Бағындым, сәбет өкіметі…


Өткен ғасырдың ортасында өмір кешкен бір апамыз «өлсем де, Кеңес өкіметін мойындамаспын» деп «мәлімдеме» жасапты. Қатынөсекте болсын, қонақасыда болсын, осы айтқанынан танбайтын көрінеді. «Ильичің бар болсын, Иосифіңді ұрайын» дегенде, ауыл-аймақ енді оны қандай күш «тәубасына» келтірер екен деп күтіп жүреді. Күндердің күнінде ауылға көшпелі кино келеді. Оған әлгі апамыз да қалмай барады. Елден бұрын барып, ең алдыңғы орынға жайғасып алады. Кино басталды… экраннан алыстан түтінін будақтатып, гудогын созып келе жатқан отарбаның сұлбасы көрінеді. Бұрын-соңды мұндай бәлені атымен көрмеген апамыз қалтырай бастайды. Отарба жақындап келеді. Тура апамыздың орынына қарай. Не ары, не бері емес. Енді бір сәт болса, кинопроектордың сәулесі төгіліп тұрған ақ матаны жарып өтіп, кимешекті апамызды қиқалап өтпек. Қарекет керек. Апамыз айқайға басып, жапан далаға қашады. Сонда «Бағындым, сәбет өкіметі. Тек мына түтінді тажалыңа таптата көрме» деп ойбайға басып барады екен.

Өмірден алынған осы мысалды нағашы апам айтып отырушы еді. Өзім де ақпараттық майдандағы анда-санда, тисін-тимесін бытыра атып жүрген жорналшы қауымның бірі едім. Бірақ, осы күнге дейін блог атаулының бәріне теріс қарап, блоггерлерді готесса, панк, брэйк билеушілермен бірге «бейформалдарға» жатқызатынмын. Иә, жаңа медиа дәстүрлі газет-журналдарды ығыстыра бастағаны белгілі. Мойындаймын. Кәрім Мәсімовтен бастап, үкімет басшылары блогоманиямен бір ауырып тұрды. Оны да мойындаймын. Алайда, мен үшін блог Әмерика мен Еуропаның технополиттік мәдениетінің көрінісіндей, оны қабылдасам, жаһандануға қарсылық білдірмеген бейшарадай сезінетінмін. Өзім үшін «керемет» алиби де тауып алдым. Айталық, Батыс әлемінде ерлі-зайыптылар кафеден шай ішсе, екеуі есепшотты бөлек төлейді. Баласы балиғат жасына толысымен, әкесінің үйінде тұрғаны үшін ақша төлейді. Қыз бен жігіт үйленсе, неке шартын рәсімдеп, онда аптасына қанша рет жыныстық қатынасқа баратынын, бір-біріне қанша сомадан кем емес сыйлық беру керектігін де көрсетеді. Меңінше, бұл отбасылық байланыстардың іріп-шіруге, яки деградацияға бара жатқандығының көрінісі.

Баласы әкесін қарттар үйіне тапсырады. Себебі, ол әкесі әу баста баласын балабақшаға берген. Бір досым «Балабақша көбейген сайын қарттар үйі де көбейеді» деуші де. Сөзінің жаны бар. Міне, осы түйткілдерді топтай келгенде, ол қоғамдық ұяшықтағы әр адам – жалғыз. Содан да, есепті калькулятормен шығарып, жазуды пернетақтамен теретін Батыс адамы ермек үшін блогты ойлап тапқан. Алғашқы махаббатын, емтиханнан сүрінгенін, әкесінің жаназасындағы қызық жағдайды жазып қояды. Біреу оқып, пікір қалдырса, соған мәз. Ол изоляцияда емес. Осыны сезінудің өзі оған шаттық сыйлайды. Менің осы кезге дейінгі «ақиқатым» осы болды. Сіз, әрине бұған келіспейсіз. Ал, қазіргі шындығым бойынша, блог жаңа дәуірдегі адамдар коммуникациясының бастауы екен.

Мейлің, менің ультраконсерваторлық көзқарасым бір сәтте өзгере салмайды. Алғашқы «ақиқатым» да санамның сандығында жата береді. Бірақ, кеше блог құрдым ғой. Бірінші рет емес. Осымен үшінші рет… Тек осы жолы оған космополиттік сарқыншақ ретінде емес, заманауи мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарап отырмын. Бұл мәдениеттің дендеуіне қарсы шығу ХХІ ғасырда бұтына жапырақ жапсырып, мойнына түскен тістеріңді тізіп, алқа таққанмен бірдей екен. «Таспен атқанды аспен ат». Қоғамдық мәселеге қатысты еркін пікіріңді қалдыр, ойыңды білдір, біреуді шымшыла, біреуге дем бер. Заманның ыңғайына сай зауалға төтеп беруге әбден болады. Әйтпесе, таңғы сағат алтыға дейін блогымды шұқылап, сол күні «Жас қазаққа» шыққан мақалама алғашқы мәнін беріп, қайта өңдеп, оны блогыма қоймас едім ғой. Ендеше, енді мені ешкім блогоманияның қарсыласы деп айып таға алмас. Бағындым, сәбет өкіметі, ой кешіріңіз, бағындым, саған блог!

Advertisements

13 comments on “Бағындым, сәбет өкіметі…

  1. Айналдырған екі тақырыбыңыздан небір әңгімелер оқып, біраз затты білім базама жазып алдым. Бұл сіз жақтан сауап емей немене? 🙂 Жаза түсіңіз…

  2. Рахмет, Ақзере ханым! Сіздің де блогыңыздан небір қызық мәлімет табу үшін кіріп, поэтикалық күймен шығамыз! Еңбегіңіз жана түссін

  3. Өркен мырза, жеке блогын кутты болсын! Қозғаған тақырыптарыңның бәрі өзгеше ой түюге жол ашады екен. Осындай кең өрісті оймен өрнек тоқи бер, тоқтама!Шалқар шабыт тілеймін! Міндетті турде келіп тұрамыз…

    • Фариза қыз, сіз де бір блог ашып алсаңыз, қоржынынызда небір әңгіме, өлең, хикая жатқандығына сенімдімін. «Алтын шырақты» алаулатып жүруіне тілектеспін!

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s