Қазақы катарсис


Кипаристі көлеңке тұтқан Аристотель ақсақалдың түйгені басқа еді… Тегінде, трагедиялық қойылым қорқыныш пен аяушылық сезімін тудырып, көрерменге осы кепті басынан кешірткізеді. Жан сарайы кеңейіп, иман құтысы тазарады. Талғамы өсіп, қайта тәрбиеленеді. Катарсис жайлы ілім саз-әуеннің әлеуметтік маңызына түкіргенім бар деген Платонға қарсы пікір айтудан пайда болды деседі білгіштер. Бұл енді басқа тақырып. Бастысы, қасырет пенде жанын перделеген кір ойды күштеп қуып, тініне дейін тазартады екен. Ұлт деңгейінде бұл ұғым өткен зобалаңды қабырғасы қайыса аза тұту, соны ұғынғаннан да норадрелиндік үреймен бір ұстынға топтасу болса керек.

Уәж керек дейсіз бе? Алты миллионға жуық яхудиді ажал аранына салған Холокосты алайық. Қорғасын мен фосфорға ыдыраған қанқұйлылар сүйегіне қарғыс айтып, тірісінің бетіне түкірігін шашпады. Қайта, осы нәубетті табанын тас тіліп, тоз-тозы шығуға шақ қалған яхудилерді тұтастырушы күшке айналдыра білді. Бұрын-соңды мұндай зобалаң болмағандығына иландырып, әлем жұртшылығының жанарына жас әкелді. Ат төбеліндей аз ұлт ақ сәлделі арабтардың жерінен ойып тұрып, 5708 жылы, біздіңше 1948 жылы Израиль мемлекетінің шаңырағын көтерді. Бір көрсе, тышқан мүжіген көне манускриптерде көреміз-ау деген иврит тілін қайта тірілтті. Осыдан-ақ, яхуди қауымының жаңа тарихтағы жарқын мүмкіндігінің неден бастау алғанын біліп отырсыз.

Ал, Украина Голодоморын ұлықтады. Мәскеуден іргесін аулақ салған мезеттен бастап, төбесіне қарасаң малақайын түсетін мемориалды кешендерін салды. Жосықсыз қырылған жандарды аза тұту мемлекеттік деңгейде культке айналды. Виктор Ющенконың билігі тұсында «Голодомор – украин халқына қарсы жасалған геноцид» деп мойындалды. Алғашқы Конституциямыздың ауы мен бауын түгендей алмай жүрген 1993 жылы Украина осы зұлматты мәңгі есте қалдырамыз деп пошта маркаларын төпелетті. Осының бәрін неге мысал еттік біз? Біз дегеннен шығады ғой, Қазақ елі қатпарлы тарихындағы қасіреттерден осы сияқты тиісті қорытындысын шығара алмай келеді. Арғысын айтпағанда, өткен ғасырда өзегімізді жұла жаздаған аштық пен саяси репрессияға тарих оқулықтарынан бұйырғаны – он бет. Мамырдың соңғы күнінде көзіне жас, көңіліне мұң іліп, бейіт-ескерткіштерге гүл қоюға асыққан жұрт та жоқ. Әкесі «Наша Казашадан» көз алмай отырып, «бәріне кінәлі…солар» деп, басынан жоғары тұсқа сұқ саусағын көрсетуді баласына үйретеді. Бүйткен сананы саясиландырған сиқымыз бар болсын… Ең болмаса, ұлттық деңгейде опынбадық та.

