс жоқ. Тағы осы күнді Ұлттық аза күні деп атайық деп қоямыз, ең болмаса ерінбей ерін жыбырлатып, дұға қайырып қояйық, ағайын. Сауап болсын.

Өткен ғасырдың 1931-33 жылдары болған зұлматты еске салу үшін Тұрсын Жұртбайдың «Әкемнің әңгімесі» шығармасынан бір үзік беруді жөн көрдім. Оқыңыз да, шошыңыз.

…Мамыр айының аяғында қопынымызды тастап шықтық. Алатауды бүйірлеп отырып шығысқа қарай жүрдік те, бір өзенді сағалап Алтынемелге қарай бет алдық. Шындығын айтайын, үш жігіт болсақ та, жолға тақап жүруге сескендік. Жолдың шетінің бәрі өлік. Иісі мүңкіп, қолқаңды жарады. Оның үстіне адамдар әбден ашынып алған. Мерт етуі мүмкін.

Ауыл тұрғындарынан да қайырым кеткен. Әйтеуір жаз күні. Жуа, сарымсақ, саумалдырық, рауғаш тердік. Жәндік көрсек бітті. Оны олжаламай, ілгері жүрмейміз.. .Қойшы содан екі-ай дегенде, Балқаштың құмына іліндік. Мен сол жолы көргенімді айтпайын, сен сұрама, сарсүйек. Кісі етін жеп, есі ауысқан бір адам біздің өзімізді торып, екі күні бойына зәре-құтымызды алды. Адамның жидіген шашынан қылшылбыр өріп алыпты. Зады, сонымен шамасы жеткенді қылқындырып өлтіретін болуы керек. Әсіресе, емшектегі баласын құшақтап өлген әйелдердің сүйегінің қаңқасын көргенде, қасымдағы серігім еңіреп жылап жібереді де, «Мына жатқандар менің әйелім мен балам болса, қайтемін», – деп жерге отыра кетеді…

Менің таңғалғаным, босқан елдің бейшаралығы еді. Құдай-ау, Балқаш көлінің маңында қырылғандар қаншама десеңізші. Әр қамыстың түбінде бір өлік. Етін балық мүжіп жатыр. Шіркін-ай десеңізші, балық адамды емес, адам балықты жесе күнелтіп кетер еді ғой.

Advertisements

5 comments on “Қырғын мен құлқын

  1. Менің әжем 30-шы жылдардағы аштықты көрген. Бірақ әжемді мен көре алмадым. Шешем арқылы жеткен әңгімелерден төбе шашың тік тұрады. Қазақ халқы не көрмеді?!

  2. Бұл күннің бар-жоғын көпшілік әлі де білмейді. Ол тарихи әділетсіздік. Ол әділетсіздік елімізде әділ қоғам орнаған күні ғана жойылады. Бірақ, оны ауылы алыс па деймін әлі де…

  3. Шығарманы дұрыс таңдағансың. Ұтатын тұсың сол. Жазуыңда да соны қарқын реңк беріп тұр!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s