Тәуелсіздік толқыны дегенімен, пепсимен аузын шайып, Питбуллдің сазымен айызын қандыратын ұрпақ бар. Кеңестік уақтағы 16 тиындық қара нанды сағынумен жүрген, азат ойына темір, еркін пікіріне шойын құлып салып, кілтін таппай жүрген аға буын бар. Осы категориядағы азаматтар, артық айтсақ та отарсыздандыру саясатын көрмей келеді. Ұлт өзінің мемлекет құрудағы функциясын ұғына алмай жүр. Ал мұның бар тылсымы «Қазақ Республикасы» деген атаумен бірге, тарихты жаңаша танумен түсіндіріледі. Өткенге көз салу, қасыретке өкіну.. сол арқылы тарихтың нектарынан қанып ішіп, қажырға мінбесе болмайды. Санасын су шайған жұртты біреу сыйлағанын кім көріпті? Біздің билік дәрменсіз емес-ау. Көңілшек. Ресейді де, Руанданы да ренжіткісі келмейді. 1931-33 жылдардағы ашаршылықты қазақ халқына жасалған этноцид болды деп мемлекеттік деңгейде мәлімдеме жасап, қарар қабылдасыңшы… Мәскеуге қарай сымдай тартылған аксиальды вектор айнып кете ме деген үрейге беріледі. Антиорысшылдық қоламтаны қоздырамыз ба деп өз-өздерінен үркеді. Айтпақшы, Жеңістің 65 жылдығына орай өткен әскери шеруде, Қызыл алаңда қырғыз ағайынның жауынгерлері сап түзеп бара жатқанда, диктор дауысы кенеттен «Қырғызстан… өзінің даңқты Панфилов дивизиясымен әйгілі» деп дауыстамасы бар ма? Бұл қатені қате деп те айта алмадық.

Бүгінгі Ресей еуропалық қауымдастықтың алдында Катынь орманында поляк сарбаздарын қырып тастауын сталинизмнің қылмысы ретінде мойындап, ұялғанынан бәтеңкесінің ұшына қарайды. Сонда, 4-5 миллионға жуық қазақтың басын құзғын шоқуы қылмыс емес пе екен? Ақыры тарихи таңдау жолына түскен екенбіз, ақиқаттың жүзіне тік қарамаса тағы болмайды. Тек осыны интеграция деген өзгемен иленіп, өткеніңді тарс ұмыту деп білетін «орташа ойлылар» (М.Шаханов) түсінсе нетті. Айту бізден. Әрекет – әмірліктен. Қайыр болмаса, азаматтық қоғам бар… Оның летаргиялық ұйқысынан оянуын күтеміз де. Тек шошып оянбасын деп тілек етейік. Әйтеуір, қазақ қоғамы катаристі қажетсініп тұрғаны анық. Әзірге, қазақ ұлтының қаралы күні – 31 мамырда, Алматы төрінде өзбектің «Ялла» тобы дауылпаздатып, даңғаза музыкасымен концерт 
қояды.

(Мақаланың қысқартылған нұсқасы «Жас қазақ» газетінің 28.05.2010 жылғы санына жарияланды)

Advertisements

4 comments on “Қазақы катарсис

  1. Қазақ катарсисінің толық нұсқасымен танысқандардың бірі едім. Журналисттік көзқарас пен жан-жағымыздағылардың көзқарасы тоғысқан бұл мақаладан түйгенім, демократия деп айғайлағанымызбен шын демократияның бір сатысына да көтеріле алмаған екенбіз. Біздікі тек шын мәнісінде сөзбен сарай салу болып қалғаныма деген де ой қалды.Әйтпесе, бұл тек бүгін ғана қозғалған мәселе емес еді.Әлде ұлттық проблемалар ұрпаққа қалдырар мұра санатында болғаны ма????

    • ащы да болса, сөзіннің ақиқаты басым. Жәйлап-жәйлап, осындай блог, жаңа медиа арқылы, дәстүрлі газет, ТВ-мен болсын демократиялық құндылықтарды сіңіруге болады. Билікті де «қайта тәрбиелеу курсынан» өткізуге болады. Сөзбен сарай салған деген.. оның 9-шы дәрежедегі күші бар ғой, біртіндеп болсын түбінде біз жетеміз жетістікке

    • Өзің де мықты журналистсің ғой, саған да тек өзекті мәселені қозғап, өткір тақырыппен, әсем стильмен журналистиканды шыңдай беруіңе тілектеспін

Пікір қалдыр

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s